Home » Қоғам » Білім саласы » ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БІР ТУАР АЙТУЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Notice: Undefined index: tie_sidebar_pos in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-content/themes/jarida/includes/post-head.php on line 5

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БІР ТУАР АЙТУЛЫ ТҰЛҒАСЫ

          Өткен жарты ғасырдағы қазақ елінің даму барысы Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы халықтың қамын ойлайтын нағыз мемлекет қайраткері болды. Сондықтан Қонаевтың өмір жолымен танысу мен үшін де маңызды да қызықты.
    Қонаев Дінмұхамед Ахметұлын білмейтін адам кемде-кем. Оны білмеу, танымау үлкен әбестік болар. Сондықтан осы мақала арқылы үлкендеріміз есіне алса, жас буын «Тау тұлғаның» кім екенін біліп, үлгі алса игі. Ұлы тұлға болмысын тереңдей зерттеп, әрдайым жаңа дүниелер жазуға мүмкіндік мол. Себебі, кеңестік заман, коммунистік партия кезеңі болсын, болмаса өзі қалаған тау-кен саласы болсын, оның өткен өміріне кім қалай қараса да, оның шын мәнісінде еліміздің іргесін нықтап, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекетке айналдырған жан екені даусыз. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның өнеркәсіптік және шикізаттық базасын, құрылыс инфрақұрылымын, ғылым-білім, мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Сонымен қатар оның баға жетпес кісілік келбеті мен адами қасиеттері де уақыт өткен сайын мейлінше тұлғалана түсуде. Жоғарыда айтқанымдай Димаш ата туралы том-том кітап жазып, күні-түні әңгімелеп, сағыныштың шежіресінен сыр шертсе де таусылмасы анық.
    Д.Ахметұлы туралы естеліктерді шолатын болсаңыз, қай-қайсысы да оның өте кең пейілді, сабырлы да салмақты және парасатты болғанын баса айтады. Мейлі қызмет бабы, мейлі күнделікті тіршілігі болсын ашу шақырып дауыс көтеру, не біреуге жекіру әдетінде болмаған. Үлкен-кішімен бірдей араласып, ашық-жарқын кейіпте сөйлесіп, елмен еркін, тең араласқан. Мұны өзі жазған «Сталиннен Горбачевке дейін» атты мемуарында былай деп аңғартады: «Осы кезге дейін өмірімде түрлі жайттар кездесті, оның жақсысы да жаманы да бар. Бірақ, бұл – менің өмірім. Басқалар сияқты менің басымда да «қаралы» күндер болды, бірақ мен олардың бірде-бірін жадымнан сызып тастамадым. Сондай-ақ ештеңеге өкінбеймін және ешкімге өкпелемеймін» дейді. Мұндай мінез көпке бітпейді. Көркем мінезінен кісілігі көрініп тұратын Д.Қонаевты хан да, қара да сыйлаған. Бұл сөзіме Л.И.Брежневтің оны сыйлауы дәлел.
    Ол өзін «Верныйдың жергілікті тұрғыны» екендігін, Алматыға деген махаббатын ісімен, жанашырлығымен көрсетті. Алматыдай ару қаланы көркейту, абаттандыру, ұлттық бет-бейнесін жасау, әдемі ғимараттардың салынуы, тау бөктеріндегі қайталанбас кейіпке енген сұлу қаланың бөй көтеруі тікелей оның басшылығымен жасалған. Барлығын іштей жоспарлап, ретін ­тауып жүретін Дінмұхамедтің ­Алматы жөнінде өкініші де болған. Ол «Алматыда метро салдыра алмадым. Бұл жұмыс ауыс-түйістің кезеңімен тұспа-тұс келіп, аяқсыз қалды» деп естеліктерінде өкінішін білдірген екен.
     Д.А.Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда бұрынғы Верный, қазіргі Алматы қаласының Сарқант көшесінде дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет он төрт жасынан Ысқақ Ғабдолуәлиев деген ірі көпестің қол астында істеп, кейін Кеңес өкіметі тұсында ауыл шаруашылығы, сауда саласында қызмет атқарған. Шешесі Зәуре Алматы облысының Шелек ауданында туып өскен. Димаш (Дінмұхамад): «Нағашыларым қара қаңлы, сіңірі шыққан кедей еді» деп айтқан сөзі бар. Атасы Жұмабай еті тірі, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған. 1904 жылы Түркия арқылы Сауд Арабиясына сапар шегіп, Меккеге қажылыққа барады. Ескіше хат таныған, мектеп ашып, шәкірт баулыған. Димаш туғанда ол кісі төсек таптып жатыпты. Қырқынан шығарып, алдына апарғанда: «Көзің алақандай, нұрлы екен, маңдайың жазық екен, бағың да, бақытың да елмен болсын» деп ақ батасын беріпті.
    Д.А.Қонаев орта мектепті бітірген соң Мәскеудегі түсті металлжәне алтын институтына түседі. 1936 жылы институтты бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған соң, Балхаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кеніне жұмысқа жіберіледі. Онда бұрғылау станогі машинисінен бастап, цех бастығы, кеніштің бас инженері және оның директоры болып жұмыс істейді.
    Одан кейінгі еңбек баспалдағы «Алтай полиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, техникалық бөлімінің бастығы, Риддер кенішінің және КСРО ірі қорғасын-мырыш кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады.
    1942 жылы орда бұзған отыз жасында республика Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл жауапты міндетті он жыл мінсіз атқарды. Соғыс кезінде ол майдан қажетін қамтамасыз ететін жылу және басқа өнеркәсіп салалары жөніндегі мәселелермен айналысты.
    1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып сайланды.
    1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалды. 1960 жылы қаңтардан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болды. 1962 жылы желтоқсанда ол жоғары лауазымды қызметінен алынып, қайтадан Республика Министрлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалды. Сол кезде ондай жағдайларға таңдануға болмайтын. Өйткені басшы кадрларды Мәскеу өз қолына алған еді. Орталық барлық кадрларды өзі алып, өзі қойып отыратын. 1964 жылы Орталықта жағдайлар өзгерді де, Қонаев қайтадан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
    Д.А.Қонаев сан дүркін КСРО және республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі, 32 жыл бойы КПСС ОК-ның мүшесі болды. 1966 жылы КПСС ОК Саяси Бюро-ның мүшелігіне кандидат, Партияның төрт сьезінде, яғни XXIV пен XXVII сьезд аралығында Орталық Комитет Саяси Бюросының мүшесі болып сайланды.
    Ұзақ жылдар бойы Қонаев елдің жоғарғы билік тізгінін ұстағандардың бірі болды. ОК Саяси Бюросының мүшесі ретінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының мәселелерін шешуге қатысты.
    Д.А.Қонаев партияның аса көрнекті қайраткері ғана емес, ол ғылыми қызметпен де айналысты. Техника ғылымдарының докторы. Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі.
Д.А.ҚОНАЕВТЫҢ ЖҮРГІЗГЕН РЕФОРМАСЫ МЕН РЕСПУБЛИКАҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
    Ол қазба байлықтарының арқасында республиканың деңгейі биікке көтерілгенін жақсы білді. «Республикамыз қарыштап, даму асқарынан асып, тағы да бір биік белеске көтерілді» деп бірнеше айтқаны бар. Және де мемлекет дамудың барлық жағынан көтерілді. Осыған дәлел келтіретін болсақ, Америкадан шығатын журналдардың бірінде атақты ағылшын саясаттанушысы өзінің «Орыстар мен қазақтар» деген мақаласында Қазақстанның 1917 жылғы төңкеріске дейінгі (патшалық тәртіп кезінде) және социализм құрылысы кезіндегі дамуын салыстырған анализін келтіреді. Зерттеу барысында байқалғандай, Қазақстанның өрлеу мен гүлденудің ең жоғарғы дәрежесіне жеткен кезеңі Қонаев билік басына келген жылдар екен.
    Қонаев өте сауатты басшы бола білді. Кез-келген мәселені шешуде батылдық пен көрегендік танытты. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары аралығында Қазақстанның әлеуметтік жағдайы толығымен өзгерді. Соғысқа дейін экономика өзінің жаңа қадамын бастады, содан кейін соғыс, ал соғыстан кейін барлық ресурстар КСРО-ның Батыс және Солтүстік батыс бөлігіндегі қираған қалалар мен өнеркәсіп күштерін қалпына келтіруге жұмсалды. Қазақстан мен Орта Азия республикалары сол бәз-баяғы қалпында қалды.
    60-80 жылдар аралығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне мына дәлелдер куә. Осы кезеңдер ішінде республиканың ауыр өнеркәсібі саласындағы ірі өнеркәсіп орындары жедел қарқынмен өсті. Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Екібастұз, Жамбыл, Қаратау және Шымкент. Кентау көмір металлургия кешендері құрылды. Қазақстан елімізге орасан зор мқлшерде болат, шойын, мыс, мырыш, алтын тағы басқа қазба байлықтарын тапсырды. Қазақстанның үлесіне 69% мыс қорыту, 70% қорғасын, 90% марганец, 87% жай фосфор өндіру тиді. Көмір қазу 220 миллион тоннаға жетті. Электр қуаты 78 миллиард киловатт сағатқа өсті. Екібастұздан Орталыққа жоғарғы кернеулі электр жүйесі тартылды. Ауыр өндірістің шапшаң қарқынымен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібін одан әрі дамытуды жеделдету мүмкіндігі туды. 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басында республикада 37 миллион сыңар аяқ киім, миллион метр мақта-мата бұйымдары шығарылды. Республикада 8 қант заводы, екі былғары комбинаты жұмыс істеді. Теміржол, әуе және автомобиль көліктері көбейді. 1980 жылдардың сқңында теміржолдың ұзындығы 15 мың шақырымнан асты.
    Барлық аудан орталықтары мен шеткі шалғай ауыл-село мекендері, көптеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындары автомобиль жолдарымен ұштастырылды. Астық өнімі 29-30 миллион тоннаға, қой саны 35 миллионға, жылқы 1 миллион 100 мыңға, ірі қара 7 миллионға жеткізілді.
    Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде,  өнеркәсіп орталығы  болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.
    Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.
    Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары,  Жезқазған  мен  Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған  хром кенінің  көлемі артты. Д.А.Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен,  Орал,  Қарағанды,  Петропавл,  Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды.
    Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.
    Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды.
    Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары,  әуежай,  «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.
    Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті.
 
Д.А.ҚОНАЕВ ЕСІМІ БЕРІЛГЕН ЖЕРЛЕР
  • Алматы қаласында ескерткіш – бюст.
  • Астана және Алматы қалаларында – көшелер.
  • Үлкен Алматы каналы.
  • Орал қаласында – шағын аудан.
  • Тараз қаласында – орталық көше және бюст.
  • Талдықорғанда- көше, сәулетті кешен және бір жоғарғы оқу орны.
  • Алматы қаласында – жекеменшік университет.
  • Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында – орталық көше.
  • 1992 жылы Алматыда Халықаралық Қонаев қоры құрылды.
  • 1994 жылы – Алматы қаласында Д.А.Қонаевтың мұражайы ашылды.
Шымкент қаласында – орталық гүлзәр және сол гүлзәр бойында мұражай.
    Жаңа қалалар бой көтеріп, көшелер асфальтталып, ауыл-село көріктендіріліп, сәнді де, салтанатты мәдениет сарайлары, оқу орындары салынып, ғылым, денсаулық сақтау мекемелері жаңа техникалық жабдықтармен жарақталды.
    Көрсетілген деректерге қарай Д.А.Қонаевтың билік басына келгенде, оның басты мақсаты: республиканың экономикасын жедел қарқынмен дамыту болды. Және де бұл мақсат түпкілікті орындалды деуге болады. Бұл мақсатты іске асыру барысында Д.А.Қонаев даму бағытындағы реформаларды орнатты.
    Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ.
    1960 жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді. 1986 жылы КОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М. С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмухамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г. В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді. Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
  1. Дінмұхамед Қонаев – КСРО-да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ.
  2. Д.Қонаев КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатын басқаратын 15 мүшелік политбюро мүшесі болды.
  3. Отбасында 11 баланың 4-шісі.
  4. Бойы 198 см. 46 өлшемдегі аяқ киім киген.
  5. Хобби: қару-жарақ коллекциялаған, аңшылықты ұнатқан.
  6. Қонаевтың жеке күзетшілері болмаған.
  7. Басқалары жеке күзетшілерімен жүргенде Қонаев жай ғана таңертең жұмысына жаяу барып келіп жүрген.
  8. Академик шені үшін 340 рубльдік төлемақыдан бас тартқан.
  9. Шағын пәтерінде (қазір мұражай) 24 жыл өмір сүрген, пәтер ауданы 200 кв.м
  10. Кезінде Леонид Брежнев (КСРО басшысы) Алматыға бірінші рет келіп, Қонаевтың үйіне қонаққа келеді. Пәтерін ары аралап, бері аралап: «Бар дүниең осы ма?» – деп таңданыпты.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
  1. Қазақ энциклопедиясы 2-том, -Алматы. Аруна. 1999.-438б.
  2. А.Бабанцев Д.А.Қонаев.-Санкт-Петербург, 1986..-121б.
  3. С.Әлібеков Д.А.Қонаевты қорғау. –Алматы «Айқын», №3.-699б.
  4. Әбдірайымұлы С, Қонаев әлемі.-Алматы. Жас алаш 2008. 5-7б.
Бекбол ЖӘЙІРБЕК,
С.Сейфуллин атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...