Home » Әлеумет » ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

Таңғы бестен Мәскеудің ащы ішектей созылған жолдарындағы көлік тосқауылына шашала-қақалып Шереметьево әуежайына жеттік. Жол құжаттарымызды тіркетіп тұрғанда Алматыға ұшқалы тұрған қазақ ағайындармен таныстық. Жоғарғы оқу орнында оқитын қызына келіпті. Қазақстандық студенттермен араласып жүрген мені сырттай танитын болып шықты.
Мәскеуде туып-өскен оқушым Нұрсұлтан екеуміз Талдықорғанда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» атты IV Халықаралық олимпиадаға бара жатырмыз. Ал Бақыт Талдықорғанда тұрады екен. Ұшақта қатар отырып әңгімелестік. Немересін Алматыға қалдырып, Талдықорғанға ертең баратын Бақыт телефон нөмірімді алып, хабарласатынын айтты.
«Жолаушының жолы жүргенімен бітеді» демекші, біз бірден жолға шықтық. Олимпиадаға жауапты кісілер көлік жоқ деді. «Шешінген судан тайынбас» деп, көлік жалдап жүріп кеттік. 14 сағат жол қызық-шыжығын тартып қараңғыда Талдықорғанға жеттік. Алматыдағы қызым тамақтанып алыңдар дегенде, тыңдамап едім, енді қарын ашуда. «Білмейтін жердің ой-шұқыры көп» деген, қараңғы көшемен жүріп келеміз. Телефонға қырғызстандық топ жетекшісі Тілеухор апай хабарласа қалғаны.
«Оу, апажан, қайдасыз?» – дегенде, мән-жайды түсіндіріп, жолға шығып күтетінін айтты. Жүгімізді орналастырып, мейрамхана тауып, апай үшеуміз тамақтандық. «Үйден қырық қадам шықсаң, мүсәпірсің» деген осы-ау шіркін! Есік, терезе, едені жаңадан сырланған, әлі сыр иісі кетпеген (терезе желдеткіш көзі ашылмай жабысып қалған) бөлмедегі төсегімізге түнгі бірде жетіп құладық. Қапырық! Далада ыстық, 35 градус.
Басымның ауырып жатқанынан ояндым. Жер ауыстыру, ұзақ жол, сыр иісі қан қысымымды көтерген. Таң атып қалған, телефонға қарасам, таңғы үш. Тұрып дәрі ішіп, мұрыным қанаған соң, қайта жаттым. Қанша жатқанымды білмеймін, Нұрсұлтан: «Апай, тұрмайсыз ба?»-дейді. Басым қозғалтпайды. «Дәрігер шақыр», – дедім.
Дәрігер келіп қарады да, «қозғалуға болмайды» дейді. Қозғалмау қайда, оқушы олимпиадаға қатысуы керек. Жайлап тіршілікке кірістік. Ертеңгі бірінші жарыс – жазба жұмысына дайындалып кеш жаттық. Дәрі күшімен жүрмін. Ертеңіне университетке келдік. Күн жанып тұр. Оқушыларды аудиторияларға орналастырып, жетекшілер сыртқа шықтық. Университет алдында орындық та жоқ. Жетекшілер әрі-бері жүріп, дүкен аралауға кетті.
Ер кісілер көлеңкеде тізерлеп отыр. Ауыз кеуіп, бас түсіп барады. Тілеухор апай, Гүлнәр, өзбекстандық Базаркүл төртеуіміз тұрып қалдық. Балалар жұмыстарын аяқтағанша жатақханаға баруды ұсындым. Жүру мүмкін емес, аспан айналып жерге түсіп тұр.
Ұйымдастырушыларда көлік жоқ. Жастау Гүлнәрға «такси алып кел» деп, ағаш көлеңкесіне тығылдық. Кешікпей «Жигули» келіп тоқтады. Жүргізуші өңі жылы өзіміз қатарлы жігіт ағасы екен.
– Адам тасып кәсіп етпегенмін, шеттен келген қонақтар деген соң келістім, – деп амандасып, сөйлеп жатыр.
– Ақысы қанша? – дедім.
– Екі жүз теңге, – деді  ол теңгені алып. – Қайдан келдіңіздер?
– Мәскеуден.
– Мәскеуде қызым оқиды.
– Кәмшат Болысбаева емес пе?
– Иә, иә, ой, сіз онда Жарқын апай болдыңыз ғой! Мен Кәмшаттың папасы боламын. Танысқаныма қуаныштымын! Қолымды ерекше қуанышпен сілкілеп жатыр. Туу, ұят болды-ау! Теңгені қайтып алыңыз! Асып-сасып ақшаны қолыма жұмырлап ұстатты. Сізді Кәмшат «Мәскеудегі барлық студенттің мамасы, қамқоршысы» деп аузынан тастамайды. «Апай келсе, тауып ал, қонақ ет» деген еді, міне, кездесу! Қазір бәйбішеме қоңырау шалам, үйге апарамыз, қонақ боласыздар.
Қайран қазағым! Өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамды тек қазақтар ғана осылай күтіп, осылай құрмет көрсетеді! Әсерленгенім сонша, басымның ауырғанын, ыстықты, шөлді ұмытып кеттім. Инабатты, тәртіпті, Мәскеу халықтар достығы университетінің үздік студенті, қоғамдық жұмыстарымызға көмекші, қамқоршы Кәмшаттың папасы осындай кісі болуы заңды сияқты. Көптен күткен қымбатты танысыма жолыққандай қуанып сөз таппай қалдым.
Жұмыстағы жолдасын шақырып (Кәмшаттың мамасы да мейірімді екен), қарсыласқанымызға қарамай, жақын арадағы мейрамханаға апарып күтті. Ертеңіне жетекшілермен бірге шақырып, қонақ етіп, кәде-сияпатын да жасады. Көлігімен қаланы аралатып құрмет көрсетті.
Ал Бақыт жолдасымен таныстырып, ең әдемі «Сұлутөр» (өзі қожасы екен) қонақүйіндегі мейрамханаға қасымдағы жолдастарыммен шақырып қонақ етіп, қазақтың салты деп, сый-сияпат жасады. Қайтарда тағы көліксіз қалған бізді (ұйымдастырушылар ойланған жоқ) жатақханаға такси алып келіп, Алматыдағы үйімізге жеткізіп салды.
Жол үстінде өмірімде бірінші рет кездескен, енді жолығатын-жолықпайтынымыз белгісіз осындай жақсы адамдардың халқымыздың жолаушыға, қонаққа көрсететін жақсы әдет-ғұрпын сақтап, ұл-қызына үлгі етіп отырғанына шын жүрегімнен риза болдым.
Жарқын УТЕШОВА, Мәскеу қаласы.
 Солдан  оңға қарай: бірінші қатарда – шляпадағы Тілеухор апай Қырғызстандағы «Алаш» қазақтар қоғамының төрағасының орынбасары, мен Жарқын, Камшаттың  мамасы  және папасы. Екінші қатарда – Қырғызстан «Алаш» қоғамынан келген қазақ тілі пәні  оқытушысы, Камшаттың  әкпесі. Талдықорған қаласы, 2007 жыл. 
 

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...