Home » PRESS RELEASE » News » АСТЫҚТЫ ӨҢІРГЕ БАУЫР БАСҚАН ОҢТҮСТІК ӨРЕНДЕРІ

АСТЫҚТЫ ӨҢІРГЕ БАУЫР БАСҚАН ОҢТҮСТІК ӨРЕНДЕРІ

          «Серпін-2050» – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамту мақсатында тікелей мемлекет тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба. Бұл жобаның нысанасы – еліміздің оңтүстік аймақтарының талапкерлерін солтүстік өңірлерінің жоғары және кәсіптік орта оқу орындарында білім алу үшін бағыттау.  
           Еліміздің экономикасын өркендету мақсатында солтүстік аймақтарда өндіріс орындары, кәсіпорындар көптеп ашылуда. Сол себепті ірі зауыттары мен кәсіпорындары бар, сол өндіріс орындарын кадрлармен қамтамасыз ететін оқу орындары бар аймақтарда білім алу неғұрлым тиімдірек. Қостанай облысына барған сапарымызда бағдарлама аясында атқарылып жатқан істермен танысуды жөн санадық. Біздің жолымыз Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетіне түсті. Университет ректоры Сейітбек Қуанышбаев жоба аясында білім алып жүрген студенттердің алдында тек жақсы маман болу ғана емес, өз елін сүйетін патриот, алғыр да өнегелі азамат болу міндеті тұрғанын айтып өтті. Өйткені, балаларын алыс сапарға жіберген елі, ата-анасы, ағайыны, мемлекет, тіпті Мемлекет басшысының өзі оларға зор үміт артып отыр.  Сондықтан олар ел болашағына немқұрайлы қарамай, қоғам өміріне белсене атсалысуға барынша ұмтылып жүр.
         Университет басшысының айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша 3000-нан астам жасты түрлі мамандық бойынша оқытып шығарған. Бүгінде университет педагогикалық, ауыл шаруашылығы, техникалық, ІТ  бағыттары бойынша  мамандар даярлайды. «Серпін» бағдарламасы бойынша бүгінде 154 студент білім алуда.
         Өткен жылдан бастап серпіндіктердің жұмыс өтеу бағдарламасына өзгерістер енгізіліпті.  Енді олар Қазақстанның 11 облысының бірінде жұмыс орнын таңдау құқығына ие. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі талап бойынша осы бағдарламамен оқыған студенттердің оқыған жерлерінде жұмыс істеулері керек болатын. Нақтысы, үш жыл оқыған өңірінде жұмыс істеулері тиіс еді. Бұл мерзім екі жылға қысқартылып отыр. Қостанай облысындағы өндіріс орындары мен кәсіпорындарының көптігінен түлектердің 20 пайызы осында қалып, еңбек етеді екен. Мұнда студенттер 104 мамандық бойынша білім алады. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында Түркістан облысынан 91 жас келіп, білім нәрімен сусындауда.
        Студенттердің әр күні түрлі бағдарламалар бойынша әзірленген  іс-шаралармен өтеді. Айталық, біз барған күні «Шынықсаң, шымыр боласың» спартакиадасы өтіп жатты. Онда спорттың волейбол, баскетбол, футбол,  арқан тартыс, күрес түрлері бойынша сайыстар өткізілді. Спартакиадада серпіндіктер жүлделі орындардан көрінді.
         Сонымен бірге облыстық жастар ресурстық орталығының тапсырысы бойынша жастардың «Студент көктемі–2023» шығармашылық фестивалі өтті. Фестивальдің бірінші күні фотокростан, шағын футболдан, волейболдан, баскетболдан жарыстар өтіп, соңы интеллектуалдық ойындарға ұласты. «Жайдарман» ойынына қатысатын жерлестеріміздің көптігіне қуандық. Екінші күні спорт түрлерінен финалдық ойындар мен гала-концертті тамашаладық. Бірінші орындарды интеллектуалды ойынға қатысқандар, «Жайдарман» командасы, футболшылар мен баскетболшылар иемденді. Гала-концертте университет командасы үшінші орынға ие болды. Осы шара барысында университет жастары 500 000 теңгенің сертификатына ие болды.
        Біздің іссапарымызбен тұспа-тұс университетте «Парасат» дебат клубының ұйымдастыруымен «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» атты республикалық турнир өтті. Турнир жеңімпаздары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Осындай ауқымды іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне университет проректоры Нұрлыхан Темірбековтің қосып келе жатқан үлесі орасан зор.
       Серпіндіктердің хал-ахуалдарымен танысқалы келгендіктен олардың тұрмыстық жағдайларына да зер салдық. Мұнда студенттердің жайлы қоныстануына, сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалынған. «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасымен білім алып жатқан студенттер 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етілген.
       Ректордың оқу-тәрбие және көпшілік ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрлыхан Темірбековпен бірге біз түркістандық студенттермен кездестік.  Университетке облысымыздың  Бәйдібек, Сауран, Сайрам, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Отырар, Шардара, Түлкібас аудандарынан келіп, оқып жатқан жастар көп екен. Солардың ішінде Ирисай Инагамжанова (Төлеби ауданы, Загамбар ауылынан), Әсия Мирякуб  (Жетісай ауданы, Абай ауылынан), Диана Әзімхан (Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылынан),  Ардақ Жақсылық (Сайрам ауданы, Құтарыс ауылынан), Айдана Қуат (Отырар ауданынан), Еркежан Халық (Арыс қаласынан),  Аружан Нұртаза (Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылынан), Нышанкүл Әшімова (Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінен), Бибарыс Махамбетов (Сарыағаш ауданы, Құрама ауылынан), Айтуған Тәжіхан (Мақтаарал ауданы, Өнімкер ауылынан) сынды студенттер Қостанай қаласына келіп, жоғары оқу орнында оқып жүргендерін мақтаныш етеді. Оларға Қостанайдың табиғаты да, адамдарының қонақжайлылығы да, ұстаздарының білімге жетелей білетін мейірімді жүректері де ұнайды.
           – Қостанай деген жердің бар екенін мектепте оқып жүргенде білетінбіз. Бірақ, көрмеген өңір. Сондықтан ауыл іргесінде оқығанша, мемлекетіміз қолдап тұрғанда алыс аймақта білім алғым келді. Мұнда өмір сүруге үйренесің. Өз алдыңа тіршілік жасауға бейімделесің. Негізінен мен өзбек қызымын. Ал, мұнда қазақ әдебиеті мен тілі пәні мамандығы бойынша оқып жатырмын. Біз қазақтармен аралас-құралас тұрамыз. Олармен етене араласқанымыз соншама, ұлтқа бөлініп көрмедік. Енді менің қазақ балаларына ана тілін үйреткім келеді, – дейді бізбен әңгімелескен Ирисай Инагамжанова.
          Міне, оқу жылы да аяқталып қалды. Олар емтихандарын тапсырып болған соң ауылдарына қайтпақ.
          – Біз астықты, өндірісті өңір – Қостанайға бауыр басып қалдық. Осында қалып, еңбек еткіміз келеді, – дейді түркістандық студенттердің бір тобы.
          Иә, Қазақстанның қай түкпірі болсын, өз Отаның. Қай жерде жүрсең де туған елді көркейтуге атсалыссаң, бұл сенің азаматтық борышың. Тәуекелшіл, өзгерістерден жасқанбайтын, белсенді, өнерге құмар, білімді жастардың еліміздің жарқын болашағына жұмыс істеуге бел байлағандарын көріп, разы көңілмен аттандық.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 
Қостанай қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...

ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ЖІТІ РЕСПИРАТОРЛЫҚ ВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК

        ...

12 СӘУІР – ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

       Құрметті ...

ИНСУЛЬТ: АЛДЫН АЛУ МЕН АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

        ...

ТІС ПАСТАСЫН ТАҢДАУ ЖӘНЕ ТІСТЕРДІ ҚАНДАЙ УАҚЫТТА ЖУУ КЕРЕК?

        ...

12 СӘУІР-ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ КҮНІ!

        ...