Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6121
ТӘУЕКЕЛДІҢ ДЕ ӨЗ ОРНЫ БАР... - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » Business » ТӘУЕКЕЛДІҢ ДЕ ӨЗ ОРНЫ БАР…

ТӘУЕКЕЛДІҢ ДЕ ӨЗ ОРНЫ БАР…

        Бәрімізде қаржыны үнемдеп жұмсау керектігі туралы, ол мәселеде сабырқандылықпен жұмыс істеу керектігін жақсы білеміз. Бірақ… сонда да кейбіріміз соны жақсы біле тұра кейде «бір мәнісі болады!» деп тәуекел ете отырып әрекет етеміз немесе біреудің көңіліне қарап ақкөңілділік жасап, кейіннен сол қылығымызға қатты өкініп жатамыз. Сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қанат та сондай қателіктерге жол біріп, бүгінде өзгелерді ақылмен әрекет етуге шақыруда.
           Ауылды жерде тұратын Қанат (кейіпкердің шын аты өтініші бойынша өзгертіліп отыр) бірнеше жылдан бері күзет саласында жұмыс істейді. Отбасында бес жан – екі ұлы мен бір қызы бар. Қызы жоғары оқу орнының студенті болса, балалары мектеп жасында. Ұлының үлкені келесі жылы мектепті аяқтап, студент болсам деп армандап жүр. Ал әйелі болса жекеменшік балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Енді осы әулеттің кірісіне келсек, Қанат үш  күнде бір, кейде күнара кезекшілікке түсіп, орта есеппен ай сайын жүз мыңның үстінде, қосымша ауылдастарының – теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машиналарын (полуавтомат) секілді электрлі бұйымдарын шамалап жөндеп ай сайын орта есеппен 30-40 мыңдай теңге табады. Ал әйелі қолға «таза»  сексен мың теңге алады. Қорыта айтқанда екеуінің бір айдағы табысы шамамен 230-250 мың теңгені құрайды.
          Ал, енді шығындарына келейік… Кейіпкеріміз бір банкке бірден 118 мыңдық екі кредит, тағы бір ірі банкке 26 мың, ірі бір микроқаржы ұйымына 25 мың құйса, әйелі бір банкке 45 мың, екіншісіне ай сайын 8 мыңдай ақша құйып отырады. Олардан бөлек оларда ломбардта бір жылдан астам уақыт жатқан алтын бұйымдары да бар. Олардың проценттерінің өзі 18 мың теңгені құрайды. Кей жағдайда бұлар солардың ақшасын бір айда емес, екі айда әрең тауып береді. Олардан бөлек 115 мың теңге мен 174 мың теңге аралығында 4 микроқаржылық ұйымның алдында өтелмей жатқан қарыздары да бар. Қорыта айтқанда біздің кейіпкеріміз ломбардтарды қосқанда 10 жерден қарыз болса, әйелі мен студент қызының мойнында микроқаржы ұйымдарының алдында 2-2-ден қарызы бар. Ал олардан бөлек, «коммуналкалар» (күз бен қыс мезгілдерінде газ үшін ай сайын 15-20  мыңға дейін төлеген кездері болады екен), екі  ай сайын алып тұратын 1 қап ұн (10-12 мыңның аралығы), жарты жілік еттері (кейде оның ақшасы 40 мыңға дейін барып қалады), басқа да азық-түліктері, студент қызы стипендияға ілікпей қалғанда күн сайын салып тұратын 1500 теңгесі (кей-кейде қосымша 4-5 мың) тағы да бар. Студент қызы демекші оның жатақханасы үшін бір жылға төлейтін 150 мыңдай соманы да әр жаз сайын тауып отырулары керек. Қайта бір жақсы жері қызы грантта оқып жатыр. Ал «коммерцескийде» оқыса онда… Айтпақшы әйелі құрдас келіншектермен ай сайын 10 мың теңгелік «гәп» те ойнайды.  Оған да ақша табу Қанаттың мойнында. Сонымен Қанат өзінің аз табысымен осындай шығындарды игеріп, отбасын қалай асырап отыр? Мұндай күнге ол қалай тап болды?
           Бұған ол өзінің ақкөңілділігін, сосын қаржы саласында дұрыс есеп жүргізе алмайтындығын себепкер санайды. Айтуынша бәрі осыдан 4-5 жыл бұрын басталыпты. Ол кезде кредит алу ең оңай шаруа еді ғой. Сол кезде  тұрақты жұмысы болғандықтан бір банктен үйінің жөндеу жұмыстарына деп бір кредит алып, кейіннен ол жетпей қалған соң тағы да сол банктен екінші кредит алыпты. Содан кейін түрлі қажеттіліктер үшін деп екінші бір банктен үшінші кредитін алыпты. Қызы оқуға түсер жылы да соның қажеттіне деп қомақты қаржы да алыпты. Бұл кредиттерді жабу қиын болып бара жатса, басқа бір банктен кредит алып жаба саламын  деп ойлапты. Одан бөлек, бір жақын туысы келіп, оған «өзім уақтылы төлеп тұрамын» деп, үш рет «онлайн кредит» алдыртса, екінші бір туысы мұның әйелі арқылы да екі кредит алған екен. Әдеттегідей «өздері төлейді!». Олардан бөлек, бұл тағы бір ағайынына ек рет «гарант та» болыпты. Ағайындарының бұларды жағалап жүргені бұлардың айлығы аз болғанмен, «тұрақты жұмыстары» бар. Алайда, кейіннен жағдай өзгеріп, кредит алу қиын болып кеткенде бұл «отырып қалыпты». Бұған үш мәрте кредит алдыртқан ет жақын туысының «шамасы жетпегендіктен» амалсыздан ол алған кредитті өзі төлеуге кірісіпті. Әйелі арқылы ақша алған туыстары да бұларға жоламай кетіпті. Өзі «гарант» болған тағы бір туысы да ақшасын уақтылы төлемеген соң, сот орындаушысы оның ақшасын бұдан өндірудің амалымен шапқылап жүр… Осы жайлы ағайындарына қайта-қайта айта берген оны туыстары ұнатпайтын дәрежеге жетіпті. Қайта «олардың қиын жағдайларын түсінбейтін» бұны кінәлі санауда! Осындай күрделі жағдайдан шығу үшін ол банктерге қайта-қайта өтініш жазып жүріп, ай сайын төлейтін сомаларының көлемін азайтып (бірақ жылдарын создыртып) алғанмен, «онлайн кредиттері» қиын болып тұр. Олар «соманы 3-4 айға ғана бөліп төлейсіз, ал 6 не 12 айға  бөліп төлеуге рұқсат жоқ» деген соң олардан қашқалақтап жүруге мәжбүр. Сондай-ақ сот орындаушылары мен «банк өкілдері» біресе «соттанбыз», «полиция өкіліміз», «әділет басқармасынанбыз», «прокуратураданмын», «тергеушінің көмекшісімін», «нотариаттық кантораданмын» деп түрлі мекеменің қызметкерлері болып күн сайын түрлі нөмірден бірнеше мәрте хабарласып, ал телефон көтере қалсаң «Сен неге уақытында жауап бермейсің!» деп дікіңдеп, сөйлей берген соң ол және әйелі қазір бөтен нөмірлерді көтермеуге тырысуда.
       Егер кезінде ақкөңілділік жасап, ағайындардың айтқанына көнбегенімізде, бүгінде мұндай сомада қарыз болмас едік деп ойланғанмен өзін ағайын-туыс, дос-жаран да керек ғой деп жұбатып та қояды. Студент қызы қасындағы құрбыларының өміріне қызығып, киім-кешектер мен тағы да басқа бір қажеттіліктері үшін екі рет «онлайн кредит» алған екен. Оны да әйелі екеуі кейіннен біліп қалып, сол қарызын стипендиясынан құйдыртуда екен. Ал келесі стипендиясына дейін жетіп алуына дейін оған күн сайын 1500-ден ақша аударып тұрады. Ал «қызыңызға қосымша жұмыс істетпейсіз бе, сонда өз қажеттілігін өзі өтейтін еді ғой» десек, Қанат ол жағдайда қызының сабақ үлгерімі нашарлап кетіп, оқуынан шығып кете ме алаңдайтынын айтты. Қысқасы «былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң өгіз өледі» деген жағдайда екен.
            Бір қызығы Қанаттың өміріне қызығатын ауылдастары да бар екен. Себебі, оның айлығы аз болса да тұрақты жұмысы бар! Ауылда тұрақты жұмыс аз болған соң көптеген жастар ірі қалаларға немесе жапан далаларға қара жұмыстар істеуге кетеді. Тек ауа-райы қатты суытып, жұмыс істеу қиын болған кезде ғана оралатын олар Қанаттың жыл он екі ай бала-шағасының қасында, жылы жердегі тұрақты жұмысына қызығатынын жасырмайды. Сондай пікірлерді естіген сайын, ол бұл өміріне шүкіршілік етіп, қарыздардан да бір күні құтылармын, бұдан да нашар күндерді көрдік ғой деп өз-өзіне дем береді.
           Өкінішке орай бүгінде кейіпкеріміз секілді қарызға белшесінен батқан азаматтар жетерлік. Олардың кейбірі шамасы келгенде қарыздарынан құтылудың әрекетін жасап жүрсе, екіншілері банкроттыққа өтініш беріп, қарыздарының кешірілуінен үміттенсе, үшіншілері көп уақыт төлемесем өз-өзінен қарызым кешіріледі деп қасақана кредиттерін төлеуден қашып жүр… Ал арасында «уағында бір мәнісі болар»-деп орынсыз тәуекелмен қарыз алғандар немесе жақын туған-туыс немесе дос-жарандарының көңілін қимай соларға өз аттарынан кредит алып берген, болмаса солар үшін кепіл болған азаматтар да жетерлік. Өздері сенген адамдар сөздерінен тайқып кеткенде  бұлар сол қарыздарды амалсыздан өз қалталарынан төлеуге мәжбүр болуда.
         Қорыта айтқанда ақша мәселесіне келгенде өз мүмкіндігінізді нақты есептеуіңіз керек, қауіп-қатерлерді ой сараптамасынан өткізіңіз, орынсыз тәуекелділік, ақкөңілділік пен көңілжықпастықтың пайдасынан зияны көптігін есіңізде мықтап сақтаңыз. Ең бастысы өз-өзіңізге мығым болыңыз. Сонда ғана елімізде «Қанаттардың» саны аз болатыны анық.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ,
журналист.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ЖЕТІСАЙЛЫҚ ҰСТАЗ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛДЫ

        ...

Мақтаарал ауданында құқықтық көмек көрсетілуде

       Мақтаарал ...

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МҮМКІНДІГІН БАРЫНША ПАЙДАЛАНУЫМЫЗ КЕРЕК

        ...

АДАМГЕРШІЛІК — РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

      Адамгершілікке ...

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ (АОБӨФ) «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖАСҚА ҚАРАМАЙДЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТКІЗДІ

        ...

«АУЫЛ ОЙЫНДАРЫ – 2025»: АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ҰЛТТЫҚ СПОРТТА БАҚ СЫНАДЫ

       Қарағанды ...

АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ӨТКЕН КОЛЛЕДЖ АРАЛЫҚ «ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ» ТУРНИРІ

     Жуырда «IT ...

ТІЛ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ЕЛ БІРЛІГІ

            Жетісай ауданының білім ...

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

        ...

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖОЛДАУЫ – ХАЛЫҚ ҮШІН СЕНІМДІ БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

        ...