ШЕБЕРДІ ШЕБЕР ДЕГЕНШЕ…
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Руханият
19/11/2025
14 Views

Қазақ халқының өмірі мен өнері – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Ұлттың болмысын, мінезін, сұлулығын танытатын ең үлкен қазына – оның қолөнері. Табиғаттың өзімен тіл табысып, ағаштан, темірден, теріден, тастан сән мен сымбат тудырған халық шеберлерінің ісі – ұлт рухының мәңгі айғағы. Осындай тумысынан өнер қонған тұлғалардың бірегейі – Семей қаласында тұратын қолөнерші Сәкен Назархан.
Сәкен ағаның шеберханасына кірсеңіз, ескі мен жаңаның, табиғат пен өнердің үндестігін бірден сезесіз. Өзіндік өзгеше өнер әлемінің үні естіледі. Сол үнде ғасырлардың сыры, даланың тынысы бар.
Шебердің қолынан шыққан әр туынды – қазақтың ұлттық нақышы мен дүниетанымын бейнелейтін өнер жәдігері. Домбыра, қобыз, кебеже, сандық, асадал – бәрі де қазақ өмірінің бөлшегі. Бірақ Сәкен Назархан үшін бұлар жай бұйым емес, жүректен туған рухани дүние.
— «Ағаш – тірі жаратылыс. Онымен сөйлесе де, сырласа білу керек. Сонда ғана ол өз сұлулығын ашады», – дейді қолөнер шебері.
Бұл сөз оның өмірлік философиясын айқындайды. Сәкен аға үшін ағаш – өнердің материалы емес, табиғаттың тілі, ал шеберлік – сол тілді түсіну.
Сәкен Назарханның жасаған қобыздарының бірі Семей музыкалық колледжінің тапсырысы бойынша дүниеге келген. Ұлттық аспаптың сазы мен формасын сақтай отырып, шебер оған өзіндік жаңалық, өзіндік сипат бере алған.
Ал оның ең ерекше еңбектерінің бірі – Тәуелсіздіктің 15 жылдығына арналған композициялық туындысы. Онда қылқобыз, таңбалы тастар және Қазақстан картасының бейнелері біріктіріліп, тұтас бір көркемдік символға айналған. Бұл туынды бүгінде Невзоровтар атындағы мұражайда сақтаулы тұр.
Шебердің бұл еңбегі – тек өнер емес, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің нышанындай. Әр оюы – тарих, әр сызығы – тағдыр, әр иіні – елдіктің белгісі.
Сәкен Назархан – тек шебер ғана емес, ел ісіне белсене араласқан азамат. Ол «Ауыл» партиясының Абай облысы бойынша өңірлік филиалының мүшесі. Ел ішіндегі еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосып жүр.
Шебердің өнегелі өмір жолы – адал еңбек пен рухани байлықтың айқын көрінісі. Сол еңбегі үшін ол «Еңбек адамы» бағдарламасының кейіпкері ретінде көпшілікке үлгі болды. Қазіргідей жаһандану дәуірінде нағыз ұлттық өнердің қадірін арттырып жүрген азаматтар саусақпен санарлық. Сол санаулылардың бірегейі – Сәкен Назархан. Оның туындылары – ұлттық мәдениетіміздің жандануына қосылған сүбелі үлес деп айтуға толық негіз бар.
Қазақ өнерінің тамыры терең, оны жаңғыртып, ұрпаққа аманаттайтын осындай шеберлер барда, жасампаз ұлтымыздың ұлы рухы мәңгілік үстем. Сәкен Назарханның қажырлы еңбегі – еліміздің қолөнер саласының айнасы, өнердің өміршең өзегі.
Өмірдерек
Сәкен Назархан – ағаш ою және ұлттық қолөнер шебері.
Абай облысы, Семей қаласында тұрады.
Балалық шағынан ағаш ою, зер өнеріне әуестеніп, қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнерін меңгерген.
Шығармашылық жолында көптеген музыкалық және тұрмыстық бұйымдар жасаған.
Тәуелсіздіктің 15 жылдығына арналған композициялық туындысы ерекше бағаланған.
Шебердің еңбектері облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерде көрсетіліп, жоғары марапаттарға ие болған.
Сәкен Назархан – «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының мүшесі, «Еңбек адамы» бағдарламасының кейіпкері.
Ұлттық өнерді ұлықтап, ұрпаққа мұра ету жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
2025-11-19