Home » Қоғам » Білім саласы » ТӘУЕЛСІЗДІК – АСҚАҚ АРМАНДАР МЕН ҚАЙСАР РУХТЫҢ ЖЕМІСІ

ТӘУЕЛСІЗДІК – АСҚАҚ АРМАНДАР МЕН ҚАЙСАР РУХТЫҢ ЖЕМІСІ

    Кез-келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады.  Кез кел­ген азаматтың өмірге қойған айқын мақсаты мен ар­ма­ны бо­ла­ды. Себебі ар­ман мен мақсат болашаққа жетелейді.
        Қазақ даласы үшін сан ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда құрбандықтарға душар болып,  мақсатына айқын жеткен тәуелсіздікке биыл 31 жыл толып отыр.
       Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік ас­пан­нан түскен сый емес. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жо­лын­да еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының  арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жет­кен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің та­ри­хы­мыз­да өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, ба­тыр­лар, қарапайым халықтың өзі де жанда­рын пи­да ет­кен.
      Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз бір жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.
        Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз бір жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.
       Қазақ халқы үшін ежелден «Азаттық», «Бостандық» ұғымдарының маңызы тіптен бөлек. Талай соғыс, зұлмат, нәубет кезеңдер болды. Жүз жылға созылған Жоңғар шапқыншылығы кезінде Жәңгір, Тәуке, Абылай хандардың басшылығымен ат үстінде ұйықтауға мәжбүр болған қазақ батыр­лары соңғы демі қалғанша жаумен жұлқысты. Халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұла­ма» заманында да мойымады, болашаққа деген үмі­тін жоғалтпады. Азаттық қазақтың ежелгі арманы еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымының тері кеппеді. Бертін келе атасы Абылайдан қалған Ақ туды қолына алған қазақтың соңғы ханы Кенесары халқын бодандық қамытынан құтқару үшін атқа қонды. Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен ешуақытта үмітін үзбеді. Кенесары азаттық үшін күресте айрықша қылыш сермеді. Ондаған жылдар бойы жау қолынан қаза тапқанша рухы асқақ есіл ер арыстандай арпалысты. «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айры­лады» дейді дана халқымыз.
       Өткен ғасыр басында Ресейдің бодауына түсіп, санасы сарсылған, ерік-жігері жаншылған қазақ халқын дербес ел етуге ұмтылған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары басын бәйгеге тікті. Қазақтың басын біріктіріп ерікті ел болуын көксеп, бойларындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін қазақ халқы мен алашқа арнаған халқымыздың нар тұлғалары ақтық демі қалғанша тәуелсіздік үшін күресті, өздерінің жандарын ұлы күресте құрбан қылып, бүгінгі егемен елдің негізін қалауға өз үлестерін қосты. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей тұтатып кетті.
       Елбасы Н.Назарбаевтың «Алаштың» басты мақсаты – қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді… Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көте­руді табыстап кетті… Алаштың асыл амана­ты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қа­рапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақы­рады» – деген сөзі Алаш арыстары атқарып кеткен еңбектің мән-мазмұнын айқын көрсетіп отыр. Халқын, өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, елді еркіндікке жеткізем деп арпалысқан Алаш көсем­дерінің саналы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
      Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек батырлары жауынгер бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар мінезді, рухы биік батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын – байрақ, намысын найза еткен Нүркен, Талғат, Бауыржан сынды батырлар қазақ елінің қаһармандығын аңызға айнал­дырды. Қазақ оғландары Ұлы Жеңіске зор үлес қосты.
        Бабалардың бостандық аң­сап атқа қонған ұлы ерлігін Алматыда Алаштың өр мінезді ұл-қыздары Желтоқсан көтері­лісінде жаңғыртып, жаңа са­ты­ға көтерді. Желтоқсан көте­рі­лісі кеңестік империяның ша­ңырағын шайқалтып, керегесін күйретті. Ғылымда «Дәстүрлер са­бақ­тастығы» деген ұғым қа­лыптасқан. Сексен алтыншы жылғы көтеріліс кезінде көк түрктің қара шаңырағы бол­ған қазақ жерінде Алаш жас­тарының бойынан буырқанып шыққан бұла күш, бодандыққа қарсы жойқын бұлқыныс ең алдымен, ер жігіттің бойына ананың ақ сүтімен таралған ерлік дәстүрінің арқасында жүзе­ге асты
       Жүсіп Баласағұн бабамыздың: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде», деген сөзін басшылыққа алған Алаш жастары кеңестік санаға төңкеріс жасады. Желтоқсанның зары санамызға өкініш, көңілі­мізге қаяу ұялатқанмен, бастысы – ТӘУЕЛСІЗДІК, ЕЛДІК мұратын мәңгі мұра етіп қалдырған, бодан­дықтың өзегіне шабылған соңғы соққы болды. Ерлік пен Елдік қасиетіміздің өзара тығыз бірлігі ұрпаққа – ұран, ұлтымызға ұйытқы бола берері анық. Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел мен жер үшін соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер, ерлеріміздің қандай да болмасын ауыртпашылықты көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Елдің тұтастығы мен тыныштығы – өмірін сарп еткен ерлер мен батырлардың өлшеусіз ерлігінің, асқақ рухының арқасында келді. Бұл қасиетті ерлік шежіресі – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы.
      Осы тұрғыдағы біздің басты мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеп шығару.
     ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.
      Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз. Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.
        Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» -дейді.
      Демек, Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.
      Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
        Тәуелсіздігіміздің 31 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
Усенбай ТАГАЕВ,
Мақтаарал ауданы, Түркістан облысы.
С.Мұқанов атындағы №40 жалпы орта мектебі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...