Home » Қоғам » ҚҰМЫРСҚА

ҚҰМЫРСҚА

(Әңгіме)

  Қазақстаннан мамырдың жиырма бірінде Мәскеуге келгенмін. Науырыз айында тоқсан бес жастағы анам қайтыс болған еді, енді осындағы ағайынға өзіміздің Елшіліктің ғимаратында құдайы тамақ бергелі дайындық жасап жатқанбыз.Үйдегі елден әкелген өрік-мейіз, жаңғақтарды дастарханға салсын деп, реттегелі  қарағанымда, ішінен бір құмырсқа шыға келгені.Өзім биолог болсамда, жыбырлаған жәндіктерден жаман қорқатын басым оны мыжып қалғалы оқталып барып тоқталдым. Мәскеуде әлі құмырсқа шыға қойған жоқ, әрі мына құмырсқа өзгеше мәскеулік құмырсқалардан ірілеу секілді. Бұл мына өрік-мейізбен елден келген құмырсқа, деген оймен көтерілген қолымды төмен түсірдім. Әрлі-берлі қозғалып, қайда барарын білмеген құмырсқада маған қарап мұрттарын жыбырлатып, мен еліңнен келгенмін дегендей, болды.
  Есіме, сексенінші жылдардағы  Ақтау қаласында (ол кезде Шевченко қаласы деп, аталатын) болған оқиға түсті. 1981  жылдың аяғында жолдасымыз екеуміз жас маман ретінде осы қалаға жұмысқа келдік. Шалғынды баулы Қордайда өсіп, саялы бақты Алматыда оқу бітірген біздерге киелі Маңғыстау жері айдаладай көрінді. Әркімнің туған жері, Мысыр шаһары деген, оқырман мені кешірсін. Елді сағынып аңырап жүрмін. Теледидардан «Алматым» деп ән салып жатса, еңіреп қоя беремін. Кімде-кім  Жамбыл облысынан, Алматыданмын десе, көптен көрмеген туысымды көргендей жабыса кетемін. «Үйге жүр қонақ бол», «қай жерденсіз, қалайсыз деп»- жаным қалмайды. Несін айтасыз, туған жеріме деген сағыныш бүкіл тұла бойымнан саулап тұрады. Түсіме ауылым кіріп, жүрегім сыздайды. Мәскеуде қалай жүрмін десеңізші жиырма жеті жыл. Ол өз алдына бір тарих. Жас маман ретінде, жұмыстастарымыз да, бізді  демеп, қолпаштап үйлеріне шақырып жақын тартып, ерулік беріп жатыр. Осындай бір отырыста, Жамбыл облысының  Мерке  ауданынан келген Құрман ағайымызбен таныстық. Жақын көріп туыс болып қалдық, кәдімгідей. Ол кісі жұбайы Света екеуі  жол-жобадан қалмай, бізді үйлеріне қонаққа шақырды.Бұл кісілердің үйінде өзіміздің қордайлық  Әділбек ағамыз бен Күмісай жеңгемізбен табыстық.Содан бері жақын туыс болып әлі күнге араласып келеміз. Құмырысқа жәндігі бізді сол кісілердің үйінде мүлдем жақындастырып кеткен еді.
 Бір күні Әдекең (ағамызды осылай атап кеттік) шақырады: «Тез келіңдер, Қордайдан посылка келді!» деп. Балаларымызды жетелеп жеттік жүгіріп. Қордайдан келген ағаш жәшіктегі сәлемдемені біз келсін деп ашпай, екі баласын телміртіп қойыпты. Әй, шіркін, ағаларым-ай! Үйге кіргеннен жәшік ішіндегі алма иісін мұрын шіркін, сезіпте үлгерді. Құрал-жабдығын дайындап отырған, ағамыз жәшікті ашқанда, қордайдың алмасының иісі бойды бойлап, мұрынды аймалап жүре берді. Алмамен бірге сүр қазы мен сап-сары болып, сүрленген қойдың етін көріп, сілекейіміз шұбырды. Талқан т.б. сәлемдемелер түрі шығып жатыр жәшіктен. «Тетя Катя» (жеңгемізді балаларымыз солай атаған соң, бізде солай атап кеттік) қазанға ет-қазыны салғалы тұрып кетті. «Көрген астың күйігі жаман,-деген ас жеп кетесіңдер», деп қояды. Біз әрине қарсы емеспіз. Мен дүкендегі қойдың етін аузыма сала алмаймын. Кесірге жазбасын, малдың жеген шөбіне қарай, еттің дәміде өзгеше болады екен. Қазыналы Қаратаудың етегінде өскен, оның құнарлы жерінің шөбін жеген малының етіне үйренген маған, шалғынды Қордай жеріне келін болып түскенімде, малының еті  тұщыдай көрінетін. Енді мұнайлы далада жайылған қойдың етін, ет жемесем ұйықтай алмайтын қомағай басым, аузыма сала алмай қор болдым. Мына қойдың сүр етін, пісірмей жеуге әзір отырмын, етке қарап тамсанып қоямын. Қазақ қасқыр деген осындайдан шыққан шығар! Туған жердің түтіні  де өзгеше екенін, бабалар бекер айтпаған-ау.
 Жәшікті түбіне дейін ақтарып, енді алманы жеу үшін ыдысқа салып жатқан Әдекең: «Ойбай, мынаны қара!», деп айқайлап жіберді. Бәріміз Әдекеңе қарадық. Ол қолындағы алманың үстінде жорғалап жүрген құмырсқаны көрсетіп, қуануда. «Қордайдың құмырсқасы бұл!», деп сүйсіне қарап, «Әй, тез! Анау сіріңкенің қорабын босатыңдар, бұны сонда орналастырайық, ертең саяжайға апарайын. Әйтпесе мұнда, адайлардың құмырсқалары күн бермес!»-деп,  сөзін нығыздап қойды. Бәрімізде, Қордайдың құмырсқасы деген соң жанымыз қалмай, бала-шағамызбен жәндікке құрмет көрсетіп жатырмыз. Оны қорапқа орналастырып, Маңғыстау жерінде жетімсіреп қалмасын деп, ертеңгі күннің жоспарын құрдық. Тетя Катяның дәмділеп дайындаған асын іше отырып, ертеңгі демалыс күнін Әдекеңнің саяжайында  өткізетін болып шештік. Басты жұмысымыз қордайлық  құмырсқаны орналастыру.
 Демалыс күні ерте тұрып, Маңғыстаудың ыстық  күніне ұрынып қалмауды ойлап, Әдекеңнің  жеңіл көлігіне бала-шағамызбен, сіріңке қорабындағы құмырсқамызбен  қысыла-қымтырыла отырып, саяжайға қарай жүріп кеттік. Күн ерте болсада төбеден қыздырып тұр. Көлігін жылдамдата жүргізіп келе жатқан  Әдекең,  саяжайындағы бақшасының шетінде құмырсқалар илеуі бар екенін, әңгімелеп айтып келеді. Білгендей-ақ болды, өткенде бұзғым келіп тұрып, бұзбап едім, жақсы болды деп, қуанып қояды. Қазір бұл құмырсқаны соларға қосамыз, қалай қабылдар екен деп, күдікті оймен бізге қарайды. Бәріміз үнсізбіз. Біз білмейтін құмырсқалар әлемінде таныстық , туыстық, жерлестік сезім бар ма, екен? Биология пәні бойынша білетінім: олар өздерінен бір ерекше сұйықтық бөлетіні, сол сұйықтықтан жүрген жерлерінде иіс қалдыратыны. Сол иіс бойынша құмырсқалар бір-бірінің артынан тізіліп, бір ізбен жүретіндігі.Бұлардың ғалымдардың зерттеуі бойынша, бірнеше топқа бөлінетінін білгеніммен, бір топтың өкілін, екінші топ қабылдайды ма, соны білмейтініме өкіндім. Несін айтасыз, құмырсқа алдында білімімнің төмендігіне ұялып отырмын. Осылай әрқайсымыз өз ойымызбен отырғанда, қала сыртындағы саяжайғада келіп жеттік. Әкелген заттарды түсіріп, «Тетя Катяға» итере салып, бәріміз құмырсқаны орналастыруға кеттік. Құмырысқа илеуі кәдімгідей аумақты екен. Бірі кіріп, бірі шығып еңбекқор құмырсқалар шұбұрып жүр. Бірі өзінен үлкен олжасын іннің аузына кіргізе алмай әлектенуде. Қарап тұрған бірі жоқ. Құмырсқалар тірлігіне қарап, балалар мәз. Қорапты жайлап ашып, құмырсқаны илеуге қостық. Ол құмырсқалар жаққа жүрмей басқа жаққа қарай қозғалып, тұрып қалды. Бәріміз жерлес құмырсқамызға қарап қобалжып тұрмыз. Құмырсқамыз расында сәл өзгешелеу секілді. Әрлі-берлі жүрген құмырсқамызды шыбықтың ұшымен илеуге бағыттап біраз әуре болдық. Ол да теңселіп біраз жүрген соң илеуге еніп кетті. Илеуден қашан шығады деп біз күтудеміз. Шыдамдары таусылған балалар бақшаны аралап кетті. Үлкендер біраздан кейін, көп құмырсқа ішінен қордайлық құмырсқаны ажырата да, алмай қалдық.Тамаққа шақырған «Тетя Катяның» айқайынан кейін бізде орнымыздан тұрдық. Әйтеуірі далада қалдырмай құмырсқа илеуіне қордайлық  құмырсқаны да, қостық деп көңілімізді  демдедік. Балаларда бір шаруа бітіруге қатысқандарына  риза.
 Ойыма түскен жиырма жыл бұрынғы оқиға әсерімен целлофанға  салып алған құмырсқамды қолыма ұстап, бар шаруамды тастап, аяғымдағы үйде  киетін аяқ киімімді де ауыстырмай сыртқа шығып кеткенімді байқамаппын. Биік қабатты үй артындағы көкорайдан  құмырсқа илеуі қайдан табылсын. Күнара  жылап тұратын Мәскеу аспанынан дымданбай қалған  кәрі  қараағаш  түбінен құрғақ орын тауып, жерлес құмырсқамды жібердім, бостандыққа. Қала сыртындағы саяжайға апарсада болар еді, деп ойланған  мен  күтіп тұрған шаруаны қайтемін деп, көк шалғынға кіріп бара жатқан құмырсқаға қарап кешірім сұрағандаймын. Бостандыққа шыққан құмырсқа артына қарамастан қалың шөпке кіріп кетті. Артта қалған топырағын іздер ме, екен..? Қайран  туған жер, қәдіріңе  жеттік  пе!? Есіме шаруам түсіп, босаған көңілді жиып алдым.
Жарқын УТЕШОВА, Мәскеу қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...