Home » Әлеумет » ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ!

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ!

(ЕСТЕЛІК)

1986 жылғы желтоқсан оқиғасының орын алуына – сол кездегі Кеңестер одағының тұңғыш әрі соңғы президенті М.С.Горбачев жүргізген «Демократия, Бетбұрыс, Жариялылық» пен тағы басқа да реформалық саясаттары себеп болды деуге де болады.  Ол реформалар  әміршіл бюрократиялық жүйенің жоспарлау мен өндіргіш күштерді орналастыруда жіберген қателіктерін жою  үшін жасалып жатқан еді.

 

Сол жылдары Қазақстанда рухани мәдениет құлдыраған болатын. Өзге ұлт түгілі қандастарымыздың өздерінің де ұлттық мәдениетімізге менсінбей қараушылығы қазақ тілінің жағдайына кері әсер етіп жатты. Соның әсерінен елімізде қазақ ұлты басымдық құрағанмен. Ана тілінде сабақ беретін мектептердің саны жыл өткен сайын азайып бара жатқан еді. Нәтижеде ана тілін білмейтін – ұлттық тіліне, діліне, ұлтына менсінбей қарайтын мәңгүрттер тобы пайда болды. Осындай күрделі жағдайда КОКП Орталық комитетінің нұсқауымен 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан КП Орталық комитетінің пленумы болды. Жиналысты КОКП Орталық комитетінің хатшысы Г.Разумовский жүргізді. Күн тәртібінде бір ғана ұйымдастыру мәселесі тұрды. Д.Қонаевтың орнына орталық өкіметінің ұсынысы бойынша Г.В.Колбинді сайлау ұсынылды. Шұғыл жиналған пленумға небәрі 18-ақ минут ғана жұмсалды.
Осылайша, Желтоқсан оқиғасының  басталуына  Мәскеудегі  орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің 1-ші хатшысы  Г.В. Колбинді  ҚКОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Осы жай мен ондаған жылдар бойы қордаланып қалған келеңсіздіктер қоғамдық әлеуметтік және мәдени салаларды қамтып, өрескел кемшіліктер ұлт мәселелерінің қатты шиеленісуі 1986 жылы 16-17 желтоқсанында Қазақ жастарының Л.И.Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) шығып, үкіметтің шешіміне бейбіт наразылық танытуға алып келді.
Алматы қаласындағы Л.И.Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) қазақ жастарының жиналып жатқанын өз басым 1986 жылы 17 желтоқсан күні институт қабырғасына оқуға барғанда ғана білдім. Орыс ұлтының өкілі (Дәріс беретін ұстаз)  студенттерден үй тапсырмасын сұрап, дайындығы төмен студенттерге шетінен журналға «2» бағасын қойып, оларға «Идите на площадь, идите…» – деп аудиториядан біртіндеп шығарып жатты. Сонда мен: «Алаңда не боп жатыр?»- деп достарымнан сұрағанымда олар да нақты не болып жатқанын білмейтіндіктерін айтты. Сонымен мұғалімнің жасаған іс-әрекетінен кейін, толық бір топтың студенттері аудиторияны тастап шығып кетіп, Қ.Сәтпаев көшесінің бойында орналасқан Алматы зооинженерлік-малдәрігерлік институтының №6 жатақханасына барып оқу құралдарымызды қалдырып, алаңға қарай бара жатқан бір топ жастармен бірге біздер де түстен кейін сағат 16:00 шамасында алаңға қарай бет алып, енді көшеге шыққанымызда Қ.Сәтпаев пен Ф.Дзержинский көшелерінің қиылысында милиция қызметкерлері және қызметтік ит ұстаған әскери солдаттар біздердің алаңға баруымызға бөгет жасады. Сол кезде біздер Қ.Саптаев көшесімен өтіп бара жатқан жүк таситын әскери автомашинаның соңынан ілесе отырып, алаңға қарай жүгіре жөнелдік. Ол кездегі Мир көшесі мен Қ.Сәтпаев көшелерінің қиылысына келген кезде, алаңда жастардың топ-топ боп шоғырланып алаңға өте алмай тұрғанын байқадық Біздер екі қатар милицияның сабына тура келдік. Олар алаңның бүкіл периметрі бойынша қоршап алып, алаңға жастардың өтуіне бөгет жасап, жол бермей тұр еді. Уақыт өткен сайын алаң шетіне жастар көптеп жинала бастадық. Бір кезде топ ішінен бір әйелдің милицияға қарай «Неге біздерді өткізбей тұрсыңдар, Өткізіңідер?!»- деген сөзіне милициялар сол әйелді ұстамақ болғанында, біз жастар ол әйелді қосып алып,  алаңға қарай лап бердік. Алаңда ол кезде қолдарында  ешбір қаруы жоқ, тек бір екі жерде дауыс зорайтқышпен бейбіт митниг өтіп жатқан еді. Митингіге қатынасқандар Қазақстан Компартия Орталық комитеті VI Пленумының шешімін өзгертуді талап етті. Бірінші хатшылыққа республикаға танымал, елдің ерекшеліктерін білетін беделді адамды тағайындауды сұрадық. Алаңда жастар үкіметтің шешіміне қарсылық білдіріп, он алты облысымыздан бірінші басшыларының ішінен ұлты қазақ болсын немесе ондай кандидат тіпті болмаса қазақтың тілін, салт-дәстүрін білетін азаматты тағайындауын ұсындық. «Ульяновскіден келген Г.Колбиннің  қазақтың тілінен де, салт дәстүрінен хабары жоқ қой,»- деп митингіде наразы пікірлер айтылып жатты. Жастар арасынан В.И.Лениннің «Әр елдің өз көсемі болуы керек» – деген сөзін басшылыққа алып, жастар «Қазақстанды тек қазақ ұлты басқарсын!»-деген үндеу жарияладық.
Кеш түсе алаң жастарға тола бастады. Алаңда Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні, «Атамакен» әндері орындалып жатты. Әннің құдіретін сол кезде байқадым. Бүкіл алаңда ән айтқанда адамның тұла бойынан мұздай бір энергияның сырғып өткенін сезіндім. Елімнің болашақ тағдырына деген патриоттық сезім биледі. Трибунадан ірі тұлғалар жастардың алаңнан тарауын талап етіп жатты. Жастар кетер емес. Ара-арасында милиция саптарымен де ұсақ қақтығыстар болып жатты. Кешкі сағат 22:00 шамасында әкери машиналар Үкімет үйінің алдына тоқтап, алаңға әскери бөлімдер әкелінді. Киім үлгілері темір сауыт, темір қалқан, резеңке қолшоқпар қаруланған әскери жасақтар келіп түсіп жатты. Жастар сонда да тарар емес. Керісінше, талаптарымыздың бірі орындалмай, сөздерімізді үкімет басындағылардың естімеген, елемеген кейіп танытқандары, біздер жастардың, ызамызды турдыра бастады. Жоғары билікте демонстрацияға қатынасқандарды қуып жіберу туралы арнаулы жоспар жасалған екен. Бұл жоспарға «Метель – 1986» деген құпия атау да беріліпті. Желтоқсан көтерілісіне қатынасқан қарусыз жастарға қарсы қолданылған күштер бір ірі мемлекетпен соғысқа дайындалғаннан кем болмады. Ол үшін Алматы горнизонынан, Мәскеуден, Алматы облысындағы Қара Темірден, Фрунзеден (Бішкек қаласы), Ташкенттен, Челябинскіден, Новосібірден, Свердовскіден және Тибилисиден қосымша әскери жасақтар шақыртылған екен. Сағат 23.10 шамасында КСРО ішкі істер министрлігінің 1-ші орынбасары генерал-полковник Б.Елисев алаңдағы жастарға қарап тұрып: «Ребята немедленно расходитесь по домам, вы не правильно поступаете! А то, мы силу будем применять!»-деп ексерткеніне қарамастан жастар алаңнан қайтпадық. Бірнеше рет қайталауынан кейін әскерлерге «Алаңды босатыңдар!»-деген бұйрық берілді. Сол кезден бастап ешбір қолында қарусыз, бейбіт демонстарцияда жүрген біздерді, қазақ жастарын, ұрып-соғып күш қолдану басталды.
Солдаттар берілген бұйрық бойынша біздерді алаңнан шетке қарай ығыстырды, алаңға жиналған жастар жағы солдаттарды таспен, қар кесекпен, мәрмәр сынықтарымен атқыладық, адамдар жараланды. Әскерлердің күшіне төтеп бере келе алаңдағы  жастар әскерлердің бірінші тобын  алаңнан асырып қуып тастадық. Сол кезде екінші топ әскерлерді іске қосты, қайта шегіндік. Шегініп бара жатып бірталай жастардың ауыр соққы әсерінен алаңда милициялардың тасып жатқанының куәсі болдым. Бірлесе отырып әскерлерді алаңнан қайта асырып қуып тастадық. Алаңнан кетпедік. Жастар В.И.Лениннің айтқан «Әр  елдің өз көсемі болсын!»-деген талапты әлі қойып келеміз. Біздерді ешкім тыңдамайды. Фурманов көшесі мен Қ.Сәтпаев көшесінің қиылысында өрт сөндіретін машиналардың жарқылын қосып тұрғандарын байқадық. Ол өрт сөніруші машиналар неге тұрғанын ойламаппыз. Осы аласапыран кезінде сол топтың арасынан ҚазЖенПидің бітіруші курсында оқып жүрген Мая есімді жерлесімізді құрбыларымен кездестірдім. Оларға жағдайдың ушығып бара жатқанын және уақыттың да тым кеш болғанын айтып, оларды алаңнан аман есен алып шығып,өз жатақханаларына дейін шығарып салуды жоспарладым. Қасымда екі үш курстасыммен бірге қыздарды тұрғын үйлердің арасымен алаңнан алып өтіп, зооинженерлі факультеттің №6 жатақханасына барып, біздің кештеу келетінімізді айту мақсатында жатақхана есігін ашқанымызда, кіреберіс вахтада факультет деканы Даленовты және бір топ кураторларымыздың біздерді тосып тұрғанын байқадық. Сол кезде Даленов ағай: «Айналайын, қазақтың қара көз жігіттері мен қыздары! Аман – сау келдіңдер ме кіріңдер?!»-деп бәрімізді жатақханаға кіргізді. Қыздарға жағдай жасап, бір бөлме босатып бердік те, өздеріміз көрші бөлмедегі балалармен таңды атырдық. Біраз уақыттан кейін алаңнан келген курстастарымыз алаңдағы жастарға өрт сөндіруші машиналармен су бүріккенін айтып келді. Ия, сол кездегі желтоқсанның 17 -18 күнгі бет қаратпас таулы өңірдің ылғалды аязы да, жалдамалы жендеттердің (насоспен) сусорғышпен атқылағанда тиген жерін қанжардай тіліп түсер мұздай сулары да,азаттық аңсаған жастардың жалындаған жүректерін суыта алған жоқ. Біз ұлтымызды сүйдік. Жетпіс жыл кеңестік тоталитаризмнің қыспағында булыққан сезімдер бір сәтте бұрқ етті. Тіпті қажет десеңіз, олар күллі адамзат баласының жанын, тәнін жеңгенімен рухын ешбір озбыр күш жеңе алмайтынын дәлелдеп шықты.
Түнгі сағат 24:00 шамасы жатақханада әрбір қабаттар  бойынша  жастарды коридорға жинап, деканымыз 4-5 күн сабақ болмайтынын хабарлады. Түнгі сағат 1:30 да кураторымыздың өтінішімен жатақханада кезекшілікте жүрген апайымызды Алматы зооинженерлік малдәрігерлік институтының акт залына партия жиналысына шығарып салдық. Бас оқу ғимаратынан жатақханаға түнде қайта келе жатырмыз. Түнгі суық сықырлап тұр, көшеде өртенген машиналардың жанған резеңкесінен шыққан қара түтін бұлт сияқты қалықтап тұр.
Желтоқсанның 18-і күні таңертең ерте қыздарымызды ҚазЖенПи-ге апарып салдық та, қайта жатақханаға келдік. Оқу жоқ. Ешікмді кезекші мұғалімдер сыртқа шығармайды. Есіктер жабық. Қ.Сәтбаев көшесінің бойымен жастар қайта алаңға қарай бет алып топ-тобымен бара жатыр. Біздердің курстан жігіттеріміз екінші қабаттың балконынан секіріп түсіп, жастармен ілесе алаңға бет алып бара жатты. Алайда бұл күні милиция және әскери жасақтар жоғары дәрежеде дайындалған. Алаңға бара жатқан қазақ жастарын фотоаппаратпен суреттерге түсіріп, кейбірін тұтқындап алып кетіп жатты. Қалада «комендант» сағаты орнады.  Жастар қаланың қай бұрышында ұсталса да «Л.И.Брежнев алаңынан ұсталды…!»-деген жалған хаттамалар түзіліп автобуспен уақытша тергеу изляторларына қамап жатты.
19-20-21 желтоқсан күндері де жастардың жекелеп ұсталып жатқанын естідім. Институттың  жаттығу залынан кешкі мезгілде, спорттық жаттығудан келе жатқан былғары қолғап шеберлері курстастарымызды жатақханаға дейінгі жолда автобуспен келіп ұстап, хаттама жазып «Бұлар алаңда ұсталды»- деп көрсетіп, «Алаңға боксер қолғабымен келіпті»- деп тергеу изоляторына алып кеткен екен. Ол балаларды спорттық жаттықтырушысы дәлелдеп жүріп, ақтап алып қалды. Ал жала жабылып жазаланған қазақ жастары қаншама болды! 24,25,26 желтоқсан күні қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері институтта аудиторияларды аралап жүріп суреттерімен тура келген студенттерді тұтқындауды бастады. Институт комсомол комитетінің кеңсесіне барып студенттердің комсомол билетіндегі суреттері мен алаңдағы суреттерді салыстырып, ұқсас студенттерің фамилиясын, тобын, факультетін жазып алып жатты. Нәтижесінде сол күні алаңға бара жатып, суретке түскен студент жастар институттан қуылды, комсомол қатарынан шығарылды. Қаншама жазықсыз жастар қыршыннан қиылды.
Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі. Бұл оқиғалар Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына жаңа еніп келе жатқан демократия үшін күрестің басы болды. Сондықтан да оның жүгі ауыр, шығыны көп болды.
Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “Қазақ ұлтшылдығының көрінісі” – деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақ ұлтының өз-өзіне деген сенімі оянды, Одақтас республикалар егемендігіне сипаттама берді, социалистік құрылыс күйреді. Осылайша Желтоқсан оқиғасы тарих беттерінде қазақ жастарының егемендік пен тәуелсіздік жолында жасаған күресі ретінде қалды!
Ибрагим  ЖАЙНАРОВ,
 Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының
1989 жылғы зооинженерлі факультетінің түлегі, Мақтаарал ауданы.

 

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...