Home » Әдебиет » РЕДАКТОР

РЕДАКТОР

         Шер-аға, Шерхан Мұртаза жайлы толғанғанда ең әуелі оның жампоз жазушылығынан бұрын редакторлығы еске түседі. Неге? Өйткені, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары Шерхан аға тәрбиелеп ұшырған талантты журналистер шоғыры республикамыздың белгілі қаламгерлері атанды. Олар өздерін әдебиет деген әлемге әкелген ағаларына ғұмыр бойы разы болып өтті. Осы ретте Шерхан ағаның шекпенінен шыққан бір топ қаламгердің естеліктері ойымызға оралды.
         «Өз басым менің «әдебиет» деп аталатын азабы көп ауылға келуіме әкемнің қаны, шешемнің сүті арқылы жаратылыс берген қасиет, одан кейін Шерхан аға себеп болды деп ойлаймын. Осы тағдырым үшін біреуге қарыздар болсам, осы үш кісіге – әкем Оңғарсын, анам Халима және Шерхан ағамызға қарыздармын».
        Қазақ әдебиеті көгінде жарық жұлдыздай жайнап-жанып өткен Фариза апамыздың өзі осылай тебіренеді. Шерхан ағаны әке-шешесінен кейінгі орынға қояды. Кез келген адам, мейлі ол шығармашылықтың шырқау шыңына шықсын, бұлай мойындай бермейді. Ал, зау-заңғар  шыңға қалықтап қыран да, өрмелеп жылан да шығады. Әңгіме – қалай шыға алуда! Биікке кім болып шығуда!
      …Онда Фариза Оңғарсынова Маңғыстау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде кіші әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүреді. Бір күні облыстық комсомол комитетінен бір қызметкер телефон шалады. Болгария астанасы София қаласында жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалі өтпек екен де, оған бір журналист керек болған. Таңдау Фаризаға түскен.
         Солай Гурьевтің шетіне де шығып көрмеген шынашақтай қыз Мәскеуден бір-ақ шығады. Жолай ол Сара Тыныштығұлова, Айгүл Қадырбаева, Көрік Дүйсеев сынды белгілі адамдармен танысады. Көрші купеде Шерхан аға келе жатыпты. Оның жанында бір совхоздың директоры бар екен.
        Жастар жүрген жер ырду-дырду, әзіл-оспақ, күлкі. Осы кезде купенің терезесінен үңіліп, даң-дұңға қосыла алмай үш адам отырды. Бұлар – Шерхан аға мен совхоз директоры еді. Үшіншісі, әрине, Фариза болатын.
       Ұзақ жол қажытты ма, әлде көңіл көтергісі келді ме, кім білсін, бір кезде Шерхан аға тарғыл даусымен ән бастайды. Оған совхоз директоры қосылады. Осылай келе жатқанда Шерханның көзі жастар жағына қосылмай, өзімен-өзі бұйығы отырған Фаризаға түседі. Жабығып отырған қызды аяды ма, басқа да ойда болды ма екен, Шерхан аға жас қыздан не жұмыс істейтінін сұрайды. Фариза ұялшақтап отырып, облыстық газетте қызмет ететінін айтады. Шер-аға елең ете қалса керек:
        – Өлең, әңгіме жазасың ба? – деп сұрайды.
        Қырағы қабақ бәлкім жас қыздың жанарынан бір ұшқын байқаған да шығар-ау!
      – Аздап жазатыным бар, – дейді болашақ мықты ақын қыз.
      – Онда неге «Лениншіл жасқа» жібермей жүрсің?
     – Жібергем, бірақ басылмайды, – деп Фариза шындығын айтады.
         Осы кезде сөзге директор араласады. Ол астаналықтардың ауылдағыларды менсінбейтінін айтып қалады. Артынан «Фаризаны жұмысқа алсаңызшы» деп қолқа салады.
         Шәкең – Шер-аға басын салбыратып отырған күйі тіл қатпайды.
        Софияда бір күні Шерхан аға Фаризаны қасына шақырып:
       – Бүгін біздің Гүлжан Талпақова билейді. Сол туралы «Лениншіл жасқа» жазып жібер, әрине, ауылға барған соң, – дейді.
       Фестиваль аяқталған соң олар Мәскеуге ұшып келеді. Ертесіне Шерхан аға Фариза орналасқан қонақүйге келіп:
        – Мен Алматыға бүгін ұшқалы тұрмын. Егер өлеңдеріңді жатқа білсең, маған жазып бере ғой. Мен сыртта күте тұрайын, – дейді.
        Фаризаның есі шығып кетеді. Өлеңдерін жазып берейін десе, қағаз табылсашы. Буфетке барып тамақ орайтын қағазды сұрап алып, өлеңдерін жазайын десе, есіне түссеші. Шындығында Фариза өлеңдерін жатқа білмейтін еді. Шерхан ағаның сұсты жүзінен сескенді ме әлде жүрегіне Жаратқан нұр құйды ма, «Менің Маңғыстауым» атты өлеңдер топтамасы аузына орала кеткені. Сонымен, бір сағаттай отырып бес-алты өлеңді жазып, дәлізде күтіп жүрген Шерхан ағаның қолына ұстатады.
         Не жақсы көргенін, не жек көргенін сездірмейтін Шерхан ағасы:
      – Ал, сау бол, айналайын, – деп бұрылып жүре берген ғой.
       Фариза ауылға орала салысымен жас биші Гүлжан Талпақова туралы «Биші бақыты» деген мақаланы жазып, оны «Лениншіл жасқа» жолдайды. Осы мақаласын күтіп жүргенде газеттің үшінші бетіне «Сен менің бақытымсың» деген топтама өлеңдері шығады. Жас ақын бұл өлеңдерін жарты жылдай бұрын жолдаған. Ендігі күдерін үзіп те қойған-ды.
       Сөйтсе, Шерхан аға жұмысына келе сала «Оңғарсынова деген ақын қыздың өлеңдері қайда?» деп сұрау салыпты. Әрине, таптырып алады. Топтама өлеңге тілек білдіріп, өмірге жолдама береді. Артынша «Лениншіл жас» газеті 16 бет боп шығады. Номер Қазақстан комсомолының 50 жылдығына арналған екен. Осы газеттің бір бетіне «Биші бақыты» атты мақаласы жарияланыпты.   Артынша буфеттің сарғыш қағазына асығып отырып жазып берген «Менің Маңғыстауым» өлеңдер топтамасы  жарияланады. Топтаманы түрлі штрихтармен безендіріп, әдемі өрнектепті.
          Фаризаның ақындық өмірбаяны осылай аяқ астынан басталады.
        Бұл кезде Фариза апамыз Гурьев қаласынан 20-30 шақырым қашықтықта орналасқан колхоздан қатынап жұмыс істейді екен. Бір күні Фариза апа жұмыс істейтін бөлімге Алматыдан қоңырау шалынады. Телефон шалып тұрған Әнес Сариев екен. Шерхан Мұртазаның ұсынысы бойынша «Лениншіл жас» газетінің Батыс облысындағы меншікті тілшісі қызметіне кел дейді. Ол жылдары «Лениншіл жас» – жазып-сызып жүрген әр жастың қол жетпес арманы еді. Бұл басылымда қызмет істеу түгілі, бір хабары шыққан адамның өзін Құдайдай көретін кезең!
          Фариза қыз сонда тұла бойы дірілдеп, бір қызарып, бір бозарады. «Егер сол жолы «Лениншіл жаста» Шерхан ағадан басқа біреу редактор болса, менің әдеби жолымның болу-болмауы екіталай еді» деп жазды Фариза Оңғарсынова кейіннен. Қазақ поэзиясы алыптарының бірі – Фариза апа Шерхан ағасының сеніміне қарыздар екенін айтып та, жазып та кетті.
       Мұны Шерхан ағаның талапты жастарға шынайы жанашырлығы, қамқоры деп білеміз.
       «…Сезімге бой алдыра отырып, ішкі әлеміңдегі құбылысты жалғыз ауыз сөзбен танып-түсінгің келеді. Сол кезде «Аға» деген сөзге іштей тоқтап, онсыз да аяулы ұғымға ең бір киелі мағына дарыта қайталайсың. Шынында да, біздің қатарымыздың Шерханды аға тұтуында айрықша мазмұн бар. Шерханның ағалығы жәй ғана жастың үлкендігі емес. Мұны кісілік жолындағы ағалық, ұстаздық қамқорлыққа ұласқан ағалық, өнер өрісіндегі ағалық десе лайық. Мұндай қасиеттің оңайға түспейтінін де, тегін адамның бойына дари бермейтінін де біз жақсы білеміз.
       Алпысыншы жылдардың аяғын ала өңшең бір жаңа толқын, жас талаптар  «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетін төңіректедік. Ол кезде Шәкең редактор. Бізге қайдағы бір тақырыптар бойынша тапсырма беріп, мақала жаздырады. Бір күні Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов және мені Шәкең шақырып алды да, үшеумізге бір күнде бұйрық шығарып, «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі етіп қоя берді. Фариза – Батыс Қазақстан облыстары бойынша, Мұхтар – Оңтүстік Қазақстан, мен Орталық Қазақстан облыстары бойынша тілші болып кете бардық.
         Орталық Қазақстан облыстары бойынша менің алдымда ғана «Лениншіл жастың» тілшісі болып Шерхан Мұртазаевтың өзі қызмет атқарып кеткенін естігенмін. Әлі есімде, кейін Сарыарқаның сайын дала, сағымды белдерін, ақарлы-шақарлы өндірісті қалаларын аралап жүріп, Шерхан ағаның сайрап жатқан ізін басқандай сезімде болып едім. Рас, ол кезде көп жайдың байыбына бажайлай қоймаған болуым керек. Бүгінгі сезім бір бөлек, тереңнен шымырлап, дүптен қозғалып, бір кездері әкеміздің «шырағым, жасы үлкен жақсы ағаны жағалап, ізін басып жүргейсің» деген сөзін еске түсіргендей. Бұрынғылардың «алдында көргені бар ғой» деп ұрпақтың мағыналы сабақтастығын көксеп отырғанында осындай мән бар екен-ау деген ой еріксіз бас изетеді. Бас изей отырып, сөз, сөздің байыбын жан жүрегімізбен сезініп, алдымызда Шерхандай ағамыздың болғанына шүкіршілік дейміз. Түптеп келгенде, біздің көгеріп-көктеуіміз биологиялық сабақтастығынан гөрі рухани сабақтастыққа көбірек байланысты екенін бүгінгілер жақсы білуге тиіс» деп толғанады Ақселеу Сейдімбеков.
       Осыдан-ақ Шерхан ағаның жастарға қаншалықты қамқор болғанын пайымдайсыз.
      Бір жылдары «Қазақ әдебиетінде» редактор болған Ахат Жақсыбаев жақсы ағасына жазған хатында былай дейді: «Университетті бітіріп, «Лениншіл жаста» істеген кезімде жетіліп, толысуыма қатты ықпал еттіңіз. Талайымыздың жеке тіршілігімізде сан рет шапағатыңыз тиді. Сізді арқаланып, талай шаруаларды тындыратынбыз. Қайда жүрсек те Сіздің жан жылуыңызды сезініп, Сіздей қамқор ағаның барына қуанатынбыз.  Қадіріңіздің өткені болар, әлі күнге дейін Сіздің алдыңызда шәкірт баладай именіп-ақ тұрамыз.
       Ұзақ жыл тапжылмастан бас редактор болып келесіз. Сіз редактор болған журналдың, газеттің тиражы күрт өседі. Неге олай деп таң қаламын. Сіз басқарған басылымның жақсы боларына ел әбден көз жеткізсе керек. Бұл шынында сирек кездесетін құбылыс. Ел Сізге «сөзімізді сыйлайды» деп сенеді. Халықтық мүддені қорғайтын талай батыл ойлар Сіздің аузыңызбен айтылатынын да ел біледі. Сіз – көрегенсіз, кісі танисыз. Қолынан іс келетін қабілетті жастардың талайын жақын тартып, жақсы жолға салдыңыз. Соңыңыздан ерген ниеттес інілеріңізді адастырған да, орта жолда қалдырған да емессіз. Өзіңізге тым жақындатпайсыз, алыстатып да жібермейсіз. Әйтеуір үнемі Сіздің назарыңызда екенімізді білеміз».
        Бұл жолдарды Шерхан ағамыздың тағы бір қырын ашу үшін әдейі алып отырмыз. Ахат ағаның сөзін Оразбек Сәрсенбаев та қуаттайды. «Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көш басында жүрген Ш.Мұртаза қаншама іні-қарындас, ақын, жазушыларға қолғабысын тигізбеді?! Әрдайым өзі дұрыс деп білген ақиқат үшін қаншама рет ақталуға түсіп жеңімпаз атанбады?!» деп Оразбек аға да Шерхан ағадан көрген жақсылығын жазып кетті.
       «Редактор ретінде Шәкеңнің «олай жаз, былай жаз» деп езіп отырғанын, құлаш-құлаш ақыл үйреткенін өз басым көрген емеспін. Оның орнына Шәкең жаза білетін, «балағының биті бар» дейтін жігіттерді тез таниды да, солардың өнімді еңбек етуіне бар жағдайды жасайды екен. Айта беретін «шығармашылық еркіндік» дейтініміз сол. Тіпті Шәкең комсомолдың Орталық Комитетінің кезекті бюро мәжілісінен келгенде де «бюрода мынадай әңгіме болды, мына мәселені былай жазыңдар, ана мәселені олай жазыңдар» деп жатпайтын. «Бір әңгіме болды, соның жай-жапсарын біліңдерші» дей салады. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмастың» дәл өзі. Сондықтан, жаныңды саласың. Шәкең қай жерге редактор болып барса да, сол басылымның маңдайы жарқ ете қалатыны содан-ау деймін. Сол кездерде «әрбір бөлім ай сайын кемінде бір проблема көтеруі керек» деген жазылмаған ұранымыз болатын» деп өткен кездерінен естелік қалдырыпты Нұрмахан Оразбеков.
        Осы жолдардан-ақ Шерхан Мұртазаның бүкіл адамгершілік болмысын тануымызға болады. Шерхан аға кезінде Қатонқарағайда жүрген Оралхан Бөкейді алдыртып, оның бір әңгімесінің тақырыбын «Қасқыр ұлыған түн» деп өзі қойып, «Лениншіл жас» газетіне қалай жариялағанын замандастары жақсы білсе керек. Сол Шерхан аға таныған, талпындырған Оралхан аға қандай биіктерді бағындырғанын оқырман бізсіз де беске біледі.
        Өмірге «Қызыл жебе», «Табылған теңіз», «Қара маржан», «Ай мен Айша» сынды ғажайып туындылар әкелген Шерхан Мұртаза биік мінбелерде де жебедей атылып, шындықтың бетіне шімірікпей тура қарап өтті.
        Менің бір қуанып та тақырқап отырғаным «Қазақ әдебиеті» газетіне Шерхан Мұртаза ағамыз редакторлық етіп тұрған кезінде екі мысал өлеңім жарияланыпты. Айталық, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1980 жылғы 31 қазандағы №44 санында «Әсіреқұмар», 1984 жылғы 26 қазанындағы №43 номерінде «Қауынның кергуі» атты мысал өлеңдерім басылыпты.
         Осы мақаланы жазарда сұңқар мінезді ағамызды сан қырынан ашатын таңғажайып тақырып іздеп сарсылғаным бар. Бірақ «Редактор» деген бір сөзге ғана тоқталдым. Өйткені, редактор – ұстаз, тәрбиеші, «балағында биті бар» талапты жастарды қолдаушы,өмірдің сан соқпақты бұралаң жолыңда қорғаушы,  биіктерге самғап ұшса – тілекші, жаңа қадамдарға бағыт берер жолдаушы. Бұлардан бөлек, жетекшілік, жол көрсетушілік, ұйымдастырушылық міндеттері жеткілікті. Осы қасиеттердің барлығын бір басына сыйдыра білген жан ғана нағыз редактор бола алады.
        Ал, Шерхан аға қай деңгейден алып қарасаңыз да бұл биіктен ойып тұрып өз орнын белгілеп кеткен қарымды қаламгер, нар тұлға!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...