Home » Әдебиет » МАШАН БАТЫР

МАШАН БАТЫР

(15 ҚАРАША  БАТЫРЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ)

ДАСТАН
ӘЛҚИСА
Машан батыр туралы жазайын деп,
Қаламды қару етіп алайын тек.
Батырдың батырлығын тыңда халық,
Толғанған жаудан кекті алайын деп.
Жаратқан бір Алланың құлы менмін,
Ер Машан бабам жортқан ұлы жердің.
Қаным Қазақ болғанда тегім Түрік,
Айбынды хандык құрған ұлы елмін.
Күші ерен қайтпас мінез батыр тұлға,
Құдайым қуат берген батыл ұлға .
Ерлігін ерен ұлдың танытқалы ,
Таспалап өріп өтім өлен-жырға.
Ер Машан есілдердің бірі едің,
Керейдей атың шыққан ірі елдің.
Жазуға дастаныңды қолына алған,
Өр мінезді қызының бірі едім.
Ізіңді іздеп Сарыарқа төрлерінен,
Бой көрсетім Ұлытау белдерінен.
Алқа көл сұламаның заманында,
Арпалыстың ащы өмір кермегімен.
Сырдың сені іздедім жайлауынан,
Жорық қылған кең дала бойларынан.
Ұлан-ғайыр даладан тарих шолып,
Машан таудың іздедім қойнауынан.
Садағы досқа емес жатқа атылған,
Батырсың өр мінезді, ерек туған.
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Хас батыр, жаста болса кемелі нар.
Архивтік ақпараттың берері дәл.
Машанның Ұлары көп Ұлытаудың,
Тумасы деген тарихи дерегі бар.
Әкесі Арық батыр, өрісті орман,
Тұлғалы сұлулықпен көрік қонған.
Машанды босанарда асыл жары,
Мыңбикеш, Ұлар етіне жерік болған.
Жеріктік, қасиеттің бас тамағы,
Ой өріс осы дәмнен басталады.
Жарының ойын сезген Арық батыр,
Ұларлы Ұлытауға аттанады.
Арекең садақ десе анық мерген,
Аңшылық өнері де дамып келген.
Ұлытау шатқалында үш күн жүріп,
Үйіне екі Ұларын алып келген.
Үйіне жетеді үсті қырау шалып,
Жерік ас бермей жанды сынау ғаріп.
Ұлардың бірін асып отырғанда,
Бір қонақ келді олжаға сұрау салып.
Арықбай нағыз жомарт, төреме екен,
Мәрттігі көпшілікке өнеге екен.
Ер олжа, әйел қалжа ортақ қой деп,
Ұлардың біреуін ал деген екен.
Бұл аңыз көпшілікке тарап кеткен,
Алғыс пен келіп жатты мадақ көптен.
Сонда бір кейуана көріпкел кеп,
Тағдырға жерік асты балап кеткен.
Қос Ұлар, қос бауыр ұл жүрек дейді,
Бірі оның елі үшін тірек дейді.
Ал енді, екіншісі олжа алғандай.
Осылай жұрт еншісінде жүреді дейді.
Міне ойы көріпкелдің дәл келгендей,
Палуан болды Машан да нарды емгендей.
Аң атып,саятшылық құрған екен
Әкесі Арық сынды әз мергендей.
Әкесі ұстазы оның басыбайлы,
Қаншалық діндар болсын тасымайды.
Осынша үлгі тәлім ала жүріп,
Хас батыр, бүкіл елін асырайды.
Ер Машан он үш жасқа келгенінде,
Осылай танылыпты елге міне.
Анасымен нағашыма барамын деп,
Ат басын бұрған екен ілгеріде.
Батырлық мергендікпен қатар ұғым.
Оншалық қажет етпес аса білім.
Бір күні садақ беріп тиын ат деп,
Сынады ұстаз әке Машан ұлын
Аралап Машан кетті алып белді.
Бағытты ну тоғайға салып көрді,
Екі күн жүріп аса шеберлікпен.
Отыздай тиын атып алып келді.
Сезді әке қолдады деп сиынғанын
Ұлына мергендіктің бұйырғанын.
Терісін илеп жатып нағашыңа.
«Сыйға бер» – деді атқан тиындарын.
Сәлем беріп нағашыма қайтайын деп,
Бел буды әкесіне айтайын деп.
Бұл сөзін баласының құп көреді,
Қайтармай меселін байқайын деп.
Әке де қайтармады бала тілін,
Қорғаны болсын деді анасының.
Жанына бір атқосшы ертіп беріп,
Қағуын тіледі әке қанатының.
Осымен ана, бала аттаныпты,
Жас Машан садақ атып баптаныпты.
Жиенге нағашыдан бата тілеп,
Қуанып ана көңілі шаттаныпты.
Сар жазық ұлан-ғайыр даласымен,
Сылаңдап аққан сырдын сағасымен.
Жас Машан нағашылап келе жатыр,
Төркіндеп қайтпақ болған анасымен.
Анамен бала асығып келеді тек,
Туысты сағынысқан көремін деп.
Бір қойшы сүйіншілеп тартты ауылға,
Жас Машан жиендерін кеп қалды деп.
Көңілі нағашының бай келеді,
Ақылына дәулеті сай келеді.
Қуанып «сүйіншіңді ал» – деп ата,
Жылкыдан кысыр емген тай береді.
Жаздың бір самал ескен даласымен,
Жағалай Қалба өзені жағасымен.
Нағашы ауылына Машан жетті.
Аяулы Мыңбикештей анасымен.
Ел қонған төр жайлауға бие байлап,
Төркінге қыз келді деп жатыр тойлап.
Ағайын арқа-жарқа амандасып,
Жастары тамылжытып салды ойнақ.
Жер ана гүлдей жайнап атырабы,
Таң атса тоймен кешті батырады.
Машанды сынамақ боп нағашысы,
Ойнап журген жерінен шақырады.
Бәріне бәйге тігіп үлестірді,
Қызықпен тағы міне күн кешкірді.
Шақырып ауылдағы бар баланы,
Машанмен жекпе-жек қып күрестірді.
Жиенді нағашы жұрт сынап тұрды,
Кей бала батылы бармай жылап тұрды.
Белдескен үлкен-кіші балаларды,
Қырқай шалып барлығын лақтырды.
Жиенім өзі балуан қарымды деп,
Байқаймын мына бала дарынды деп.
Ойланды нағашы ата ұзақ тұрып,
Берейін саған балам барымды деп.
Жиеннің мергендігін сезген ата,
Әр оғың кетпесін деп төрден таса.
Жебең жерге түспейтін батыр бол деп,
Тұлпар сыйлап батасын берген ата.
Ақ батасы атаның қолдады ма,
Әлде Алла сәттілік жолдады ма.
Жолы болып батырдың әрқашанда,
Тап келетін жеңіс пен олжалыға.
Баланың ерлігіне пай – пайлады,
Осындай ұлан-асыр той тойлады.
Осы елге аты әйгілі тор төбелді,
Жиенге мінгізем деп айқайлады.
Тор төбел тай күнінен болған жүйрік,
Жиенге тарту етті ел жиылып.
Батырдың жауға салар қазан атты,
Тағдырдан болжамаған бұл бір бұйрық.
Сылаңдап аққан Сырдын сағасымен,
Қоштасты бала батыр нағашымен.
Сағынып ел мен жұртын қайтпақ болды,
Төркіндеп бірге келген анасымен.
Жас Машан мауқын басып нағашыда,
Қайтуға белін буды анасы да.
Көңілі баяғыдай келе жатты,
Сылқылдап сырдың сұлу даласында.
Ат қосшыдан оза шапты жалғыз өзі,
Сақталған қорам сақта садақ жезі.
Қаперсіз келе жатқан жас баланың,
Алыстан қарақшыны шалды көзі.
Жас Машан өз күшіне сенеді тек,
Ұмтылып алға қарай желеді тек.
Ескертті анасына бала ақырын,
Алдыда неше атты адам келеді деп.
Ана айты тау бөктерлеп асайық деп,
Бір айла балам енді жасайық деп.
Осы маңда қарақшы көп деуші еді,
Жан пида кеттік балам қашайық деп.
Анасы алаңдады жас бала деп,
Кетесің жау қолында қаш бала деп.
Садақпен дәл көздеймін атсам егер,
Қорықпа ештеңеден саспа ана – деп.
Желе есіп шықан жаулар айдарынан,
Сескеніп жас баланың айбарынан.
Садақпен қарақшының атын атып,
Аударды бәрін мінген жайдарынан.
Жас Машан қырағы еді өте мерген,
Бұзықтың бәрін жайпап төте келген.
Қарақшының астындағы атын атып,
Өлтірмей обалсынып кете берген.
Тисін деп қашанда бір елге пайдам,
Кем түспей керкұлалы Кендебайдан.
Ерлігін он үш жаста әйгілі етіп,
Қанатын батыр Машан кеңге жайган.
Осылай жас ерлігі болды тәмам,
Басынан сан бір қилы өтті заман.
Керімдей кең далада ерлік жасап,
Оралды ел жұртына есен-аман.
Өшірмей отын жағып нар үміттің,
Сағынбас баба жолын зарығып кім.
Әз баба өткен өмір майдандарың,
Астарын айқындап тұр тарихтың.
БАРЫМТА
Бойына ізгіліктің нұры қонған,
Апайтөс, сом білекті ірі болған.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласына,
Орнатқан берекемен ұлы қорған.
Ұйытқысын ыдыратпай ел мен жердің,
Қашанда ел есінде кеменгерің.
Қорғаған жауға елін тастамай бір,
Бұлдағы батырлығы ерен ердің.
Осы хат сақталыпты әлмисақта,
Ел ұйқыда, түн ортасы ауған шақта.
Ойрандап ел іргесін барымталап,
Жоңғарлар қолын жинап қоныпты атқа.
Бұл істі батыр Машан кеш біледі,
Ауылдың атқа мінді естілері.
Жау шапты ауылды деген дауыс,
Батырдың құлағына естіледі.
Тек жатқан жұртты келіп, итше талап,
Жылқыларды әкетіпті барымталап.
Намысты бермейін деп енді қолдан ,
Ер Машан болайын деп елге қорған.
Садақпен жоңғарларды қырып-жойып,
Жылқыны қайтармақшы қолды болған.
Бұйыртқан мың бір байлық олжасына,
Шығады жауды қуып қыр басына.
Садақпен қырып жойды дұшпандарын,
Тыныштық бермей келген ордасына.
Жоңғардың белден бүктеп тыңшыларын,
Қайтарды айдап кеткен жылқыларын.
Ерлікпен ел жұртына әйгілі боп,
Мәрттікпен басқан екен бір кұмарын.
Біз үшін батыр баба сұнғақ дарын,
Тарихтың әлі де ақтарам мың қатпарын.
Өр баба бойындағы тектілікті,
Өзінше жалғар ма екен ұрпақтарың.
Жиырмада ақыл асқан зерделі еді,
Бойындағы рухы ерек, тектілігі.
Машанның бұл шайқаста аты қалды,
Қанша жау ерлігіне қапы қалды.
Жайратып садақпенен жоңғарларды,
Тарихта Батыр бала аты калды.
ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫМЕН АЙҚАСЫ
Батырға бір Алланың бұйырығы көп,
Жүретін Тәңіріне сыйынып тек.
Бойында өр Шағаның соғыс болып,
Қалың қол сай-саладан құйылды кеп.
Жаулаған құлағыңды боздаған үн,
Көңілдің хошын тағы қозғаған үн.
Жау торлап жабырқатып тұрғанын-ай,
Күйзелтіп сахарасын боз даланың.
Соғыстан хас батырлар бас тартпапты,
Қалмақта өз тұсында асқақтапты.
Халқы үшін жан қиса да батырлары,
Жауына елмен жерін таптатпапты.
Шыңғыс тау елге мекен арда белі,
Жайылған жұпар болып жалға желі.
Шұрайлы сол елімнің құт-мекенін,
Тартысқа салмақ болған қалмақ елі.
Бұл шайқас ердің белін бекем етті,
Беделін батырлардың еселетті.
Машан батыр, Шақабай, тектілерім,
Дәл осы қырлы өлкені мекен етті.
Бес қару жарқылдаған алдаспаны,
Жауынан батыр Машан бас тартпады.
Қалмақа қарсы шауып, ұран салды.
Хас тұлпар тықыршытып тор қасқаны.
Келді де қалмақтармен салды егеске,
Жалғады арпалыспен таңды кешке,
Боялып ат тобығы қызыл қанға,
Талай жан ажал құшты қанды егесте.
Маңайы сол Шағаның нар қамыстай,
Деп Машан бес қаруын қолға алыптай.
Жайпады жау қалмақтың қанын шашып,
Айбарлы батыр тұлға жолбарыстай.
Хат алған кереғардың кептерінен,
Қайтпаған көкжалдарым беттерінен.
Шақабай батыр Машан тізе қосып,
Қалмақты қойша қырды шеттерінен.
Қазақтай Алла қолдап ұлық нарды,
Жасытып жау қалмақты құрыққа алды.
Тау асып қашты қалмақ жан сауғалап,
Қалғанын қанын шашып қырып салды.
Сол сәтте тастағандай сырып белді,
Деп қалмақ өз ісіне ырық берді.
Шақырып жекпе-жеке батырларды,
Бір қалмақ тау тасалап кіріп келді.
Астында батыр Машан ақпа кері,
Бұл қандай ит қалмақтың асқақ ері.
Деп Машан ат үстінен арыстандай,
Қалмақтың батырына тап береді.
Ызалы кек үйірліп қабағына,
Машаның көзі түсті жанарына.
Қылышын кері тартты сол сәттерде,
Тіреген өлтірмек боп тамағына.
Ер Машан сен айтулы батыр едің,
Сүйсініп бүгін саған жатыр елің.
Жебеңді кері тартпа шайқасамын,
Өмірден таусылғанша ақыр демім.
Білдірмей қыз қылығын керілмепті,
Дегендей дәмім бітер жерім жетті.
Қалмақтың қас сұлуы қарсыласта,
Машанға оңайлықпен берілмепті.
Қолды қыз, болса да бір қандай рух,
Қарады хас батырға түсі суып.
Өлтірмей қыз екенін танып Машан,
Алады алдына сап аттан жұлып.
Күдерді енді өмірден үзем деді,
Ұстаған ер қолынан қыз өлмеді.
Бел шешіп бес қаруын жерге тастап,
Машаның қыз алдына тізерледі.
Ел үшін кек қууға қалғаным жоқ,
Қызықты енді менің жалғаным жоқ.
Қолыңнан батыр Машан қаза тапсам,
Өкінер бұл жалғанда арманым жоқ.
Еңсесі түсіп кетті қалмақтардың,
Қазақта қызда сезді аруақ барын.
Барар жер басар тауым жоқ-ау енді,
Тастадың батыр Машан жалмап бәрін.
Сені аяп аспай қалды амалдарым,
Тектісің бірі емессің жамандардың.
Бойыңдағы тектілік демеп сені,
Қолынан Машанның сен аман қалдың.
Осылай жалғастырдым арман жырды,
Ел – жұртын батыр Машан таң қалдырды.
Машанның жеңісіне жел желпініп,
Тас құлап, өзен тасып, тау жаңғырды.
Тарих дерек осы сыр ақтарған,
Қазірде бүкіл әлем құлақ салған.
Қазаққа Қыдыр қонған құт-мекен бұл,
Қазағым тұрмыс құрып тұрақтаған,
Қой қоздап, жылқы ұстаған арда мекен,
Қыратын таптатпаған жанға бөтен,
Шыңғыртып жау жоңғарды қырған қырат,
Бұл күнде Машан тау боп қалған екен.
БҰЛАНДЫДАҒЫ ШАЙҚАС
Қозғады кең даласын Тұранның үн,
Шақырмас айқайменен ұранды кім.
Тағы да үлкен шайқас басталыпты,
Баурында ойран салып Бұландының.
Бұланды пана қылған қатпарыңды,
Алдына жаудың қойып тосқауылды.
Асынып бес қаруын батыр Машан,
Жауменен шайқасқалы атқа мінді.
Көш басшы болған елге ақылымен,
Парасатты, дуалы ауыз, асыл дер ем.
Ертіс пен Қалба бойын сақтап келген,
Тізе қосып Ботақара батырменен.
Апайтөс батыр Машан бала жастан,
Буыны қатқан жасқа қарамастан.
Иығына атан түйе жүгін артып,
Ат жалын жұлқып мініп садақ атқан.
Бір сойқан осы жерде болса керек,
Малға да әркез жайлы орта керек.
Бұландының шұрайлы өлкесіне,
Жағалай Қазақ елі қонса керек.
Көкорай жасыл аймақ асқаралы,
Шүйгін жер қоршалмаған тас қамалы.
Осындай салиқалы кең далада,
Қалмақ пен Қазақ ұрысы басталады.
Қазағым болады деп қашанғы құл,
Бір жағы біз, бір жақ жау тасада тұр.
Иесі Қазақ ғана бұл жердің деп,
Қалмаққа қарсы келді Машан батыр.
Сақталған мәңгілік бір ел есінде,
Тұрсаң да мініп өмір кемесінде.
Айқасып Жонғарлармен жеңіс алған,
Қан кешіп Бұландының белесінде.
Рабдан да батыр еді күш сермеген,
Қазақсың сен не деген күш бермеген.
Қарманып қайта айналды қалмақ ері,
Қаныңды Қазақ сенің ішсем деп ем.
Теңселтіп қалмақ келді қаракерді,
Қозғады солқылдатып қара жерді.
Шық Машан жекпе-жеке деп Рабдандай,
Қалмақтың келді ортаға асқан ері.
Ер өлсе төрден елі қашар налып,
Батырлар сай тасындай қатарланып.
Қалмақтың сөзін естіп батыр Машан,
Асынды бес қаруын қаһарланып.
Астында нағыз тұлпар ақпа кері,
Машанда Қазақтың өр, асқақ ері.
Шақырған жекпе-жекке Рабданға,
Тайсалмай ат үстінде тап береді.
Ер Машан алға салып қара көкті,
Шайқасып жауыменен дара кетті.
Сілкісіп бір біріне есе бермей,
Егеспен үлкен ойран сала кетті.
Шайқастың төзген ерлер дауылына,
Қос батыр ат үстінде сабылуда.
Айқасып батыр Машан Рабданды,
Әкеліп аттың салды бауырына.
Болғандай ер Машанның бәсі қатты,
Қалмақтың қанын судай шашыратты.
Қылышын екі сермеп батыр Машан,
Жауының Рабдандай басын апты.
Бойында Бұландының болған соғыс,
Қалмаққа ойран болды ұлы қоныс.
Қорғайтын қас жауымнан ел-жұртымды,
Артылған мойыныма үлкен борыш.
Ешбір шек батырларға қойылмады,
Қанға батып кезеген сойылдары.
Кесілген Рабданның басын көріп,
Жау қалмақ жеңілгенін мойындады.
Өтсе де неше ғасыр арадағы,
Тарихың сыр шертіп тұр даладағы.
Қазақтың шапқан дауыл екпініне,
Қалмақтар қарсыласып жарамады.
Дос болған нағыз ерлер ақылменен,
Өр баба текті туған асыл дер ем.
Тізе қосып шайқасқан бұл соғыста,
Жан досы Ботақара батырменен.
Айлалы батыр еді Ботақара,
Саңқылдап сөйлеуші еді топ ортада.
Кезіккен қандай қиын кезеңдерде,
Достарын тастамаған жол ортаға.
Қорғаған ел мен жерді жылға, жолды,
Өрісі мал, қамбасы пұлга толды.
Жас қайыңдай майыспас батыр Машан,
Жауынан елін қорғап тұлға болды.
Атадан артық туған керім ұлы,
Өзіне тән өр мінез серлігі.
Тарихқа мәңгі өшпес із боп қалды,
Батырдың қайталанбас өр ерлігі .
ШАҒАН ШАЙҚАСЫ
Зер салсақ көне тарих ақпарына,
Шынғыстау, Шаған өзен шатқалында.
Қалмақпен Қазактың арасында,
Алапат ұрыс болған екен қас қағымда.
Ел үшін есіл ерлер жылайды шын,
Қолдаған батырлардың құдай ісін.
Қайыспай нар жонында асыл ерлер,
Халқының көрмейін деп мұң-қайғысын.
Тарихтан сыр шертіп тұр айтар әлі,
Сұм соғыс тағы арада қайталанды.
Айқаспай ата жаумен есіл ерлер,
Көңілі қалай ғана жай табады.
Маңайы сол Шағаның мәңгі көктем,
Жел есе айдарынан самал өпкен.
Алқакөл сұламанын заманында,
Оқ есіп кең өлкеңнен керуен көшкен
Абырой асқақтатса берекесін,
Көтерген қашанда ұлтым ер еркесін.
Шақбай,Ботақара,батыр Машан,
Бермеген жау қолына кең өлкесін.
Кетем деп сені Қазақ ақыр жалмап,
Жауласып айналада жатыр қалмақ.
Бір ұлы Ботекеннің ер Тыныбек,
Бар еді бұл соғыста батыр Бармақ.
Уакыт керуендей көшкен керім,
Сіміріп ауасымен ескен желін.
Айқасып қалмақпенен қан төгісіп,
Қорғаған аманаттап өскен жерін.
Сом білек,кең иықты,қарыс маңдай,
Жау десе аттанатын қалыс қалмай.
Қабанбай ,Бөгенбаймен,ер Жанібек,
Жауына айбаттанды арыстандай.
Бұқарбай, Кожаберген ерендерің,
Жауынан жасымаған кеменгерің.
Байтайлақ, Жобалаймен,Қаптағайлар,
Бермеген жау қолына ел мен жерін.
Көтерген ел байрағын мәңгі жықпай,
Дес бермес келсе дағы жау құрықтай.
Жауына жасағымен жан кештірді,
Қалыспай сол ерлерден ер Киікбай.
Машанның жас Жәнібек қасына ерді,
Өзіне үлгі тұтып асыл ерді.
Осындай өрен биік нар тұлғаны,
Тәнтті қып көрсетеме ғасыр енді.
Қапыда кеттің кеше қайран батыр,
Айқасқан талай жаумен айлаң жатыр.
Сөзбен тек бірақ ауыз Бұқар жырау,
Айтатын хан алдында байламды ақыл.
Кұтылмаған ерлер ай шырғалаңнан,
Ел үшін жан пида деп қуған арман.
Тасасына тау-тастың жасырынып,
Жоңғардың жолын кескен сұр даладан.
Жайыңды кеше өткен сұрамадым,
Алапат соғысында сұламаның.
Жайратып жасағымен Жоңғарларды,
Өзі куә болғандай бір Алланың.
Алланың да көзі түсер міні барға,
Қазақтың қиналмаған күні бар ма?
Жаңылтып ұшқан құсты бағытынан,
Қосылды елім-айлап үні зарға.
Садағы ойқастайды қол ұшында,
Жасытып жауға салған торысында.
Дарабоз Қабанбайдай батырменен,
Бір болған Шағаң таудын соғысында.
Тайсалмай Тоқтамыста жігер өсіп,
Жауының жас болса да жолын тосып.
Атанған жас Тоқтамыс, Қозыке ерің,
Наурызбай, Барақтармен тізе қосып.
Тартысып талай ерлер тақымменен,
Жауының жолын кескен ақылменен.
Машанның қайсарлығын көріп елі,
Ат берді нағыз қайтпас батыр деген.
Осындай қанды кешкен қайран батыр,
Асырдың Жоңғарлардан айлаңды ақыр.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласында,
Жорыққа жортқан жолың сайрап жатыр.
Не деген рухың биік бабам сенің,
Көтерген бүгін міне балаңды елің.
Қан кешіп қан майданда елің үшін,
Қорғаған өр Қазақтың тамам жерін.
Өмірге келмесеңде сыйып мүлдем,
Қашанда елі биік иықты ұлмен.
Ел үшін болайын деп қара лағың,
Батырлар жанын өткен қиып бірден.
Буып бір тас түйін ғып белін-берен,
Жүрегі бірге соқан еліменен.
Тек ғана халқым үшін деп аттанған,
Не деген бабалардың сенімі ерен.
Қазағым өр намысың құламаған,
Ел едік жетімі де жыламаған.
Қорғаған елін кеше асыл ерлер,
Сонау өткен Алқакөл сұламадан.
СОҢҒЫ ТҮЙІН
Болыпты аты шыққан Машан батыр,
Аңыз боп ел аузында келе жатыр.
Елі менен жері үшін жауға шауып,
Айласымен айбатты болған ақыл.
Елін қорғап кең жайын байтақ еткен,
Жігерімен қас жауын жайпап өткен.
Машанның ерлігінен тәлім алған,
Жау жүрек ұрпақтарын айта кетсем.
Ешбір жау кіргізбеген елге бөтен,
Ұлдары дәл өзіндей мерген екен.
Құдайдың берген бес қыз, он ұлынан,
Ұрпағы өркен жайып өрген екен.
Байжігіт,Шынқожасы ел қолдаған,
Көш бастар даналардан кем болмаған.
Жанжігіт, Айтуғаны, Жәнібектей,
Батырмен қатар жүріп ел қорғаған.
Иықты Бітібай мен Дәулеткелді,
Өзіндік сән беріпті сәулетері.
Отаубай, Қаталбай мен Өтелбай бар,
Малқара тағы да бар әулеттері.
Ортаншы ұл, Бітібай мен Дәулеткелді,
Басқарған Ұлы таулық дәлетті елді.
Малқара, Отаубайдың зерделі ойы,
Ел жұрттың назарына сәулет берді.
Жанторы немересі ірі болған,
Алланың назарының нұры қонған.
Он екі абақ, Көгадай хан тұсында,
Билік айтқан билердің бірі болған.
Жанторы баласы екен, Жанжігітің,
Белгісі текті болу арлылықтың.
Би болып Көгедайдың кезіңде ол,
Кетіпті өзін керейге танытып шын .
Ұрпақтың шығар биік шыңдары бір,
Тарихтан орын алған жырлары тұр.
«Әке көрген оқ жонар» деген сөзді,
Нық ұстанған, Машаның ұлдары бұл.
Осындай ұрпақтары текті болған,
Бақыт қой бұлда сірә басқа қонған.
Жуанған, Ақыт қажы тектілерім,
Ел-жұртқа мейірімен бопты қорған.
Болса да Зар заманда соры батпан,
Бел шешіп батыр бабам түспеді аттан.
Кешегі ерлігіңді жырға қосып,
Жеткізем ұрпақтарға қылып мақтан.
Тұрғанда көкіректе жырым керіп,
Тағдырыңды жырладым тілге сеніп.
Сан ғасыр өтседағы заманыңнан,
Жырлатты тарихқың сыры берік.
Тарихың тар заманда тас қамалың,
Шындықты неге айтпай жасқанамын.
Күніңді бастан кешкен естіген де,
Жазықсыз жанарымды жасқа малдым.
Тәңірім жол көрсетші дұрыс маған,
Жырласа қызыл тілім қылышта аман.
Алты Алаш азды-көпті мен жырладым,
Қойылар деп ойлаймын дұрыс бағаң.
Жырладым зар заманның құбылысын,
Тұрмаса да тарихты біліп ішім.
Кешегі ер Машанды жырға қостым,
Бірі білмей жүрсе егер бірі білсін.
Сенбесең тарих шолып ғасырдан біл,
Қалдырған қасқа жолда Қасымнан сыр.
Бабам үшін қаламды мен тербедім,
Кешегіден бұл қалған ашынған жыр.
Аруақты айналдым сіздей ерден,
Өміріңді қозғадым тың белеңнен.
Сіз қорғаған қазақтың кең даласы,
Мың ғасырлық азығың бізге берген.
Өр бабам-ай ойлаған ертеңімді,
Шашау қылмай жинаған селкенімді.
Елің үшін жан қиған есілдерім,
Үрлетпейін желге де желкеніңді.
Кім білсін дүние қайда тұрақтарын,
Шешілмес білем бірақ сұрақ барын.
Назарбек айтқан аға дерегімен ,
Дастан ғып баба ерлігін сыр ақтардым.
Арда елім жанарымда өзің барсың,
Қол бұлғап сері күннен сезім қалсын.
Алашқа аманат қой ардың жүгі,
Артымда куә болар сөзім қалсын.
Батырменен ақының тағдыры бір,
Жеңіссіз алмайтұғын жан тынымын.
Тарихтан жолын көріп хатнаманың,
Жөн болар баба ізін сақтағаным.
Кешегі бабаларын жырға қосқан,
Сарқыты ем сахарада сақ бабаның.
Аққудай түлеп ұшқан сұлу көлден,
Кетейін өткір тілмен тіліп өлең.
Ағайын шын көңілмен қабыл алсын,
Арнаған әз бабама жырымды ерен.
Соңы
Хуат ИРКИТХАНҚЫЗЫ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...