ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІС ТОҒЫСҚАН «ДАЛА КҮНІ»
Posted by: Қалмұрат
in News, Ауыл шаруашылығы, Экономика
12/09/2026
2 Views
Мақтаарал ауданында мақта шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-тәжірибелік семинар өтіп, отандық сорттардың әлеуеті мен заманауи агротехнологияларды өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.
11 қыркүйекте Атакент кентінде «Отандық мақта сорттарынан тұрақты және жоғары өнімділік алудың инновациялық технологиялары» тақырыбында «Дала күні – 2026» семинары болып өтті. Бұл ғылыми іс-шараны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамындағы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» және «Мақта» білім тарату орталығы ұйымдастырды. Семинарға ғалымдар, тауар өндірушілер, тұқым шаруашылығының мамандары, аудан әкімдіктерінің өкілдері және шетелдік ғалымдар қатысты.
Қатысушылар алдымен институттың эксперименттік алқабындағы отандық мақта сорттарының демонстрациялық учаскелерін аралап, олардың ерекшеліктерімен танысты. Сондай-ақ мақта өңдейтін шағын зауыттың жұмысын көріп, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының мүмкіндіктеріне назар аударды.
Семинар барысында мақта шаруашылығының өзекті мәселелері кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, отандық сорттардың әлеуеті, тұқым сапасы, климат жағдайына бейімделген селекция, су үнемдеу технологиялары және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу бағыттары талқыланды. Сөзге шыққан «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» Басқарма төрағасы Бауыржан Асанов ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, аграрлық ғылымды дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде айтты.
Аталмыш жиында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Амандық Қостақов, Түркияның Адана биологиялық бақылау ғылыми-зерттеу институтының директоры Абдуллах Гил және Өзбекстанның мақта селекциясы, тұқым шаруашылығы және агротехнологиясы ғылыми-зерттеу институтының өкілі Аброржон Курбанов мақта селекциясы мен өндірісін дамытуға қатысты тәжірибелерімен бөлісті.
«Дала күні – 2026» семинары ғылым мен өндіріс арасындағы тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды. Іс-шара қорытындысында жоғары өнімді, климатқа бейімделген сорттарды өндіріске енгізу, сапалы тұқым қорын қалыптастыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды кеңінен қолдану бағыттары айқындалды.
2026-09-12