Сапалы медицина – халыққа жақын қызмет
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Денсаулық
02/10/2026
6 Views
Халық денсаулығын сақтау – әлеуметтік мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, медициналық инфрақұрылымды жаңарту және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бұл бағыттың құқықтық негізін айқындайды. Ата Заңның 1-бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені және адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы екені бекітілген. Ал 32-бапта азаматтардың денсаулығын сақтауға құқығы және заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алуына кепілдік қарастырылған.
Конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің маңызы ерекше. Аурудың алдын алу, оны ерте анықтау, профилактикалық тексерулер өткізу және тұрғындарға медициналық кеңесті тұрғылықты жеріне жақын көрсету – осы буынның негізгі міндеттері. Сондықтан ауылдық елді мекендердегі медициналық нысандарды көбейту мен жаңғыртуға басымдық берілуде. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылдан бері елімізде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынған. Сонымен қатар 2026 жылы 32 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған.
Медициналық қызметтің сапасын арттыруда заманауи құрал-жабдықтармен қатар, білікті мамандардың болуы да маңызды. Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, ауылдық жерлердегі кадрлық әлеуетті күшейту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Цифрлық технологиялар мен телемедицияның дамуы да денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігін кеңейтуде. Бұл әсіресе шалғай елді мекендер тұрғындарының медициналық кеңес пен қажетті ақпаратты уақытылы алуына жағдай жасайды.
Медициналық көмекті халыққа барынша жақындату, алғашқы буынның әлеуетін күшейту және қызмет көрсету сапасын арттыру – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Осы жұмыстардың нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінің материалдық базасы нығайып, азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасалуда.
2026-10-02