ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ МАҢЫЗДЫ НЕГІЗДЕРІНІҢ БІРІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Жас буын, Өзекті мәселе, Руханият
17/09/2026
2 Views
Мақтаарал ауданында жастардың діни білімін арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, өткізілді.
Аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған өзектілігі ерекше осы іс-шараға «Мақтаарал» аграрлық колледжі мен №14 колледжінің студенттері қамтылды. Кездесулерге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Тұрсынханов, Түркістан облысы дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы М.Салиходжаев және аудандық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы А.Жолдасов қатысты.
Тағлымдық маңызы ерекше кездесу барысында жастарға деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілері, олардың қоғамға тигізуі мүмкін кері әсері және мұндай қауіптердің алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді. Теолог маман діни мәселелер бойынша ақпарат іздеген кезде тек сенімді әрі ресми дереккөздерге жүгінудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік желілерде таралатын мазмұны күмәнді діни уағыздар мен материалдарға сыни көзқараспен қарау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар интернет кеңістігінде заң талаптарын сақтау, діни экстремизм мен терроризм идеологиясын насихаттайтын ақпараттарды таратпау, белгісіз діни уағызшылардың бейнероликтері мен аудиожазбаларына орынсыз ермеу жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиынның тағы бір маңызды бағыты – этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау болды. Қатысушыларға қоғамдағы тұрақтылықтың негізі өзара құрмет пен түсіністік екені түсіндіріліп, әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы ақпараттарға сенбеу, жалған мәліметтерді таратпау қажеттігі ескертілді.
Мамандар жастарды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлеуге, құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға, ақпаратты саралай білуге шақырды. Өз кезегінде студенттер көкейлеріндегі сауалдарын қойып, діни сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және этносаралық келісім мәселелері бойынша тұшымды жауаптар алды.
Маңызы ерекше мұндай кездесулер жастардың діни мәселелерге байыппен қарауына, ақпараттық ортада дұрыс бағдар қалыптастыруына және қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін болады.
2026-09-17