Home » Әдебиет » ДАСТАРХАН БАСЫНДАҒЫ ДИДАРҒАЙЫП БАСҚОСУ

ДАСТАРХАН БАСЫНДАҒЫ ДИДАРҒАЙЫП БАСҚОСУ

         Қаланың  ырду-дырдуынан шаршағанда қазақы дәстүрлеріміз бен салтымыздың қаймағы бұзылмаған деп санайтын ауылға тартып кеткіміз келіп тұратыны бар. Балалық балшырын күндеріміздің ізі қалған ауыл қашан да  ыстық көрінеді. Алдыңнан аңқылдап анаң мен әкең, туған-туыстарын, жалаңаяқ жар кешкен қатар құрдастарын шыға келетіндей елеңдейсің. Бірақ… солардың елесін де таппайсың. Иә, олардың көбі келместің кемесіне мініп аттанғаны қашан? Алайда, солардың соңдарына  аманаттап тастап кеткен  мәңгілік қастерлеп өтер ата салт—дәстүрлеріміз ше? Сол ұлттық құндылықтардың өзі, өзі болмаса да жұрнағы қалуы керек еді ғой. Олар қайда кеткен?
         Таяуда түкпірдегі ауылдардың біріне жолым түсті. Қазақтың бір-біріне туыспайтын жері бар ма? Бұл ауыл да маған бөтен емес еді. Әдеттегідей үй иесі қонақжайлылық танытты. Қонақты жалғыз шошитып отырғызып қоюды жөн көрмеді ме әлде көңілі жақын кісілердің басын қосып жіберудің реті осылай болды ма, кешкі дастархан басына жиналғандар қарасы едәуір еді.  Бұған әрине, қуанып қалдым. Алыстан келген адамның ауыл ақсақалдарынан есті әңгіме тыңдағысы келетіні заңдылық қой.
         Кібіртіктеп басталып, үзік-үзік жалғасқан әңгіме бас, жіліктер  мүжіліп, табақтар қайтып, сорпа сапырыла бастағанда арнасынан асқан тасқындай екпін алды. Бұл үлкендердің табандары қызса біраз жерге дейін тоқтамай, көсіле шабатыны бар емес пе? Ауылдың ұсақ тіршілігінен басталған әңгіме саясат сарайына дейін өрлеп, әрі-беріден соң әлемдік деңгейдегі мәселелерді алақандай ауылда отырып шеше бастады.  Япырай, бәрі бе білгіш, бәрі де шешен, бәрі де кез келген мәселенің түйінін тарқатқыш. «Өйтпей ме? Бүйтпей ма?» деп ақыл үйреткенде бар ғой, «осы кісілерді билік басына апарып отырғызса, біраз мәселеміз шешіліп қалатындай екен-ау»  деп ойлайсыз.
        Сөйткенше болған жоқ, далалық «данышпандарым» бір-біріне жеңсік бермей, ұлардай шулады да кетті. Ұят-ай, ақ сақалдылардың ауыздарынан ақыл мен өсиет ақтарыла ма деп үміттенсем, ғайбат сөздің  нешеме атасы автоматтың ауызынан шыққан оқтардай борай бастады. Қызынып, желігіп алғандары сондай, «осы жарыстан қайткенде мен бірінші келемін» деп өзіне-өзі серт беріп, бәйгеге түскен жарау аттардай қолтықтары сөгіле бастады. Алдымен, осы дастарханға мінәйім себеппен келмей қалған ауылдастарын жамандаудан басталған сырғытпа сөз өрши келе өзекті өсекке ұласты. Қарап отырсаңыз, осы жиналғандардың барлығы ақылды да, былайғылар былғанышқа батып қалған. Тәрбиелі, тағылымды, тұщымды әңгімеге желі тарта алмаған ауыл ақсақалдары біраз белеске барып қайтты.
         Төрге төбедей болып жайғасып, тентек судан азырақ тастап алған бір көкеміз көрпенің астына атқан насыбайын жасырып, былш-былш әңгіме гөйітіп отыр. Тағы біреуі жастықта әкесінің құны  кеткендей мыжғылайды. Ана бір көкеміз алдындағы көзені шыр айналдырып сорпа құйып отырған жігітке қарай атып жіберіп, өзінің асқан мерген екенін дәлелдегісі келгендей жанығады. Тісі мен құлағын шұқылап отырғандары да бар.
        Жасыратыны жоқ, бүгінде көп жерлерде дастархан басындағы кездесу кеңес құратын, жастарға ақыл айтып, бағыт-бағдар беретін киелі орынға емес, дау-дамаудың, айтыс-тартыстың, бөстекі әңгіменің ошағына айналып кетті. Рамазан айында, Наурыз мерекесінде, басқа да мерейлі мерекелерде, түрлі той-жиындарда үлкендеріміз үлгі тұтарлық насихат, өсиет, тәрбиелік мәні бар әңгіме айтып отырудың орнына қайдағы мен жайдағыны тілге тиек етіп, қасындағыларды мезі етеді. Айналасына ауызындағы насыбайы мен боқтығы қатар шашырап, маңайындағыларды ығыр ететіндер де табылады.  Мұнысын  ерлік көретіндер де бар. Тіпті, топырақты өлім үстінде отырып та қаралы үйге көңіл, жиналғандарға  басу айтудың орнына біреулерді қаралап әңгіме айтып тұратындар кездеседі.
         Бір мысал. Қаралы жиында тұрмыз. Қайтқан кісі ел-жұртқа беделі бар, кезінде бірқатар қызмет тізгінін ұстаған азамат еді. Енді осындай жерде өмірден өткен адамның игі амалдарын, соңында айтып жүрерлік жақсы істерін сөз етудің реті бар-ақ еді. Жоқ. Бір жуан қарынды көкеміз кезінде марқұмның мемлекет қаржысын жаратып қойып, істі бола жаздағанын, оны сол сұмдықтан өзі құтқарып алғанын айтып бөсіп тұр. Бұл тап осы жерде айтылар әңгіме ме? Шапағаты тиген екен, онысын осы жерде неге бұлдап тұр? Әлде марқұмның балаларынан өтемақы сұрай ма? Түсінбедік.
          Тағы бір тойда жетпістің жотасына көтерілген  жәкеміз екі жастың тілеуін тілеудің орынына ешкімге дес бермей, оңды-солды сөйлеп отыр. Сірә, қайда, не үшін келгенін білмейді-ау, шамасы, билік басындағыларға барынша шүйлігіп, айтпаған сөзі қалмады. Қымбатшылықты сөз етті. Үндемедік. Басқа да былық пен шылықты сөз етті. Үндемедік. Ақырында жастардың тәрбиеден жұрдай екеніне тоқталды.
         –Ақсақал! Бұған сіздер кінәлісіздер!-дестік.
         –Неге?—деп баж ете қалды әлгі кісі.
         –Өйткені, осындай басқосулар үстінде өсиет, насихат, ғибаратты әңгімелер айтудың орнына осылай өсек айтып отырасыздар,–дедік біз.
         Ақсақал жым болды. Есесіне құлағымыз тыншып қалды.
         Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімінің бір ерекшелігі—кімді де болса да дастарханын жайып, адал көңілімен қарсы алатын кеңпейілділігінде, меймандостығында. Қазақ қонақжайлылық білдірмеген жанды «қазанын қара суға малып отырғандай» деп жақтырмаған. Сондықтан қазақ үйіне келген кісіні танысын-танымасын «Қырықтың бірі-Қыдыр» деп төріне оздырған. Үйіндегі сары майдай сақтап отырған барлық жылы-жұмсағын қонағының ауызына тосқан. Қонақтың қасында әңгіме-дүкен айтып отырсын деп ауылдың үлкендерін үйіне шақырған. Аталар мен әжелер «жолдан пәленше деген кісі келіп қалыпты, әңгімесін тыңдасын» деп қастарына балаларын, немерелерін бірге алып барған. Қонақ жолай көрген-білгенін айта келіп, термелете сөйлеп, біраз өсиет айтып барып тоқтайды. Бұрынғылар ас үстінде ғайбат сөз айтпаған. Келелі кеңестер, ел, жер, ұрпақ болашағына байланысты ұлы әңгімелер айтып, ұлы істерді ақылдасып шешкен. Дастархан басында отырған қаршадай бала аталардың сол сөздерін құлақтарына құйып алып, есейгенде кәделеріне жаратқан. Түптеп келгенде, дастархан басы—тәрбие ошағы, білім мектебі іспепті болған. Сондықтан, ата-бабаларымыз қонаққа барғанда немерелерін сөз ұқсын деп қастарынан тастамаған. Қазіргі үлкендер балаларды дастархан басына жолатпайды. «Үлкендердің мазасын аласын», «бұл жерде сендерге не бар?» деп есіктен аттаса болды, тырқыратып қуып шығады. Негізінде, психологтар мен мұғалімдер айтып жүргендей, бала көпшілік жерде тыңдаған нәрсесін ұмытпайды. Біз осы жағын ұмыттық. Есесіне есікті жауып алып, есті әңгіменің орнына есер әңгіме айтып отырамыз. Үлкендерден үлгі, аталардан бата алмаған ұрпақ кім болып шығады?
        Бата демекші, бүгінде бата бере алмайтын ақсақалдар көп. Дастархан басында «бата беріңіз» деп жасы үлкеннің жанына бара қалсаңыз екі сөздің басын құрай алмай міңгірлеп тұратындарды да аракідік көріп қалып жүрміз. Бұрынғыдар «Дастарханың батасы—берекенің атасы», «Бата-бақыттың кілті» деп текке айтты ғой деймісіз. Түбірінде, бата да тәрбиенің, өсиеттің бір тармағы.
         Шіркін, бағзы бабаларымыз-ай, аттың жалында, түйенің қомында жүрген аз уақыттарының өзін тиімді пайдалана білген ғой. Қыр басында отырып та, дастархан басында отырып та айналасына ұрпақтарын жинап ғибаратты әңгіме өрбіткен. Сөйтіп, ұрпақ санасына тәрбие, тәлім сіңірген. Мұны біздің қасиетті дініміз де қоштайды. Хадистердің бірінде «Кімде кім бір ауыз жаман сөз айтса, сол адамның дастарханынан жеген тамағы қырық күн Мәкро не Харам болады. Тілеген тілегі қырық күн қабыл болмайды» дейді.
          Ал, біз ше? Дастархан басында көбіне өзімізді қалай ұстайтынымызды, қалай ас-су ішетінімізді, не айтып, не қоятынымызды, не болмаса қандай тақырып төңірегінде әңгіме-дүкен құратынымызды ескере бермейміз. Негізінде дастархан басындағы дидарғайып әңгіме адамдарды бір-біріне жақындастыра түседі. Сол себепті дастархан басындағы уақытты да пайдалы да маңызды етіп өткізе білуіміз керек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...