АУЫЗ СУ – ЕЛДІҢ БАСТЫ ИГІЛІГІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет
26/08/2026
4 Views
Тіршілік нәрі – тіршіліктің өзегі. Сондықтан халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін арттыратын маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте Мақтаарал ауданында ауыз су жүйелерін жаңғыртуға ерекше мән беріліп, бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Атакент кенті мен Өркениет елді мекеніндегі ауыз су жүйесін қайта құру жобасы. Қазіргі таңда мұндағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалып, жоба межелі мерзімге сай жүргізілуде.
Аудан әкімі Бақыт Асанов аталған нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
2024-2026 жылдарға арналған өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан құрылысқа республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге қаралған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «РАДИКОН» ЖШС жүргізуде.
Жобаның көлемі де қомақты. Екі елді мекеннің ауыз су жүйесін жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 116,7 шақырым су құбыры тартылуда. Бұдан бөлек, әрқайсысының сыйымдылығы 2000 текше метр болатын екі су резервуары, 127 өрт гидранты және 900 су құдығы (ВРК) қарастырылған. Бұл нысандардың барлығы ауыз су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
Атакент – ауданның ірі елді мекендерінің бірі. Мұнда қазіргі таңда 20 мыңға жуық тұрғын бар. Ал Өркениет елді мекенінде 2 мыңға жуық адам тұрады. Яғни, жүзеге асырылып жатқан жобаның игілігін 22 мыңға жуық тұрғын көреді. Бұл – жобаның әлеуметтік маңызын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.
Нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылай отырып, аудан әкімі Бақыт Асанов ең алдымен орындалып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сонымен бірге құрылыс мерзімінің сақталуы, инженерлік желілердің талапқа сай жүргізілуі және нысанды пайдалануға беру кезеңіндегі жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті.
Жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, нысанды белгіленген мерзімде ел игілігіне беру жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі таңда жобаның негізгі құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Алдағы кезеңде қалған жұмыстар толық орындалып, инженерлік желілердің белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілмек. Жоспарға сәйкес, нысанды 2026 жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Мақтаарал ауданында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бүгінде аудандағы 68 елді мекеннің 58-іне ауыз су тәулік бойы, ал 10 елді мекенге кесте бойынша берілуде. Тозығы жеткен су жүйелерін жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл ауыз су жүйелерінің жағдайы күрделі 10 елді мекеннің төртеуінде қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Атакент кенті мен Өркениет елді мекеніндегі ауқымды қайта құру жұмыстарымен қатар, Шаттық және Ақалтын елді мекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда.
2026-08-26