«ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Саясат
10/12/2025
121 Views
2025 жылдың 10 желтоқсан күні, Абай облысында, «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы және өкілі «БПҰ» жетекшісінің қатысуымен Ұстаздар әулеті, қазақ білім беру саласының үздігі Бөленбаева Камиля Қорғанбекқызына арналған «Үлкенге – Құрмет» акциясын ұйымдастырды.
Іс-шараға, «Ауыл» партиясы (АОБӨФ) өкілі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы және «Ұлы Дала – ИКА» ЖШС Балабақшасының директоры, «Ауыл» партиясы (АОБӨФ) жанынан құрылған «Бастауыш партия ұйымының» жетекшісі Тұтқышева Айгүл Тілеутайқызы қатысты.
«Үлкенге – Құрмет» акциясының бүгінгі кейіпкерінің бірер өмір белесіне көз жүгіртсек: Бөленбаева Камиля Қорғанбекқызы – 1952 жылы Үржар ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Семей қаласындағы «М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде» «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша кәсіби білім алып, кейін, «Крупская атындағы педагогикалық институтының» «Қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімі мамандығын тәмамдаған.
Ұстаздық еңбек жолын 1974 жылы Шұбартау ауданындағы «Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте» бастап, мұнда, ол, 20 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі қызметін абыроймен атқарып, 1984 жылы «ҚазССР Халық ағарту ісінің үздігі» атанған. Сонау бір жылдары отбасы жағдайына байланысты ауылдан қалаға қоныс аударғаннан кейін, Семей қаласының Шығыс кентіндегі «№34 жалпы орта білім беретін мектепте» 1994 – 2014 жылдар аралығында аянбай еңбек еткен. Бастапқыда бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет етіп, кейін Оқу ісінің меңгерушісі лауазымына дейін жоғарылаған.
Камиля Қорғанбекқызының жалпы ұстаздық еңбек өтілі – 40 жыл. Осы жылдар ішінде, ол, өз ісінің шебері ретінде танылып, талай шәкірттің жүрегіне жол таба білген парасатты ұстаз. Айталық, жеткен жетістіктері де аз емес, соның ең бастыларын атап өтсек: ҚР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттарымен» марапатталған.
Ардагер ұстаз – 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Жолдасы Оспанов Тілеужан көп жылдар бойы денсаулық сақтау саласында кәсіби қызмет атқарған. Балалары да анасының жолын жалғап, педагогика саласына елеулі үлес қосқан ұстаздар қатарынан. Немерелері – түрлі дәрежедегі байқауларда жетістіктерге қол жеткізіп жүрген талантты ұрпақ санатында.
Қазіргі уақытта, Камиля Қорғанбекқызы 73 жастағы зейнеткер, Семей қаласының Шығыс кентінде балаларының ортасында өнегелі ғұмыр кешіп келеді.
Аталмыш шара аясында, «Ауыл» партиясының өкілдері ардагер ұстаздың үйіне арнайы барып, бір құшақ гүл шоқтарын сыйлап, ізгі тілектерін білдіріп, сондай-ақ, партия атынан әзірленген «Ауыл дәмі» атты ұлттық ас-тағамдар жиынтығын табыстады. Соныменде, «Абайдың қара сөздері», «Ауыл туралы әндер» кітапшасы, «Мақал-мәтелдер» жинағы тарту етілді.
Іс-шара барысында, Камиля Қорғанбекқызы ұстаздық қызметтің қызығы мен қиындығы, жалпы педагог мамандығының қоғамдағы маңызы туралы естеліктерімен бөлісіп, білім беру саласындағы еңбек жолынан бір үзік сыр шертіп, «Ауыл» партиясына, оның өкілдеріне өз алғысын білдірді.
«Ауыл» партиясы жүзеге асырып келе жатқан «Үлкенге – құрмет» акциясы – елге елеулі еңбек сіңірген ардагерлерге деген ілтипат пен қоғамдағы сыйластықты нығайтуға бағытталған игі бастама. Камиля Қорғанбекқызы сияқты өмірін балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаздар – ұлтқа қызмет еткен әм құрметке лайық бірегей мақтаныш тұлғалар.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
2025-12-10