МАҚТАҒА – ЖАҢА МӘН, ӨНДІРІСКЕ – ЖАҢА СЕРПІН
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Экономика
27/08/2026
3 Views
Мақтааралда құны 1 млрд. теңге болатын мақта майын өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Мақта – Мақтааралдың маңдайына біткен ырысы ғана емес, аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Ендігі міндет – ақ алтынды тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім өндіру. Осы бағытта ауданда жаңа өндіріс орны бой көтеруде.
Аудан әкімі Бақыт Асанов Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекенінде орналасқан «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты.
Қазіргі таңда кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанға қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Жобаға сәйкес кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу жоспарланған. Жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын өндірістік жобаның негізгі мақсаты – жергілікті жерде өндірілетін мақта шикізатын қайта өңдеп, дайын өнім шығаруды жолға қою.
Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл – ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып, мақта шаруашылығында жаңа өндірістік тізбектің қалыптасуына жол ашатын маңызды жоба.
Мақта өсірумен танылған өңір үшін мұндай кәсіпорынның экономикалық маңызы айрықша. Себебі өндіріс іске қосылғанда аудан шаруаларының еңбегі тек шикізат өндірумен шектелмей, оны өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға мүмкіндік туады.
– Мақтаарал – мақта шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан мақта шикізатын терең өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі аудан экономикасы үшін айрықша маңызды. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Кәсіпорынның тағы бір маңызды нәтижесі – 36 жаңа жұмыс орнының ашылуы. Бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Зауытты іске қосуға қажетті инженерлік инфрақұрылым да кезең-кезеңімен әзірленуде. Нысанға газ және ауыз су желілері тартылған. Жер учаскесі де қажетті мақсатта пайдалануға дайындалған. Кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.
Өндірістік кешен құрылысы барысында заманауи технологиялық шешімдерге басымдық берілген. Қазір зауыт аумағында өндірістік ғимараттар, технологиялық желілер мен қажетті инженерлік нысандар бой көтеріп, жабдықтарды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорын басшысы Боев Абдужалилдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – қалған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, технологиялық жабдықтарды толық орнату және өндірісті белгіленген мерзімде іске қосу.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Мақтааралдағы мақта өндірісіне тың серпін бермек. Шикізатты терең өңдеуге негізделген өндірістің қалыптасуы – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті сабақтастырып, жергілікті өнімнің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
2026-08-27