Білім инфрақұрылымы – ел болашағының негізі
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам
02/10/2026
6 Views
Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта жаңа мектептер мен колледждер салу, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту және заманауи оқу ортасын қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бұл міндеттің конституциялық негізі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да айқындалған. Ата Заңның 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамыту адам капиталын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі ретінде белгіленсе, 33-бапта азаматтардың білім алу құқығы бекітілген. Атап айтқанда, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріліп, бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті екені көрсетілген.
Осы конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етуде білім беру инфрақұрылымының маңызы зор. Жаңа мектептердің бой көтеруі оқушыларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білім ордаларының оқу кабинеттері, зертханалары, спорт залдары мен қосымша білім беру кеңістіктерімен жабдықталуы балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.
Ал колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту – еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлаудың маңызды шарты. Өндірістік оқыту шеберханалары мен заманауи құрал-жабдықтар жастардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, нақты кәсіби дағдыларды меңгеруіне жол ашады.
Білім беру жүйесі де заман талабына сай өзгеріп келеді. Цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, оқушылар мен студенттердің технологиялық сауаттылығын арттыру және жаңа құралдарды тиімді пайдалану – қазіргі білім кеңістігінің маңызды бағыттары. Бұл ретте 87-бапта жергілікті мемлекеттік басқарудың тиісті аумақтағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге бағытталатыны белгіленген. Соның ішінде білім беру нысандарын дамыту, олардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру да жергілікті деңгейдегі маңызды міндеттердің бірі.
Жаңа мектептер мен колледждердің салынуы – тек жаңа ғимараттардың бой көтеруі емес, жастардың сапалы білім алып, заманауи кәсіптерді меңгеруіне арналған мүмкіндіктердің кеңеюі. Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру арқылы мемлекет адами капиталды нығайтып, елдің ұзақ мерзімді дамуына қажетті негіз қалыптастырады.
Арубай Қымбат Нұрмағанбетқызы,
Мақтаарал ауданы.
2026-10-02