ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІН ОҚЫТУДА ЖИ МҮМКІНДІГІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖОЛДАРЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Жас буын, Қоғам, Педагог
30/09/2026
3 Views

Қазіргі білім беру жүйесінде цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. Соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді енгізу – білім сапасын арттыруға, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге және оқушының пәнге деген қызығушылығын күшейтуге ықпал ететін заманауи бағыттардың бірі.
Қазақ тілі пәнін оқытуда жасанды интеллектіні орынды пайдалану арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады. ЖИ көмегімен мәтін құрастыру, оны талдау, грамматикалық қателерді анықтау, сөздік қорды байыту, түрлі деңгейдегі тапсырмалар дайындау сияқты жұмыстарды ұйымдастыруға болады. Мысалы, сабақ барысында мұғалім белгілі бір тақырыпқа сәйкес мәтін құрастырып, оқушыларға оның мазмұнын талдатуына, негізгі ойды анықтауына немесе мәтіннен қажетті сөз таптарын табуына тапсырма бере алады. Сондай-ақ бір тапсырманы оқушылардың білім деңгейіне қарай бірнеше нұсқада дайындау мүмкіндігі бар. Бұл оқытудағы саралау тәсілін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
ЖИ-дің тағы бір тиімді бағыты – оқушының жазылым дағдысын дамыту. Оқушы белгілі бір тақырыпта эссе, хат немесе шағын мәтін жазып, оны тілдік нормалар тұрғысынан тексеру үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалана алады. Мұндай жағдайда ЖИ дайын жауап беруші құрал ретінде емес, оқушының өз жұмысындағы қателерді байқап, оларды түзетуге бағыт беретін көмекші ретінде қолданылғаны жөн.
Қазақ тілін оқытуда сөздікпен жұмысқа да ерекше мән беруге болады. Жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру, синонимдері мен антонимдерін анықтау, сөздерді сөйлем ішінде қолдану, белгілі бір тақырыпқа қатысты сөздік қор қалыптастыру сияқты тапсырмаларды ЖИ көмегімен түрлендіруге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, мұғалім жасанды интеллект арқылы сабақ жоспарына идеялар, деңгейлік тапсырмалар, тест сұрақтары, шығармашылық жұмыстар мен пікірталас тақырыптарын әзірлей алады. Бұл педагогтің уақытын үнемдеп, сабақ мазмұнын әртараптандыруға жағдай жасайды. Дегенмен, ЖИ мүмкіндігін пайдалануда мұғалімнің кәсіби бақылауы маңызды. Жасанды интеллект ұсынған кез келген ақпаратты дайын күйінде қабылдамай, оның дұрыстығын тексеру қажет. Әсіресе қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері, емле нормалары мен тілдік қолданыстарға қатысты ұсыныстарды мұғалімнің өзі саралап отырғаны дұрыс. Ең бастысы – жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның кәсіби қызметін толықтыратын технология болуы тиіс. Оқушы да дайын жауапты көшіріп алуға емес, ЖИ мүмкіндігін өз ойын дамытуға, ізденуге және білімін жетілдіруге пайдалануды үйренуі қажет.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағында жасанды интеллектіні мақсатты әрі сауатты қолдану – заманауи білім берудің маңызды бағыттарының бірі. ЖИ мүмкіндігін педагогикалық мақсатпен ұштастыра алған мұғалім оқушының тілдік сауаттылығын арттырып қана қоймай, оның шығармашылық ойлауын, ізденісін және цифрлық сауаттылығын дамытуға мүмкіндік алады.
Болганай МАХАНБЕТОВА,
Ғ. Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, педагог зерттеуші.
Жетісай ауданы.
2026-09-30