Түркістан облысы экономикалық өсім бойынша көш бастады
Posted by: Қалмұрат
in News, Саясат, Экономика
23/09/2026
3 Views
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталуда. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңірдің қысқа мерзімді экономикалық өсімі 121,9 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері, бюджеттің атқарылуы және алдағы міндеттер сараланды.
Есепті кезеңде облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 127,9 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 588,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 141,5 пайызды құрады. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 510,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 117,9 пайыз болды.
Ауыл шаруашылығында 714,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы өсім 109,5 пайызды құрады. Оның ішінде мал шаруашылығының көлемі 360,1 млрд, өсімдік шаруашылығы 346,9 млрд теңге болды.
Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі де артқан. Жыл басынан бері негізгі капиталға 1,1 трлн теңге инвестиция бағытталып, өсім 134,4 пайызға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 403,8 млрд теңгені құрап, 123,5 пайыздық өсім қалыптасты. Тұрғын үй құрылысы бойынша 718,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,4 пайыздық өсімді көрсетеді. Барлық аудан мен қалада жоспарлы көрсеткіштер орындалған. Сауда көлемі 713,2 млрд теңгеге жетіп, 127,9 пайызға өсті. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 211 млрд теңгені құрап, өсім 112,4 пайыз болса, байланыс қызметтерінің көлемі 8,8 млрд теңгеге жетіп, 110,8 пайыздық өсім көрсетті.
Жиында бюджеттің атқарылу мәселесі де қаралды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, Түркістан облысы өңірлер арасында шығыстар жоспарын орындау көрсеткіші бойынша үшінші орынға тұрақтаған.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек экономикалық өсімді қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жалғастыруды тапсырды. Әсіресе инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін ұлғайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және бюджет қаражатын сапалы әрі уақытылы игеру бағыттарына басымдық беруді атап өтті.
Жиынға қатысушылар алдағы кезеңдерд де өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін тұрақты сақтау және белгіленген жоспарларды орындау бойынша жұмыстардың жалғаса беретінін айтты.
2026-09-23