Home » PRESS RELEASE » News » ҚАЗІРГІ БАЛАЛАР ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

ҚАЗІРГІ БАЛАЛАР ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ЖАҚСЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

           Қазақ әдебиетіндегі ең қиын сала танылатын екінің бірінің батылы бара бермейтін балалар әдебиетіне өзіндік үнімен 2000 жылдары келіп қосылған  Серікбол Хасан  әдеби ортаның үмітін ақтап, 20 жылға тарта шығармашылық өмірінде жас бүлдіршіндерге арнап «Көбелек», «Кәусар» атты  жинақтарын ұсына білді. Енді біз «Абай кз» оқырмандарына балалар ақынының әдебиетіміздегі күрделі саланың түйткілді мәселелеріне қатысты ой-толғамдары мен пікір-парасатын ұсынып отырмыз.
         – Балалар кітабының еліміздегі нарыққа шықпай жатқанына не кедергі?
        – Олай бірден кесіп айту қиын. Себебі қазіргі кітап нарығындағы жақсы сатылып жатқан кітаптардың бір шоғыры – балалар кітаптары. «QASYM баспа үйі» әлем және қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларып қайта басып шығарса, «Steppe&World баспа үйі» әлемдегі қазіргі озық әдеби кітаптарды қазақ тілінде аударып шығарып, еліміздегі кітап нарығын толықтырып отыр. «Мазмұндама» баспасы да іскерлік, танымдық әдебиеттен бөлек, көркем әдебиетті шығаруды қолға алды. Осы баспалардан шығып жатқан кітаптардың тең жартысы – балалар әдебиеті. Сондықтан балалар кітабы нарықта көрінбейді деген қисынға келмейді. Әрине, қазіргі балаларға арналып жаңадан жазылып жатқан шығармалар кітап сөрелерінен көрінбеуі мүмкін. Оның бірнеше себебі бар.
           Ең алғашқысы – балалар өлеңдерінің қазіргі кітап нарығындағы сатылымы төмен. Бұрынғы шығармалардың дені өлеңмен жазылатын. Бұрынғылар батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, дастандарды құшырлана оқитын, өлеңмен өрілген шығармаларды жақсы қабылдайтын. Мұхтар Әуезов мұны қазақтың ақындықты сүюімен байланыстырған болатын. Әуезовтің «Өлеңсіз, әңгімесі, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да ұқпаған, ықылас қоймаған» деген сөзі бар. Ал қазір керісінше, оқырмандар өлеңмен жазылған шығармаға қарағанда прозалық жақсы қабылдайды.Содан болар Бекарыс Нұриманов Жүсіп Баласағұнның бұрын өлеңмен өрілген «Құтты білігін» қара сөзбен қайта жазып кітап етіп шығарса, Саят Қамшыгер батырлар жырын проза түрінекелтіріп, оқырманға ұсынды. Бір жағынан бұл да дұрыс та шығар. Бүгінгі кітап нарығында қандай сұраныс болса, соны ескеріп жұмыс істеу керек. Заманның талабы – сондай.
         – Қазіргі жастар арасында балалар әдебиетіне ден қойғандардың арасынан кімдерді бөле-жара айтар едіңіз?
            – Алдымен үлкендерден бастасақ, алдымызда Байбота Қошым-Ноғай, Арасанбай Естенов, Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, Ділдар Мамырбаева, Нұрғали Ораз, Серік Нұғыман, Есей Жеңісұлы, Алмат Исәділ, Саят Қамшыгер, Қуат Адис секілді аға-апаларымыз бар. Олардың ізін басып келе жатқан жас буын ретінде Нұрлан Құмар, Мира Сембаева, Ернұр Сейдахмет, Әлібек Байбол, Олжас Қасым, Мейіржан Жылқыбай, Еділбек Дүйсен, Зәуре Төрехан, Рүстем Сауытбайды атауға болады. Балалар әдебиетінің қоржынын толықтырып жатқан жастар ретінде осы замандастарымызды атар едім.
          – Қазақ тіліндегі балалар кітаптарын арзан бағамен жас оқырманға жеткізуге үшін қандай қадамдар жасалуы керек?
          – Бұл да – кітап нарығының мәселесі. Кітаптың құны арзан болуы үшін, таралымы өте жоғары болуы керек. Сосын қағазы да арзан, мұқабасы бен беті жұқа, суреті де тартымсыз болса, ондай кітаптың құны арзанға түсуі мүмкін.
          Кітаптың қымбат болуының негізгі себебі – типография қызметінің қымбаттығына байланысты. Бізде қағаздың дені шетелден келеді, соған сай кітапты шығарудың өзіндік құны да қымбатқа түседі. Ал ол кітап дүкендерге жеткенде үстіне сатушының бағасы қосылады, сөйтіп одан бетер қымбаттайды. Әйтпесе, балалар қаламгерлерінің ешқайсысы кітап сатып байыған емес.
         Әдеби кітаптар ішінде балалар кітабын шығару өте қымбатқа түседі. Оның себебі балалар кітабының суретті, қатты мұқабалы болуына байланысты. Қазір жақсы иллюстраторлар бір суретті кемі 30 мыңға салып береді. Ал балалар кітабында кемі 20-30 сурет болуы керек. Ол да кітаптың өзіндік құнына әсер етеді. Осындай толып жатқан мәселелер бар.
         Өкінішке қарай, мемлекет бұл мәселені шешуге талпынбайды. Қанша рет көтердік, бірақ әлі күнге шешілген жоқ. Мемлекеттің балалар кітаптарын шығаруға бөлген қаржысы өте төмен. Редактор таңдауыңа мүмкіндік бермейді, иллюстраторлардың еңбегін ескермейді, авторға жақсы қаламақы бермейді. Мемтапсырыспен шыққан балалар кітаптарын қалай болса, солай шығарады. Мысалы, былтыр мемтапсырысмен «Фолиант» баспасынан «Жаңа қазақ әдебиеті»сериясы бойынша3000 таралыммен «Күшті бала» деген кітабым шықты. Кітапты шығаруға 2 565 000 теңге бөлінсе, соның 10 пайызы ғана авторға қаламақыға бөлініпті. Баспадан 77 кітап сатып алдым. Қосымша ұстап қалатыны бар, сонда қолыма 150 мыңнан сәл асатын қаламақы тиді. Бір жылдары Мәдениет және спорт министрлігі әрбір баспа табаққа 150 мың теңге төленетінін айтқан болатын. Мұның балалар әдебиетіне қатысы жоқ секілді. Айтайын дегенім, балалар кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығарарда автордың көз майын тауысып жазған еңбегі ескерілуі керек.
          – Орта мектепте балалар әдебиеті қалай оқытылып жатыр?
          – Егер мектептердегі «Әдебиет» оқулығы туралы сұрасаңыз, көңілім толмайтын тұстар көп. Оқулықтарда балалар әдебиетінің озық үлгілері қамтылмайды, сүзгіден өткізілмейді. Өткенде әлеуметтік желіден бір ата-ананың 2006 және 2018 жылдары шыққан екі «Әдебиет» оқулығын салыстырған видеосын байқап қалдым. Шынында, кейінгі «Әдебиет» оқулықтарының мазмұны төмендеп кетті. Оқулық құрастырушылары ізденбейтін, тіпті әдебиеттің мәні мен әдістеменен хабарсыз секілді көрінеді. Әрине, оқулықтар мектеп бағдарламасы бойынша жазылады. Сондықтан мектеп бағдарламасын жасап отырған адамдарға да осы сұрақ қойылу керек.
          – Елімізде балалар жазушыларының шығармармалары ғалымдар тарапынан қалай зерттеліп жүр?
           – Жақында белгілі жазушы, сыншы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыштың «Қазақ балалар әдебиетінің тарихы» атты 2 томдық кітабы жарыққа шықты. Кітапта балалар әдебиетінің тарихына қатысты шолумен бірге балалар әдебиетіне үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылық портреті берілген екен.Мұны балалар жазушыларының шығармарын талдаған үлкен еңбек деп білемін. Алдағы уақытта қалған томдары да жарыққа шықса, балалар әдебиетінің бүкіл бағыты толық талданады деп үміттенеміз. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қазақ балалар поэзиясын арнайы зерттеп, докторлық диссертация қорғады. Балалар әдебиеті жайлы бас да диссертациялар қорғалып жатқанын естиміз. Қаламгерлердің мақсаты балаларға лайықты әдебиет жазып қалдыру, ал ол шығармалардың ғылыми зерттелуі – ғалымдардың еншісінде.
          – Қазіргі еліміздегі қазақ тілінде балаларға арнап шығарылып жатқан газет-журналдар мен сайттарға көңіліңіз тола ма?
           – Балаларға арналған tattialma.kz,balalaralemi.kzсекілді сайттар бар. Алайда балаларға арналған барлық контент жинақталған толыққанды портал бізде жоқ. Бұрын балалар басылымдарының zhasorken.kz сайтын жүргізгенмін, қазір ол сайт та жабылып қалған секілді.
          Ал балалар басылымдарының төресі «Балдырған» журналы деп есептеймін. Себебі кішкентай балаларға эстетикалық тәрбие беру міндетін жалғыз «Балдырған» атқарып келе жатыр. Биыл – «Балдырған» журналының – 65 жылдық, журналдың тұңғыш бас редакторы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдық мерейтойы. Осы атаулы даталар мемлекеттік деңгейде тойлануы керек еді. Жылдың жартысы өтті, әлі тыныштық. Мемлекеттің балалар басылымдарына, олардың кешегі-бүгінгі қызметкерлеріне деген көзқарасын осыдан-ақ байқауға болады.
          Бұрын «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газетінің бас редакторы болып қызмет істедім. Балалар басылымдарының жай-күйі маған жақсы таныс. Бұрын аздап көш ілгері еді, қазір тіптен қиындап бара жатқан секілді. Балалар басылымдарының бірінші мәселесі – таралым. Интернет, смартфон, әлеуметтік желілер жоқ кезде балалар басылымдарының таралымы 30-70 мың аралығында болатын. Кешегі пандемия кезі де балалар басылымдарының таралымын азайтып жіберді. Редакция мен оқырман арасындағы байланыс ажырады.Балалар басылымдарының оқырмандары – мектеп оқушылары. Қазір «мектепте жазылуға мәжбүрлемеңдер», «тіпті газет-журналға жазылмаңдар» деген «бұйрықтар» шықты. Соның салдарынан балалар басылымдары қызметкерлерінің мектептерге келіп насихат жұмыстарын жүргізуіне, балалардан жазылуға ақша жинауына мүмкіндік берілмейді. Редакция өз оқырмандарымен еркін жүздесе алмаса, оларға газет-журналдарын насихаттай алмаса, бұдан кейін қалай таралым көбейеді? Мысалы, «Балдырған» журналын алайық. «Балдырғанның» оқырманы – 5-10 жастағы бүлдіршін. Оған «Балдырған» деген жақсы журнал барын не мұғалімі, не үйдегі ата-анасы айтпаса, жаздырып ықпал етпесе, бестегі бала журналға қалай жазылады? Балалар басылымдарының қолының байланып отырған бір себебі – осы.Менің ойымша, әр мектептің кітапханасында «Балдырған», «Ұлан»секілді балалар басылымдары тұрғаны дұрыс. Сол кезде балалар газет-журналдарды көріп, қызығып, ары қарай өздері жазылуы мүмкін.Сосын әрине, балалар басылымдарын заман талабына сай жаңғырту, штатты ұлғайту, тарату-жеткізу қызметі секілді толып тұрған проблемалар бар.
        – Ең алғашқы балаларға арнап жазған туындыңыз туралы айта кетсеңіз?
        – Балаларға арналған алғашқы әңгіме, өлеңдерімді студент кезімде жаза бастадым. «Ұлан» газетінде «Спорт – менің серігім» деген топтамам жарық көрді. Ал балаларға арналған алғашқы жинағым – 2009 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан шыққан пышақтың қырындай ғана «Көбелек» деген кітап. Бұл жинаққа балаларға арналған алғашқы әңгімелерім енді. Кейін әңгімені сиретіп, бірыңғай өлеңге көшіп кеттім. 2021 жылы балаларға арналған «Әкесінің қызы», 2022 «Күшті бала» деген өлең кітаптарым шықты.
         – Әлемдік балалар әдебиетінен кімдердің шығармасын ана тілімізде сөйлеткізің келеді?
         – Шетелдік авторлардың өлеңдерін қазақ тіліне аударып көрдім, оқырман тәуір қабылдаған секілді. Баспалар тарапынан ұсыныстар түссе, шетелдік балалар ақындарының кітаптарын (ағылшын, француз, орыс тілдерінен) ана тіліне аударуға дайынмын.
         – Қазақ балалар әдебиеті дамымай қалды деген пікірге қалай қарайсыз?
          – Бұл біржақты пікір деп білемін. Балалар әдебиеті ғана емес, әдебиеттің барлық саласы қазір бұрынғы уақыттарға қарағанда кенжелеп тұр. Драматургия, сын саласын қолына алып жатқан қаламгерлер сирек. Шынын айтқанда, қазір әдебиетпен айналысып жүргендердің көпшілігі – әдебиетті сүйетін, оның келешегі үшін уайымдайтын, шын берілген адамдар.
           Балалар әдебиетінің қазіргі бағыты қалыпты деуге болады.Мемтапсырыспен де, жекелей де балалар авторларының кітаптары шығып жатыр. Кітап дүкендеріне түсіп, кітапханаларға таратылып жатыр. Қазіргі кітап нарығында балалар кітаптары өтімді. Біздің жеке баспалар да кітап нарығын жақсы еңсеріп келеді. Алдағы уақытта баспалар мен авторлар арасында жақсы түсініктік қалыптасса, бір бірін толықтырса, балаларға арналған жаңа кітаптар көптеп шығады деген сенімдемін.
         – Балалар әдебиетінде кенжелеп қалған комикс пен раномбэ жанрларының қайтсек көсегесін көгертеміз?
         – Комикс жанрындағы жарық көрген еңбектерге атсалысып көрдім. Комикс шығару үшін автордан бөлек талантты иллюстратор керек. Сосын ең басты керек нәрсе – әрине қаражат. Әзірше бұл бағытты зерттеп жатырмын. Егер кішкентай оқырмандардың сұранысы болса, қолға алуға болатын секілді. Ранобэ жанрындағы дүниелерді де қазіргі балалар жақсы қабылдайтынын байқадым. Бірақ өзіме онша ұнаған жоқ. Бұл жанр жайлы білетінім аз екен.
        – Балалар қаламгерлерін марапаттайтын арнайы байқауды ұымдастыру жайында не айтар едіңіз?
        – Марапат шығармашылық адамына мотивация береді. Оның үстіне жазған еңбегі кітап болып шығып, ел жақсы қабылдап жатса – еңбегінің ақталғаны. Жоғарыда айтқандай балалар кітабын шығарудың құны қымбат. Сондықтан балалар қаламгерлері байқаулардан марапат алып жаста, жаңа кітабын шығаратын қаражат тауып жатыр деп түсіну керек.
          Өз басым «Алтын тобылғы» (2015),  «Рух» (2017), «Ұлы дала» (2018) секілді байқауларының «Балалар әдебиеті» аталымы бойынша жеңімпазы атандым. Аллаға шүкір, қазір қаламгерлерге арналған әдеби байқаулар көбейіп келеді. Былтыр «Айбоз» деген байқау қосылды. Бір жақсысы бәрінде «Балалар әдебиеті» аталымы бар. Бұл – қаламгерлерге берілген жақсы мүмкіндік. Балалар әдебиеті үшін барын беріп жатқан қаламгер замандастарымның бәріне сәттілік тілеймін! Балаларға шығарма жазу оңай емес. Сондықтан осындай қиын да қызықты жолды таңдаған балалар бағбандарының бағы жана берсін!
        – Сұхбатыңыз үшін рахмет!
        – Сізге де рахмет!
Әбіл-Серік ӘЛІӘКБАР,
әдебиеттанушы журналист, Семей қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...