«АУЫЛ – ӘР ЖҮРЕКТЕ!» — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ҒЫЛЫМИ, ЖАСТАР ЖИЫНЫ ӨТКІЗІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Саясат, Экономика
21/11/2025
14 Views

20 қараша күні Семей қаласында»Ауыл шаруашылығы» саласының мамандары, жас ғалымдар, зиялы қауым және жастар бас қосқан «Ауыл – әр жүректе!» атты өңірлік филиалдың ұйымдастыруымен мазмұнды іс-шара өткізілді.
Шара, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» ҰАО «Қазақ өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Семей филиалы мекемесінде ұйымдастырылды. Қонақтар алдымен институттың зертханаларын аралап, өңірде атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысты. Жиынды партия өкілі, шара жүргізушісі Е.Омарғалиев ашып, ауылдың ел өміріндегі орны мен еңбек адамын ұлықтаудың маңызын атап өтті.
Ашылу сөзінде «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Қ.Смағұлов сөз сөйлеп, ауылдың дамуы – елдің дамуы екенін айтып, сала мамандарын, кәсіби мерекемен құттықтап, сондай-ақ, «Студенттер күні мерекесімен» жиналған көпшілік жастарды шын жүректен құттықтады. Содан кейін сөз алған, «Абай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының» бөлім басшысы – Нұғыманов Мақсат Қуанышбекұлы ауылды дамыту, аграрлық саладағы жаңа бастамалар және тиімді шешімдер жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Кәсіпкерлікті қолдау және сауда» бөлімінің бас маманы – Асқаров Әзіз Асқарұлы өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолжетімді бағдарламалар мен тиімді мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.
Марапаттау рәсімінде, саладағы табысты ғылыми қызметкерлер Гулдана Адилғазыевна мен Елжас Алмасұлы арнайы марапатқа ие болып, оларға «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы – Смағұлов Қайрат Қанатұлы «Алғыс хат» табыстады. Жалғасынша «Ауыл» партиясының жаңа мүшелеріне мүшелік билеттер мен төсбелгілер тапсырылды.
Жиынның маңызды бөлігі, ауыл шаруашылығына бағытталған ғылыми жобалардың таныстырылымы өтті. Жас ғалымдардан құралған студенттік командалар өздерінің инновациялық ұсыныстарын ортаға салып, өзара ой-пікір алмасты. Атап айтсақ, республикалық «АГРОХАКАТОН – 2025» байқауында жүлделі III орын алған “CAMPUS TEAM”, сондай-ақ облыстық деңгейде жүлделі орынды иеленген “MindCare” командасы өз жобаларын қысқаша түрде айтып, таныстырды.
Бұл жиында концерттік бағдарлама да ұсынылып: жергілікті белгілі өнерпаз, дәстүрлі әнші, домбыра ұстазы, №41 «ЖОББМ» Музыка пәнінің мұғалімі Әбілқасымова Айнұр Бейбітханқызы көпшілікке рухани әсер сыйлап, Шәкір Әбеновтың «Жастар туралы толғауын», Базар жыраудың «Қандайды» деп аталатын туындыларын қоңыр домбыраның әсем үнімен тамылжыта орындап, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Ара-тұра, ақын Ерік Қайратбекұлы өз шығармашылынан «Саған, елім» жырын паш етіп, жалынды жастардың ұлттық жігер рухын оятты.
Шара соңында, институт директоры Суйчинов Ануарбек Казисович ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, аграрлық ғылым мен өндірістің дамуына қосқан үлес үшін алғыс айтты.
Шара естелік фотосуретке түсумен тәмамдалды.
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
2025-11-21