АРТЕРИАЛДЫ ГИПЕРТЕНЗИЯ – XXI ҒАСЫРДЫҢ КЕҢ ТАРАЛҒАН ДЕРТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Денсаулық, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Пробация қызметі
08/05/2026
8 Views

Бүгінгі таңда әлемде ең жиі кездесетін аурулардың бірі – артериалды гипертензия. Бұл дерт жас талғамайды. Бұрын көбіне егде жастағы адамдарда кездессе, қазіргі кезде жастар арасында да жиілеп барады. Артериалды гипертензия – қан қысымының тұрақты түрде жоғарылауы. Дәрігерлер бұл ауруды «үнсіз жау» деп атайды. Себебі көп жағдайда адам өзінің ауырып жүргенін байқамай жүруі мүмкін.
Қан қысымы – қанның қан тамырлары қабырғасына түсіретін күші. Қалыпты қан қысымы 120/80 мм сын.бағ. шамасында болады. Егер көрсеткіш 140/90 мм сын.бағ.-тан жоғары болса, бұл артериалды гипертензияның белгісі болып саналады. Қан қысымының көтерілуі жүрекке, миға, бүйрекке және басқа да маңызды ағзаларға үлкен салмақ түсіреді.
Артериалды гипертензияның пайда болуына көптеген себептер әсер етеді. Ең алдымен, дұрыс тамақтанбау мен аз қимылдау – негізгі факторлардың бірі. Қазіргі кезде адамдар майлы, тұзды, фастфуд тағамдарын көп пайдаланады. Ал тұзды шамадан тыс қолдану қан қысымының көтерілуіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар артық салмақ, темекі шегу, алкогольді ішімдік ішу, ұйқының дұрыс болмауы және күнделікті күйзеліс те аурудың дамуына себеп болады. Кей жағдайда бұл дерт тұқым қуалаушылық арқылы беріледі. Егер ата-анасында гипертония болса, баласында да пайда болу қаупі жоғары.
Аурудың белгілері әр адамда әртүрлі байқалады. Көп кездесетін белгілеріне бастың ауруы, әсіресе желке тұсының ауыруы, бас айналу, жүрек қағуы, әлсіздік, көздің қарауытуы, құлақтың шулауы жатады. Кей адамдар тез шаршап, ашуланшақ болып кетеді. Бірақ кей науқастарда ешқандай белгі болмайды. Сондықтан адам өзін жақсы сезінсе де, қан қысымын үнемі тексертіп тұрғаны дұрыс.
Артериалды гипертензияның ең қауіпті тұсы – оның асқынуы. Егер адам уақытында ем қабылдамаса, инсульт, инфаркт, жүрек жеткіліксіздігі, бүйрек аурулары сияқты ауыр жағдайларға алып келуі мүмкін. Жоғары қан қысымы қан тамырларын зақымдап, жүректің қалыпты жұмысын бұзады. Сол себепті бұл дертке жеңіл қарауға болмайды.
Артериалды гипертензияның алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Ең алдымен дұрыс тамақтануға көңіл бөлу керек. Көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынып, тұзды және майлы тағамдарды азайту маңызды. Күнделікті дене белсенділігі де үлкен рөл атқарады. Жаяу жүру, спортпен айналысу, таңертеңгі жаттығу жасау қан айналымын жақсартып, жүрек жұмысын күшейтеді. Сонымен қатар күйзелісті азайтып, уақытылы демалып, жеткілікті ұйықтау қажет.
Дәрігерлер қан қысымын бақылауда ұстау үшін арнайы дәрілерді уақытында қабылдауға кеңес береді. Бірақ дәріні өз бетінше ішуге болмайды. Әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан, емді тек дәрігер тағайындауы тиіс.
Қорыта айтқанда, артериалды гипертензия – өте кең таралған әрі қауіпті аурулардың бірі. Дегенмен аурудың алдын алып, оны бақылауда ұстауға болады. Ол үшін әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы қажет. Денсаулық – баға жетпес байлық. Сондықтан денсаулықты күту – әр адамның басты міндеті.
Арзыкулова Маржан Усенбатыровна,
кардиолог дәрігер.
2026-05-08