«АУЫЛ АМАНАТЫ» – АУЫЛҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Қоғам
12/08/2026
4 Views
Ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың табысын көбейтуге бағытталған мемлекеттік жобалардың бірі – «Ауыл аманаты». 2023 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан жоба ауыл тұрғындарын кәсіпке тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында қолға алынған. Жоба аясында тұрғындарға өз кәсібін ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтуге жеңілдетілген шағын несие беріледі.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 26 қарашадағы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылды. Оны халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Amanat» партиясы жанынан мобильді топтар құрылып, еліміздің өңірлерін аралады. Нәтижесінде 250 мыңнан астам ауыл тұрғыны жобаның талаптары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Жоба бойынша қаржыландырудың негізгі бағыттарына өңдеу саласы, өсімдік және мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа да кәсіпкерлік жобалар жатады.
Шағын несие жылдық 2,5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. Несиенің мерзімі – жалпы жобалар үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына қатысты жобалар үшін 7 жылға дейін. Бағдарлама ауыл тұрғындарына кәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасауымен ерекшеленеді. Бағдарламаның тиімділігін нақты көрсеткіштер де айғақтайды. 2023 жылы жоба аясында 14,5 мың микрокредит беріліп, 15,5 мың жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасалды. Оның ішінде 11,9 мың микрокредит мал шаруашылығын дамытуға, 539-ы өсімдік шаруашылығына, 411-і техника мен жабдықтар алуға, ал 1,6 мыңы басқа бағыттағы кәсіптерге берілген.
«Ауыл аманатының» маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында өңірлерде 400-ден астам кооператив құрылып, оның 321-і 6,7 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылған. Жоба ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығын дамытуымен қатар, олардың бірігіп жұмыс істеуіне, өндірілген өнімді тиімді өткізуіне және табысын арттыруына жол ашуда.
Бүгінде ауыл – тек тұрмыс мекені емес, кәсіп пен өндірістің жаңа орталығына айналуға тиіс. Ал «Ауыл аманаты» секілді жобалар ауыл тұрғындарына осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға жол ашып отыр. Ең бастысы – берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, еңбекті нәтижелі кәсіпке айналдыру.
2026-08-12