ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ, ТІЛ – ЖАҺАНДЫҚ МҮМКІНДІК
Posted by: Қалмұрат
in News, Білім саласы, Қоғам, Руханият
17/09/2026
5 Views

Тіл – халықтың рухани болмысы, ұлттық жадын сақтайтын баға жетпес қазына. Ана тілі арқылы ұлттың тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сондықтан тілге құрмет – елге, жерге, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің бастауы.
Ғ. Мұратбаев атындағы №61 жалпы білім беретін мектепте Тілдер мерекесіне орай «Тілдер кеңістігі: ұлттық құндылықтан жаһандық мүмкіндікке» тақырыбында мерекелік іс-шараның ашылуы ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның негізгі мақсаты – оқушыларға тілдің адам өміріндегі және қоғамдағы маңызын түсіндіру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, көптілділіктің мәнін насихаттау, түрлі тілдер мен мәдениеттерге деген құрметті қалыптастыру.
Тілдер мерекесі – тек бір күндік мереке емес, ол білім алушылардың тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, ана тілінің қадірін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды рухани-мәдени орта. Осы бағытта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілі пәндері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен танымдық, шығармашылық және зияткерлік бағыттағы түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.
Шара барысында оқушылар өздерінің тілдік білімдерін, шығармашылық қабілеттерін ортаға салып, өлең оқып, тіл туралы қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді айтып, көркем өнер арқылы тілдің құдіретін танытты. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен мәдени мұрасы дәріптеліп, оқушылардың өзге мәдениеттерге деген сыйластық сезімі қалыптасты.
Қазақ тілі – халқымыздың бірлігін бекемдейтін ұлы құндылық. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың ел тарихына, мәдениетіне және болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Ал өзге тілдерді меңгеру – әлемдік білім мен мәдениетке жол ашатын маңызды мүмкіндік.
«Бір тіл – бір әлем, бірнеше тіл – бірнеше әлем» деген ұстаным білім алушының таным көкжиегін кеңейтеді. Қазіргі жаһандану дәуірінде бірнеше тіл білу – заман талабы. Дегенмен көптілділік ең алдымен ана тіліне деген құрметпен сабақтасуы тиіс.
Мектеп ұжымы үшін тіл үйрету – тек пәндік білім берумен шектелмейді. Ол – оқушының бойына ұлттық сана, мәдениет, отансүйгіштік, толеранттылық және адамгершілік құндылықтарды сіңірудің маңызды тетігі.
Тіл – ұлттың үні. Тіл бар жерде ұлттың рухы, тарихы мен болмысы бар. Сондықтан жас ұрпаққа ана тілінің қадірін түсіндіріп, мемлекеттік тілді құрметтеуге тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет.
Тілін құрметтеген ұрпақ – елін құрметтейді. Тілін сақтаған халық – болашағын сақтайды.
Ендеше, ана тіліміздің мәртебесін биіктетіп, өзге тілдерді құрметтей отырып, білімді, мәдениетті, көптілді әрі ұлттық рухы биік ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ мұратымыз.
Алдабергенова Карлыгаш Жорабаевна,
“Ғ. Мұратбаев атындағы №61 ЖББМ” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.
Жетісай ауданы.
2026-09-17