«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ БЕЛДІ МҮШЕСІ ВИЦЕ-МИНИСТРДЕН МАРАПАТ АЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Саясат
11/12/2025
122 Views
2025 жылы желтоқсанның 8 күні, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Т.М.Мұратов жұмыс сапарымен Абай облысының «Жедел медициналық жәрдем ауруханасы» ШЖҚ КМК-ға келді.
Сапар барысында, ол, қабылдау бөлімінің және стационардың жұмысымен танысып, шұғыл медициналық көмек көрсету бағытындағы негізгі маршруттарды, пациенттерге жасалған жағдайларды қарады.
Сондай-ақ, ауруханада госпитальдық фармация бөлімі ашылды. Бұл бөлім — емдеу сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, дәрілік қамтамасыз етуді жекелендіруге және бөлімшелердегі препараттар логистикасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Шараға жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар, «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, Абай облысының Қоғамдық кеңес мүшесі Смағұлов Қайрат Қанатұлы қатысты.
Сапар аясындағы кішігірім салтанатты жиында, вице-министр денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі және адал еңбегі үшін ЖМЖА медицина қызметкерлеріне ведомстволық марапаттарды табыстады.
Марапат иелерінің қатарында өз саласында 40 жылға жуық уақыт адал да кәсіби еңбек етіп келе жатқан партиямыздың белсенді мүшесі Қамабекова Гүлнәр Мұратбекқызы бар.
Құрметті Гүлнәр ханым! Сізді «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалін алуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Қашанда ел игілігі үшін еселі еңбек ете беріңіз! Біз, барша партияластар, Сізбен мақтанамыз!
Еске сала кетейік, осы жылы «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының ұсынуымен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанған аға мейірбике Қамабекова Гүлнәр Мұратбекқызының қысқаша түрде жетістіктерін ұсынуды жөн санадық: Денсаулық сақтау саласында 37 жылдық үздіксіз еңбек өтілі бар. 1988 жылдан бері бекет мейірбикесінен бастап, әртүрлі бөлімшелерде кәсіби шеберлікпен қызмет атқарған. 1996-2018 жылдары уро-нефрологиялық орталықта тұрақты еңбек етіп, тәжірибесімен ерекшеленді. 2020 жылдан бері Абай облыстық Жедел медициналық жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінің аға мейірбикесі. Жас мамандарға тәлімгерлік жасап, мейірбикелерді кәсіби даярлауға үлес қосады. 2024 жылы «Жылдың ең үздік аға мейірбикесі» атанған. 2010 жылдан бері «Ауыл» партиясының мүшесі, облыстық «БПҰ-ның» жетекшісі, қоғамдық жұмыстардың белсенді ұйымдастырушысы.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
2025-12-11