Home » Әдебиет » ЖЕРҰЙЫҚ

ЖЕРҰЙЫҚ

            – Саған бір қызық көрсетейін бе?-деді сырттан сөйлей кірген Нұрсұлу.
          –Тағы қандай қызығың дайын тұр еді?-деді  Жақсылық әйелінің бірнәрсені қоңырсытпаса жүре алмайтынын меңзеп.
          -Осы сен де. Мен бірнәрсе айтсам болды, үнемі осылай ауызыма қақпақ қоясың да жүресің,-деп Нұрсұлу шамданып қалды.
          -Өзің бүгін  ауыздығыңмен алысып тұрсың ғой. Тағы қандай боран-бұрқасын басталар екен?-деп  Жақсылық әйелінің шайпау мінезінен зәрезап болған рай танытты.
          Бұл әйел дегендерді түсініп болмайсың, жоқ жерден құйын болып көтеріліп, боран болып екпіндете соғады. Ал, көңілі түссе-көл, одан мейірімді, одан қайырымды, одан қамқор адам таппайсың. Көңілі түспесе-шөл, «өлдім» десең ауызыңа су тамызбайды.
          Жақсылық та отының басында жан тыныштығын, алтын бесігінің бейбіт тербелуін, сыйластық пен түсіністікті қалайтындар қатарынан. Долы дауылдың оқыс бас көтеруіне жан-тәнімен қарсы. Арғы жағы белгілі ғой, «мені сүймейсің, біреуің бар» деп көз жасын көлдей етіп төгуімен бітеді.
          Тағы да боран басталып кетпесін деген күдік-күмәнмен әйелінің ығың ала сөйлеуге тырысты.
          -Сұлуым-ай, Сұлуым! Сенің де таппайтынын жоқ. Ол өзі қандай қызық?-деп тартыншақтай сөйледі.
          -Айтпаймын. Мен бірнәрсе айтпақ болсам, саған ол түрпідей тиеді. Есіл сөзімді саған қор қылып қайтемін?-деп Нұрсұлу бұлданды.
          -Сұлуым-ай! Бала сияқты тым тез өкпелегішсің-ау.  Бөйте берсең, жүрегіңді жаралап аласың ғой бір күні.
          Жақсылықпен отасқалы талай жыл өтсе де осы уақытқа дейін оның сөзінің шыны қайсы, әзілі қайсы екенін Нұрсұлу түсіне алмай-ақ келеді.
          – Телевизорыңды көре бер,-деп Нұрсұлу  сырт айналды.
          Телеарнада Жақсылық көптен бері ермек етіп келе жатқан ұласпалы фильм жүріп жатыр еді. Ол бір жағынан сол киноны да қимаған.  Енді міне, жоқ жерден әйелін өкпелетіп алып отыр.
          Жақсылық орнынан қолынан біреу тартқандай болып ықылассыз көтерілді.
          Нұрсұлу ауладағы күн түсетін ашық алаңқайға табақ қойып, соған үңіліп тұр екен. Бұл барғанда ол қолындағы екі-үш жұмыртқаны бір-біріне ұрып, қабығың жарды да табаққа быж-быж еткізіп тастай бастады. Жұмыртқаның сары уызы мен ақ сұйығы бырыса көпіріп, дөңгелене түсті де әп-сәтте дайын тамаққа айналды.
          – Расында, мынауың қызық екен!-деді Жақсылық әйелің еріксіз мойындап.
          Шілде түскелі аптап ыстық тіршілік атаулыны өртеп жіберердей лапылдап тұр. Шаңқай түсте ұшқан құстың қанаты күйіп, жерге құлайтынына дау жоқ. Әлдеқандай жұмыспен далаға шыға қалсаң, ауа емес, от жұтқандай боласың. Сондықтан ең тынышы-салқын үйде шалқадан түсіп жатқанын жақсы. Оның үстіне әлемді тітіркенткен тәж-тажал (коронавирус) деген індет аждаһардай аран ауызын айқара ашып,, жан-жағындағыларды жалмап, адамдардың есін шығарды емес пе? Аймақта ірі кәсіпкерлердің бірі саналатын Жақсылық та індеттен-бір, ыстықтан-екі қашып, бұрынғыдай ой-қырға шапқылауды қойып, енді үйден ешқайда қия баспайды. Бар ермегі-теледидар, одан қалса қауызға түсіп, шықпай ұзақ жатып алады. Ара-арасында спорт залына кіріп, түрлі жаттығулар жасайды.
          Бір жолы ол тағы да қауызда жалғыздан-жалғыз ұзақ шомылды. Ал, Нұрсұлу үш қабатты үйді тазалап шығамын деп-ақ әлек.
          Екеуі екі жақта. Күні-түні бір-бірімен жиі ұшыраса бергендіктен бе, шүйіркелесіп айтар әңгіме де қалмаған. Ойда жоқта кездейсоқ кездесе қалса, бірін-бірі қажайды.
          Далада күн жер бетін шыжғырып тұр. Үйіргелік баудың іші де қазір қорған болып жарытпайды. Жақсылық қауызда әрі-бері жүзіп келіп, салқын сырадан  сылқылдата сімірді.
          Нұрсұлу үй қызметшісін ұстамайтын еді. Ана бір жолы  сүп-сүйкімді бір бойжеткенді үй қызметшісі етіп жұмысқа қабылдаған. Ауызынан сөзді сұрап алатын ұяң ғана бойжеткен болатын. Кейін байқап қалды ғой, оңашалана қалса Жақсылыққа көзімен ішіп-жеп қарап, жанасқысы келеді де тұрады. Екеуінің бұл жоқта не айтатындарын кім білсін, әйтеуір Нұрсұлу бөлмеге кіріп келсе тығылмашақ ойнаған балалардай жым болады да қалады. Осыны құрбысы Айбалаға сыр қылып айтып көріп еді, ол бірден шоршып түсті.
          -Ойбай, бәлесінен аулақ! Біздің бір көршіміз де үй қызметшісін алып еді. Өзі де бір сүйріктей сұлу неме екен. Үйге жылан болып кірген ол ақырында бәйбішені қуып шықты. Сөйтсек, бұл жалмауыз күйеуінің ойнасы екен. Қазір осындайлар көбейіп кетті ғой. Жолатпа!-деді көздері алашапыраштанып.
          Нұрсұлу тіксініп қалды.
          Ертесіне ол Назипаның қолына еңбекақысын ұстатып, сыпайы ғана шығарып салды. Бұл кезде Жақсылық шаруаларымен Нұр-Сұлтан қаласында жүрген. Ол оралғанда үйде кекселеу әйел қарсы алды. Оны көрген Жақсылық  қанын ішіне тартып, сұп-сұр болып тұтығып кетті.
          -Әй, неге мелшиіп қалдың? Ойнасыңды қимай тұрсың ба?-деп Нұрсұлу шаптықты.
          Сөйтіп, ойда-жоқта серінің сыры ашылып қала жаздады.  Нұрсұлудың қолындағы хрусталь ыдыс жерге құлап, быт-шыт болып қирады.  Ыдыстың жып-жылтыр бөлшектері жан-жағына құбылмалы сәуле шашыратып бытырай жайылды. Әр бөлшекте мөлтілдеген жас бар еді. Кімнің жасы? Мұны қимас сезімнің құшағындағы Жақсылықтан басқасы біле алған жоқ.
          Кейінгі үй қызметшісі көңілден шыққан жоқ. Шаршаңқы. Ыбылжып жұмысы маңдымайды. Нұрсұлу одан да құтылуға асықты.
          Нұрсұлу үй жинап жүріп те ой тұңғиығынан шыға алмады. Әншейінде үйдің бетін көрмейтін күйеуі неге түздегі жұмыстарына асықпайды? Неге бұйығыланып барады?  Үйкүшіктеніп ауладан шықпайтыны қалай?  Осы оймен ол қауызда жалғыздан-жалғыз шомылып жүрген Жақсылықтың жанына келді.
          -Осы сенің қиялыңда шек жоқ. Ойлау жүйең ғажап. Тағы не ойластырып келдің? –деді Жақсылық судан басын шығарып.
          Нұрсұлу қитығып қайтып кеткісі келіп тұрды да, «ақыры келіп қалдым ғой, айтарымды айтып кетейін» деген тоқтамға бекінді.
          -Балалар көптен далаға шықпай,ішқұса болып отыр. Не ойлағанын бар?-деп күйеуінен жауап күтті.
          -Мұндайда сен алдыңа жан салмаушы едің ғой.  Айта бер,- деді Жақсылық әйелінің жоспарсыз жүрмейтінін еске алып.
          -Тауға шығып, өзен жағалап дегендей, демалып қайтсақ қайтеді?
          -Дұрыс.
          -Ендеше, қай жерге барамыз?
          -Шетелден шетел асып, көрмеген, баспаған жерің қалды ма? Маған өкпең жоқ шығар. Енді мына кесірлі коронавирус көріне кірмей шетелге шыға алмаймыз,-деді Жақсылық жабырқап.
          -Балаларың ғой, үйге сыймай отырған,-деп Нұрсұлу наздана тіл қатты.
          Жақсылықтың бір осал жері-балалары еді.
          -Әрине, оларды ойлау керек. Өзімізді де ұмытпайық,-деді Жақсылық кері шегініп бара жатып,-әйтеуір ырыққа көне бастадың-ау. Мен бірнәрсе ойластырайын.
          -Ойластыр да түскі тамағыңа кел,-деді Нұрсұлу жадырап.
          Жақсылық қауыздан басын қылтитып, әйелінің соңынан қарады. «Дегенмен өзінің құлын мүшесі бұзылмаған. Бұлт-бұлт ойнап бара жатқан мықының көрмейсің бе?» деп ойлап қойды.
          Жақсылық қауыздан шығып, үстіне оюлы желеңін киді. Аяғына сүйретпесін іліп, тырп-тырп басып асханаға өтті. Бөлмені танау қытықтайтын әдемі бір хош иіс кезіп жүр. Су сергітіп, бойы жеңілдеп қалған үй иесі барқадар бір күй кешіп, рахаттанып отырды. Есіне сонау Американы шарлап өтіп, бүкіл Еуропаны армансыз аралағаны түсті. Соңғы рет Түркияның Кемер қаласында Жер Орта теңізінің жағалауындағы бес жұлдызды қонақүйде тынығып  қайтқан-ды. Үйіне оралған соң кенжесінің қолына оттық ұстатқан.  Серіктің көзін орамалмен байлады. Содан кейін алдын ала жайып тастаған дүниежүзілік картаның үстіне оттықты таста деген. Оттық Тайландқа барып түсті.
          -Ура!-деп айқайлап жіберіп еді сонда Серік.
          Тайландтағы Пхи-Пхи- Ле  аралындағы Майя-Бэй жағажайы туралы Жақсылық біршама білетін еді. Леонардо Ди Каприо мен Тилда Свинтон осы жұмақ жер туралы «Жағажай» атты фильм түсірген.  Осы фильмнен соң жағажай әлемге танымал болды. Шығанақтағы жағажай биік жартастармен қоршалған. Теңіз суы тұнық та таза. Аралда түнегендер «тыныштықты анық сезіне алдық» десетін. Негізінен бұл аралға тынығушылар қараша мен сәуір айларында келеді. Дәулетті отбасыға жылдың қай мезгілі болса да қолайлы. Оларға қолбайлау боларлық ештеңе жоқ еді. Мына тәж-тажалдың аяққа оралғы болып тұрғанын көрмеймісіз.
          -Майя-Бэй жағажайына барамыз!-деді Жақсылық түскі тамақ үстінде керенау кейіпте.
          -Бізді ақымақ қылма,-деді Нұрсұлу томсарып,- қай-қайдағыны айтасың. Карантин кезінде қайдағы Тайланд? Қайдағы Майя-Бэй? Айтасың-ау сен де.
          -Қара да тұр. Осыдан уәдеде тұрмасам, ит болып кетейін. Әкел қолды!-деп Жақсылық жан-жағына қоқилана қарады.
          Нұрсұлу «осының шыны қайсы, өтірігі қайсы?» деп аңтарылып отыр.
          -Ит болмай-ақ қой. Адам болшы!-деді Нұрсұлу сөзіне салмақ сала.
          «Мына мыстан қалай-қалай сөйлейді?» деп Жақсылық ішінен кіді алып қалды.
          Кешкілікте керімсал жел басылып, артынша жанға жайлы самал соқты. Тырысқан дене жазылып, тұншыққан өкпе кең тыныс ала бастады. Ауа райына тәуелді ауру-сырқауы бар адамдардың жадырай бастаған кезі де осы тұс.
          Қала ішінде тіршілік қайта маздады. Біреулер ауласына, екіншісі гүлдеріне су шашып жүр. Үйіргелік бақшаларын суғаруға кіріскендер де бар. Жаңа ғана төрткүл дүниені от құшағына орап, бір қауыздың ішіне сыйдырып жібере жаздап тұрған алтын алаудың соңғы шапағы Қаратаудың ұшар биігіне ілініп, бозамықтанып барып жоғалғалы қала ішінде көңілді шуақ орныққан. Табиғаттың төл туындысы саналатын адамдардың анасына тартып туғанына шүбә жоқ: бірде борандатып, бірде дауылдатып, енді бірде жауындатып, тағы бір әзірде шуағын шашып, жайдарыланып тұрады. Өмір бәлкім құбылмалығымен де қымбат шығар-ау.
          Жаңа ғана жұбайынан бір де нөл болып жеңілген Жақсылық гараждан  нән көлігін алып шықты. Үлкен сарайдан демалысқа шыққанда керек болатын заттар мен бұйымдарды біртіндеп шығарып, қағып-сілкіп тазалап, көлігінің тіркемесіне тией бастады. Мұны манадан бері сырттай бақылап тұрған Нұрсұлу күйеуін сұрақтың астына алды.
          -Ойбай-ау, екі кештің арасында қайда барамыз?  Тайландқа о заман да бұ заман адам машинамен жете алар ма? Жолда талай теңіз, мұхит бар, оны қалай кешіп өтесің?-деп сұрақты төпелеген Нұрсұлу  тыржиып тұрды.
          -Шұрқ етпе, бәйбіше! Тап бүгін жүріп кеткелі тұрған кім бар? Жинал. Таңертең күн шықпай жүріп кетуіміз керек. Екі-үш күнге жетерлік жол азығыңды әзірле. Қалғанын ертең түсінесің,-деп Жақсылық жанықтырып бақты.
          Ештеңенің байыбына бармаған Нұрсұлу:
          -Ақымақсың! Ақымақ демей не дейін сені Жақсылық!-деп үйге кіріп кетті.
           Таңалакеуімде жолға шығып кеткен олар күн қызбай тұрып Дарбазаға жетіп алды. Қазақ ат қоюға келгенде шебер-ақ. Дарбаза Алатауға кіретін қақпа секілді: тауды құдіретті бір күш қолдан қашап, ойып жасағандай. Сондықтан да бұл жерді жергілікті тұрғындар Дарбаза дейді. Барша жұртқа да осы атауымен таныс. Қақпа десе де болар еді, кім білсін, бабаларымыздың ауызына әуелі осы сөз түскен шығар. Қырғыз Алатауы сілімдерінен басталып, жол-жөнекей мыңдаған жылға, бұлақтарды қосып алатын Балдыберек өзені осы Дарбаза арқылы өтіп, кең далаға шығып, көсіле ағады. Дарбазадан ішке қарайөтіп, өрлей берсеңіз, табиғат тамашалары сізді алға сүйрей береді. Жарқабақтың екі қапталы жалаңаш, жылтыр құз. Табанында Балдыберек өзені долданып, буырқанып, көбігін шашып гүрілдеп ағып жатыр. Аспанға қарай алмайсыз: құз-жартастар төбеңнен құлап келе жатқандай көрінеді.
          Құлыпсыз құштарлық пен тойымсыз тілек алға қарай сүйрей береді. Сәлден кейін биіктен еңіске қарай қатты екпінмен бақырып, улап-шулап, жолындағысының барлығын жайпап, долдана ағып жатқан Бақырауық өзені кездеседі. Құдая тоба! Оның бақырғаны құдды бір адамның дауысынан аусашы. Өзеннің неге Бақырауық атанғанын осыдан соң түсіне беріңіз.
          Сұқсыр сұлулық серуендеушілерді тағы да алға сүйреген. Тау бірте-бірте жайдақтала берді де қарсы алдарынан жазық алаңқай жарқ етіп шыға келді. Осы алаңқайда жолаушыдан түсіп қалған жалғыз моншақтай жалт-жұлт еткен шағын көл жатыр. Бұл- Көлжайлау! Көлжайлау қысы-жазы көкпеңбек болып жатады.  Тұнық табиғатты арша, қайың, терек, қара ағаш, долана, үшқат, шетен, тобылғы сияқты өсімдіктер жасандыра түскен.
          -Майя-Бэй жағажайынан несі кем? Түркия, Тайландтағы теңізден, табиғаттан осы жеріміз артық емес пе?-деп Жақсылық желпінді.
          -Бұрын неге осы жерге келмегенбіз?- деп сұрады жан-жағындағы сұлулыққа көзін суарып, мейірін қандыра алмай келе жатқан Берік.
          Айналасына таңырқай қарап тұрған оған әкесі:
          -Келесі жолы Тәңіртауға барамыз. Осындағы Көктерек әулиенің биігінде «Пайғамбарымыздың ізі қалған» делінетін тас бар. Соны көріп қайтамыз,-деп жаңа жоспарын жария етті.
          Не дейсің, бұл бір керемет демалыс болды. Ағалы-інілі Берік пен Серік, қарындасы Сәуле көсіліп жатқан көркем көріністерге тамсанумен жүрді.Сол күні олар палатка ішінде түнеді. Ертесіне де қалғылары келіп еді, Жақсылықтың жұмысы шығып, амалсыз кері қайтты.
          Келесі сенбі, жексенбіде олар Тәңіртауға тартып кетті. Жалпақ тастың бетінде адамның ізі айқын көрініп жатыр. Осы Тәңіртау сілімдерін жағалап жүре берсеңіз Бикелді әулие қабірханасы кездеседі. Кемербастау бұлағының маңында «Пайғамбардың ізі» деген және бір тас бар. Осындай тас Үрбұлақ тауынан да кездеседі. Азаттық ауылындағы Түркібасы әулиеге зиярат жасаушылар үзілмейді екен.
          Машат, Біркөлік,  Қасқасу демалыс орындарын түгелдеп болғаннан соң Жақсылық атының басын  Қазығұрт тауына бұрған. Ақбура ата кесенесі жанындағы зияратжайға келіп тізгін тартты.Жер астынан буырқанып шығып жатқан бұлақ көзінен су ішті. Ақбура ата кесенесіне келіп, зиярат етті. Мұнан соң жұбайы мен балаларын бастап Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған делінетін Кеме Қалған биігіне өрлеп бара жатты.
          Алып кеменің тұмсығы тірелген тау шыңы, Үңгір әулие, Тесіктас,  Нұх пайғамбардың саусақ іздері, бәрі-бәрі олар үшін ғажайып әлемеді.  Кеме Қалған биігінен етектегі ауылдар алақандағыдай көрінеді.
          Қазығұрттың басында кеме қалған,
          Ол әулие болмаса неге қалған?
          Жақсылық ұзақ ойға шомып тұрды.
          Нұхтың жасы екі жүз елуге толғанда пайғамбарлық қонды. Ол халықты жеті жүз жыл бойы мұсылмандыққа үндеді. Осы жеті жүз жыл ішінде небәрі сексен адам мұсылмандыққа бас иді. Осыған налыған Нұх пайғамбар Жаратушыға жалбарынды.  Алла оның тілегін қабыл етті. Жебірейіл періштені елші етіп жерге түсірді. Ол жерде топан су басатынын, сондықтан мұсылмандыққа өткен сексен адаммен бірге барлық жануарлар мен өсімдіктерден бір-бір жұптан кемеге отырғызып, әрекет етуді тапсырды. Нұх пайғамбар кеме жасай бастады. Былайғылар «тақыр жерде кеме неге керек?» деп күлді. Раджап айының алғашқы күні кемеге мінгендер алты ай он күн су бетінде жүріп мүхаррам айының оны күні  жағаға шығады.
          Нұх пайғамбар кемеге барлық жануарлар мен өсімдіктердің дәнін тиегенде шайтанға ғана орын тимей қалды. Бірақ, шайтан шайтан емес пе, кемеге кірудің жолын тапты. Кемеге жануарларды айдап кірерде шайтан есектің құйрығынан ұстап, кері тартып жібермей тұрған. Осыны көрген Нұх пайғамбар:
          -Әй, малғұн! Неге тұрсың? Кір кемеге!-деп ашуланды.
          Осы сөзді естіген шайтан зып беріп кемеге кіріп кетті. Әлден соң кемедегілерді түгендеп жүрген Нұх пайғамбар шайтанды көріп қалды.
          -Сен қайдан жүрсің? Мұнда неге кірдің?
          -Өзіңіз ғой,-деді шайтан мың құбылып,-«Кемеге кір, малғұн!» деп менің атымды атадыңыз ғой.
          Пайғамбарлар уәжді сөзге қашан да тоқтаған.
          Бірақ, шайтан шайтандығын істемесе жүре алар ма? Ол жүзімнің ұрығын ұрлап алып, жасырып қойды. Нұх пайғамбар кемедегі барлық адамдар мен жануарлардан сұрастырғанда ешқайсысы көрмеген, білмеген болып шықты. Пайғамбар соңында шайтаннан сұрады.
          -Жүзімнің ұрығына үш мәрте су құюды маған тапсырсаңыз, тауып беремін,- деді шайтан.
          -Жарайды!-деді ұрықтың табылғанын  місе тұтқан Нұх.
          Кеме Қазығұрт тауының ұшар басына барып қайырлады. Жан-жануарлар жайылымдарға жіберілді. Адамдар өсімдік ұрықтарын жерге шашып, ертеңдері үшін жеміс күтті. Осы кезде уәде бойынша шайтан жүзім дәні түскен жерді үш рет суарды. Ол бірінші рет түлкі қанымен, екіншісінде жолбарыстың, үшіншісінде доңыздың қанын пайдаланған еді. Кейін жүзімнен адамдар шарап дайындауды үйренді. Оны ішкен адамдар түлкідей қылмаңдап, өмірінде көрмеген адамдармен ауыз жаласты, тез тіл табысты.  Артынан жолбарыс болып жонданып шыға келді. Айбарынан жұрт шошынды.  Сөйте тұра жомарттығына ел сүйсінді. Оған енді дүние-мүлік керек болмай қалды. Мұнан соң жолбарыс доңызға айналды. Демнің арасында адамгершілік қасиеттерінен де, жомарттығынан да, қайсарлығынан да, батылдығынан да  жұрдай болды.
          Қастерлі Қазығұрттың қиясында тұрған Жақсылық мырс етіп күлді. Ойына өзінің кезінде доңыз болып жүрген кездері түскен еді.
          -Тағы да есіңе не түсті?- деп сұрады күйеуінің әр әрекетінен секем алатын Нұрсұлу.
          -Осы сенің  мені аңдығаннан басқа шаруаң жоқ па?
          Жақсылық қитықты. Артынша жадырады.
          Ол енді көпті көрген көсемдерше көсіліп сөйледі. Елімізде тарихи, мәдени ескерткіштер мен киелі орындардың жүдә көп екеніне, Әзіреті Қаратау әулиелердің кені, қазақтың байтақ даласы тарихтың терең көмбесі екенін айта келіп, дүниежүзі халықтарының ауызын ашып, көзін жұмып тамсана тамашалайтын Алтын Адам біздің жерден табылғанына тоқтады. Осы Қазығұрттың етегінің өзінде небір ғажайып орындар бар.  Қазығұрт Шыңғыс хан, Әмір Темір дәуірінің талай шайқасына куә. Қытай елшісі біздің жыл санауымыздан бұрынғы 138 жылы Қазығұрттың қырық қатпарлы тарихы мен шежіресіне, киелі орындарына тәнті болып кеткен.
          -Қазығұрт-адамзаттың алтын бесігі. Жер бетіндегі барлық адамдар осы  тау етегінен өсіп-өніп, кейін көбейе бастаған соң шаруа қамымен жан-жаққа тараған. Қазығұрт-тіршіліктің қайта тұтануының тірі куәгері,-деп алып Жақсылық бұл жорықтың енді үзілмейтінін, жалғастық таба беретінін айтып бір-ақ тоқтады.
          -Сонда шетелдерге шықпаймыз ба?-деп сұрады Сәуле.
          -Балам-ау, шетелдерде бізге не бар? Әуелі өз еліміздің киелі, тарихи, мәдени орындарын, көне қалаларын түгел аралап шығуымыз керек. Көрмеймісің?  Қандай ғажап!  Осындай тарихы терең киелі орындар қай елде бар? Теңіз керек болса, Атырау мен Ақтауға немесе мына Шардараға тартып кетеміз. Алакөліміз, Қызылкөліміз, Аралымыз, Балқашымыз, Қапшағайымыз, Қайыңдыкөліміз, Мақпалымыз, Баянауылда Сабындыкөліміз, Жасыбай көлі, Торайғыр көлі бар. Қазақстанның кең байтақ даласында біз көрмеген қаншама ғажайып жерлер бар. Бір ғана мысал айтайын. Американың Колорадо штатында Гранд- Каньон ұлттық паркі бар екенін білесіңдер. Біздің Алматы іргесінде Шарын шатқалы сол Гранд-Каньоннан бір мысқал да кем емес. Маңғыстаудағы Бозжыра, Тұзбайыр,  Қиынкеріш шатқалы,  Жамбыл облысындағы Ақыртас, Көкшетаудағы Оқжетпес, Жұмбақтас, Қарқаралыдағы Шайтанкөл, Баянауылдағы Кемпіртас, санаптауыса алмайсың ғой, тегі. Ендігі сапар осы киелі де тарихи орындарға арналады,-деді Жақсылық жұбайы мен ұл-қыздарына қарап.
          Сол күні олар Қазығұрт тауының баурайындағы Ақбура ата кесенесі жанындағы зияратхана маңына шатыр тігіп, сонда түнеп шықты.
          Таңалакеуімде Жақсылықтың түсіне ақ киімді, ақ сақалды, өзі де аппақ қария кірді.
          -Балам, мен Қызыр бабаң боламын. Жерұйықты алыстан іздеме. Жерұйық-туған жеріңде, өз елінде!-дейді әлгі жүзінен мейірім төгілген ақсақал.
          Жақсылық тау баурайындағы таза ауа әсерінен бе әлде көрген түсінен бе, ұйқысынан қуанып оянды.
          -Мен Жерұйықты таптым!-деді шаттанып.
          -Қорқыт бабаң таба алмай кеткен Жерұйықты сен қайдан таба қойдың? –деді Нұрсұлу тағы да тиісе сөйлемесе ішкен асы бойына сіңбейтін әдетіне басып.
          Жақсылық оны тыңдаған жоқ. Әншейінде барымтасына қарымта қайтарып үлгеретін ол бұл жолы үндемей құтылуды құп көрді. Үнемі ду-дудың ортасында жүретін Жақсылық бұл жолы тыныштықты қалады. Өмір соқпақтарында жаңа сүрлеу іздеді. Оны енді ешкім алған бетінен тоқтата алмайды. Жақсылықтың отбасымен кешер өзендері мен теңіздері, жүрер жолдары мен сан сырлы соқпақтары, сүрлеулері әлі алда. Оны туған жерінің Жерұйығы күтеді.
          Қазығұрттың таңғы салқын самалы лекіте соқты. Екі қолтығынан екі адам көтеріп келе жатқандай өзің өте жеңіл де сергек сезінген Жақсылық Кеме Қалған шыңына өрлеп бара жатты.
          Не ғыпты сонша, небір пайғамбарлар мен хандар, әмірлер,батырлар, би-болыстар, әулие-әмбиелер, шешендер мен көсемдердің табаны тиген қасиетті Қазығұрт Жерұйықтың қайда екенін көрсетіп жібермейді деймісің?! Мүмкін, өзі-ақ тауып берер.
          Ол сондықтан да әулиетау ғой…
Сабырбек  ОЛЖАБАЙ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...