КӘСІПКЕРЛІККЕ СЕРПІН – ӨҢІР ДАМУЫНА СЕРПІН
Posted by: Қалмұрат
in Business, Кәсіпкерлік, Экономика
13/08/2026
5 Views
Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың өңірдегі белсенді кәсіпкерлермен және шаруалармен ашық форматтағы кездесуі өтті. Еркін пікір алмасу алаңында кәсіпкерлікті өркендету, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және бизнеске кедергі келтіріп отырған мәселелерді бірлесе шешу жолдары кеңінен сөз болды.
Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап қана қоймай, олар көтерген мәселелердің нақты шешімін табуға бағытталған тиімді тетіктерді айқындау.
Жиынды ашқан аудан әкімі Бақыт Насырханұлы мұндай кездесуді көптен бері жоспарлап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында кәсіпкерлердің орны ерекше. Сондықтан бизнестің тынысын тыңдап, оның алдында тұрған мәселелерді дер кезінде шешу – маңызды міндет.
– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлермен ашық сөйлесіп, ауданның кәсіпкерлік және өндірістік әлеуетін қалай арттыруға болатынын бірге талқылау. «Ауданның кәсіпкерлік саласын қалай алға жылжытамыз?» деген сұраққа кәсіпкерлердің, шаруалардың және мемлекеттік органдардың ортақ пікірі қажет. Сондықтан әрқайсыңыз өз ойларыңызды, ұсыныстарыңыз бен нақты мәселелеріңізді ашық айтуға шақырамын, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің айтуынша, Мақтааралдың географиялық орналасуы кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға қолайлы. Ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және басқа да өндірістік бағыттарды дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте аудан аумағында жүргізіліп жатқан теміржол құрылысы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіп түрлерін дамытуға қосымша мүмкіндік беретін маңызды фактор ретінде бағаланды.
Кездесу барысында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл арнайы дайындалған бейнеролик арқылы ауданның кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін таныстырды. Ол ауданның экономикалық аймағы мен өндірістік паркінде салынған ангарларды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар аталған нысандарда кәсіп ашуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие тетіктері, өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктері және кәсіпкерлік нысандарды дамытуға бағытталған қолдау шаралары таныстырылды. Сондай-ақ жеңілдетілген несие қаражатын тиімді пайдалану, нарықта сұранысқа ие өндіріс түрлерін жолға қою және дайын инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану қажеттігі сөз болды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров кәсіпкерлер арасында ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталды.
Бір бағытта жұмыс істейтін бірнеше кәсіпкер өз жобаларын біріктіріп, ауқымды өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік алады. Мұндай тәсіл қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен қатар, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Яғни жеке бастамаларды өзара ықпалдастыру арқылы шағын жобаларды ірі өндірістік бастамаларға айналдыруға мүмкіндік бар.
Кәсіпкерлер үшін коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мен ғимараттарды пайдалану мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мен ғимараттарды пайдалану тәртібіне тоқталып, жаңа заңнамалық талаптарды түсіндірді.
Кәсіпкерлерге жерді мақсатты әрі заң талаптарына сәйкес пайдаланудың маңызы айтылды. Әсіресе кәсіпкерлік нысандарын салу барысында қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеу және құрылыс жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізу қажеттігі ескертілді.
Кездесудің соңында кәсіпкерлер өздері жүзеге асырып жатқан жобалар, өндірісті кеңейту, қаржыландыру, жер телімдерін пайдалану, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізу және кәсіпкерлік нысандарын заңдастыру мәселелері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Кәсіп иелері өңірдің дамуына үлес қосуға ниетті екендерін білдіріп, өндіріс орындарын ашу мен қолданыстағы жобаларды кеңейту барысында кездесетін мәселелерді жеткізді.
Аудан басшылығы тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Жалпы, мұндай ашық форматтағы кездесулер кәсіпкер мен мемлекеттік орган арасындағы өзара байланысты нығайтып, бизнестің нақты мәселелерін жергілікті жерде шешуге мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлікке жасалған қолдау – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны және аудан экономикасының орнықты дамуы деген сөз.
2026-08-13