ТЕМІРЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ – ЖАҢ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Экономика
19/09/2026
3 Views
Бүгінде Мақтаарал ауданында «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жалғасуда. Осы жоба аясында Атакент кентіндегі «Мақтаарал» станциясының бірқатар инфрақұрылымдық нысандары бой көтеріп жатыр.
Белгіленген кестеге сәйкес, станциядағы құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанның бас мердігері – «Integra Construction KZ» ЖШС, қосалқы мердігері – «TS-Smart Construction» ЖШС. Жобалау жұмыстарын «KSD Engineering» ЖШС жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда станция аумағында бірнеше нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қатар жүргізілуде. Әскерилендірілген күзет ғимаратының қазаншұңқырын қазу, топырақты нығыздау және тұтас құйма іргетасын орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазір ғимараттың қабырғаларын қалау жұмыстары жүргізілуде.
Өрт сөндіру резервуары мен бекетінде де жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Резервуарға арналған қазаншұңқыр қазылып бітсе, өрт сөндіру бекетінде негіз дайындау және іргетас құю жұмыстары орындалуда. Вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті мен ПРУ нысанында қазаншұңқыр қазу және топырақты нығыздау жұмыстары жалғасуда. Ал 25 жолаушыға арналған вокзал ғимаратында қазаншұңқырды қазу толық аяқталып, қазіргі таңда іргетас құйылуда.
Электрлік орталықтандыру бекетінде де құрылыс қарқынды. Қазаншұңқырды қазу және іргетасты бетондау жұмыстары толық орындалған. Қазіргі уақытта монолитті қабырғалар мен бағандарды құю жұмыстары 80 пайызға жетті. Жалпы, «Мақтаарал» станциясындағы құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сай кезең-кезеңімен жүргізілуде. Нысандардың сапасы мен жобалық талаптарға сәйкестігіне баса назар аударылуда.
Айта кетейік, құны 286 млрд теңгені құрайтын «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісінің ұзындығы – 152 шақырым. Жобаны жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Жаңа теміржол желісі арқылы Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстан бағытындағы жүктерді тасымалдау жеделдетіліп, «Сарыағаш–Ташкент» бағытының жүктемесін екі есеге дейін азайту жоспарлануда.
Жаңа теміржолдың іске қосылуы Мақтааралдың көлік-логистикалық мүмкіндігін кеңейтіп, өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға жаңа жол ашатын болады.
2026-09-19