Home » PRESS RELEASE » News » ШОҚАН ШЫҒАРМАСЫ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

ШОҚАН ШЫҒАРМАСЫ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

       Ұлтымыздың ғұлама ағартушысы: Шоқан Уәлиханов саяси-қоғамдық, ғылыми және әдеби еңбектерінде қазақ халқының ұлттық дүниетанымына, мәдениеті мен өнеріне аса көңіл бөлді. Олхалық шығармашылығын жинап зерттеу арқылы қазақтардың патриоттық сезімін, туған жерге, елге, Отанға деген сүйіспеншілікті көзқарасын көрсете білді, патриоттық тәрбиеге байланысты көптеген құнды пікірлер айтты.
       Ш.Уәлихановтың Отанға деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына, патриоттық сезімінің жетiлуiне, адами дүниетанымының дамуына бірнеше факторлар әсер етті. Оның рухани жетiлуiне, еліне, Отанына сүйіспеншілігінiң қалыптасуына туған жері Көкше өңiрiнiң (Оқжетпес, Құсмұрын, Сырымбет) тамаша табиғаты, ержүрек батырлары, ғұлама азаматтары тікелей әсер етті десек артық болмайды.
         Ол бала жасынан әжесі Айғанымнан естіген ертегі, аңыз-әңгiмелерi, батырлардың ерлiктерi туралы естелiктерi оның ұлттық патриотизмiнiң қалыптасуына әсер етті, туған елiнiң, Отаныныңалдында жауапкершілігін арттырды, халық дәстүрiн бағалай білуге үйретті.
        Өзiнiң баға жетпес құнды еңбектерiнде – ауызекі шығармашылық арқылы халықтың (өлең, мақал-мәтелдер, эпостар және т.б.) патриоттық тәрбиеге қойылған талап-тілектерiн, ой-пiкiрлерiн көрсете білген. Қазақ табиғатының адамгершiлiк-патриоттық тәрбиесіне деген ықпалын өзінің күнделіктері мен сапарнама естелiктерiнде тұжырымдап жазған.
        Шоқан өз халқының мәдени құндылықтарын маржандай тiзiп жинауы, олардың  тәрбиедегi мәнiн көрсете білуі, оған өзiнiң көзқарасын бiлдiруi- өзінің Отанына, халқына, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігінің белгісі, патриоттық сезiмi мен ұлттық намысының жоғары деңгейде қалыптасуының көрсеткіші.
            Ұлы тұлғаның ұлттық дүниетанымының, ұлттық патриотизмінің қалыптасуына әкесі Шыңғыстың әсері ерекше болды. «Шыңғыс- қырғыз-қайсақтардың(қазақтардың Y.C.) салт-дәстүрін, тұрмыс-тiршiлiгiн, мәдениетін, өнерін зерттеген орыс ғалымдарымен, жазушыларымен байланыста болды, оларға қажеттi материалдар жинауға көмектесті. Мәселен, орыс география Keңeciнiң өтiнуiмен Шыңғыс Уәлиев 1850 жылы қырғыз-қайсақ ерлер киім-кешегінің үлгiлерiн, Петербургте өткен ориенталистердің III конгресіне арнап экспонаттар, XVII-XVIII ғасырлардағы қазақтың қолөнер саласынан кездесетін сирек заттар (барлығы 41 зат) жiберген. Оның iшiнде Уәлидің жеке өз бұйымдары: күмiстелген ер, асыл тастан жасалған бұйымдар, білтелі мылтық, күмістелген былғары аспалы қылыш. Шыңғыстың баласы Жақыптың меншiктi бұйымдары (күмiс жүге, жібектен кестеленген мауыт заттар, т.б). Мақы жасаған қолөнер нұсқалары да болды. Зерттеушілердің өтініші бойынша халықтың ауызекі шығармашылығы нұсқаларын жинауға атсалысқан. Мұның бәрiн жүзеге асыруда бала Шоқанның көмегі де аз болмады. Мысалы, Шыңғыс полковник М.Ладыженскийдiн қазақ халқының өлең-жырларын, аңыз-ертегілерін, бұрынғыдан қалған хиссаларын, хиқаяттарын, мақал-мәтелдерiн жазып жiбергейсіз деген өтінішін орындау мақсатымен ақын-жыршыларды талай рет үйiне шақыртып, халықтың өлең-жырлары мен аңыздарын бала Шоқанға жаздырып алып, Омбыға жiберiп отырған» деп жазады бұл жөнiнде С.Ұзакбаева. Бұл деректер, біріншіден, Шыңғыстың өзiнiң ұлтына, мәдениетіне, ата-дәстүріне деген сүйіспеншілігін көрсетсе, екіншіден, Шоқанның бала кезден өз халқының мәдениетін, әдебиетін, өнерiн ерте танып бiлуiне себеп болған, атамұра дәстүрін көзінің карашығындай сақтауға үйреткен.
       Оның орыс ғалым-қайраткерлермен достығы, олардың мәдениетін меңгеруi адами-патриоттық, интернационалдық көзқарасының дұрыс қалыптасуына бағыт берді. Бұған дәлел: Шоқанның Г.Потанинмен, И.Березинмен, А.Васильевпен, А.Бекетовпен, П.Семенов-Тянь-Шанскиймен, Ф.Достаевскиймен, т.б. достық қарым-қатынаста болуы.
         Осы айтылғанның бәрі Шоқанның дүниетанымдық, адами-патриоттық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткенін, оның ұлттық мәдени мұраның тәрбиелiк мәнiн кезiнде жақсы түсiнiп, оны тәрбие құралы ретiнде қабылдай білгенін айғақтайды.
        Ш.Уәлихановтың «Едіге» жырын жазып алуы да, оны орыстіліне мазмұндап аударуы да, эпостық генезисі мен тарихи оқиғаларға қатысты айтқан пікірлері де ұлттық патриотизмнің бір көрсеткіші десе болады. «Бұл жырды, мен бірінші реет Аманқарағай округіндегі күрлеуіт қыпшақтың шағын ауылында Жұмағұл ақыннан 1841 жылы естідім. Қалай алып қарағанда да XV ғасырға тән болып табылатын бұл рапсодияның мазмұны мені аса қызықтырды. Тоқтамыс хан мен Темірлан секілді Едігенің де өмірде болғаны күмәнсіз. Бұл халық аңызымен ғана емес, жазбаша фактылармен де дәлелденеді… Хальфиннің хрестоматиясында Едігенің Қазан татарларының айтуынан жазып алған шежіресі берілген. Ұлытаудың батыс жағында Едіге деп аталатын бөлек тау сілемі бар. Осы биіктің басында… Едігенің обасы деген оба бар. Ал таудың өзі Едіге деп аталады…» дейді Шоқан. Ол бұл жырдың алғашқы нұсқасын қыпшақ Жұмағұл ақыннан өзінің әкесі Шыңғыстың жазыпалғанын, екіншінұсқасын да Шыңғыстүрліайтушылардан жазып алғанын, үшінші нұсқасын Арыстанбай ақыннан жазыпалынғанын, осы үш нұсқадан әкесімен бірлесе отырып толық бір вариант шығарғанын көрсетеді. Бұл Шоқанның өз ұлтының мәдениетіне деген сүйіспеншілігін, аялы көзқарасын, өз ұлтының мәдениетін басқа ұлт өкілдеріне таныстыруға деген талпынысын байқатады.
        Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының эпосы «Манас» жырының үлкен бір бөлігін жазып алып, орыстіліне аударуы да, ең алғаш эпостың мазмұндық құрылымы мен мәнін, өзіндік ерекшелігі туралы беделді пікір айтуы да гумандық, интернационалдықкөзқарасының белгісі десе артық болмайды. «Манас» жырына классикалық сипаттама бере отырып Шоқан «Манас» – бұл энциклопедия, халықтың бір белгілі батыры айналасына, Манас төңірегіне, бір уақытқа жинақталған барлық ертегілерінің, хикаяларының, аңыз-әңгімелерінің, географиялық, діни, ақыл, адамгершілік түсінігінің қосындысы. «Манас» тұтас бір халықтың шығармасы, тереңнен нәр алып ұзақ замандарда дамыған халықтық эпосы, сахараның «Иллиадасы» секілді» дейді. Шоқан «Манас» эпосының шешуші, өзекті бір тұсы: «Көкетай ханның өлімі және оның асын» жазып алды. Шоқан адами-патриоттық қасиеттердің қалыптасуына табиғаттың әсерінің мол екендігін ескерген. Өзінің «Ыстықкөлге бару сапары», «Қытай империясының Батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар жайындағы жазбалар», «Жоңғария очерктері» еңбектерінде әрбір жердің табиғатын, оның өзіндік ерекшелігін, ой-қыратын, жануарлар әлемін әсерлі суреттейді. Шоқан әсемдік тегін болмыстан, сұлулық, адамгершілік негізін табиғат пен жаратылыстан іздеп, адам мен табиғаттың арасындағы байланысты сабақтайды.
         Бір сөзбен айтқанда, Шоқан өзінің үлгі-өнегесімен халқының сонау көне заманнан бері тұнып тұрған шежіре тарихын аялау, әрбір ой-шұқырын қастерлеу, мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау, оны патриоттық сезіммен адамгершілік, эстетикалық тұрғыда қабылдау арқылы азаматтық борышым деп түсінгенін байқатады және осы сезімді жеткіншектердің санасына құюға талпынады.
Кымбат ШАРИПОВА,
N7 жалпы білім беретн мектептің
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі.
Алматы қаласы.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...

ЖҮКТІЛІК КЕЗІНДЕГІ ЖІТІ РЕСПИРАТОРЛЫҚ ВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК

        ...

12 СӘУІР – ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

       Құрметті ...

ИНСУЛЬТ: АЛДЫН АЛУ МЕН АЛҒАШҚЫ КӨМЕК

        ...

ТІС ПАСТАСЫН ТАҢДАУ ЖӘНЕ ТІСТЕРДІ ҚАНДАЙ УАҚЫТТА ЖУУ КЕРЕК?

        ...

12 СӘУІР-ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ КҮНІ!

        ...

ҚҰНАНБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫНЫҢ 220 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

        ...

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ АЯСЫНДА  5000 ТҮП ГҮЛ ЕГІЛІП ЖАТЫР

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ...

Көмекке 3 миллион АҚШ долларын бөлетін болды

        ...