Home » Әдебиет » МӨЛДІР МҰҢЫМ КЕУДЕМНЕН ТӨГІЛГЕНДЕ…

МӨЛДІР МҰҢЫМ КЕУДЕМНЕН ТӨГІЛГЕНДЕ…

КҮЗДЕГІ КӨҢІЛ
Тізбектеліп тырна көшіп барады,
Соқты міне, күздің салқын самалы.
Ойран етіп шаңыраққа түскен тас,
Жүрегінде шемен болып қалады.
Әрбір жылдың қыс, көктемі, жазы бар,
Әр мезгілдің шағы болар сағынар.
Табиғаттан жанға дауа табылар,
Менің дертім қалай ғана айығар?!
Көңілсіздеу өтіп жатыр күндерім,
Сан ойлармен үрей билер түндерім.
Қалай енді арылармын мен мұңнан,
Ал, ертенім не болады білмедім…
Бір керемет болатын бұл күз деген,
Шақтарым-ай, бақыт құсын іздеген.
Жалын қайтып, жастық қалды кол бұлғап,
Жүрегім – мұң, жылымайды, мұз денем.
Сары түске боялды маң-атырап,
Желге ұшып түсіп  жатыр жапырақ.
Күрең күздің  суығына ызғарлы,
Менің бойым тұр дірілдеп қалтырап…

 

ҚИМАСТЫҚ СЕЗІМ
(Қызым Жансаяның тойында оқылған жыр)
Қызым менің, қызғалдағым, көркешім,
Еліктейін ойнақтаған ерке едің.
Кеттің ұшып бір-ақ күнде ұяңнан,
Қимастықпен ішім күйіп өртендім.
Кеңейді ғой менің бүгін өрісім,
Перзентімнің көрсем деп ем жемісін.
Кір шалмасын терезесін көңіліңнің,
Ал, басқаның қажеті жоқ мен үшін.
Сағынғанда сырымды ашып шертемін,
Қуанамын тапты ғой деп сен теңін.
Болашаққа самға бүгін жол тарттың,
Шуақ шашып, нұрлы болсын ертеңін.
Көгершінім, ұямда өскен не дейін,
Бүлкілдейді жырға толы көмейім.
Күндей мәнгі жарқырап жүр өмірде,
Сенің әркез шаттығыңды көрейін.
Сүт кенжем-ай, сонша жақсы көргенмін,
Бар жақсыны саған арнап бергенмін.
Өжет болдың, алғыр едің жасыңнан,
Көз қуанышым боларыңа сенгенмін.
Осы екен ғой бой жетеді қыз деген,
Тәтті үмітпен күдерімді үзбегем.
Жастар, дәйім тату-тәтті болсаңдар,
Шын бақытты сезінеміз біз деген.

 

ШЫНДАЙДЫ ЕКЕН АДАМДЫ
(Баллада)
Тоғызыншы сыныпты бітірген жыл,
Белді буып бекем біз.
Ораз әпке екеуміз,
Көп қыш құйып тастадық,
Шаршамайды-ақ екенбіз.
Мол болатын кеудемізде арман-ай,
Мақсатымыз – қора салу малға жай.
Анам байғұс дайындаған тағамды,
Ішіп тойып алатынбыз талғамай.
Сызба жасап, құрылысты өлшедік,
Шеберлердей іс бастадық белсеніп.
Аз ғана уақыт ішінде,
Тастадық ғой талай жұмысты еңсеріп.
Ән сап жүріп қышты әдемі қаладым,
«Мұқалмасын!»-деді анам, «талабың».
Дүкен жақтан әкем жетті көтеріп,
Бір жәшік қызыл шарабын.
Түсінбедік шалдың мына тірлігін,
Өн бойынан шаттық есіп жүр бүгін.
Аң-таң болып тұрған кезде әкешім,
Деді маған: «Мұның мәнін біл, күнім».
Құрдас шалдар тыңдады да: жөн деді,
Балаларың қыш құйса ауыр еңбегі.
Шаршайды ғой ара-кідік оларға,
Өз қолыңмен шарап құйып бер деді.
– Сөздерін құлақ асып әкелдім,
Мұны айып етер кім?
Біз ішпедік, ренжіді қайтейік,
Сол бір қалпы қалды әсте әкейдің.
Салған қора болды  сондай керемет,
Ауылға үлгі біз атандық не керек.
– Ризамын ұл-қызыма!-деп жүрген,
Әкеміздің шаттануының жөні ерек!
Өткенді ойлап, жастық шаққа таң қалам,
Қиналсақ та салмадық еш байбалам.
Бұғанамыз қатпай жатып есейдік,
Ұлы мектеп – сол бір шақтан айналам.
… Белді буып бекем біз,
Ораз әпке екеуміз.
Сол бір кезде ірі жұмыс жасаппыз,
Шындайды екен адамды,
Тер төкпеппіз бекер біз.
P.S. Өмір көшіне бастаған,
        Алға, алға тарт арман.
        Ал, ұлдарым бұл күнде,
        Не жасады, айта алман …
        Аман болсын әйтеуір.

 

КІМ БІЛЕДІ?
Кім біледі таңның қалай атарын,
Кім болжайды Күннің қалай батарын.
Қожасындай мына жалпақ дүниенің,
Жүретұғын сиреп қапты-ау қатарым.
Бәрі батыр қаймықпайтын жасыннан,
От боп жанып, бойда қуат тасынған.
Теңіздердің толқынындай өрекпіп,
Арнасынан асып барып басылған.
Қу тірліктің күресінде қайралған,
Сыныптайын шыға білген қайраңнан.
Той-думанды жүруші еді қыздырып,
Өтті-ау көбі, енді елеске айналған.
Мына дүние жалған екен әттеген,
Талай адам мақсатына жетпеген.
 Міне, тағы озды өмірден бір досым,
Үміт сөнді, арман қалды көптеген.
Суып денем қайғы-мұңнан түршігем,
Ойға шомып, жаным ашып күрсінем.
Қапияда жылай да алмай қалады-ау,
Адамдарда сан тағдыр бар түсінемін.
Ғұмыр-жасты біле алмайсың өлшенер,
Тәңірге аян, шешер бәрін, сол шебер!
Өкінбейтін болар еді-ау пенделер,
Бұл сұм ажал кезегімен келсе егер.

 

 
  1. ЖАНЫҢА МЕН ДЕ ЖЕТЕРМІН
(Інім Мақұлбектің қазасына)
Бауырымнан айырылдым,
Қанатымнан қайырылдым.
Еңсемді езіп жаншыды,
Ауыр қаза – қайғы-мұң.
Болғанмен өмір шуағы,
Тағдыр да қанша сынады.
Тілімденді де бұл жүрек,
Бәріне төзіп шыдады.
Өзінді қайдан табамыз,
Тағдырға бар ма шарамыз?!
Сен кеттің қайтпас сапарға,
Алыстап кетті-ау арамыз.
Амалым қанша, не етермін,
Ойлаумен сені өтермін.
Тұз-дәмім бітсе бір күні,
Қасыңа мен де жетермін.
 

 

  1. ЕЛЕГІЗІП ОТЫРМЫН
Жатырсың-ау, жаным,
Түк сезбей тірлік тынысын.
Жер бетіндегі аяқталған соң жұмысың.
Отырушы едік тойларда дәйім жарысып,
Сен жоқсың енді, алдамшы өмір құрысын!
Қайда да жүрсем көлбеңдеп көзге келесің,
Білмеймін неге түсіме жиі енесің.
Арманда кеткен соңымнан ерген бауырым,
Шықпай-ақ қойды миымды кезіп елесін.
Қайтейін, жаным,
Жүруші едім кеудемде әр кез тасып ән,
Ал қазір түнде дөңбекшіп жиі шошынам.
Темір тұлпарыңмен бір күн оралып,
Келіп қалардай елегізіп кейде отырам …

 

САРЫАҒАШ СУЫ ШИПАЛЫ
Күйкі тірліктен безініп,
Сарыағаш, келдім суыңа.
Дем алу мәнін сезініп,
Бастады жүрек жылына.
Тәңірден медет сұраймын,
Бір Алла және сенерім,
Шуақты сыйла шырай Күн,
Денім сау болса женермін.
Сарыағаш, суың шипалы,
Дауа бол менің дертіме.
Самалың бетті сипады,
Жырым да кетті шертіле!

 

КІМ БАР, КІМ ЖОҚ …
Өтіп жатты құдалық той дүрілдеп,
Адамдар жүр шаттық есіп күлімдеп.
Той дегенде домалайды қу бастар,
Көңілсіздік қалай ғана білінбек.
Мен отырмын шетте үнсіз ой кешіп,
Іштей ғана Музаменен сөйлесіп.
Жақсы ма еді ойсыз болып туғанда,
Ойлы адамда хал нешік?!
Қарамаймыз мына өмірге күмәни,
Алты ай бұрын той жасаған мына үй.
Төрде отырып әзілдесіп сөйлейтін,
Бүгін мұнда көрінбейді құдағи.
Болмағанмен жағдайға ешкім жазықты,
Жазмыш оның маңдайына жазыпты.
Ұйқысынан оянбапты ол таңертең,
Дәл осылай дүниеден озыпты.
Ақ арманын түбеттейін түтеді,
Келер күннен әркім үміт күтеді.
Бүгін барсың, ертең жоқсың, білмейсің,
Өмір жалған, Демің қашан бітеді?
– Той-думанға құмар еді жанымыз,
Әрқашанда шырқалсыншы әніміз.
Төрт көзіміз түгел болып дін аман,
Келер тойда кездесейік бәріміз.
Деп қария білдірді ыстық лебізін,
Дөп басқандай адамдардың сезімін.
Қимастықпен қоштасуда міне жұрт,
Жақсылардың қашанда да сөзі – Күн.
… Өмір жайлы ойлап көзді ілмеймін,
Ешқашан да ойсыз өмір сүрмеймін.
Кім шығады құшақтасып көрісер,
Ертеңгі күн – жұмбақ, оны білмейиін.
 

 

ШАПАҒАТЫ МОЛ ЖАНДАР-АЙ!
Әкемнің көзін көргендер,
Шешемнің көзін көргендер.
Той-жиын болса үйінде,
Сыбаға маған бергендер.
«Әке-шешесі жақсы еді»,
Деп маған көңіл бөлгендер.
Ризамын шын ақ көңілден,
Ұзақ жасаңдар өлмеңдер!
… Жұмысқа бірге барғандар,
Еңбеккүн бірге алғандар.
Талай зұлматқа кез келіп,
Қиындықты қарсы алғандар.
Шемен боп шері өзекте,
Орындалмай қалған армандар.
Бәрін де жеңіп еңсеріп,
Тажалдан аман қалғандар.
Жан-жағын нұрға бөлеген,
Еңкейсе біреу демеген.
Ертеңгі күнді болжаған,
Білгішсің неткен көреген!
Адамға рух беретін,
Таң қалам ылғи сендерге,
МЕЙІР, ШАПАҒАТ мол не деген!
Мақтауымды да асырдың,
Күркіреген көкте жасынмын.
Көкбөрінің мықты ұрпағы,
Сынығы едім асылдың,
Перзентімін ХХІ ғасырдың!
Көңілім неге жүр алаң?
Бәрін де қазір ұға алам.
Әкемнің көзін көргендер,
Шешемнің көзін көргендер.
Сендерді көрсем жұбанам,
Сендерді көрсем қуанам.
Соларды айтып жүретін,
Өмірде ұзақ жүр аман!

 

МҰНАР КҮН
Көңілсіз күзгі мұнар күн,
Жабырқап мен де мұнайдым.
Соңғы рет қашан қуандым,
Жүзеге қашан шығармын.
Қара бұлт төніп төбемнен,
Қорқыныш үреймен келем мен.
Тілдесер ешбір дос таппай,
Сырласам сосын өлеңмен.
Көңілсіз күзгі мұнар күн,
Халімді менің сұрар кім?
Жылы сөзімен дем беріп,
Жанымды сірә, ұғар кім?!
Ақылбек ТӨРЕБЕКОВ, ақын.
Жетісай ауданы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...