ЖОМАРТ ДАЛАНЫҢ ЖАМПОЗДАРЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік
16/06/2026
4 Views
Мақтаарал ауданының қай ауылына барсаңыз да берекесі тасыған елді мекендерге тап боласыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында табыс та, өсім де бар. Кешенді мемлекеттік бағдарламалар, техника паркін жаңартуға берілген субсидиялар, арзандатылған жанар-жағармай, тамшылатып суару технологиясы, саланы цифрландыруға деген талпыныстар шаруаларға серпін беріп отыр.
Жамбыл ауылдық округінің агроөнеркәсіптік кешені де соңғы жылдары серпінді өркендеп, дамудың даңғыл жолына түскені аңғарылады. Мемлекеттік қолдаудың жүйелі тетіктері, озық технологиялардың шаруашылықтарға батыл енгізілуі салаға жаңа леп әкелген.
Жылқы жылының бес айын да артқа тастадық. Көктемгі дала жұмыстары тиянақты жүргізілгендіктен дала қаһармандары ерте пісетін дақылдарының алғашқы жемісін татып та үлгерді. Бүгінде қырыққабат пен қауын-қарбыз импортталып жатыр. Бұдан жамбылдық жампоздардың жемісті жұмыстарының нәтижесін көре аласыз.
Иә, балапанды күзде санар болар. Сондықтан кері шегініс жасап, өткен жылдың қорытындысына шолу жасап көрелік. Әкімшілік аумағындағы шаруа қожалықтарының жұмыстарын ұйымдастыру, кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсету ауылдық округ әкімінің құзіретіне жататыны белгілі. Осы ретте әкімшіліктің ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай жүргізіп келе жатқаны байқалады. Округке қарасты 4553 гектар жер бар. Осы жерді 854 шаруа қожалығы иемденеді. Былтыр жамбылдық шаруалар 1061 тонна көкөніс, 21051 тонна бақша өнімдерін, 1607 тонна жүгері, 130 тонна картоп жинап, 4900 тонна жоңышқа орған. Округ аумағында бір жерден 2-3 рет өнім алу жобасын іске асыру тапсырмасы бойынша 6 шаруа қожалығы 30 гектар жерге қырыққабат егіп, мол табысқа кенеліпті.
Тіршілік нәрі – су. Онсыз өмір де, өнім де жоқ. Соңғы жылдары «Достық» каналының суы азайып, егістікке толық жетпей қалып жатқаны жасырын емес. Бүгінде облысымыздың қай аймағында болсын, су ресурстарын ұтымды пайдалану басты назарда. Су тапшылығының алдын алу үшін облысымызда «Суды үнемдеу технологиясын енгізудің 2023-2030 жылдарға арналған жоспары» бекітілгені де белгілі. Осы жоспарға сай ауданда 3000 гектарға жуық алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу көзделген болатын. Соның жартысына жуығы жамбылдықтарға тиесілі. Бұл орайда, жамбылдық шаруалар тамшылатып суару технологиясын жаппай қолға ала бастады. Сонымен қатар ИЖЖД-2 мемлекеттік бағдарламасы бойынша 21 канал мен 2 қашыртқы жөндеуден өткен, 2 тік дренаж қалпына келтірілді.
Ауылда дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдардың алқабы да ұлғайып келеді. Бұл қадам бір жағынан агросаланы әртараптандыруға жол ашса, екінші жағынан өңдеу өнеркәсібінің жандануына ықпал етуде. Қырыққабат, картоп, қауын-қарбыз, қызанақ, тағы басқа да дақылдар қашанда үлкен сұранысқа ие. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды. Әрине, өнімнің көлемінен гөрі сапасы басты назарда. Егер қай өнім де сапалы болса, дақылдарды өз аяқтарымен келіп, сатып алушылар көбеймек. Мәселен, Арапбай Әзбергенов өсірген қауын-қарбызды сонау Ресей тұтынушылары асыға күтеді. Сондай-ақ, Ақылтай Есенбековтің қырыққабаты мен қызанағы, қияры алыс-жақын біраз өңірге белгілі. Бұлардан басқа да шаруалар өнімдерін экспорттаудың тиімді жолдарын тапқан.
Округте «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын лизинг арқылы алуға ниет білдірушілер де көбейген. Қазір техникаларын жаңалап алған шаруалар жеткілікті. Сондай-ақ, топырақ өңдейтін, тұқым себетін агрегаттар сатып алынған. Науқан кезінде диқандар жанармайдан қысылмайды.
Жамбыл ауылдық округі 2023 жылы «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына енгізіліп, 39 азамат өтінім беріп, оның барлығы да қанағаттандырылған. Олар мемлекеттен 208,5 миллион теңге несие алып, жұмыстарын бастаған. Соның ішінде 3 шаруа жылыжай салып алыпты.
Мал шаруашылығы – қашаннан табысты сала, күнкөрісіміздің негізгі тірегі. Бұл салада да тұрақты өсім бар. Жамбыл ауылдық округі бойынша 5117 ірі қара, 3393 қой-ешкі, 1929 жылқы, 31 түйе, 5000-ға жуық құс бар. Ауылдағы 31 фермер мал өнімдері, соның ішінде сүт өндірумен айналысса, бір шаруа мал бордақылайды. Мал өнімдері жөніндегі жоспар жыл сайын артығымен орындалып келеді.
Бүгінгі ауыл тынысын сөз еткенде, олардың тұрғылықты жерінің ажарын айтпай кетуге тағы болмайды. Ғарышқа қол созып, жасанды интеллектіні меңгеріп, интернет игілігін көріп отырған заманда бүгінгі ауыл келбеті қаламен де жарыса алады. Бұған мысал көп. Айталық, былтыр жергілікті бюджет есебінен Абай елді мекеніндегі орталық көше абаттандырылып, 325 метр жерге көрікті шарбақ орнатылған. Саябаққа 94 түп шырша, 170 түп гүл көшеті отырғызылған. Былтырғы көктемде округтегі барлық елді мекенге 4000 түп әртүрлі ағаш және гүл көшеттері отырғызылса, биыл да сол шамада жұмыстар атқарылған. Жамбыл елді мекенінде спорт кешені пайдалануға берілген, 2 ФАП салынып, ол тұрғындардың игілігіне қызмет етіп тұр. Көкпарсай елді мекенінде 2500 метр аяқжол салынды. «АгроНурЕламан» ӨК ауылдардағы 1580 отбасымен келісімшартқа тұрған. Өндірістік кооператив көшелер мен аулалардың тазалығына жауапты. Бүгінде көшелерде қалай болса солай шашылып жатқан қоқыс көрмейсіз.
Жалпы, Жамбыл ауылдық округі бойынша 80 көше бар. Соның 73-і жөндеуден өткен. Көкпарсай елді мекеніндегі Молшылық, Жамбыл елді мекеніндегі Құлтөреев, Ізгілік көшелері орта жөндеуден өткен. Әр ауылда балалар ойын алаңшалары бар. Демалыс орындары үшін 1200 шаршы метр жер қарастырылған. Қолданыстағы 5 шағын спорт алаңы қашанда жастардан бір босамайды.
Жамбыл ауылдық округінің барлық мекемелері мен тұрғын үйлері табиғи газбен толық қамтылған. Сонымен бірге барлық көше жарықтандырылды. Бірнеше электр бағанасы мен сымы жаңартылды. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, ауылдық округ әкімдігі салықтың барлық түрін жыл сайын артығымен орындап келеді. Осылайша аталған ауыл мемлекетке 70 миллион теңге салық төлеген. Биылғы меже де артығымен орындалады дейді әкімшілік мамандары.
Халқымыз «ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Сыдықов айналасына іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен танылған азамат. Оны бұл орынға жерлестері өздері сайлап қойған. Әкімшілік ауыл жастарын ұйымдастырып, түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп тұрады. Шаруалардың жағдайын үнемі назарында ұстап, олардың талап-тілектеріне құлақ асады.
– Ауыл – қазақтың төл бесігі. Ырысы. Берекесі. Қазақта «туған жерге кіндігімен байланған» деген сөз бар ғой. Расында, біздің ауылдың тұрғындары өз ауылын, туған жерін сүйеді. Олар «пәлен жерде алтын бар» дегеніңізбен көшпейді. Өйткені, отбасы, баспанасы, ошағы, бәрі осында. Ең бастысы, барлығының жұмысы бар. Тауып отырған нәпақасы бар. Еңбекқор адамдардың ортасында жүргенімді мақтаныш етемін, аға! – дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Сыдықов (суретте).
Бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, шаруаларын дөңгелетіп отырған ауыл адамдары бүгінде ертелі-кеш бір тыным таппайды. Елді мекендерде жұмыссыз отырған ешкім жоқ.
Қайда қарасаңыз да жайқалған егістік. Қолдарындағы күміс кетпендері күн нұрымен жарқ-жұрқ еткен жомарт далада диқандар күннің ыстығына қарамай, жұмыс істеп жатыр. Еңбек көрігі қызып жатқан жерде қашанда береке бар.
Біз жамбылдықтармен «берекелеріңіз таси берсін!» деп қоштастық.
С.ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Мақтаарал ауданы.
2026-06-16