Home » Әлеумет » ШӘКІРТ ЛЕБІЗІ

ШӘКІРТ ЛЕБІЗІ

Өмір өтіп жатыр. Жәй емес, желдің ескеніндей, бұлттың  ай жүзінен  көшкеніндей мазалы да, мазасыз уақыттармен көмкеріліп…  Біреуге бұл әшейін мезгіл сезінсе, саналы, салиқалы, ой түбіне көз тігетін адамға бірінен кейін бірі қайталанған бұл  күндер құдайдан қарызға алынған күндер іспетті.
Мұны  айтып отырғаным мынада: Осыдан 42 жыл бұрын мен сол кезде  жасы әлі  отызға  толмаған Боранбай  Құдияровпен танысыппын.  Мектеп табалдырығында жүріп ауылдағы сушы  аталарым туралы «Жасыл алқапта» атты суреттеме жазып, аудандық «Мақтаарал» газетіне  хатпен салып жібергем-тін. Екі-үш күннен соң газеттің  жарты бетіне көркемделіп әлгі суреттеме жарияланды. Әрине, қуанышта шек болған жоқ. Қызығып, құмарланып, ұзынды-қысқалы мақалаларды қағазға  түсіріп, пошта арқылы газет редакциясына жолдай бердім. Бірнеше мақала жарыққа шыққан соң  журналист болам деп  шештім. Мектеп бітірген соң   Алматыға, КазМУ-дың  журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Соңғы емтиханнан қанағаттанарлық баға алып, бір балым жетпей, оқуға  түсе алмай ауылға қайттым. Совхоздың құрылыс бригадасына балташы болып жұмысқа  тұрдым. Бар – жоғы бес күн істедім. «Мақтаарал» газетінен Боранбай Құдияров ауыл кеңсесіне телефон шалып, ертең міндетті  түрде редакцияға  келсін депті. Мына шақыртуды есітіп, шабыттансам да , жанымды қорқыныш билеп, мақала жаза алмай масқара болмасам деп  тағы ойландым. Адам сезімі үргедек қой, оқымағам, тәжірибем жоқ, бармай-ақ қойсам қайтеді дей отыр едім, әжем Пістегүл  марқұм «Балам , бар, өз кәсібіңді  істе. Қорықпа, мұсылманшылық әсті-әсті деген, үйреніп кетесің» деп ақ батасын беріп, ертеңіне  өзі  қақпадан айналып-толғанып  шығарып салды.
Біздің ауылдан жеті  шақырымдағы Славянка (бүгінгі Мырзакент) поселкесіндегі  «Мақтаарал»  газеті  ғимаратының табалдырығын аттағаным сол алдымнан қараторы , бойы пәкенелеу, шашы қобыраңқырап кеткен Борекең  шыға  қалып, «жүр» деп қолымнан жетектеп  Бас редактордың  алдына апарды. «Мына жігіт Сіздің  ағайыныңыз. Мақала жазып төселіп қалған. Жұмысқа алсақ  деп едім» деді. Бас редактор  Кенжебай  Құлымбетұлы  Бөгембаев ауылшаруашылығы  бөлімі меңгерушісінің ұсынысын ыхтияттылықпен тыңдаған соң менің аяғымнан  басыма  дейін бір қарап алды да: «Маған жақын емес, маған жұмыс істейтін адам керек!» деді. Қойшы, сол сәттен бастап мен уақытша сынақтағы  тілші  боп жұмысқа  қабылдандым. Бастықтан шыққан соң Борекең  арқамнан бір қағып «Ал, енді жұмыс істе. Өндіріп жаз» деп өз кабинетіне апарып, жазу  үстеліме отырғызып, тілшілік  туралы  аз –маз дәріс оқып, сосын ақ қағазға шүйлікті де қалды. Бұрқыратып бірінен соң  бірін толтырып, мақала жазып жатыр. Басқамен ісі болмайды екен. Осылай  бір сағаттай  отырған соң, «Міне бала, мақала да бітті» деп  керіле тұрды. Түстеніп алған соң  іргеміздегі «Алғабас» колхозына іссапарға барып, малшылар туралы мақала жаздық. Бір қызығы, Боранбай журналист фотоаппаратпен де керемет жұмыс атқарады екен. Жұртпен де  ақжарқын сөйлеседі. Орыстармен өз тілінде кәдімгідей  шүйіркелеседі. Бірнеше блокноты бар. Маған қызық. Бәрі-бәрі.
Осылай бірнеше ай сырғып өтті ғой. Газеттің қарабайыр  жұмысына төселе бастадым. Әріптес  ағалар: Жақсылық Сапаров, Оңғар Нақыпов, Сатым Өтебаев, Әзімхан Құлбаев, Нұрғали Қадырбаев, Іңкарбек Құрманбеков, Жетпісбай Кершиев, Әбдіхалық Тегісбаев, Әшірбек Еркебаевтан   және  Сәтен Ауханова әпкеден  шеберлікке шыңдалдым. Олар барынша  ақыл – кеңестерін айтып, оқыған – тоқығандарын  әрдайым бөлісіп отырды. Оларға әрдайым рақметімді айтып жүремін.
  Мен қызмет атқаратын « Мақтаарал» газетімен қатар көрші Жетісай ауданында «Жетісай» газеті шығып жатты. Б. Құдияров осы  екі газетте де  қызмет етті. Проблемалы  мақалалар, сыни мақалалар, бас мақала, сараптама, көркем очерктер,  репортаж, новеллалар жазды. Кей-кейде  болса да қиыннан қиыстырған ойлы өлеңдерін де жариялап  тұрды. Адуынды, қызба, бірбеткейлік  мінез болса ол  осы  ақындарда ғана болар  деп топшылаушы  едім. Қателеспеппін.  Боранбай  Құдияровта  да бұл сипат бар екен. Өз дәлелдері  мен дәйектерін нақтылап, соның растығына күреседі  де жүреді  екен. Қарсыластың  көзін соған жеткізгенше арпалысады. Ақпарат айдынында еркін жүзген адамға  шүкірлік те, күпірлік те керек емес қой. Борекең  мәселенің мәнісін ап-анық  ашып, шешендігімен  әлгінің  ойының бұрыстығын дәлелдеп береді.  Тер майданда үдесіне жеткен соң отыра  қалып ақ параққа әріптерді тізбектетіп өлең  жаза бастайды. Сірә, Борекеңе ашуланғанда  ғана  шабыт періштесі  иығына  кеп  қонады-ау  деп ойлаушы  едім. Осының он-он  бес  минут  дересінде сілкініп, ұрандатып ойын дәлелдеген Борекең енді  ғұндар  туралы әпсаналы  өлең  жазып, оны тілші  Жақсылық Сапаров  екеумізге рухтана  оқиды. Қызық.
Шынын айтсам, Борекең  советтік  дәуірдің  қалыбына еш сыймады. Еркін жүрді, еркін тақырып таңдады. Ойын еркін айтты. Соның әсері болса керек, газеттегі  қызметінен 1-2 күн шеттеп қалып, үшінші күні жұмысқа  оралғанымен тағы бірер   күннен соң тағы осы  «тәртіпті» ұстайтын болды.  Бұл  бара –бара  4-5  күнге ұласып, тіптен бір күндері бір  апталық дағдыға  айналды. Ал, ауылшаруашылығы  бөлімі  аптасына үш рет жарық көретін  газетте  ең ауыр  бөлім еді. Барлық  декпір, дүмпу  ауылшаруашылығы саласында  болғандықтан бұл бөлімнің жұмысы да  ауыр-тын. Әбекең  (Әбдіхалық Тегісбаев –Авт.) екеуміз тырбанып, намысқа  тырысып, жан-жақтан ақпарат іздеп, газеттің  бірінші, үшінші  беттерін толтыра алмай сабыламыз да  жүреміз. Бас редактор   Кенжекең  әрекідік  есігімізді  айқара  ашып, «Боранбай  қайда?» дейді  ғой. Өтірікті  сапыртып  «Әлгінде  шығып кеткен» дейміз. Бұнымыз бастығымызды  одан үлкен бастыққа  сатпау. Бастықтың  арқасын қоруымыз ғой. Сөйтсек, Борекең  ауылына жақын Жетісай  қаласындағы  «Жетісай» газетінің  редакциясына таңертең  жетіп алып, орнықты жайғасып, қызу  жұмыс  істейді  екен. Мақаласын  өндіріске  өткізіп, сондағы  әріптестерімен ақпарат алмасып, емен-жарқын әңгіме –дүкен құрып кешқұрым   өз ауылы Ленин колхозына (қазір А.Қалыбеков ауыл округы) қайтады екен.  Осыны  естіген әріптесіміз  әрі әзілдің  түбін  түсіретін  О. Мөрбеков: «Боранбайдың  машы («Машы» -өзбекше айлық дегені) «Мақтааралда», жұмысы «Жетісайда»  деп әзіл-шынын араластыра  бәрімізді күлдіретін. «Сұлтанқұлда жазық жоқ» дегендей бір күні  Борекең жұмысқа  оралады. Артынша  Кенжекең «кілемге» шақырып, «батасын» беріп, жұмысқа  қайта жегеді. Борекең «Жұмыс  істемейсіңдер ме, мені ұятқа  қалдырып…» деп Әбекең  екеумізді әжептәуір ұрсып алады  да  отыра  қалып «Бақыт  құшағында» ма, «Туған жер  топырағында» ма, әлде  «Абыройлы жан» деп  пе, әйтеуір осыларға  ұқсас, әдебилеу  тақырып қойып, оның  астын қос  сызықтап, оның төменірегіне жақша  ашып «Очерк» деп жазып, жақшасын жауып, бірнеше беттік  шығармасын бұрқырата жазады. Он он бес  минут дәргейінде көркем шығарма бітіп, стол үстінде  нөмірленіп қоқып жатқан , әр бетінде әріптерінен гөрі  таяқшалары көп жазбасын маған әріп басушы қызға тасытады. Сонда  мен не деген шеберлік, отыра  қалып очерк жазатын деп  таңырқап та, қызығып та қаламын.
Бүгінде  бәрі өткеннің еншісіндегі  дүниелер. Заман, адам, тіршілік  өзгерді. (Сол  тұстағы  әріптестерден 3-4-еу ақ қалдық).  Бірақ Борекең  өзгермейді. Өз кәсібіне  адал. Бір кездері Өзбекстандағы «Достық туы» газетінде  қызмет атқарып, Өзбекстан  журналистикасында  лауреат атанса, одан кейін халықаралық  «Наурыз» газетінде, «Студент», тағы  басқадай газеттерде жұмыс істеп, қаламының  ұшын үшкірлеп , әр ақпаратты ой елегінен нақтылай, тазарта өткізіп, ойлы да, сындарлы мақалалар жазды. Ал, енді  бүгіндері  интернет өмірімізге енгелі фейсбук бетін бермей мақташының мұңын, замандастың  келбетін, құрдастардың  әзілін жазып, өлең  өрнектеп, тіпті  біреулерге арнау, енді  біреулерге көңіл айтып,  жақсылықтың  жаршысы атанып, қым-қуыт тіршіліктің  ішінде  жүр.  Одан қалса «Мырзашөл-Мақтаарал  ақын-жазушыларының қоғамдық ұйымының» жұмысын сүйрелеп, әр аудандағы мәдени-әдеби кештердің  төрінен болмаса да жәй  орындығынан табылып, әр жылт еткен жаңалыққа  шын жүректен қуанып, қуаттанып жүргені.
Борекең қателікті қолдайтындай дәрежедегі  наданнан, ақиқатты  көрмейтін көрсоқырдан, жасаған жақсылықты жоққа  шығарушы  шүкірсізден  аулақ болушы журналистерден. Мен білетін Борекеңде бұл  бағдар ешқашан өзгермеген, өзгермейді де.
Өсімхан  ПІСТЕБЕК, Жетісай  қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...