Home » PRESS RELEASE » News » ТАСТҮЛЕКТЕР – ТАМШЫ ЖЫРЫ

ТАСТҮЛЕКТЕР – ТАМШЫ ЖЫРЫ

         Абай облысы, Білім басқармасының Семей қаласындағы «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты  Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің»
        «Тастүлек» жас ақындар үйірмесінің талапты да талғамды шәкірттерінің толғамды жырлары мен қанатты ойларына куә болыңыздар, абзал оқырман!
         Жас дарындарға сөз өнерінің биігінде самғаңдар, қанаттарың талмай, жыр сүйер қауымды қуанта беріңдер демекпіз! 
        Жетекші – ұстазы: Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы

 

БЕКНҰР  СӘРСЕНБЕКОВ     

«Жас Ұлан»

Асқақ рухы жасымаған,
Аспан текті көктің ұлы.
«Жас Ұланбыз» – жасындаған,
Алдаспандай өткірлігі.

 

Тік көтерген байрақты әркез,
Қорған болған кие – еліне.
Жебе сынды  садақ – сайгез,
Мұқалмайтын жігері де.

 

«Жас Ұланбыз». Жалындаған.
Сертті сөзін  құп алатын.
Қымбат маған – тауым, далам,
Парасатты ұждан – халқым.

 

Отанымның мұратындай,
Ұраным бар,  міне осындай.
Жүрек тербеп тұратындай,
Бейбіт таңның шұғасындай.

 

 

АҢСАР  СОВЕТҚАЛЫҰЛЫ

Жарық жұлдыз

(Ғалым Шоқан Уәлихановқа)

Шоқан бабам ұлтымыздың айбары,
Парасатты жаны жомарт жайдары,
Бағындырып биік шыңын ғылымның
Өр намыс пен жігер күшін қайрады.

 

Жас Ұланбыз  шеттерінен дарынды,
Білімменен кеңейтеміз танымды,
Болашақта ел үмітін ақтайтын
Біз, Шоқанбыз сертке берік жалынды.

 

Дара тұлға өз күшіне сенеді,
Айтқан сөзі елін нұрға бөледі,
Ер Шоқанның  бойындағы қасиет
Талайларды тамсандырып келеді.

 

Өз әлемі нұрға тұнған алтын бақ,
Нар халқының бақыты үшін шарқ ұрмақ,
Жүрек жұтқан батырлығын танытып
Жол бастады дауылпаздай саңқылдап.

 

Шоқан десе алты Алашым мақтанар,
Мәңгі өлмейтін мұрасынан бақ табар,
Өмір жолы біздер үшін өнеге
Ұландармыз қыран құстай баптанар.

 

Тарихымда жатыр сайрап сырлы ізі,
Мақтан тұтар ұлтын сүйген ұл-қызы,
Әз халқының жүрегінен өшпейді
Қазағымның жарқ еткен бір жұлдызы.

 

 ҚАЛИЕВ ӘЛИ МҰРАТҰЛЫ

 Түнгі толғаныс

Қорқыт жырын жаттап өскен балаң шақ.
Қарағайдан қобыз шауып қане, алсақ?..
Өсиетін айтқан  ата, ұлына,
Көздерінен түйір тамшы қарау сап.

 

Жады мықты «өткен соны» жазды алып.
Күндер, күндер, ағады өзі  назданып.
Атамыздан көргенді істеп  жүрсек те,
Қорқыт жырын айта алмадық… сөз дарып.

 

Сөз – құдырет, абайла сен, асылым!
Ғасырларға жеткен сомен  рас  үнің!
…Оғыз баба, Қобыз баба, қарап тұр:
Жай отындай жарқылдашы, жасымашы, жасыным!

 

 
МЕЙІРБЕКОВ ЕРАСЫЛ ЖАЛЫНҰЛЫ 
 

 Рух майдангері

 (Қаһарман Қасым Қайсеновке)
Туған жер тұрса  бақ тілеп,
Майданда өзін сынаған.
Партизан болып от – жүрек,
Бойдағы рухы сынбаған.

 

Дұшпанның құтын қашырған,
Ерлігі бойға дарысын.
Елдің даңқын асырған,
Қайратты тұлға арысым.

 

Білеміз ерлік ғажабын,
Жанарындағы жаста тұр.
Отты жылдар азабын,
Арқалаған хас батыр.

 

Жарқылдаған жысынды ер,
Құны асқақ  даңқыңның.
Нар тұлғалы  асыл ер,
Қаһарманы  халқымның.

 

 

СЕРІКОВ ӘЛІШЕР ДӘУЛЕТҰЛЫ    

 Ауылым

 Жерұйықтай  Қайнар деген ауыл бар.
«Атом бомба» – жаншып өткен дауылдар…
Сол ауылда, балалығым, қалып кетті,
Жүректе жыр, оны ойласам, жалындар

 

Қойнауында ауыл жатар тауының,
Елестейді сол бір шақтар сағым – күн.
Ақын жайлы батыр жайлы аңыз көп,
Таза тұнық тамшысындай жауынның.

 

Жүрегімнен жыр ағыны төгілген,
«Туған жерге – туыңды тік» дедім мен,
Кетпейтіндей көлбеңдейсің  көз алды,
Өшпейтіндей көрінесің  көңілден!

 

ТҰРСЫНҚАЗЫ БЕКЗАТ    

 Тастұғыр тіл

 
Туғанда дүние есігін ашқан тілін,
Жарқыраған жұлдыздай аспан тілім
Анамдай әлдиледің бесігімнен,
Жүректен жақұт жырын шашқан тілім.

 

Санаға ілім – өрнек құйған тілім,
Даламдай ыстық мекен туған тілім,
Анама ұқсатамын, мейіріңді,
Мерейіңді асырып жырдан бүгін.

 

Дастаным өзің тілім, баба – қалған,
Айналдым, тұғырыңнан бағаланған,
Кестелеп сұлулығын даналарым
Ойшылдармен өзегің сараланған.

 

ЖАҚАН АБЗАЛ ДӘУРЕНҰЛЫ     

 «Ұлттық Ұлан» күні  

 Сап құрған,  тек алға, басып қадам,
Ант қылған  жүрек сөзбен жасықпаған,
Берені  қолындағы ел қорғауға,
Шарпылған,  от – жалында, рас  бұқпаған.

 

Елдіктің  ақ таңы үшін шыр көз ілмей.
Қайыспас  қара нардың мінезіндей.
Ұланы – дархан дала байрақ түбі,
Күзеткен  ұлы отанды – күмбезіндей.

 

Сақталған  Сақтың сақи асығындай.
Намыста – нажағайдың жасынындай.
   «Ұлттық Ұлан» күні – құтты болсын,
Түсірсін  дүр асылдар алшыны ыңғай!

 

АЯПБЕРГЕН ӘЛІМЖАН ИХСАТҰЛЫ

Елдігімнің жырындай…

 
Қазынадай қымбатты – Рәміздерім!
Бағзылардай жұмбақ тіл – Рәміздерім!
Өзегімде  тұратын нағыз менің!
Ажырамас мұратты – Рәміздерім!

 

Алтыннан да  бағалы – Рәміздерім!
Халқымның сен  ардағы – Рәміздерім!
Жарқын күннің  шуағы төккен арай!
Саф үнімнің  толғауы – Рәміздерім!

 

Ұшқан қыран көгімдей – Рәміздерім!
Ұлтқа қорған – белімдей – Рәміздерім!
Қасиеттеп  ұстаған, құрметтеп те!
Тұнық арман  сенімдей – Рәміздерім!

 

Өр ұғымның  туындай – Рәміздерім!
Ерлігімнің  сынындай – Рәміздерім!
Астанамның  жүрегін  сөйлеттірген –
Елдігімнің  жырындай – Рәміздерім!

 

СЕИЛХАНОВ ЕРАСЫЛ ЕРКІНҰЛЫ      

Рәміздерім

 
Мен Қазақтың баласы – кең танымым.
Ел қадірін ұғатын жер қадірін.
Түбім түрк  баһадүр Тоныкөктей,
Әлем білген  бабалар серт жарлығын.

 

Мұра қалған солардан, салт – санам да.
Жасындайын жарқ еткен сақ – ғаламға.
Күлік мініп, бөрінің киесінен,
Асау ыстық бойыма қан тарауда.

 

Елтаңбамның бедері анық баға.
Қос пырақтай  ой жүйрік, шабыт  дара.
Бесжұлдыздай  маңдайым жарқыраған,
Ел – тегімнің жазуын танып қара.

 

Нышанымнан  жігерім от жаныған.
Өттік талай  тарихтың соқпағынан.
Әнұраным  кеудемнің демі шыққан,
Ар – ожданым  тұр онда, қат – қадым ән.

 

Көк туымды  күн сүйген биіктеткем.
Менен бұрын  бабалар сүйіпті өткен.
Оюында  жұртымның мейірі бар,
Қыран қанат астына сыйып кеткен.
Міне осындай, рәміздер – рухым сынды.
Асқақ  үстемдігімен ұлтым құнды.
Жердің жүзі  таныған қазағымды.
Қиып түсер алдаспан – жыр тілімді !

 

БЕКҰЛАН АЛДИЯР     

Туған жер

 
Жусаны жұпар аңқып алтын далам.
Күмбездей сағым мұнар жарқылдаған.
Құрағы мап – майда боп пүліш түндей,
Бұлағы сыңғыр уатып сарқылмаған.
Киеңе бас ұрайын бұл ғаламда.
Көркіңді не жетеді жырлағанға?!
Беу, туған жер, іңгәмді ең әуелі,
Өзің ғой, сәби – құшақ тыңдаған да.

 

Өлеңмен кең төсіңде желдей есем.
«Бесігім!», – ақын болман, тербемесең!
Құдіреттің күшін сыйлап мәңгі тұршы,
Жүректің лүпіліндей кеудемде сен!

 

 

Нарқың да, парқы бөлек, қымбат тілім,
Түркіден бастауы бар, мұңдақ тілім,
Ақындық, батырлықтың айбынысың,
Халқымның қазынасы – жұмбақ тілім…

 

ОРЫНБЕКОВ ЕРАСЫЛ ДӘУЛЕТҰЛЫ    

Республика күні

 
Шағымызды жылнамалап жыр түрсін.
Бағымызға бір – бір мадақ күн тусын.
Республика күні, мынау елге, құтты бол,
Мәртебеңдей қымбат бізге бұл күн шын!

 

Бар айбыным, бар байлығым, Отаным.
Таңданбаса, қане, көрші, жаһаның.
Бабалардың мұра – мирас үні тұр –
Келешекке кемел бастап сапарын!

 

Өткенің мен бүгініңде бар – айқын.
Күннен шұға  біз – қазақпыз  тарайтын.
 «Елдік», « Ерлік» – жолы жатыр, аңдасаң,
Ар ұғымын Жаннан биік санайтын!

 

Керегесін кеңге жайып ұлы елім,
Намысына жанып шарық жігерін.
Асқақтасын абыройы, беделі,
Осы менің, «Жас Ұландық» тілегім!

 

ЕРЛАНОВ ӘЛИЖАН ҚУАНЫШҰЛЫ

Мен қазақпын

 
Сұңқардың тектілігі бар қанымда.
Тұлпардың жүйріктігі бар ойымда.
Батырдың өткірлігі бар бойымда.
Мен қазақпын.

 

Талаптың ұшқыны да санамда тұр.
Қанаттың ұшқыры да маған жақын.
Таланттың  күш – тұғыры да болған – атым.
Мен қазақпын.

 

Тарихы атан артқан жүк – мұралы.
Қонағын шапан жапқан, құт қылады.
Аталы сөзді ұққан құнт – құбалы.
Мен қазақпын.

 

Дәстүрі, ділі терең ең ғажап тым.
Жүрегі  дархан соққан, ел – озатпын.
Теңесең, теңеу бар ма, ұлы еліме?
Себебі,  мен қазақпын, мен қазақпын!

 

ҒАЗИЗОВ ЖАЛҒАС ЖАРҚЫНҰЛЫ   

 Анаға сыр

Ана!
Сенің мейіріңді «Күн» деп білем.
Есіміңе парапар құрмет кілең.
Тілегіңе, жетпеген, ешбір – тілек.
Тулап жатқан перзенттік жүректе – өлең!

 

Ана,
Құшағына мамықтай алған мені.
Айтылатын өзіне арман лебі.
Қарыздармын, ақ сүтің, үшін, мәңгі,
Жансың, жалғыз, жалғанда, арда – тегі!

 

Тарқатылып тарамды сыр – көңілім.
Толып жайнап тұрса еді «гүлге өмірің».
…Анажаным, жарығым, қасиеттім.
Бөлеп отыр  түн шақта жырмен ұлың!

 

ДӘУЛЕТҚАЗЫ  ҚАСИЕТ  ЕРНАРҰЛЫ

 

  Туған жер

 
Еркелене төрінде мен,
Емірене тебіренем,
Елтіп жатқан көлі – көлем,
Естен кетпес белі – белең,
Есіп соғар желі – желең,
О, туған жер, қасиеттім!

 

Самбырлаған, тауындағы –
Нөсерлеген жауындағы –
Ұланымын, Қыранымын,
Өлең тулар  жаны – жалын.
Туған жерім, думан белім,
Сенен қымбат табылмайды.

 

Жұмағымсың – жұпар дала,
Жыр – әнімсің – іңкәр дала,
Рухым сендей асқақ екен,
Бабам, данам – жатқан мекен,
Дастан – толғау, аспан – жырау,
Сендік өлең жыр қамбада!
Беу, беу, туған жер!

 

ЖАРЫЛҚАСЫН МҰХАММЕД   

 

«Сазым сен, туған жер…»

Туған жер,
Сен, – тыңдаған үнімді.
Туған жер – өзің орман.
Зырғыған  жылдармен білінді.

 

Кеудеме сазың қонған.
О, неге, үнсізбін?..
Кімге айттың сырыңды…
Туған жер!  Мен – құсыңмын!..

 

Көгіңде сөйлеген. Тынбайтын.
«Сәлемді» бір өлең ұшырдым.
Таулық бұлттармен өбеген. Бұл – айқын.
Жаулық бұлғайтын Анам – Сен!

 

Тентегің менмін ғой, ертегім…
Туған жер . . .
Сен Маған  бесікте  үйреттің.
Сүюді. Төріңде  тұруды.

 

Сұлулығы жүрек суреттің –
«Сен» дейді – Тұғырым.
Құлының, – шөлдеді…
Қайран да, Сайран Жер!

 

… Қондырған барлық саз – көйлегің.
Желбіреп туыңмен тұр, әне!
Сөйлесем, тек саған сөйледім…
Ал, сүйсем… Тәңірім – куә ме?!

 

Тұнығым. Шырайым…
Әнімсің – Маңмаңгер…
Алдымнан, жарқылдап, жарқырап,
Сағымнан көмбелеп құба бел…

 

Ұлыңның, өлшенсе, парқы – хат
Төріңде құласын Құлагер…
Құлашым. Тиегім де… Қолдай гөр,
Туған бел!

ӘЛИХАН АБАЙХАН МЕЙІРҰЛЫ

 

Ұланның «Елдік сөзі»

 
Адалдық танытамыз борышқа анық.
Кеудеде «Отан» атты намыс жанып.
Қырандай ұшқан көкте күзетеміз,
Тыныштық туын біздер нақ ұстанып.

 

Қыраны, ұраны да – біз боламыз.
Ерлік жайлы көнеден жүзген аңыз.
Парасат, күш – жігердің  жалауындай,
«Ұлан» деген лайықты сынға нағыз.

 

Қиырын, шиырын да бағамыз сақ.
Бесікте тербеткендей анамыз  сәт.
«Аманат» бабалардың тұмары осы.
Бүгінге жеткен аман  даламыз – хат.

 

Өрлігі, ерлігімен халқымыздың,
Елдігі, теңдігімен даңқымыздың,
Ұлтына  Ұланбыз әрқашанда,
Рухына биік тұрған антымыздың!
 
  

 

МҰРАТБЕКОВ САНЖАР СЕРІКБЕКҰЛЫ

     

 Офицерлер

 
«Отан» деген арлы ұғымның туындай.
Ұрандаған ерлік – дастан жырындай.
Тәрбиеші  офицерлер жасасын,
Құрметі мол, міндеті зор, шынында – ай.

 

Қайсар мінез, жігер, намыс, соларда.
Қыран қанат көкте самғап шолар ма?!
Рух үстемдік тамырынан жаралған –
Офицердей «ең күштілер» болар ма?!

 

Батылдықтан қуат алып жүреміз.
Батырлықпен Офицерлер – бұл  егіз.
Еліміздің, жеріміздің, қорғаны,
Өздеріңді «мақтаныш» деп білеміз!

 

ӘКЕЖАН АҚЫЛБЕК

 «Жас Ұланым»

 
Жас Ұланым,
Жүрегімде тербейді асыл әнің.
Өзіңде жүрген кезде күні – түні.
Жарқ етер отты жалын жасыңдаймын.

 

Өзіңе түстім мен. Арман – әр күн.
Келе сап бір өзіңе  баурап алдың.
Сенде тек  спорт пен оқу ғана.
Өзіңде басты өнер осы дара.

 

Сағым белес жылдардан – жыр арнармын.
Өзіңнен ұшып шығар қырандарың.
Қарыздар, саған мәңгі – Ұландарың,
Рухындай асқақ айтқан ұрандарын.

 

ОРАЗАЙ НҰРЖАН ҚАЙРАТЖАНҰЛЫ

Анама

Анам менің – асылым,
Жыр арнаған – Ұланың.
Айтылады жан сырым,
Шашылады шуағың.

 

Мейірім тұнған көзіңде.
Ақыл тұнған сөзіңде.
Менің, жүрек – жырым бар.
Таңғажайып  өзіңде.

 

Жүрегіңнің түбінде,
Анажаным, сақталдың.
Міне, соны, білдің бе?!
Жырлап  түнде ақтардым!

 

БАТЫРХАН СОВЕТБЕКОВ   

«Ағаларым»

 Уақыт белесін тастап артқа.
Жол тарапты басқа жаққа.
Әрбір сөзі, әр ақылы.
Қабыл алған сана – түбі.

 

Ағалар-ай!
Жүрсеңдер де, қайда, қашан.
«Амандық» деп алғауласам.
 Інілерден ізет көрдік.
Қателікті түзеттірдік.

 

Ағалар-ай!
Сендер бар деп кеудем асқақ.
Күмбір күйін көңіл қостап.
Ән шырқадым тамсап тұрып.
Ойда, есте, бар сәт – тұнық.

 

Ағалар-ай!
…Ағаларым!

 

ӘБДІРАХМАН  АЛДИЯР     

«Туған тілім»

 
Оты ма екен сезімімнің?!
Нәті ме екен сөз құнының?!
Бағасына  жетсем, шіркін,
Алашым-ау, өз тілімнің!

 

Бесігімде анам тербеп –
Жүрегімде далам келбет –
Ей, Ана тіл! Қалай біткен?
Осыншама саған өрнек!

 

Көшімдегі сүрлеулер де.
Есімдегі күрмеулер де.
Ей, Ана тіл! Сен барсың ғой?
…Жүрегімді  жыр кернеуде!

 

 ДӘУЛЕТОВ НҰРДӘУЛЕТ АЯНҰЛЫ    

 Жасын өлең – шабытты

 
Жүрегімде тулаған,
Жыр ағыны басылмас.
Оңашада мұңданам,
Ойға шомып ғазиз бас.

 

Төгілетін селдетіп,
Жасын өлең – шабытты.
Бар әлемлі тербетіп,
Сыйлап тұршы  жарықты.

 

Жабыққанда дем берген,
Өшпес жалын – өзегім.
Бозторғайдай кеудемнен,
Бұл – бұл ұшқан өлеңім.
 
  
 ҚҰРМАНҒАЛИЕВ АЙДЫН ӘДІЛЕТҰЛЫ

 Көктем

 
Көктем ән сап  елімде,
Құлпырып тұр, жерімде,
Шуағын нұр шашады,
Сәулелеп күн көгінде!
 

 

Наурыз

 
Бүршік атып гүлдерім,
Айнала қош аңқыған.
Табиғат тылсым түрленіп,
Наурыз келді – той-думан.

 

 

САТЫБАЛДЫ  ӘМІР    

 

Туған жер

 
Туған жерге, жер жетерме?
Туған елге, ел жетер ме?
Сенсің менің – мәңгі өлеңім,
Жүрегімді тербе, тербе!

 

Ана

Мейрімді құшағы бар.
Әлдилі ән – жыры бал.
Анашым, сенсің  жалғыз,
Перзентіне – Бойтұмар.

 

МАДИЯР ЖҮНІСБЕКОВ      

 Сайыпқыран сөзі

 
Мен қазақтың баласы –
Байтақ мирас даласы,
Әлемге мақтан дарасы,
Дастан жазған данасы,
Тағзым етіп, қарашы!

 

Мен қазақтың баласы –
Алты Арысты алашы,
Жүйрік тұлпар санасы,
Биік рухты бабасы,
Тағзым етіп, қарашы!

 

Мен қазақтың баласы –
«Елім» деген сарасы,
«Жерім» деген  дәл осы,
Алтай – Атырау арасы,
Тағзым етіп, қарашы!

 

Жерұйықтай таңбасы,
Астанадай қаласы.
Тұнық төрде – ту тұғыр,
Бақыт қонған Ордасы.

 

Көздің ақ пен қарасы,
Жаңғыруда жаңасы.
«Мәңгілік Ел» – мұрасы,
Шашылған  зер шұғасы.

 

Келешектің куәсі,
Даңғыл жолда жобасы.
Қасиетіне бас иген,
Заңғарланған бағасы.

 

Туған елім  мың жаса,
Таңғажайып  даласы!
Тыныштығын  қорғайды,
Сайыпқыран  баласы!

 

 

 

 

 ТАЛҒАТОВ НҰРАЛИ ТАЛҒАТҰЛЫ

 Жас Ұлан жыры

Бала кезден әскери болуды армандадым.
Әскери тәртіпке де үйреніп қалғандаймын.
Болашақ  қазақ елінің мақтанышы –
Мен боламын – Нұрали Талғатұлы!
 

 

 

 ӘЛІБИ  САЙЛАУХАН     

 

Қорғайды елін, қыраның

 
Қорғайды елін, қыраның.
Ұрандаған ту – әнін.
Қайсар рух бар көзінде,
Айбат сес бар сөзінде,
Жалындаған Ұланың!

 

ТЕМІРЛАН  ОРАЗБЕК

«Бақыт жыры»

 
Шуақты күндер легінде,
Шуақтай нұрым менің де,
Байлықты, мұратты, арманды,
Бақытқа өлшемен  тегінде.

 

Бақыт ол – бұл сөзге сыймаған.
Тәңірден келетін сый маған.
Бақытты «әліппе», ол – өзің,
Әр сәттің тәттісін жинаған.

 

Өмірді ащы да сүйдіріп.
Көңілді пәс қылып күйдіріп.
Бақытты «бақытың» өтеді
Бас йіп, соны  сен, жүр біліп.

 

ЗЕРЕХАН ӘЛИНҰР ҚАЙРАТҰЛЫ   

Алашқа – жыр

 
Құзар биік шыңдарыңда-ақ,
Қыран қанат қалықтайды.
Жүрегімде жыр жалындап,
Кернеп толқын  шабыт бойды.

 

Арманымды – айтам саған,
Ар жолындай – аласармас.
Жырларымды  мен толғаған,
«Рухың» деп біл, қалың Алаш!

 

ИНСАДЖАН АРНҰР БОЛАТҰЛЫ

 Отан

 
Бесігім  менің,
Сүйікті Отаным.
Шексіз сүйемін сені,
Перзенттік – жыр жауһарым.

 

Мәртебең  биік,
Кең далаң  асқақ.
Мәңгі – Жерұйық,
Өркендей бер, құлаштап.

 

Саған  арнаған.
Ұланың  шабыт – жыр.
Қырандай самғаған,
Жұлдызы  жанып тұр.

 

Отаным  менің!
Жүректе  тербелген.
Қаһарман  елім!
Рухы өлмеген.

 

 ЕРКІН ӘЗІМХАН ТӨЛЕГЕНҰЛЫ  

Наурыз

 
Наурыз айы келгенде,
Бәйшешек бүрлеп белдерде.
Шаттанар барлық адамзат,
Көктемді  шуақ  көргенге.
 

 

 

ЕСКЕНДІР ҚАБЛАН     

«Ханбатырым» Қабанбай

 
Сейілмес бұлттан жасындап,
Жарқылы көшкен тауларға.
«Нарбала» атанып жасында-ақ,
Сұстанып жүзі айбарға.

 

Жеңіске туған «Батыр» боп!
Жеңді де қанша жауын да.
Сиынған ұрпақ баһадүр деп!
«Дарабо» – «Рухты дабылға!».

 

Қырық жыл тұлпар үстінде,
Қырғынды кешіп, қорғады ел!
Өзіңнен асқан  мыс кімде?!
Әруағыңмен  жар бола гөр!

 

Елімнің бейбіт күнінде,
Жерімнің жұмақ төрінде,
Ханбатыр баба, дүбірле,
Желбіреп туым көгімде!

 

ҚАЛДЫБАЙ ӘМІРХАН 

 

Абай атама

 Ұлы Абай – Данышпаным,
Бойтұмары  қазақтың.
Жүректерді  тебірентер,
Ойлы жырлары  ғажап тым.

 

 

НҰРТІЛЕУ  СӘРСЕНБЕК  НҰРБЕКҰЛЫ

 Семей

 Тұнып тұрған өлкесі – үнге.
Сыр ұқтырған терең – толғау.
«Семей» деген ерке есімге –
Арман  маған өлең жолдау!
 

 

 

ЖҰМАБАЙ ОЛЖАС АСХАТҰЛЫ  

 Наурыз

 Самарқан тасы да еріпті.
Себебі, наурыз келіпті.
Қуанып  қария, бала жүр,
Мезгілге тамсанып көрікті.
 

 

ЕРКЕБҰЛАНҰЛЫ ЕРАСЫЛ

Көктем

Келді көктем, далама,
Жауыны да  жауып – гүл.
Масайра, хош ауаға,
Табиғатқа  барып бір.

 

АРМАН  НҰРИСЛАМ

 

 Күн нұрынан жаралған

 Ел – жұртпыз атам заманнан,
Сақ, Ғұн, Үйсін – тегіміз.
Күн нұрынан жаралған,
Батыры көп  еліміз.

 

Міндеттіміз – әр ұлан,
Әділеттің жолында.
Бар жақсылық дарыған,
Бабалардай болуға.

НАРМҰХАНОВ ӘМІР АЗАТҰЛЫ

 

Наурыз

 Қош келдің, Әз-Наурыз, еліме менің.
Ырыс боп ен, қадірлім, жеріме менің,
Ақ молайып, өзіңмен тіршілік қайнап,
Өріс жақтан төл даусы төгілер керім.

 

ДУЛАТҰЛЫ ДАНИЯР  

Ұстазыма 

 Адам бар ма  ұстаз алдын көрмеген?
Небір дана қанаттанған, өрлеген.
Даналықтың дәні егіліп жатыр-ау,
Саналарға, сіздер төккен  терменен.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...