Home » Ауыл шаруашылығы » ТОПЫРАҚТЫҢ СОРЫН ШАЮ ІС-ШАРАЛАРЫ

ТОПЫРАҚТЫҢ СОРЫН ШАЮ ІС-ШАРАЛАРЫ

       Мақтарал, Жетісай аудандарында 139 мың гектарға жуық суармалы жер болса сонын әлсіз сортаңданған жерлер көлемі 25 мың гектарға жуықтайды, орташа сортаңданған жерлер, – 42 мың гектар, ал 14 мың гектар күшті және өте күшті сортаңданған жерлер, қалған 58 мың гектар тұзданбаған жерлер қатарына жатады. 
       Бұл аймақта топырақтың тұздануы – жер асты суының жақындығынан болатын құбылыс. Механикалық құрамы бойынша ашық түсті сұр топырақ орташа саздақ топырақ қатарына жатады. Анағұрлым жеңіл топырақ негізінен алғанда даланың солтүстік-батыс бөлігіне тараған. Мұнда қарашірік құрамы 0,8 пайыздан аспайды, бұл өте төмен көрсеткіш.
        Жер асты суының жер бетіне жақын жатқандығы салдарынан екінші тұздану дәрежесі қалыптасқан.
        Өңірде суландырылғанға дейінгі жер асты суының деңгейі 10-15 метр тереңдікте болса, суландырудың алғашқы жылдарының өзінде-ақ суды дұрыс пайдаланбаудың себебінен жер асты суының деңгейі күрт көтеріліп кеткен. Топырақтың құрғауы мен сортаңдану үдерістері күшейе түскен. Бұл дегеніміз егістікті суару мен оның сорын шаю кезінде суды қалыпты мөлшерден тыс өте көп мөлшерде пайдаланудың салдарынан болған. Сондықтан да жер асты суының деңгейі топырақтың үстіңгі қабатына 1-2 метрге жақындап, тіпті одан да жоғары көтерілген. Мұндай қалыптасқан жағдайлар гидротехникалық, мелиорациялық және агротехнологиялық шаралардың шұғыл түрде қайта жасалуын талап етеді.
      Жерді суландыруда жіберілген қателіктер аэрация аймағындағы топырақты және жер асты суларының су-тұз тепе-теңдігін өзгертіп жібереді.
       Мелиорация топырақтың су-ауа, қоректік және жылу тәртібін өзгерту және реттеу, оның физикалық және химиялық қасиеттерін, тұз тәртібін, жер беті және жер асты сулар тәртібін, сондай-ақ климаттық элементтерін жақсарту мақсатында жүзеге асырылады. Мелиорация жүргізілген кезде сәйкесінше ауылшаруашылығы дақылдарының сапасы да артады.
        Ауылшаруашылығы мелиорациясының маңызы, әсіресе, сортаңданған жерлерде ерекше. Мұндай жерлердің аумағы өте үлкен. Бұл жерлерде топырақтың құнарлылығы біршама төмен болғандықтан ауылшаруашылығы дақылдарының өнімі және сапасы едәуір төмен. Өнімнің төмендеуі өсімдіктердің сирек жайласуының, сортаңданған дақтардың, сондай-ақ өсімдіктердің өсуі мен дамуының тежелуі, пісіп жетілуінің кешігуі, өнімді аз мөлшерде салуы есебінен болады.
       Топырақтың сортаңдануы нәтижесінде мақта және басқа да ауылшаруашылығы дақылдарының жыл сайынғы өнімділіктің төмендеу шығыны көбейіп оңдаған мың тонна өнім алынбай қалады. Ауылшаруашылық мелиорациясын жоспарлап, кешенді түрде жүргізген жағдайда бұл шығындарды болдырмауға болады, жалпы өнім және халық шаруашылық табысы біршама артады. Осыған байланысты мелиорациялық жұмыстарға (алқапты тегістеу, дренаж салу, сор шаю және басқа да агромелиоративтік және су шаруашылық іс-шараларына) кететін қаржылай шығындар қысқа мерзім ішінде өз қайтарымын табады. Осы бағытта Мырзашөл өңірінде топырақтың сортандануын ғылыми негізде жақсарту барысында аудандағы тік кәріздердің біразы қалпына келтіріліп, олардың жұмыс істеуінің арқасында жер асты суларының деңгейі бір шама төмендеп, екінші рет сортаңдану процессі біршама төмендеген. Қысқы сор шаю жұмыстары өз уақытында, желтоқсан-қантар айларында жүргізілуі тиіс. Бұл ғылыми тұрғыдан алғанда өте тиімді сор шаю мерзімі, өйткені бұл кезеңде жер асты сулары өте төмен деңгейде болып, топырақтағы тұздардың шайылу пайызы да жоғары болады. Бірақ бұл мерзім жыл сайын күзде жер айдау іс-шаралары толығымен аяқталмауына байланысты су кеш беріледі, ақпан айы мен наурыз айына үйлеседі.
     Сор шаю – сорланумен тікелей күресу шарасы болып есептеледі. Олар әлдеқашан сортаңданған топырақта дала ылғалдылығына жететін ылғал тапшылығынан артатын мөлшерде жүргізіледі және сондықтан әрқашан жер асты суларының елеулі көтерілуін туғызады. Ол сондай-ақ, топырақтың сорсыздануы үшін тиімді және біршама тез әсер етуші әдіс. Алайда ол жеке телімдер мен алқаптардың топырақтық, гидрогеологиялық, климаттық және шаруашылық-ирригациялық жағдайларының есебімен үйлестіре отырып жүргізілген жағдайда ғана оң нәтиже береді.
    Сор шаюдың мақсаты – топырақтағы өсімдікке зиянды тұздардың (негізінен, хлорлы және күкірт қышқылды Na тұздарын, кейде Mg) артық мөлшерін жою және жер асты суларының сорлануын төмендету. Тұздар ериді және сумен бірге ең алдымен топырақтың қарқынды, тамыр жайласқан қабатынан ығыстырыпшығарылады. Болашақта топырақтың сорсыздану тереңдігін (1,5-2 м-ге дейін) арттырудың маңызы зор. Сор шаю суының нормасы бір гектарға 2-3 мың текше метр аралығында беріледі. Суғаруға дайындалған палдар 0,25-тен 0,5 гектарға дейінгі көлемде алынып дайындалады. Пал алудан бұрын жердің тегіс болғаны өте дұрыс. Сор шаю жұмыстары кезінде су арнайы арнайы алынған арықтармен келеді. Палдар әбден толуы қажет. Су бір палдан екінші палға ауыстырылмайды.
       Жалпы топырақтағы ылғалдың буға айналуы және өсімдіктің транспирацияға жұмсайтын суы, оның атмосфералық жауын-шашын күйінде келіп түсуінен бес алты есе артық болады. Сондықтан сор шаю арқылы топырақтағы ылғалдылықты ұстап қалудың маңызы зор.
        Көп жылдық жүргізілген тәжірибелердің нәтижелері бойынша орташа сортаңдаған топырақтың суару алдындағы орташа топырақ ылғалдылығы толық танапты ылғал сыйымдылығынан 75% болуы керек. Сондай-ақ тексеру және тәжірибе нәтижелері сор шаю мерзімінің ең тиімдісі деп желтоқсан-қаңтар айларын көрсетті. Бұл мерзімдерде жер асты сулары ең тереңде болатын уақыттары және булануы аз. 0-100 см топырақ қабатындағы хлор ионының рұқсат етілетін мөлшері 0,01% болып табылады. Шаруа қожалықтарына түсінікті болу үшін төмендегідей топырақтың тұздану көрсеткіші бойынша сумен шаю нормасы м3/га ұсынылады.
Сортаңданбаған танапта – 1500 – 2000 м3/га
Жаңадан сортаңдана бастаған танап – 2000 – 2500 м3/га
Орташа сортаңдаған танап – 3000 – 3500 м3/га
Өте жоғары сортаңдаған танап – 4000 – 4500 м3/га.
            Жалпы суармалы жердің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу, жердің мелиорациялық жағдайын жақсарту мақсатында Мақтаарал ауданында «ПУИД-2» жобасы жүргізіліп жатыр, жалпы 39796 гектар аумақты қамтып, 3 бағыт бойынша іске асырылуда. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады.
        Міне осы айтылған жұмыстарды жүргізу үшін шаруа дихандарға жердің сорын шаюға қысқы су кеш беріліп жатыр. Бұл уақытша каналдарды қалпына келтіру үшін ғана жоспарланған іс-шара, келешекте ағын су уақытылы беріліп, суармалы жердің тиімділігі мен мелиорациясы жақсарып, ауыл шаруашылық дақылдарының өнімі артатыны сөзсіз. Дегенмен сол ағын суды ысырапсыз, үнемді пайдалануымыз керек, әлі де болса сол судың қадіріне жете бермейтін секілдіміз.
            Биылғы жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруалар мен диқандарды алдын ала ескертулеріне қарағанда, вегетация кезеңінде ағын су тапшылығы күтілуі мүмкін, өйткені Қырғызстанда орналасқан «Тоқтағұл» су қоймасының көлемі өткен жылғы жиналған су көлемінен 2825 млн. м3 -ге төмен екені анықталған. Осыған байланысты шаруалар мен диқандарды вегетация кезінде ағын суды үнемдеп қажетті мөлшермен ғана суарып, оларды тиімді пайдалануды сұраймыз.
О.Қ.БИҒАРАЕВ,
Мақта және бақша ауыл шаруашылық
тәжірибе станциясының басқарма төрағасы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. 

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...