Home » Әдебиет » Ақ жұлдыз ағып түскенше…

Ақ жұлдыз ағып түскенше…

        Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы, 1992 жылы 22-наурызда Абай облысы, Семей өңірінде дүниеге келген.
        Ақын, аудармашы, журналист. «Күз кіндігіндегі күмбір», «Ойсауыт маржаны», «Тәңірмен тілдесу» кітаптарының авторы.

 

САҒАН, ЕЛІМ

Даламның әрбір гүлін.
Бабамның тағдыр жүгін.
Арқалаған, асыл арман.
Жазылып балғын жырым.
Нәз үміт бар бір мұңым.
Бар ғаламға, жасыра алман.
Күйсем де, сен үшін де.
Биік қой ар — ұжданым.
Бала көңіл.
Сүйсем де, сел ішімде.
Жүректе нағыз жалын.
Саған, елім.
Тауыңның сандық тасы.
Бауыңның бау — бұтасы.
Шежіредей, оқылады.
Өзіңде ашып құшақ.
Сезінген бақыт құсап.
Еміренген, топырағы.
Күйсем де, сен үшін де.
Биік қой ар — ұжданым.
Бала көңіл.
Сүйсем де, сел ішімде.
Жүректе нағыз жалын.
Саған, елім.

КӨКЖАЛДЫҢ СӨЗІ

монолог
(Оспан батырдың рухына)
«Тайларды қосар. Байларды жалғар. Мен – өлсем.
Топырағына қазақтың тамыры құрлы теңелсем.
Көне деп жүргеннің көзі де мүмкін.. Біздер – ау,
Біздерден соң да, тасып та тасқын келер сең.
Ойбайды қаяу, бай – байды аяу, толғар ел.
Сондай еді деп те, көпіре көпшік қомдап ел.
Кіндікті кескен кір – қоңым қалған тарпаңым
Өзіңнен ассам… көзіңнен жасты ал, саңлақ ел.
Сәруар таңың, мәрмәр тауың, бұлыңдап.
Көкжалың жортқан ажал оғынан ұрын қап.
Жүрегім менің, жиырылып соқты тағатсыз,
Қоңырау далаңа, омыраулы обаңа, құлындап.
…Сондай дегендер! Тасыңа сенің қиса егер,
Тастан да жұмсақ сезімім барына тұмса бел.
Жұта да беретін өзімдей болып күні – түн,
«Ақиқаты ащы» – деп біреулері – жусан ер.
Асау жылдарға салсам да сонау бұғалық,
Бас бермей қарғып, өршеленеді ме тулап ырық?
Әжім басқан бауырыңда мені – құшып жат
Ақжаулығына әжемнің кірген қуанып!
Тынымсыз күндер… Тынымымды ал менен.
Әкемдей дүние! Әттеңің қалса, шалмамен.
Сүңгіп те кеткен құмыңа Құбыл Көкжалың…
«Еркіндік» сенен – ып – ыстық тамшы бар ма өлең!?»

«ҮШ АҚ ТАЛ ГҮЛ…»

Үш ақ тал гүл.
Түсі аппақ жыр…
Шіркін… Менің сезімім
Сусап қалғыр.
Үш ақ тал гүл.
Ынсап жан – бұл…
Арман – қиял жеткізбес,
Қусақ бәрібір.
Үш ақ тал гүл.
Ұжмақ – балбұл.
Сенің сүйкім жаныңдай,
Тамсап мағмұр.
Үш ақ тал гүл.
Ұшпақ тағдыр…
«Жұмбағынан жаралған» –
Бір сәт ән – гүл.
Үш ақ тал гүл.
Әр шақта нұр.
Үзіп алмай үлбірді,
Кіл сақтай біл.
Үш ақ тал гүл.
Шуақ – шам жыр…
Үшкіл дүние ұшында,
Аңсатты – ау, құр.
Үш ақ тал гүл.
Үш-ақ тал гүл…
Жарықжұлдызымдайсың.
Күш – тағаттандыр.
Үш ақ тал гүл.
Сыздатқан жыр…
«Жүрегім!» деп – Ж . . . . . !
…Құшақтап жүр.

 ТУҒАН ЖЕР ЭЛЛАДАСЫ

Туған өлке. Туған мекен. Тым ыстық.
Түңлік — Аспан Сәуле түскен күміс құт.
Мен ойланып отыратын төбеден,
Жүрегіме құйып жатыр жыр ытқып.
Тұмса кезім. Қанса көзім. Бұлдырық.
Тау обасы—көмбе жеткен «бір күлік».
Мың — мыңдаған, жымыңдаған жұлдыздар,
Арманымнан алған сонда сыр біліп.
Қарай — қарай ұзағынан сүйініп.
Көңілімнен көк ала бұлт үйіріп.
Тамшыма кеп тамшы қосты, туған жер,
Ақ жаңбыры ақ жанымды ұғынып.
сенің қырың жазып қалған көнені…
ат дүбірі, тақ сыбыры, о, нені?!
мен ғой сенің ең алғашқы тарихшың —
былдырыммен еркелеткен әуелі.
Бұлағың да, құрағың да, өзімдей.
ұшып жүрген құсың сынды сөзім кей.
махаббатты айтушы еді — ертек деп,
сұлулыққа ілінбеген көзімдей.
Бәлкім, бәлкім, сүңгітетін тереңге?
Жасыл барқын белдеріңді көрем бе?
Ақындардың ғұмырындай — қып — қысқа
«Сүйем деуім!» — сыяр ма екен өлеңге?..
Бір айтылған әнім қалды. Сонау күн
Мен де өзі құс — қиялды боп алдым.
Қараса ұлып қоя берер ТУҒАН ЖЕР
Қарашығы ыстық қандай жанардың…
…Мен ойланып отырған еһ, сол төбе
Жыр оқи ма, түнде, кеште, ертеде.
Сыңғыр үні кісінеген ЖОЛЫҢНАН
Бір Күлігің шауып жетсе өлкеңе…

ТАС РУХЫНДА, КЕЙПІМ – БҰЛ!

Ей, балбалдар, балбалдар!
Сөйлесеңдер қайтеді?
Дем берсеңдер, нетеді?
Күркірейін! Сілкінейін!
Қағандардай кешегі!
Даналардай көшелі!
Ей, Балдалдар ! Бабалар !
Кеткен құнын Түркінің —
Төлесеңдер қайтеді?..
Еске салдым, о, қайдан…
Алдаспандық ғұрпының –
Ен жайлаған жұртының –
Көктен бұйрып сөйлесе,
Жасын атып ғаламнан,
Күлтегіндей үн – түрім!
Көкке ұлыған… мен, тегі!..
Түмен – түстік құбылған!
Төрткүл дүние жығылған!
Қасиетіңнен айналдым!
Өсиетіңді ойға алдым…
…Мұң шағып тұр Көздерің…
Мір шарықты Сөздерің…
Қашалыпты тасқа дүр!
Жасаған Рух – Аспани!
Әлемге әмір сөзбен – жыр!
Мендей-ақ па, безбен ұл?!
Фарабилік кейпім бұл…
Бейбарыстық өртім бұл…
Басылмайды қайтқанша!
Үстем рухты… айт, қанша?!
Анау тұрған ескерткіш…
Мынау тұнған дес деп білш(і)…
Қара жерге көмбейін.
Тәңірі тартқан сертімді.
«Түркілеген» дертімді.
Бұл-бұл ұшқан көзден бұл!
Оралады әйтеуір!
Оу, мұнарма, мұнарма!
Кекіліктей замандар…
Сенің қиыр – шиырыңды:
«Тәспілеуге» шамам бар!
— Оңалады санам – жар!
Ұмытпашы, «Бұйыруды!».
…Беу, БАЛБАЛДАР!
Кеукеулеген, БАБАЛАР…
Еш өлмеген, Қағандар…
Дем берген өр – Маған әр!
— Сөйлесеңдер, қайтеді???
Тілдесуге… Үндесуге… Мұң кешуде —
Асан – Қайғы – жыр көшіргем…

АҚЖҰЛДЫЗ АҒЫП ТҮСКЕНШЕ

Ақ қарлар…
Менің арманым!
Ақ таулар…
Менің ойларым!
Ақ бұлттар…
Менің жырларым!
Ақ жаңбыр…
Менің жылдарым!
Ақ сәуле…
Менің нәзігім!
Ақ түндер…
Менің бәз үнім!
Ақ қарда…
Іздер ерімес.
Ақ тауда…
Түздер соны көш.
Ақ бұлтта…
Жасын жаралған.
Ақ жаңбырда…
Тамшы тоналған.
Ақ сәуледе…
Апта, Күн күту.
Ақ түндер де…
Мұң бүрку – мың бір түн!
…Ақжұлдыз ағып түскенше..

БІР АҢҚЫЛДАП ҚАЛҒАНДА

Бір аңқылдап қалғанда шын аңқылдап,
Не бар дейсің ақынға шыннан қымбат?
Кесесіне көңілдің сыр толтыра,
Сыйға тартсам кетпеңдер сырдан сырғақ.
Бәріңді де жүрек пен ақ көрем де,
Шиырлаймын жап – жарық шақты өлеңге.
Шарықтасар жан іздеп қырандарша,
Қалықтасам сөкпеңдер қақ төбеңнен.
Ал кейде бір күз бұлты секілденіп,
Мұңымменен бұлттансам шөкімденіп.
Жүректегі дертіңді жыр суырып,
Алса егерде, ол менің – отым деп ұқ!

ТОРЫ АСАУ

(баллада)
Мінер жақтан үркіп қалған шу асау,
Сылаң қаққан құйғытқанда тым асау,
Жаясына қамшы баспай заулайтын,
Шашасына шаң жұқпаған Торы асау!
Жылқы үйірі айғырымен танылар.
Жылқышының құрығының қалы бар.
Қабағына сарыаязда мұз қатып,
Кіртілдетіп тұяғынан сары қар.
Әлкең танып құлынынан торының,
Сынға тартып іштей көзбен порымын.
Басып мінген асаулардан Борлыда,
Мінезінің қара деді шодырын.
Шодыры жақсы Әлкеңе өзі шобырдан.
Бозбала шақ бозаңда өскен ол бір паң.
Тоқымына қақ тұрмайтын жануар,
Жел естіріп оңынан да солынан.
Торы асауды өзі ғана бап білген,
Шалқұйрықша құйрық – жалын шарт түйген.
Елеңдеген еліктен де үрікпейтін,
Тізгіндесе, Әлкең әнмен салт мінген.
Тау ішінде түздің жортқан бөрісін.
Соғып алған сойылымен «соры үшін».
Құрайттап қыс қаңтарда торыны,
Қияуынан қия салар қонысын.
Шіркін, кербез жөн көргенмен жорғаны,
Таңдандырған Торы асаудың мөр – қалы.
Сәкен әнін тау ішінде қыздырып
Қостарын – ай жылқышының сондағы…
Жылқы – текті көшпендінің жолынан.
Торы асаулар таңылар ма тобынан.
Бар айтқаны қара күзде қаз қайтар,
Қараөкпенің мерт болды асау салынан.
Әлкең деген әкем еді дүм – дүрсін.
Рухын іздеп Торы асауы шыңғырсын…
Көкжал жайлы әңгімесін жұрт білер,
Тұлпар жайлы әңгімені кім білсін?..

 ҚОҢЫР АҒАМ…

Сен сезесің. Көресің. Үнсіз бәрін.
Дүниенің дүбірін. Құнсыздарын.
Жүрегің ғой, айтпайтын, мейіріммен,
Жаралғанын жаныңның жұлдыздан нұр.
Айтпа. Айтпа. Осылай дұрыс бағдар.
Айтып алып не шара ұғысқаннан?
Жұмыр жердің үстінде мылқау тіл боп,
Көзбен оқып, көңілмен ұғысқан жан.
Қоңыр ағам… Қоңырау сыңғыр етер.
Дімкәс тартқан күздердей сынды – мекен.
Сен қалайша дүние айналғанын,
Ойланбаған бауырыңнан білдің екен?
Бір ақыры жолдардың тұйығынан,
Қарауылдап тұрарда құйын бұрап.
Сезінермін. Менде үнсіз, бірақ, ол сәт,
Ертегідей айтылар шыны – қылаң.
Қоңыр ағам! Көргенсің сен бәр – бәрін.
Толғанғанын түндердің, ай толғанын.
Мынау дүние, үнсіздік теңізінен,
Шашып – шашып жіберсе маржандарын…

ӨМІР СҰРАҒЫ

Барлық сұрақ ең қысқа.
Тарлық тұрад кең тұста.
Қиялдайсың өзіңше,
Қанат бітіп сен құсша.
Алдамшы ғой, — бос өмір.
Жалғаншы ғой. Өлшем құр.
Жанарыңды арбатып,
Дүние көркін көрсең бір.
Еһ, өкініш кімде жоқ?
Ащы – тәтті тілде сөк.
Бағаң бар ма, білмейсің.
Арзандарға жүлде көп.
Жастық кезің уда – шу.
Қарттың кезің у – жасу.
Жігерленіп, сілкініп,
Қадап түле шыңға ту.
Ар – ұятты қос тізгін.
Қатар желдір өскінім.
Ақы – пұлдан қымбат біл,
Көңлін жықпау ешкімнің.
Үлкен басың иіле.
Кішік болу — ұлылық.
Жүрек айтса, сүйіне,
Тыңдау ол да сұлулық.
Үміт – жасыл. Жан – шырақ.
Дәптер қалың. Тамшы – бақ.
Өмір деген – ұйыққа
Тіреледі бар сұрақ…

ШОЛПЫҢНАН СҮЙДІМ, МАРҚАКӨЛ

Түн сүтін ішкен Марқакөл,
Жұлдызға сүйеп үр басын.
Тып – тыныш тұнған шалқар көл,
Алтыннан құйып сырғасын.
Аунай да кетсем төріңе,
Барқытқа барқын жай тауып.
Ән саулап ғашық өмірге,
Самсаудан шіркін марқайып.
Бебеулеп бозың қиырдан,
Қиырдан сонау гүл құштым.
Үрзада сүйіп қиылған,
Жүзіңді күйме тұңғыш күн.
Менің де, сырлы, сыңғыр да,
Жырыма ұйып түр құлақ.
Бусанып жатқан тұнжыр да,
Жусаны аңқа қыр – құрақ.
Маралым, кербез, маралым,
Ғасырлар өбіп еркелер.
Ақ самай шашты тарадың,
Патшадай туған – ертегі ел.
Ақ жауын сезім нөсерлеп,
Ақ боран өзі тыңдаған.
Тұтанған жасын өшер ме от,
Табиғат тылсым шырмаған.
Билеген бөздей қайыңдар,
Ақсамал асқақ күйімен.
Жұмбақ та жатыр сайыңда әр,
Тәңірдің тұтқан сыйымен.
Бүлкілдеп желген киіктей,
Бүртігі ойдың шоқтайды.
Сырбаздығыңа биіктей,
Жүрегім, неге, соқпайды?!
Сенде бал қыздың қылығы,
Қытықтап қудай жанымды.
Тарқалып өзен бұрымы,
Тартады көзді сағымды.
Тарта бер, мейлі, таңырқап,
Сабырым түге қалмасын.
Сұлулығыңа жаңылсақ,
Термелеп тізген тау – тасың.
Серпіле тағы жұтайын,
Жұтайын демнің сұйығын.
Асан боп қобыз бұтайын,
Қарағайыңнан жерұйығым.
Аңызға сенген арудай,
Аңырап келдім, Марқакөл!
Жалбыздай жұлып жанымды – ай,
Жамырап келдім, Марқакөл!
Бейіштен құндақ бағаңды,
Йіскеп жұтсам, Марқакөл!
Кірпігің қағып маған бір,
Сүйсіне қалып, Марқакөл!
Төңкеріп қара көзіңмен,
Зерленіп тұрып, Марқакөл!
Өң беріп дала сезіммен,
Кермиық тымық, Марқакөл!
Тоғыз да перне бойлатып
Марқакөл, тұрқың, сал бұраң!
Асандай қобыз ойнатып
Аспанға жол аш, бағзыдан!
Шолпыңнан сүйдім, МАРҚАКӨЛ!

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...