«АРАЙЛЫ КҮНІМ — АЗАТТЫҚ!» ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Саясат
26/12/2025
177 Views
2025 жылдың 25 желтоқсанында, Абай облысы, Семей қаласындағы «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясында» еліміздің ұлық мерекесі ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Арайлы күнім — азаттық!» тақырыбындағы гимназияшілік жас ақындар айтысы болып өтті.

Ең әуелі дүбірлі жыр бәйгесінің ашылу сөзін гимназия мүдірі Карамендин Олжас Сабитович ашып берді. Ол өз сөзінде жас талап дарындарға сәттілік тілеп, айтыстың кешегісі мен бүгінгі қарқынына тоқталды. Соныменде келешекте мұндай жыр додалардың көптеп өтуіне оң көзқарас танытты.
Шара барысында концерттік бағдарламалар да өз кезегінде орын алып, соның алтын айғағы Ардабекова Гүлсім мұғалімнің жетекшілігімен «Ғасыр үні» гимназияішілік домбыра үйірмесінің оқушыларынан құралған ансамбль «Ер Тұран» күйін күмбірлетіп, көпшіліктің рухын көкке көтерді.
Музыка пәнінің ұстазы Аубакирова Райханның Жетекшілігіндегі «Вокал» үйірмесінің шәкірті Даниярқызы Раянаның орындауында «Әрқашан күн сөнбесін» әні жүректерді тербеп, елдік нышаны мен нұрлы шуағын шашты. Ізін ала «Ақ қауырсын» үйірмесінің жас дарын шәкірті Сәкенов Ерасылдың «Ақындық өнер» жайындағы жалынды жыр шумақтары оқылды.
Іс-шара жүргізушісі Ерік Омарғалиевтің бүгінгі айтыстың әділқазы алқасын атап өте, «Айтыс ақындарын» ортаға шақыру лебізі айтылып, барлық қатысушылар кезек-кезегімен жалпақ жұртқа таныстырылды.
Әділқазы құрамында: «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының» Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Абайтану пәнінің мұғалімі — Қалиева Сара Сырымқызы, Қазақ тілі мен Әдебиеті пәнінің ұстазы, «Бәтташ Сыдықұлы атындағы «Шешендік өнер» орталығының» Жетекшісі — Нұрғамысова Шолпан Махмұтқызы, Гимназия кітапханасының Меңгерушісі — Рымбосынова Оралбибі Мәмиқызы.
Алғашқы жұп болып айтысқа түскен оқушылар: Асубаев Назар мен Мелетханова Айзада жүйрік ақыл сынын тезге салғандай ел-мұңы мен еркіндіктің айбарлы жалауын парықтап, өзара аға-қарындастық сөз сайысының жарқын үлгісін көрсетіп, жиналған айтысүйер қауымның көңілінен шықты.
Екінші жұп айтыс ақындары: Төлегенұлы Алдияр мен Кенже Сағынбекте сүбелі де салмақты сөз жүйесін тауып, тақырыпқа сай және достық әзіл жалғасқан тамаша жыр бәйгесінің куәсі болғызды.
Үшінші жұп болып жыр додаға түскен: Аманбекова Сабина мен Мейірханов Тамерлан тәуелсіздік арманын жырмен өре отырып, тарихи тұлғалардың өрлік-ерлігін жырға қосып жұртшылықтың назарын аударып, тартысты жыр кестесін ұсынып бақты.
Айтысты қорытындылаған төртінші жұп: Саят Інжу мен Баилова Жанерке бүгінгі жастар жайы мен заманды жырлап, білімнің негізін сындарлап, жігерлі де жарасты ой-мазмұн қалыптастырды.
Онан кейінгі кезек, »Ақ қауырсын» үйірмесінің балауса шәкірттері: Идрисова Інжу, Мамеева Айлин, Мақсатбек Медина, Жұмағазы Әдемі төрттігі: «Ұстазға алғыс», «Абай ата», «Туған жер», «Отан» тақырыптарында жазған тақпақтарын мәнерлеп жатқа оқып, көпшілікті жыр жасынымен бір тамсатты.
Тәуелсіздіктің құрметіне тағзымды ұрпақ атынан Жұман Ерханның «Алаш аманаты» күйі ерекше тарту ретінде орындалып, алдаспан жарқылындай жарқ еткен отты намыс сыйлап, ізгілік қошеметіне бөленді.
Сонымен, әділдікті қақ жарған айтыстың әділқазылар алқасының шешімі негізінде жүлделі орындарды иеленген оқушылар:
Асубаев Назар — Бас жүлде.
Төлегенұлы Алдияр — I орын.
Аманбекова Сабина — II орын.
Баилова Жанерке — II орын.
Мелетханова Айзада — III орын.
Кенже Сағынбек — III орын.
Саят Інжу — Алғыс хат.
Мейірханов Тамерлан — Алғыс хат.
Егемендікке арнайы елеулі өткен айтыстың қорытынды сөзін Шолпан Махмұтқызы бастап сөйлеп, Сара Сырымқызы жалғап, Олжас Сәбитұлы түйіндеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: айтыссүйер жалпы жұртшылықтың пайымдауында дәл осындай дүбірлі сөз додасы бұдан әрмен қарай да өз жалғасын табады деген ізгі сеніммен тарқасты.
Гимназия мақтаныштары — өркен жайған ел ертеңі екенін есте тұтқан абзал!
«Ақ қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі — Ерік Қайратбекұлы.
2025-12-26