«ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ» – ҰЛТ ҮНІ ЕСТІЛГЕН БАСТЫ МӘРТЕБЕЛІ АЛАҢ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара, Саясат
31/05/2025
325 Views
ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМІ – «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНА ЖҮКТЕЛГЕН ЕРЕКШЕ МІНДЕТ
2025 жылдың көктем айында өткен Ұлттық Құрылтай – ел болашағына қатысты ұзақмерзімді стратегиялық шешімдер мен қоғам мүддесін ескеретін жаңа форматтағы мемлекеттік диалог алаңы ретінде айқындалды. Бұл жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылға қатысты маңызды реформалар қажеттігін атап өтіп, «Ауыл» партиясына» айрықша сенім білдірді.
«Ауыл шаруашылығындағы реформаларға сапалы заңдар қажет. Бұл жұмысқа Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Президент.
Бұл мәлімдеме – «Ауыл» партиясына артылған тарихи жауапкершіліктің нақты белгісі.
СЕРІК ЕГІЗБАЕВ: ҚҰРЫЛТАЙ – ҰЖЫМДЫҚ САНАНЫҢ КӨРІНІСІ
Республикалық «Ауыл» партиясының Төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев Құрылтайды билік пен қоғам арасындағы сенім көпірі ретінде сипаттап, былай деді:
«Ұлттық құрылтай – халықтың сөзі шынайы ескерілетін, нақты шешімдерге әсер ете алатын алаң. 2024 жылғы құрылтайдан кейін бірқатар заңдар қабылданды. Бұл – құр сөз емес, нақты нәтиже. Біз осы үрдісті жалғастыруға дайынбыз. Партиямыз ауыл мәселелерін күн тәртібінен түсірмей, нақты ұсыныстармен жұмыс істейді».
Ол сондай-ақ, жастармен жұмысты күшейту, партия құрамына жастарды тарту бағытындағы реформаларды айрықша атады.
АЛМА СЕЙДАХМЕТҚЫЗЫ: АУЫЛДЫ ҚОРҒАУ – ҰРПАҚТЫ ҚОРҒАУ
«Қазақстанның Еңбек Ері», Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі – Шұқыжанова Алма Сейдахметқызы:
«Президентіміздің «Ауыл» партиясына сенім артуы – ауылдағы ұстаздың, ананың, еңбеккердің үніне құлақ асқаны. Бұл – рухани да, әлеуметтік те мойындау. Білім мен ғылым – елдің ең іргелі тірегі. Ал ауыл мектебі – ұлттық тәрбиенің темірқазығы. Оған көңіл бөлмей, ел болашағы туралы айту мүмкін емес».
Ол ұлттық құндылықтарды жандандыруда мұғалім мен мектептің орны ерекше екенін еске салды.
ҚАЙРАТ СМАҒҰЛОВ: АУЫЛ МӘСЕЛЕСІ – АСТАНАДАН ЕСТІЛЕТІН ЖАРҚЫН ҮНГЕ АЙНАЛДЫ
«Ауыл» партиясының Абай облыстық филиалының Төрағасы – Смағұлов Қайрат Қанатұлы:
«Ұлттық құрылтай – өңірдегі шынайы мәселелер орталық деңгейде естілуіне мүмкіндік берген мінбер. Президенттің «Ауыл» партиясына арқа сүйеуі – біз үшін сенім ғана емес, нақты жұмыс жоспары. Ауыл әкімінің өкілетін кеңейту, жастарға нақты әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым мен білім саласын көтеру – біздің өңірлік ұсыныстарымыздың негізгі өзегі».
Ол жергілікті филиалдардың партиялық белсенділікпен қатар, нақты шешім ұсынатын сарапшылық орталыққа айналуы қажет екенін баса айтты.
ЖАҢА ПАРТИЯЛЫҚ БЕТБҰРЫС: ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖОБАЛАР
«Ауыл» партиясы бүгінде жастармен тікелей жұмыс жүргізіп отырған ірі саяси ұйымға айналды. Серік Егізбаев атап өткендей, партия қатарында жастар үлесі артып келеді:
«Кітапқа екінші өмір сыйла!» жобасы – 21 000 кітап, 59 ауылдық кітапхана.
Студенттік құрылыс отрядтары – табиғи апаттарға қарсы нақты көмек.
Ұлттық спортты насихаттайтын «Ауыл ойындары», цифрлық теңсіздікті азайту, экологиялық жобалар – жастар белсенділігінің нақты көрсеткіші.
Түйін сөз:
СЕНІМ – СЕРПІН, ЖАУАПКЕРШІЛІК – БАРШАҒА ОРТАҚ
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ауыл» партиясына білдірген сенімі – тек саяси баға емес, бұл ел тағдырын ауылмен байланыстырған жаңа саяси үрдіс. Бұл сенімді ақтау – партия төңірегіндегі азаматтар мен бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы.
2025-05-31