СУ ЖҮЙЕСІ – ЕГІННІҢ КҮРЕТАМЫРЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Ауыл шаруашылығы, Билік
11/08/2026
3 Views
Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету, суару жүйелерінің техникалық жағдайын бақылау және туындаған мәселелерді дер кезінде шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Суармалы егіншілікке бейімделген өңір үшін су – тіршіліктің ғана емес, мол өнімнің де негізгі кепілі. Осыған орай аудан аумағындағы су өткізу қабілетінде мәселе туындаған және ерекше бақылауды қажет ететін каналдардың жай-күйіне зерделеу жүргізілді.
Мониторинг жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтарал өндірістік бөлімшесінің басшысы Тоқберген Мейрбек қатысты.
Жауапты сала мамандарымен бірге К-20, К-18, К-19, К-16Б және К-15 (Целинный насос) каналдарының қазіргі техникалық жағдайы жан-жақты қаралды.
Зерделеу барысында каналдардың су өткізу мүмкіндігі, арналардың жай-күйі, су ағысына әсер ететін факторлар және суармалы алқаптарға судың қажетті көлемде әрі уақтылы жеткізілуіне ықпал ететін мәселелер сараланды. Әсіресе суару кезеңінде су тапшылығына жол бермеу, су өткізу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және шаруалардың сұранысына сәйкес судың тұрақты жеткізілуі басты назарға алынды.
Мониторинг кезінде каналдардың қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін бірқатар мәселелер назарға алынды. Анықталған кемшіліктер мен проблемалық учаскелер бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар әр канал бойынша нақты жұмыстарды ұйымдастыру, ақауларды жою және су өткізу қабілетін қалыпқа келтірудің тиімді жолдары талқыланды.
Мұндай бақылаудың маңызы – суару маусымында туындауы ықтимал мәселелерді алдын ала анықтап, олардың салдарын күтпей, дер кезінде әрекет ету. Өйткені каналдағы іркіліс егістікке жететін су көлеміне, ал бұл өз кезегінде шаруаның еңбегі мен өнім көлеміне тікелей әсер етеді.
Жұмыс барысында суару жүйелерін күтіп ұстау, каналдардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешудің маңыздылығы атап өтілді.
– Мақтаарал ауданы – суармалы егіншілік кеңінен дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан каналдар мен гидротехникалық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін аса маңызды. Осыған байланысты суару инфрақұрылымының жағдайын бақылау жұмыстары маусым барысында тұрақты түрде жүргізіліп отыруы керек, – деді аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров.
Бүгінде жауапты мекемелер тарапынан проблемалық учаскелер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, олардың орындалу барысы бақылауға алынған.
Су – Мақтаарал шаруашылығының басты тірегі. Сондықтан суару жүйелерін уақытылы күтіп ұстау мен каналдардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету – егістікке суды жеткізумен қатар, диқан еңбегінің нәтижелі болуына жасалған маңызды жағдай.
2026-08-11