ҚАЗАҚСТАН МАШИНА ЖАСАУШЫЛАРЫ ОДАҒЫ: ЕЛ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУДАҒЫ НЕГІЗГІ КҮШ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Саясат, Экономика
27/03/2026
2 Views
Қазақстандағы машина жасау саласы – ел экономикасының стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл сала еліміздің өнеркәсіп әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы ірі ұйымдардың бірі – Қазақстан машина жасаушылар одағы.
Бүгінгі таңда бұл одақ – еліміздің машина жасау саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарды біріктіретін коммерциялық емес ұйым саналады. Оның басты міндеті – сала кәсіпорындарының мүдделерін қорғау, қызметін үйлестіру және өнеркәсіптің тұрақты дамуына жағдай жасау болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстан машина жасаушылар одағына 600-ден астам кәсіпорын кіреді. Олар елдің барлық өңірінде орналасқан және сала бойынша әртүрлі бағыттарда қызмет атқарады. Негізгі мақсаттары:
-
машина жасау саласының дамуына қолайлы құқықтық және экономикалық жағдай қалыптастыру;
-
отандық өндірушілердің мүдделерін қорғау;
-
мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнату;
-
саладағы ғылыми-техникалық жаңалықтарды енгізу;
-
кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
Одақ құрамындағы негізгі өндірістік бағыттар:
-
автомобиль жасау;
-
ауыл шаруашылығы техникасын өндіру;
-
теміржол техникасы;
-
мұнай-газ жабдықтары;
-
электротехникалық жабдықтар;
-
металл конструкцияларын жасау;
-
өнеркәсіптік құрал-жабдықтарды жөндеу.
Машина жасау саласының стратегиялық мәні зор:
-
ауыл шаруашылығы техникасы – аграрлық сектордың тиімділігін арттырады;
-
теміржол және автомобиль техникасы – көлік инфрақұрылымын дамытады;
-
мұнай-газ жабдықтары – энергетика саласының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Бұл одақтың басқару құрылымы бірнеше бөлімнен тұрады: басқарма мен бақылаушы органдар, атқарушы дирекция, салалық комитеттер, өңірлік өкілдіктер. Бұл құрылым одақтың тиімді жұмыс істеуіне және кәсіпорындардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары Қазақстан машина жасаушылар одағы жаңа өндіріс технологияларын енгізу, экспорт көлемін арттыру, цифрлық технологияларды қолдану, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және халықаралық серіктестікті кеңейту сияқты стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап, сол бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Еліміздің ішкі сұранысқа қажетті өнімдердің көлемін арттыру, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында Парламент өкілдерімен кездесулер өткізуде. Сонымен қатар, жыл сайын машина жасаушылар форумдары өткізілуде, оларға тұрақты түрде ҚР Үкіметінің жоғары шенді өкілдері, профилді кәсіпорындардың басшылары және халықаралық серіктестер қатысуда. Атап кетерлігі ағымдағы жылдың 2-3 сәуірінде де «Hilton Astana» қонақ үйі мен «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумы» өтеді. Онда осы салаға қатысты орын алып жатқан өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қарастырылады.
Жуырда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осы одақтың атқарушы директорының орынбасары Арман Галимов, соңғы жылдардағы жұмыстарға қорытынды жасай отырып:
«Егер 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол тарихи максимумға – 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есеге артты. Саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 20%-ға жуықтады.
Сала кәсіпорындары ұсақ тораптық жинақтаудан ірі тораптық жинақтауға, құрамдас бөлшектерді терең өндіруге кезең-кезеңімен көшуде. Салалық кластерлер қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, кадрлық әлеует нығаюда. Мысалы, теміржол машина жасау саласында толыққанды кластер құрылып, оған Railways Systems Holding, Stadler Kazakhstan, Alstom және Wabtec компаниялары кіреді.
Жүк және жолаушылар вагондарын екі отандық компания – «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» және «ЗИКСТО» өндіреді. Локомотивтерді «Локомотив құрастыру зауыты» (Wabtec-пен бірлесіп) және «Электровоз құрастыру зауыты» (Alstom-пен бірлесіп) шығарады. Сонымен қатар, RWS холдинг құрамындағы «Проммашкомплект» ЖШС теміржол дөңгелектері мен жолдың жоғарғы құрылым элементтерін өндіреді, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты рельс шығарады.
Теміржол техникасы саласы халықаралық сапа стандарттарына сай өнім шығарып, ішкі нарықпен қатар Әзербайжан, Вьетнам және Орталық Азия елдеріне экспортталады. Өнім номенклатурасы жыл сайын кеңейіп келеді.
Автомобиль жасау саласында да терең жергіліктендіру жүзеге асырылуда. Алматыдағы жылына 120 мың автомобиль шығаратын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты және Қостанайдағы толық циклді (CKD) KIA Қазақстан зауыты (жылына 70 мың автомобиль) – саладағы негізгі флагмандық жобалар. Автокомпонент өндірісі, орындық, пластик бөлшектер, мультимедиялық жүйелер өндірісі қарқынды дамып келеді».-деген болатын.
Қорытындылай келе айтар болсақ, Қазақстан машина жасаушылар одағы – бүгінгі таңда ел индустриясын дамытуда негізгі серіктес болып табылады. Оның жұмысы отандық кәсіпорындарды қолдауға, өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде Қазақстанның машина жасау саласы жаңа даму кезеңіне көтеріліп, экономика тұрақты өсімге ие болады.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
2026-03-27