Home » Экономика » БАТЫЛ ӘРЕКЕТТЕРГЕ КӨШУІМІЗ ҚАЖЕТ

БАТЫЛ ӘРЕКЕТТЕРГЕ КӨШУІМІЗ ҚАЖЕТ

Соңғы жылдары әлемдік және қазақстандық энергетика саласында «баламалы энергия» әсіресе «жасыл экономикаға» негізделген энергияны өндіруге қатысты жұмыстар  қарқынды жүзеге асырылуда. 
Бүгінде еліміздегі электр энергиясын өндірудің басқа да түрлерімен салыстырғандағы оның үлесі 2 пайыздан асты. Бұл негізінен тау өзендеріне орнатылған шағын су генераторлары немесе бұрыннан  жұмыс істеп келе жатқан ірі ГЭС-тердің арқасы. Бұндай қондырғылар жөнінен Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда тұр. Әрине, бұл әлемдік 4 пайыздық деңгеймен салыстырғанда өте мардымсыз болып көрінуі де мүмкін. Алайда, әр елде жағдайдың әртүрлі екендігін де ескеруіміз керек. Мысалға, Бразилияда «жасыл экономика» деңгейі 75 пайызға дейін жеткен. Бұл жетістік Амазония ормандарында орнатылған көптеген ГЭС-терге  және биоотынмен жұмыс істейтін электр станцияларының көптеп салынуына  байланысты.  Германияда  «жасыл экономиканың» көлемі 33 пайыздан асса, Қытай елі қазірдің өзінде күн панелдері мен жел генераторларын өндіруші  әлемдегі басты мемлекетке айналып үлгерді. Бұған осы генераторларға қатысты шикізаттың басым бөлігі тек осы ел аумағында ғана кездесетіні әсер еткен. Соның нәтижесінде, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде орнатылған «Бурный»-дағы күн электр станциясына қажетті аппаратуралар Германияда алынса, қазірде бізде тек Қытайда жасалған күн панелдері мен жел генераторлары қолданылуда. Себебі, олардың зауыттық құны мен елге жеткізілу бағасы еуропалық баламаларына қарағанда арзанырақ және сапасы да халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Сондай-ақ, қажеттілік туындаса қосалқы заттар іздеп, алысқа барудың қажеті де жоқ.
Қазірде елімізде күн сәулесімен жұмыс істейтін электр станцияларының көлемі жылдам артып келуде. Бұның өзіндік себебі де бар. Зерттеулерге қарағанда еліміздің орталық және оңтүстік өңірлерінің күн энергиясын тиімді пайдалану қабілеті, оңтүстік Италияның мүмкіндігімен бірдей болып шықты. Яғни, мұндай ауқымды мүмкіндікті халық игілігіне тиімді пайдалана білсек, онда алдағы 5 жылдың ішінде дәстүрлі және қайта қалпына келетін энергетикадан  алынатын электр энергиясына төленетін ақы мөлшері бірдей болуы да  ғажап емес. Сонымен бірге, елімізде жел генераторларын орнатудың да болашағы зор.
Неге дәл жел және күн сәулесімен жұмыс істейтін электр станциялары бізге тиімді? Себебі елімізде орталықтан алыста орналасқан шағын елдімекендер көп, олардан бөлек шекаралық заставалар мен шалғайда орналасқан әскери гарнизондарға жүздеген шақырымға созылатын электр бағаналарын тартқаннан гөрі жел немесе күн панелдері әлдеқайда тиімді болмақ.
Елімізде және әлемде соңғы жылдары «жасыл экономикаға» неліктен басым мән берілуде деген сауалға келсек, оның бірнеше себебі бар. Ғалымдардың анықтауларынша қазірде атмосферадағы көміртегінің деңгейі соңғы 23 миллион жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен екен. Әрине, биылғы жылы бүкіл әлемді шарпыған короновирус індетінің салдарынан ауаға зиянды заттардың тасталынуы азайды. Бірақ, бұл  уақытша ғана құбылыс. Күзгі суықтар басталғанда көмір және мазутпен жұмыс істейтін жылу электр станциялары қайта іске қосылады және ірі өнеркәсіп орындары өз қызметтерін жалғастырғанда жағдайдың қайта нашарлап кететіні анық.
Осындай жағдайдың алдың алу үшін 2015 жылы алғаш рет әлемнің барлық елдері – дамыған және дамушы елдер 2030 жылға дейінгі дамудың бірыңғай 17 мақсатын БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық Бас Ассамблеясында қабылдады. Осы 17 мақсаттың 15-і «жасыл экономикаға» тікелей қатысы бар, яғни 2030 жылға дейінгі Даму күн тәртібі адамзаттың «жасыл экономикаға» көшуіне бағытталып отыр.
2017 жылы БҰҰ ТДМ үздік тәжірибелерін алмасу және жинақтау,  ұсыныстар жинау бойынша жобаны іске қосты. 2018 жылы Қазақстанда 5 ведомствоаралық топ құрылды. 5 топтың әрқайсысы жеке министрге бекітілген: «Адамдар» тобы – №1-5 мақсаттар (ЖТӨО), «Гүлдену» тобы – №7-11 мақсаттар (ҰЭМ) «Планета» тобы – №6,12-15 мақсат (ЭМ), «Мир» тобы – №16 мақсат (АҚДМ), «әріптестік» тобы – №17 мақсат (СІМ).
«Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» (бұдан әрі – Коалиция) бірнеше жұмыс тобының мүшесі және өз қызметін ТДМ-ға қол жеткізуге қосқан үлесін ескере отырып жүргізеді. Сол бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылуда.
2030 жылға дейін елімізде «жасыл экономикаға» негізделген технологиялар қарқынды дамуы үшін, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары, зиянды қалдықтар тастамайтын электр станцияларымен алмастырылуы қажет. Әрине, қазірде баламалы энергия көздеріне қарағанда дәстүрлілері біршама арзанға түсуде. Бірақ біз алға жылжуымыз керек. Сол үшін елеулі қадамдар жасауға да тиіспіз. Сонымен бірге, әлемде «экологиялық тұрғыдан таза елдерде» өндірілген өнімдердің құны жоғарылағанын және олардың зор сұранысқа ие болып жатқанын да есткеруіміз қажет.
Ұлыбританияда көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС Маргарет Тэтчердің басшылығы кезінде-ақ,  жаппай жабыла бастады. Сол үшін оны шахтерлер мен энергетиктер «мыстан» деп атаған. Ал, енді болса британдықтар сол кезде осындай қадам жасалмағанда, Ұлыбритания дәл қазіргідей технологиялық тұрғыдан қуатты болмас еді деп есептейді.   Мұнай мен газға бай кейбір мемлекеттерде  бүгінде «жасыл экономикаға»  қарай бет бұруда. Солардың арасында Сауд Арабиясы да бар. Мұнай қоры жөнінен бай мемлекет болғанмен, ол елдің билеушілері алдағы уақыттарда осы табиғи байлықтың қоры азайып, әлем елдері оның орнына басқа энергия көздерін қолдана бастайтынын біліп отыр. Сондықтан қазірден әрекетке көшуде.
Бізде осындай «ұлы көштен» қалып кетпеуіміз қажет. Сонда жоғары нәтижелерге қол жеткізеріміз анық.
Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...