Home » Әлеумет » КЕШЕГІ КЕҢЕСТІК САЯСАТ ЖӘНЕ ӨЗДЕРІМІЗ ТУРАЛЫ АҚИҚАТТАР НЕМЕСЕ АДАМИ КЕМЕЛДЕНУДІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ

КЕШЕГІ КЕҢЕСТІК САЯСАТ ЖӘНЕ ӨЗДЕРІМІЗ ТУРАЛЫ АҚИҚАТТАР НЕМЕСЕ АДАМИ КЕМЕЛДЕНУДІҢ АЛҒЫШАРТТАРЫ

Қазақ «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, орынды жерде аталы сөзін айтудан жасқанбайтын да, тартынбайтын да дәстүрлі халық. Қай кезде, кімге, қай ұрпағының болмасын кеткен есесін, ар-намысын жоқтай білетін бәтуалы ел. Қадыр-қасиеттері аяқ асты болып, абыройы тәлкекке түскен кезеңдерін естен шығармай, сәті келгенде бәрі бір, сол баяғы дәстүрлі талабын тірілтіп, уәжін айтып, әділеттіліктің тепе-теңдігін қалпына келтірмей жаны жай тапайтынын, ол қазақ атамыздың туды-бітті қанында бар бекзат, тектілік дәстүр екенін және ол дәстүрді әрқашан өзінің биігінде ұстау, ұрпақ үшін бұлжымас, киелі де қастерлі ұлттық ар-намыстың азаматтықтың өлшемі екенін, ақсақалды абыз қарттарымыз, қай заманда да қайталаудан жалыққан емес. Бұл әрбір қазақтың жүрегінде сақталатын құндылық. Хандарымыз, батыр-билеріміз достары түгілі, жауларының өз ордасында тұрып та, басынғысы келген дұшпандарын мәмілелі де өткір сөздерімен тәубесіне келтіріп, есесін жібермей, теңдігін алып отырғаны тарихтан жақсы мәлім. Ел-жұртымыз сол ата-бабаларымыздың тартымды да тапқыр, жалынды да шалымды, ұшқыр да ұтымды даналыққа, ерлік пен мәрттік мазмұнға толы сөздерін осы уақытқа дейін жадында сақтап, мақтанышпен жатқа айтады.
Осы орайда халқымыз тұтас ел-жұрт ретінде де, жеке тұлға ретінде де әділет ауылынан алшақтатылып, теңдік таразысынан теперіш көріп, ар-намысына ауыр салмақ түсірген бір кезең ойымыздан кетпейді. Ол тұста ел өзінің ежелгі елдік, ұлттық және ынсани да абзал қасиеттерінен ажырап, оңбай ойсырады, санасы санға бөлініп, рухани кеселге ұрынды. Соншама жан күйзелісіне ұшырап, аласапыран тағдырға жіпсіз таңылып, кіжінумен өткен шағыңды қалай ғана ұмытарсың. Оның үстіне ол келеңсіздік абайсыз, жай білместіктен жаңылыс жіберіп алған уақытша қателік емес, керісінше кезіндегі мемлекеттік билік, оның саяси орталығы тарапынан арнайы, тіпті ғылыми түрде ойластырылып, жоспарлап, халқымыздың ұлттық санасын, елдік рухын улап аздырып, іштен ірітіп құртуға бағытталған, арнайы да жүйелі жүргізілген екі жүзді саясаттың сатқындық нәтижесі болатын. Бұл шын мәнінде тұтас бір халық, ұлт тағдырына астыртын қарсы бағытталған саяси опасыздық еді. Сондықтан да ол кез туралы жеке-тұра азаматтар атынан айтып қана өз ішімізде жаймалап сіңіріп, сүйтіп біртіндеп ұмытып, жылы жауып қоя салуға сыймайтын тарихи тағдыр жатыр десе болады. Олай болса, бүгінгі Тәуелсіз, әлемдік ерікті елдер қауымдастығының тең құқылы мүшесі жаңа Қазақстан мемлекеті, оның Үкіметі мен саяси басшылығы өз халқының тәлкекке түскен тұтас бір дәуірі және оның жоғарыда айтқанымыздай зардапты, зілді сарқыншақтары туралы үндемей қалуға болмас деп есептейміз. Уақыт сәті келгенде сөзсіз ақ-қарасы ажыратылып, талданып (мүмкін, арнайы мемлекеттік құзырлы комиссия арқылы) мемлекеттік деңгейде құжат хаттама түзіледі, жалпы халықтық жариялылық жағдайда, елдің көңілінен шығатындай айызын қандыра отырып, бәрібір ол кезеңнің екі жүзді жымысқы отаршылдық жасырын саясатын әшкере етіп, анықтау, айыптау актысын жасау керек деп есептейміз. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алып, отарлаушы империядан өз иелігімізге біржола өткен жер-суымыз, тау-тасымыз, оның асты-үстіндегі құндылықтар мен байлықтар, жер қыртысы, топырақ, ауа құрамы, аң-құс, өсімдік әлемі, жалпы қоршаған ортаның экологиялық және басқадай шынайы жай-жапсары мен сипаттары, ең бастысы адамдарымыздың жалпы ынсангершілік сапа тұрғысынан жай-күйі, азаматтық рухани жағдайлары, ұлттық бейне-болмыстары, бәрі-бәрі туралы жан-жақты сипатталып, толықтай айтылуы жеріміздің, еліміздің, халқымыздың 75 жылдық отарланушы қыспақта болған тағдырына кең және бәтуалы түрде талдау жасалынуы, сөйтіп басымыздан өткен ол дәуірдің жан-жақты, анық та объективті, саяси бағасы берілуі тиіс деп ойлаймыз. Бұл бәтуалы іс-шара, біріншіден, әлемде, барша ел-жұрт мойындап, шекара сызықтары ресми айқындалған, кең байтақ аймақтың заңды ие Тәуелсіз  жаңа Қазақстан мемлекеті пайда болғанын өркениетті түрде жариялап білдіре түсу болса, ендігі жерде біржола өз қарамағымызға өткен ең басты байлығымыз – адамдарымыздан бастап, сол жердегі барлық жоғарыда айтылған жанды-жансыз нысандар мен ғаламдардың тағдыры енді бізді, бәрімізді жаңаша қызықтыратын болғандықтан, олардың бүгінгі толық өзіміздікі боп өткендегі нақты жағдайларын ерекше зейінмен анықтап алуға тиіс екенімізді, сөйтіп олардың бұдан былайғы тағдырына шын мұрагерлік жауапкершілікпен, әкелік қамқор көзқараспен жаңаша қарау керектігіне халқымыздың назарын аудару. Екіншіден, адамдарымыздың санасына сіңген құлдық психологияның тамырына біржола балта шауып, саяси Тәуелсіз екенімізді ерекше айғақтау, сонымен қатар жоғарыда айтылғандай, халқымыздың ежелгі елдік дәстүрі мен тектілік сипатына сай келетін орынды да қажетті істі де атқарған болар едік. Ал әзірге оларды біз орындай алмадық (өкінішке орай). Дегенмен ақылға салып, көпке ой тастап, пайымдай тұралық, ал ауқымды асықпай ой қорытудың уақыт сәті келе жатар деп үміттенеміз.
Әңгіме кеше ғана халқымыздың үш ұрпағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, 70 жылдан астам билік құрып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, Кеңес Одағы атты алпауыт қызыл империяның құрамында болған кезіміздің, үндемей қалуға болмайтын, өйтсең қазақы сөздің атасы өлетін, жоғарыда айтылғандай кейбір тұстары туралы болып отыр.
Айтулы кезеңнің мерзімі тарихта онша ұзақ болмағанмен, ол режим тұсында қазақ елі өз өмірінің ең бір күрделі, шым-шытырық, шатысқан, ұлттық рухы әлсіреп, ар-намысы аяқ асты болған, жүйкесі жұқарып, жігері езіліп, азаматтық еңсесі төмендеген сәттерін бастан өткізді және ол тұстар туралы айтылатын пікірлердің де біртекті еместігі тағы бар. Халқымызда «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейтін аталы сөз бар ежелден.
Шынында, Кеңес үкіметі қарамағындағы, өз тілінде айтқанда, бұратана халықтарға, оның ішінде қазақ халқына қандай көзқараста болды, не көрсетті, не берді, нелерінен айырды? Ел басқару әдісі негізінен диктатура мен тоталитаризм, шовинистік шолақ белсенділік пен атеизм болған Коммунистік қызыл империя тұсында, айтып айтпай не керек, жай қағаз жүзіндегі аты болмаса, шын мәнінде біз өз жер-суымыздың да, басқадай мүлік, байлықтарымыздың да, ең ашынарлығы адамдарымыз тағдырының да иесі, қожасы бола алмағанымыз құпия емес. Орталық, отарлаушы саясат жүргізіп, әлгінің бәрін қалауынша пайдаланды, аздырды, тоздырды, кейде шүлен таратқандай шашып-төгіп таратып та жатты, бір сөзбен айтқанда, большевиктік әпербақандықтың әлім жеттілігі ешкімді де елемей, өз үстемдігін қалайынша жүргізіп отырды.
Ең ауыры адам тағдыры ойыншыққа айналып құнсызданды, азапқа түсті… бәрі, бәрі болды, бірақ қолдан келер қарсы шара болмады. Кеңес үкіметінің жүргізген жымысқы саясаты, біздің халқымыз үшін (мүмкін басқа аз халықтар үшін де) нағыз геноцид болып шықты десе де болғандай және ол көп жағдайда ашықтан-ашық жүргізілді. Ол үкімет Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілік жасау, күн көріс, өмір сүру бәтуаларын есепке алмастан тас-талқан етіп бұзып, небір қиыншылықтардың қыспағына салып, қинап тастады, сөйтіп қасақана қолдан жасағандай, шу дегеннен-ақ халықтың жартысын опат еткен аштыққа ұрындырды. Ал тірі қалғандарына тыныштық болмады. «Ақсың-қызылсың, байсың-кедейсің, молдасың-қожасың» деп бөлшектеу мен қуғындаудың салдарынан тағы да жартымыз жер бетіне тарыдай шашылып, тоз-тоз боп, басы ауған жаққа қашып кетуге мәжбүр болды. Осы тұста барша қазақтың бетке ұстар қаймағы, оқыған, көзі ашық, ел қамын ойлайтын зиялы, іліп алар азаматтарын түгелдей жойып жіберді. Олар бірінен соң бірі тұтқындалып, жазықсыздан-жазықсыз «Халық жауы» аталып, зәр азапқа түсті, айдалды, атылды.
Дін – бұқара халықтың ежелден-ақ ең бір татымды рухани азығы, қиналғанда, тарығып-сасқанда көңіл тоқтатар таяныш тірегі, жұбанышы, үміті, ынсани тазалық пен туралықтың, қанағат пен сабыр, төзімнің қайнар көзі, жалпы өмірлік нәр алатын таусылмас қазынасы болған болса, сол қазына қазанын аударып тастап, бұл жағынан да елдің жұтап, азғындауына алып келді. Адамдарды имансыздандырып санасын улады, тарихын, тектілік шежіресін ұмыттырды. Құдайдан безген рухсыз, мәңгүрт, қалай айдаса солай жүретін тобырға айналдырды, ең ауыры құлдық психология үрдіс алды, орнықты. Ел-жұрт бұрын-соңды болмаған жан-жақты кемсітушілік пен жеку көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырады. Маңдайлары тасқа тиді, меселі қайтып, жігері құм болды. Әттең, әттең мұндай әділетсіз, ауыр соққыны халық күтпеген еді. Осы сұмдықтар жайындағы деректер мен құжаттар қазіргі күнде ашық күндей сайрап тұр ғой, сайрап тұр. Елдің жалпы елдік жағдайы барған сайын қиындай берді. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, саяси тепкілерден әбден қалжырап, әлсіреген шақта, 1941 жылы жойқын соғысқа тап болып, қолына қару ұстауға жарайтын азаматтар түгелдей соғысқа алынды. Сол қырғында тепсе темір үзетін қаншама асыл азаматтарымыз тағы опат болды. Ел, қазақ ауылдары сол кезде егесіз қалды десе де болғандай еді. Осы тұста тағы да әдейі қас қылғандай, СССР-дің түкпір-түкпірінен мәжбүрленіп жер аударылып, ар-намысы қорланған миллионға жуық ашынды жұртшылықты өзі кілдіреп қана әрең жүрген жетім-жесір қазақтың үстіне алып кеп төкті де жіберді. Ыңыршағы айналып азып-тозып отырған әлсіз елге, бұл артықша салмақ болды. Осылайша азабы көп ауыр тауқыметтер біріне-бірі жалғасып, тіпті бітпей қойды.
О, шіркін-ау, күні кеше ғана еді-ау (1917 жылға дейін) алаңсыз, іргесі бұзылмаған тұтас, ағайын-туыс, ел-жұрт боп, өздерінше біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, тыныш ғұмыр кешіп, өсіп-өніп жатқан ақжарқын да аңғал, қалың қазақ елі үшін, тұтқиылдан аждаһадай тап болған, зұлматы таусылмайтын мына заман қай заман болды?! Жүйкесін жүндей түтіп, қайратын қажытқан, қуталапай, қу заман боп жабысты ғой бұл елге! «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей, қазақтан береке-бірлік кеткен, шақшадай басын шарадай еткен, үш ұйықтаса ойында болмаған, аласапыран алапат кезең боп кездесті ғой сол кеңестік жүйе, қызыл коммунистер билігі.
Иә, қиналып, жылап-еңіреп жүріп қу соғыс та бітті. Халық аса қымбатқа түскен жеңісін тойлаған болды, бірақ ес жиюға шама келмеді. Енді соғыстан әбден қиюы қашып, тұралаған шаруа мен тұрмысты қалпына келтіру деген ұранмен, зобалаңы соғыстан артық болмаса кем түспеген сталиндік бесжылдықтар басталды. Еңбекке жарамды деген қыбырлаған жан біткен, кәрі-жас демей, «арқа еті арша, борбай еті борша» боп, күндіз-түні азапты еңбекке жегілді. Бірақ ол жылдары бәрібір не ішер асқа, не киер киімге жарымады, соншалықты жанқиярлықпен жасаған еңбегінің қайтарымы бір күндік қорегіне бірде жетсе, бірде жетпей жатты, қиындық жалғаса берді.
Елуінші жылдары қазақ даласына көрші Ресей, Украина, Белорусия, т.б. республикалардың мың-мыңдаған «бақыт іздегендер» легі бір-біріне жалғасып, бірнеше жылдар ағылумен болды. Бұл жолғы қоныс аударушылар, қазақтың тың даласын игереміз деушілер болатын. Әрине, бұл науқан қиындықпен болса да даламызды астықты алып аймаққа айналдырды ғой, алайда екінші жағынан, халқымыздың басына әкелген тауқыметі де аз болмады.
Шұрайлы даламыздың байырғы табиғи әсем бедері мен көркі адам танымастай бұзылып, шаңы аспанға шығып, құм-топырақ боранға оранды. Жүздеген ежелгі қазақ ауылдары мен қазақ қоныстары осы нөпірде жұтылып, біржола көзден ғайып болды. Қазақтар өз жерінде біртіндеп азшылыққа айналып, тілінен, қазақи ділінен, ежелгі ұлттық дәстүрінен, бауырмашыл, ағайын-туыстық қасиеттерінен ажырай бастады. Қалада да, далада да екі көзі жәутеңдеп, өз елінде, өз жерінде жетім баланың күйін кешті. Оның есесіне Кеңестік орталықтың озбырлығы мен басынуы барған сайын асқына берді. Халықтан сұрамай-ақ, жусаны мен жуасы жайқалған, самал желмен жұпар иісі аңқыған, сары жон даламыздың шығысынан да, батысынан да, оңтүстігінен де, бір сөзбен айтқанда, өздері қалаған жерінен ойып-ойып тартып алып, ядролық атом-тажал қаруын сынайтын, сынақ полигондарына айналдырды. Соның кесірінен қасиетті ата-баба жерінде халқымыздың жан-жүрегін жаралап, ауыр дертке ұрындырған, бұрын-соңды болмаған апатты аймақтар пайда болды. Көптеген қазақ ауылдары – бауырларымыз өздерінің ғасырлар бойы тамыр жайып, өсіп-өніп отырған, қастерлі де киелі санайтын ата қоныс туған жерлерін, ата-баба мазараттарын тастап, басқа бейтаныс қиыр өлкелерге бір жола ауып, безіп кетуге мәжбүр болды. Ата-бабамыз сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, керек жерінде сұңғыла мәмілегерлігімен әрбір қарыс-сүйемін көздің қарашығындай қорғап, ұрпағына аманат етіп, еншісіне қалдырған атамұра – қасиетті ана-жерімізді оп-оңай өз мүлкіндей мың-мың гектарлап, көрінген көршіге сыйға таратты.
Кеңестік қызыл империя барымыздың қадірін білмеді, білгісі де келмеді. Болашағына бейпарық қарады, көптеген бейберекеттіктерге жол берді. Бұл орайда Арал тағдырының өзі не тұрады. Бас-аяғы 50-60 жылдың көлемінде дархан даламыздың ғасырлар бойы мейірін қандырып, сән беріп тұрған шалқар теңіз ежелгі асау сұлу Аралымыз қансырап, қуаты біткен алыптай, мерт болуға шақ қалды. Бүкіл әлемді алаңдатып, тұзды құм суырып үрей тудырған, апат ошағына айналғандай күйге түсті. Айта берсе, өкінішке орай ондай орашолақ істер аз болмады. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы кезінде «Ізгі мақсаттар мен халқымыздың игілігі үшін» деп жар салынып істелгені рас және оған ақ көңіл халықты Құдайға сенгендей сендірді де. Иә, обалы не керек, ол кезде де жалпы оңтайлы жағымды істер де болды. Не де болса халқымыз ол тұста ғылым-білім, денсаулық  сақтау, өндіріс пен өнеркәсіпте, индустрия, әлеуметтік салада біршама бұрын болмаған жетістіктерге қол жеткізілгенін айтуға тиіспіз, айтылып та жүр. Алайда, үлкен қынжылыс пен өкінішке орай, сол істердің бәрінің астарында келешегімізге, халықтық, ұлттық мүддемізге жойқын соққы болып тиетін, үлкен есептегі жымысқы саяси мақсаттың шала жасырынып жатқаны да мәлім болды. Мемлекеттік саясат деңгейінде құпия ойластырылған бұл іс-әрекеттердің бәрінің түпкі шын мақсаты біріншіден, жергілікті халық – қазақтарды ұлтсыздандырып ассимиляциялау, санын азайту, біртіндеп құрту. Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, көптеген зобалаң қиындықтарды шұбыртып туындатып, елдің ес жиып, бел жазуына шамасын келтірмей, езіп, рухани жүнжіту. Ұлт, ұлттық мүдде деген сөздердің мәнін ұмыттырып, біртіндеп елдің рухын сындыру. Келешекте Қазақстан Республикасының аты бар да заты жоқ, орталықтың қолындағы жай жанды қуыршаққа айналдыру болды. Ал жалпы халықты тілінен, дінінен, ұлттық салт-дәстүрінен жұрдай етіп, дінсіз дүбәрә тобырға айналдыру еді. Егер осы мақсаттары ойластырғандарындай іске аса қалғанда,  біздің халық үшін одан асқан арамза зұлымдық, екіжүзді сатқындық болар ма, сірә?! Кеңес үкіметі өзінің осындай жымысқы сайқал саясатын, құбылған құйтырқы қулығымен қатар, аса аяусыз, қатал қатыгездікпен де іске асырып отыр. Осы мақсатпен небір азаматтарымызға «Ұлтшыл», «Халық жауы» деп жала жауып, зорлық-зомбылық жасаудың, жанға батқан кемсіту мен қорлаудың, әділетсіздіктің небір сұмдық, сорақы түрлерін көрсетті. Жазықсыз халық зар еңіреп, қан жылады. Рухани жадап-жүдеп, әбден шаршаған ел, басына тоқпақ тиген тұлпардай, алдын болжаудан қалды. Бағыт-бағдарынан шатасқан халықты әрі қарай жетекке алып, айтқанын істету, керегіне жарату, сол кездегі барынша жетілген мемлекеттік саяси және идеологиялық қуатты машиналар үшін, тіпті де қиын шаруа емес еді. Ал жаңа жас ұрпақтарымызды, бесіктен белі шықпай жатып-ақ өздерінің үзіліссіз «қамқорлығына» пионер, комсомол, коммунистік партия тағы басқа да мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар «құшақ жая қарсы алып», олардың ақыл-ойы мен ерік-жігерін, сана-сезімін, әлгі айтқан қуатты машинаның тезіне салып, қамырдай илеп, керекті форма-қалыпқа келтіре беретін. Адамдардың ақыл, ой-санасы үстінде осылайша үдемелі де мақсатты, арнайы да жүйелі түрде жүргізген «тәрбие» жұмыстары, әрине олардың өздеріне күткендей «жемісті» нәтижелерін берді де. Атышулы кеңестік патриотизм идеясы пайда болды. Сол жасанды идеямен арбалып, алданып уланған, бірақ оған шынайы сенген жұрт, өздерінің «жанашыр, қамқор» үкіметі үшін, жан алып, жан беруге келгенде бір-бірінен өтетін нағыз тасбауыр, өжет, фанатик, нағыз шын патриоттар боп жетіліп шықты. Сонымен қатар орталық саясаттың бұл жымысқы арандатушылығын іштей сезіп, біліп жай тілінің ұшымен ғана мақұлдап, жасанды «тер төгетін», бірақ өзінің ішкі есебін түгендеп қана жүретін жергілікті ұлттық пысықай чиновник, өтірік патриоттар да пайда болды. Ұлы державалық, шовинистік орталықтың отаршыл, екіжүзді саясаты үшін бұл екі топтың екеуі де әсіресе соңғысы, аса қажет еді. Бұлардың жоғарыдан берілген кез-келген тапсырманы орындаудағы ләппайшыл «тіл алғыштығын», шаш ал десе бас алуға дайын асыра сілтегіш пысықай «тындырымпаздығын», үкімет қалт жібермей, тіпті дер кезінде жоғары бағалағансып, ондайларды алдымен қызмет бабымен өсіріп, атақтар, наградалар, сыйлықтар беріп отырды. Олардың өзімшіл, ашқарақ, екіжүзділігін, ал ұлттық мүдде мәселесіне келгенде қасақана барынша бейтарап болуға тырысатын жасанды интернационалдығын қолдағандай сыңай танытып, әдейі күш беріп, арандатып, бір тұтас ұлттық ортаға іріткі салудың, алауыздық тудырудың, құлдық психологияны орнықтырудың оңтайлы құралы ретінде пайдаланды. Осындай сатқын саясат, арамза биліктің арқасында адамдарымыздың дүниеге, өмірге көзқарасы, өзара адами қарым-қатынас бәтуасы, байырғы туды-бітті адалдық, таза сана-сезім, тіпті ұлттық мінез-құлқына дейін өзгеріп, шынайы, ынсани асыл қасиеттерінен айырыла бастады. Құдайды білмейтін атеистігін артықшылық санап, шайтан мінез, имансыздық ауруы асқынды. Аллалық әлемнен қол үзіп, жаппай рухани кеселге ұрынды. Білінбей жүріп бүкіл ақыл-ойымызды, санамызды жаулап алған сол кеселдің улы зардабы түптеп келгенде рухани тамырымызды қиып түсетін ең қауіпті дертке айналып отырғаны белгілі болды. Үкімет осы рухани азғындықты одан әрі қоздырып күшейте түсудің барлық айла-тәсілдерін іске қосып бақты. «Өз тағдырың өз қолыңда, оның қожасы да, Құдайы да тек өзіңсің», – деп бір жағынан жеке-жеке қоқиландырса, «Өмір деген ол бітпейтін, ымырасыз күрес, күресе біл» деп екінші жағынан күш бергендей бездеңдетті ғой бәрімізді. Осы тұжырымға әбден құмбыл боп сенген, алданған бейбақтар «Мақсатыңа жету үшін өмірмен, айналаңмен тек ымырасыз күресуің, жеңуің керек екен» деп, екі иығын жұлып жеп, жұлқындырып қойса, ол енді неден тайынбақ?! Өзімшіл қара ниет, қажет болса сатқындықтан да, жауыздықтан да қайтар ма сірә?! «Өзіңді ғана ойла, басыңды көтере жығыл, әйтпесе аяқ асты боласың» деп шабыну мен құтырыну күштіліктің көрінісі боп саналды ғой. Алланың аты ауыздан қалып, өзбілермендік өрши берді. Әрине, Құдайсыздың бар сенері де, тірек-таянышы да тек өзі болары аян, басқа ешкімге де, ешнәрсеге де сенбейді. Сондықтан да кешегі Кеңес «патриоттарына» (ол мына бүгінгі көпшілігіміз ғой) ешкімді де, еш нәрсені де мойындамайтын менмендік, өркөкірек, бетбақ мінез тән болды. Өз идеясының салтанат құруы үшін кежір де кекшіл, жалған намысқойлықтың шегіне шығып, ожар өжеттіліктің небір жанкешті үлгілерін көрсетуге дайын болатын. Кеудесінде жаны барда, жеңіліс атаулыны мойындамайтын. Міне кеңестік патриотизм идеясымен суарылған «атышулы» Кеңес адамдарының (соның ішінде бәріміз болдық қой) басқасын айтпағанда, моральдық бейнесі, азаматтық, ынсани кемелділік сипаты осылай болды.
Алайда олар өздерінің осы мағынадағы бәтуаларын, бағыт-беталыстарын еш күмәні жоқ тұп-тура деп есептейді. Ал өздерін әлемдегі теңдесі жоқ әбден толысқан, жетілген кемел жандармыз, біздің жеңбейтін жауымыз, алмайтын қамалымыз, шешпейтін мәселеміз жоқ, – деп жаһанға жар салудан жағы тынбайтын. Дәл осылайша, Құдай-тобасы жоқ, өр мінез, менмендікті, қайсар бетбақтықты, обал-сауабы жоқ ұрда-жық ұраншылдықты ынсани кемелділік, патриотизмнің шыңы деп, санаңа құйып шабындырумен болса, оған не амал бар. Ертелі-кеш осындай Құдайсыз тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, үгіт-насихат алдыңнан шығып тақымдап, жұлқындыра берсе сенбегенде, көнбегенде қайтерсің?! Шынайы өркениетті тең бәсекелестік деген ұғым атымен болмады. «Өмір ол тұтас толассыз майдан, ымырасыз күрес» дейтін, қатыгез бәтуа-принцип салтанат құрып, Құдайсыздар билеген елде, кез-келген бәсекеде тек жеңбесе жаны тынбайтын тоңмойын, өзімшіл өр мінез, озбыр іс-әрекет жанып тұрған сол кездегі кеңестік ортада (бәріміз тәрбие алып, өмір сүрген ортада) адал, әділетті ынсани қарым-қатынас, шынайы сыйластық, достық пен махаббат сияқты табиғи таза, адамшылдық, абзал қасиеттердің обалына қалып, оларды титтей де қымсынбастан құрбан етіп жататын сәттер де аз болмады. Неткен қаратоқпақ өжеттік, қаратүнек озбырлық десеңізші!
Халқымыздың тұтастай үш ұрпағын, тоталитарлық темір құрсауда ұстаған кеңестік жүйе кезінде жасыратыны жоқ, отарланушы ел ретінде, құлдық психологиямен өмір сүрдік. Жоғарыда айтқанымыздай империя өзінің отарлаушы, шовинистік және ұлы державалық іші ала, жымысқы саясатын іске асыру барысында, халқымыздың ғасырлар бойы екшеліп қалыптасқан Аллалық түсінік пен көзқарасын, адамгершілік сана мен жалпы адал өмірлік қағида, принциптерінің астан-кестеңін шығарып, бұзды. Уақыт сын-сүзгісінен өтіп, ұлттық салт-дәстүр, әдет-гұрып, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, мінез-құлық, адал кісілік бағыт-бағдар болып ұйысқан, жалпы халықтық интеллектуалдық құндылықтарымыз ендігі жерде бәрі бірден жарамсыз, қоғамда сұранысы жоқ, қоқыс үйіндіге айналып шыға келді. Сөйтіп, дәстүрлі түп-негізі, рухани жиынтық қоры болмаған, тұл-кедей, жетекте жүрген бейшара, жабайы халық болдық та шықтық. Басымызға «бөліп ал да, билей бердің» кері келіп, күні туды. Әрине, бұл ешкім күтпеген, елді бірден есеңгіретіп кеткен ең ауыр қасірет болды. Ел ішіне іріткі түсті, азғындық басталды. Қалыпты дәстүріміз бұзылды. Бұрынғы ата-бабалар заманында көз көріп, құлақ естімеген үлкенді, ата-ананы сыйламау, тіпті оларға тіл тигізіп, қол көтеру сияқты жүгенсіз сорақылыққа бару, ұрлық-қарлық, ішкілікпаздық, нашақорлық, зинақорлық, екіжүзді сатқындық, парақорлық, ар-намыссыз, бәтуәсіз табансыздық айта берсе түрі көп, тағы солар сияқты жиіркенішті, біздің ежелден қазақи болмысымызда , елдік салт-дәстүірімізде, туды-бітті қанымызда болмаған, табиғатымызға, дінімізге жат әдет-қылықтар ортамызды ойрандап жайлап алды.
Иә, бұның бәрі сол кешегі кеңестік, қызыл коммунистік атеистік идеология, жымысқы саясат дәуірлеп тұрған тұста сіңіскен, кірме шайтани қасиеттер еді, әрине. Сол кезде елді жаппай жайлаған осындай рухани кеселге қарсы қояр амал болды ма?! Сананы улаған бұл дертке жаппай ұрынуға мәжбүр болдық қой. Несін айтасың, тіпті сол кезде, әлгі атың өшкір көп дертіміз асқынғаны соншалық, мың бірінші рет өлуге шақ қалған халық болдық. Егер Алла оның бетін әрі етпегенде, сол жолы мәңгіге мерт болуымыз мүмкін еді. Өйткені ол тажалдың диагнозы «Құдайсыздық, рухсыздық» болар еді, ал оның ұрығын егіп дарытқан, қолдап дамытып отырған Кеңес үкіметі төл өкіметіміз болғандықтан, ол тірі тұрғанда, бізді одан айықтыратын шипагеріміз бола алмайтыны да даусыз ғой. Алла жар боп бақытымызға, ол өкіметтің өмірі қысқа болды, Құдай сақтап халық ретінде біз, мың бірінші өлімнен аман қалдық, астағфируллаһ!
Иә, Кеңес өкіметі опат болды, оның отарлаушы саясатынан да, тоталитарлық режимінен де біржола құтылдық. Бірақ әлгі халқымымызды халық ретінде мерт етуге сәл-ақ қалған, санаға сіңіп, сол тұста жабысқан көптеген дерттерді бойымыздан сыпырып тастай аламыз ба, қырық ағайынды пәлекет бізден бір сәт те қол үзе қояр ма?! Ол шешіп лақтыра салатын, солай құтыла қояр дене сыртындағы киілген жейде емес қой. Әйтсе  де енді міне біздер қас пен көздің арасында бәр сәтте жаңа заман, жаңа қоғам құруға міндетті ұрпаққа айналып шыға келдік. Біз өзіміздің азамат, ынсан ретінде кім екенімізді талдап, анықтап, бағалап білмей жатып, паузасыз жаңа өмірмен, жаңа міндетпен бетпе-бет келдік. Шынында сол сәтте біздер, неде болса бүкіл ел болып алдымызға шын мәнінде адамшылдық ізгі ниетке сай келетін, бірақ та аса күрделі жаңа мақсат қоя білдік. Ол әлемдегі өркениетті, дамыған алдыңғы мемлекеттердің қатарына қосылып, олармен шынайы бәсекелестікке жету болды.
Біз ұмтылып отырған өркениетті, кемел қоғам, ол кейбіріміз ойлағандай шу дегеннен адамдардың жай-ауқаттылығы мен тұрмыс жағдайының жақсаруы, ел экономикасының қалыпты үдемелі дамуы, ғылым мен техниканың, өнер мен білімнің, өнеркәсіп пен өндірістің, өзіміз көздеген жетістіктерге қол жеткізу ғана емес екен. Сонымен қатар мүмкін бірінші кезекте абзал адами факторлардың да жетіле, жақсара, айқын кескінделе түсуі, олардың қоғамда басым құндылықтарға айналуы да болса керек. Басқаша айтқанда, адам санасының жаңа сатыға көтеріліп, шынайы тазаруы. Кеңестік кезеңдегі «тек өзіме ғана болсын» дейтін ескі пенделік ой-пікір мен ниеттің, енді халықшылдық, мемлекетшілдік, отаншылдық сипат алуы, ішкі жан дүниенің, ой-мақсаттың, ар-намыстың табиғи адалдануы, имандылық рух пен Құрани дүние танымның салтанат құруы, адамдардың мемлекет, қоғам, заң және бір-бірлері алдындағы жауапкершіліктерін толық сезінуі, міндеттеріне адал болуы, тағы да басқа осылар сияқты ынсани асыл қасиеттердің күнделікті өмірде табиғи қажеттілікке, қарапайым бұлжымас нормаға айналуы еді. Осындай өркениетті, кемелденген, жаңарған адамдармен ғана әлгі айтылған кемел қоғам орнамақ болар. Олай болса енді бәрімізді неде болса әрқайсымыздың жеке басымыздан өтуге тиісті осындай өзгерістер күтіп тұр. Рас, бізге ол кезде көп нәрсе жетіспеді: уақыт та, қаржы да, тәжірибе де, рухани күш те, патриоттық та, басқалай да қырағы, ықтият болатын сәттер аз емес еді. Мәселен, біздер үшін сол әдепкі қиын-қыстау, қарбалас шақта о бастан-ақ асықтары түгел, өркениеті шынында да дамыған елдер енді ғана еркіндік алған бізді өз мақсаттары үшін пайдаланып қалуға ниеттенбей отыр дей алмаймыз.
Бұл орайда олар, жоғарыда айтылғандай, біздің ең бір осал тұсымызды, отарлаушы езгіден енді ғана босап, әлі де құлдық санадан арылмаған рухани және патриоттық әлсіздігімізді, бостандық өмірдегі тәжірибесіздігімізді, идеологиялық қамдығымызды – ең бастысы Құдайдан қорықпайтын көзсіз, қаратүнек «батырлығымызды» нысанаға алып, осы бағытта өздерінің бұрыннан шыңдалған әккі айла-тәсіл, әрекеттерін істеп қалуға тырысты. Олар жалпы демократияны, нарық принциптерін жалау етіп, өз тарапымыздан әлі де игерілмей жатқан кең байтақ идеологиялық кеңістігімізге жабыла кіріп кеп, оны бізге жат, мәнсіз желікпе муызкасымақтармен, атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, жауыздыққа, жабайы, әдепсіз эротикалық сюжеттерге толы кино-видео фильмдер сияқты, әсіресе жастарымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін теріс-жеңіл жолға алдаусыратып адастыратын лас, арзанқол ақпараттық «дүниелермен» толтыруға ұмтылды. Діни ар-ожданымызға араласты. Нарық әлемінде өздерінің жүздеген жылдарда жинақтаған тәжірибелеріне бас-аяғы 14-15 жылда қуып жетуіміз мүмкін еместігін біле тұрып, тең бәсекелестік шарттарын талап етті, өздерінің мемлекеттік үрдіс-тәртіптерін, тілдерін, заңдарын үлгі етіп тықпалады. Оның бәрін халық тұтынатын тауар деп ұсынғанымен,  олардың шын мәнінде әлі сауығып үлгермеген біздің Кеңестік санамызды шатастыра түсетін, идеологиялық құрал есебінде жұмыс істейтініне есеп жасады. Біздер өз жағдайымызға сәйкес алдымен экономика деп жаппай біржақты жұмылып жатқанымызда, олар экономикамен жымдастырып идеология майданында  да о бастан-ақ оның көрігін қыздырып жібергенін, көпшілігіміз аңғармай да қалдық. Мақсаттары, біздерді өзіндік идеологиялық оккупацияда – қыспақта қалдырып, әлсіреген, ұлттық, мемлекеттік, тәуелсіз рухымыздың, имандылығымыздың тезірек нығаюын, жалпы ынсани рухани кемелденуімізді тежей түсу еді. Мұндай жағдайда экономикамыз қаншалықты дамып, өзіміз бай-бақуатты болғанымызбен тағы да рухани тиянақсыздыққа ұрынып, түптің-түбінде адами  факторларымыздың әлжуаздығы есебінен, бәрібір ақтық бәсекеге төтеп бере алмастан, олардың оңай олжасына айналып, қанжығасына жіпсіз-ақ байланатынымызды, біздің «достарымыз» ә дегеннен-ақ анық болжап, ішкі есебін түгелдеп отырса керек. Олар өздерінің экономикалық алыс-беріс іс-әрекеттерінің өзін аса бір елеусіз  ептілікпен, саяси идеологиялық «тауарлармен» астарлап, онсыз да әзірше әлжуаз азаматтық позициямызды әлсіретіп, бейтараптандыра білді-ау. Мәселен, елімізге қаптап келіп жатқан инвесторлар өздеріне тиімді де кең жол ашу үшін біздің адамдарымыздың, әсіресе биліктегі шенеуніктеріміздің кешегі кеңес дәуірінен қалған өзімшіл, ашқарақ тәбетін қоздырып, оларды сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі экономикаға, парақорлыққа, екі жүзді сатқындыққа итермеледі, жемтік қыстырған қармақтарын тастап, әртүрлі диверсияға барды. Өкінішке орай, кейде олардың есептері ақталып, майдаларын былай қойғанда, қармақ қауып жатқандардың ішінде ірі «жайындар» мен «шортандар» да кездесіп жатқанын айтпасқа амал жоқ. Осындай шикілік келеңсіздіктер, халқымыздың адал атқарып жатқан жанпидалық еңбектеріне қарамастан, мемлекетіміздің түбінде мардымсыз, берекесіз тиімділікпен қала тұруы атына, абырой-беделіне дақ түсіріп, нұқсан келтіруі сөзсіз еді. Бұл жағдай біздегі бүгінгі отаншылдық, халықшылдық, мемлекетшілдік сезімнің, кешегі кеңестік көзбояушы жалған патриотизмнен әлі де ұзап кете қоймағанынан дерек еді. (Алланы мойындап, оның әділетті қаһары алдымнан шығады деп қорықпаған адам өзінің «пайдасы үшін» бәріне де оп-оңай бара беретінін жоғарыда айттық). Кезінде өз халқымен екіжүзді өтірік ойын ойнап, жымысқы саясат жүргізген кешегі Кеңес өкіметі, биліктегі өз  шенеуніктеріне  іс жүзінде халқына, халық мүддесіне адал болуды емес, алдымен билікке билік мүддесіне адал болуды үйретті, талап етті (отарлаушы өкіметпен отарланушы халық мүдделері, әрине бір-біріне сәйкес келмейтіні түсінікті ғой). Олардың арасындағы мүдделер қайшылығы тұрғанда, халық пен өкіметтің, биліктің өзара іскерлік ықпалдастықта болуы, әрине ешқашан мүмкін емес болатын. Халықпен осылайша моральдық байланысы үзілген сол кездегі билік шенеуніктері  мемлекеттік мүддеге қара басының пайдасы үшін оп-оңай сатқындыққа бара салуы және ол жағдайдың үйреншікті әдет екені жасырын емес еді (халықты алдап үйренген әдет). Ол кездегі өкіметтік бюрократияның түп негізі, қайнар көзі міне осында жататын. Бірін-бірі алдаудың да, парақорлық пен сатқындықтың да тамыры осыдан туындайтын.
Ал енді өзіміздің Тәуелсіз мемлекетіміз орнаған соң өкімет пен халық арасында бұрынғыдай мүдде қарама қайшылығы болмау керек, әрине. Олар өзара тек бір мақсат жолында ықпалдасып, біртұтас одақ болып еңбек етуге тиіс болғанмен, кезінде үйреншікті әдет боп жабысқан сол кесел, өкінішке орай бүгінгі билік шенеуніктері тарапынан әлі де кейде кездесіп қалуда. Халқымыз айтады: «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп. Кешегі Кеңес дәуірінен қалған осы екі жүзді ішкі алалықтан тазару, бүгінде әрине оңай шаруа болмай тұр. Осындай өзімшіл сатқындықты, жеке басының пайдасы үшін жанкештілікпен  ішіне жасырып, қулығын асырып жүрген кейбір имансыз «пысықтар» әрине қоғамға көп кесірін тигізіп отыр (ондай ниеттегілер биліктің жоғары деңгейлерінде де болуы әбден мүмкін ғой, ондай жағдайларда  оның келтіретін қырсығы да салмақты бола түспек, әрине). Сонымен шынайы нарықтық экономиканың жедел дамып, қоғамның өркениетке жетуіне, барлық дәстүрлі нарықтық қатынас талаптарының орындалуымен қатар, жеке адами факторлардың да маңызы айтарлықтай елеулі екені, айқын белгілі болып отыр. Демек, бүгінгі азаматтарымыздың нарық талаптарына сай білімді де іскер, өз саласының кәсіби талантты да талапты, жігерлі де ізденімпаз озық маманы болуы қажет-ақ. Алайда, ол сонымен қатар, жоғарыда айтылған ескі, өзімшіл, ұсақ пендешілік пиғылдардан арылып, санасы тазармаса, Құрани иманы кәміл, ішкі ой-пікірі, іс-әрекеттері адал, халықшыл, отаншыл, мемлекетшіл сипатта болмаса, онда оның алдыңғы оқып-тоқып, үйреніп-игеріп алған қасиеттері тек өз басына ғана қызмет ететін, ал қоғамдық өркениетке қосатын үлесі кері таңбалы, жеке бастық көрсеткіш қана болып қалуы сөзсіз. Сондықтан кешегі Кеңестің тоталитарлық, ұлы державалық, шовинистік, отаршылдық және атеистік құбылмалы саясаты мен идеологиялық өңдеуінен өткен біздің үш ұрпағымыз, бүгінгі жаңа заман талаптарына сай, өркениетті қоғамның архитекторы мен құрылыскері болуға, жеке адами жағдайларының қаншалықты, қай деңгейде дайын екенін, олай болмаса қандай рухани тазарулардан өту керек екенін, бір Алланың куәгерлігімен әр пенденің өз ар-ұятының адал анықтауы, адал мойындауы шешеді. 75 жылдай дүрілдеген сол Кеңестік тоталитарлық атеистік принцип адамдарымызға кезінде небір сұмдықтарды істетті, алдады, арбады, күнәлі істер көп болды. Амал жоқ, өткен өтті, өткенге салауат. Алайда, енді біз ол күйімізде қала алмаймыз, уақыт басқа, заман өзгерді, еркіндік алдық. Алланың о баста бізге берген ақиқат таңдау ұлы мүмкіндігі тағы да енді өз қолымызда.
Ақыл-ойыңды, сана-сезіміңді, ар-ожданыңды, ерік-жігеріңді енді бұрынғыдай ешқандай режим билемейді. Оларды қалай бағыттайсың, қалай пайдаланасың шешім өз қолыңда, өз ар-ұятыңда, ынсани такзалығында, енді ешкімді кінәлай алмайсың. (Төбеде Алла көріп тұр деп білейік). Әркімнің иманы таразы болсын. Енді жаңа қоғам, Тәуелсіз еліміз үшін ең бірінші тазалық, адалдық керек. Енді тек адами парасатқа, тек Алланың ақ жолына жүгіну, оның қаһарынан қорқу парыз. Кеңестік дәуірде біліп-білмей істеген имансыздық өрескел, өжір істеріміз үшін енді алдымен шын пейілден өкініш білдірейік, Алладан кешірім сұрап, тәубаға келейік. Қанағат нысапқа кіріп, таза, тура жүріп тұруға, Құрани обал-сауапты, арам-адалды біліп, аманатқа, тірі жанға қиянат жасамауға, әділеттен, ынсани әдеп, ар-ұяттан аттамауға Алла атымен ниет етейік. 18 мың ғаламның жаратушы иесі – Құдайдың шексіз құдіретін, дүниетанудың Аллалық ақиқатын мойындайық, биік Тәңірлік әлеммен байланысымызды нығайта түсейік. Алла біздің күнделікті жақсы-жаман барлық істеріміздің, тіпті әлі сыртқа шықпаған, ішкі ой-пікір, арман-үміт, ниеттеріміздің де үзіліссіз куәгері, әрі бақылаушысы екеніне, оның өткір назарынан ешкім де, ешнәрсе де қалтарыста қала алмайтынына инедей күмән жоқ деп білейік. Әркімнің осы жарық дүниедегі барлық ісі қорытылып, сол бойынша о дүниелік тағдырымыз таразыға түсетін Ұлы сот – Ақырет күні келетінін, сол күні жарық дүниеде істеген қайырлы, сауабы мол істеріңіз таразы басып, мәңгі пейіште жан рахатында немесе қиянатшыл бейынсап, күнәлі істеріміз ауырлап, мәңгі тозақта азап шегуге Ұлы Алланың әділ бұйрығы болатынын есімізден шығармайық. Бұл биік Тәңірлік сенім. Осы ақтық, кіршіксіз сенім ғана бізге Алланың адал пендесі болуға, өз Отанымыздың, халқымыздың адал перзенті болуға көмектеседі. Кешегі Кеңес заманында Алланы мойындамай әбден шатасқан санамызды тазартып, қулық-сұмдықтан арылтып, мемлекетіміз бен ел мүддесіне адал болуға иман тазалығын, жан тазалығын, ар тазалығын қамтамасыз етеді, жеке тұлға ретінде кемелденуімізге, өркениетке есік ашады. Біз енді осылай ғана рухани шын тазарамыз, адалданып, ақталамыз. Осы ұлы Тәңірлік сенімге өзіміз, әрбіріміз енуіміз ләзім, сонан соң ғана өз ұрпақтарымызды сол сенімге жетелейміз, сендіреміз. Онсыз олар бізге сенбейді, ешкімді де сендіре алмаймыз, онсыз ескі Құдайсыздық дәуірден қалған алдау-арбау, өзімшіл, екіжүзді сатқындық әдет, шайтани мінез әрбірімізде бұдан әрі де жалғаса беруі мүмкін.
Аллаға сенімі жоқ, оның қаһарынан қорықпаған бәтуасыз ынсанда, тұрақты, баянды шешім, лебіз болуы мүмкін емес. Ендігі жерде сәтті, жемісті, тиянақты да тыңғылықты орындалуға ниеттелген кез-келген іс, тың бастама (мейлі жеке адамдық, мейлі мемлекеттік), саналы түрде, шын пейілмен ұлы Алла атымен және сол ұлы Иеміздің қалауын тілей отырып басталғаны жөн, солай болғаны абзал. Дүние-әлемдегі мемлекеттердің бәрінде, мейлі олар қандай дінді ұстанбасын, барша адамдары (мемлекет басшыларынан бастап) жаппай Құдайды аузынан тастамайды, барлық іс-әрекеттерінде ұлы Жаратушыға сиынып отырады. Онысын айырықша көз қылғандай популизм етіп емес, шынайы түрде табиғи ішкі пейіл-ниетімен, сыпайы ишарат-ықыласпен оп-оңай атқарады және оны мәдениет тұрғысынан да, ынсаният, өркениет тұрғысынан да, бұрынғы біздің Кеңес еліндегідей қараңғылықтың емес, керісінше ең жоғары деңгейдегі ізгіліктің Тәңірлік дүниетаныммен үндестіктің, адами әдептіліктің дағдылы көрінісі деп қабылдайды. Алланың құлдары үшін тәкаппарлық, астамшылдық мінез көрсету, табиғаттың қожасымыз деп өрескел кердеңдеу – пенделік парасат-пайымға сыймайтын, табиғи қисынға келіспейтін, күнәһар қылық деп ерсісаналады. Дүниеге келген күнінен бастап қолындағы садағын Құдайға қарсы кезеген, бүкіл жер бетінде бірден-бір атеист мемлекет кезінде – Кеңес мемлекеті болып шықты. Бұдан басқа бірде-бір елде арнайы атеистік идеология болған жоқ. Үш бірдей ұрпағын қатарынан осы атеистік идеологияның темір құрсауында ұстап, қатаң тәрбие беріп, елден ерекше құтырынған Құдайсыздық көзқарасты ұстауы бұл бүкіл өркениетті елдің төбе шашын тік тұрғызған Советтік жүйенің басқа ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі еді. Сондықтан да бүгін біз өзіміздің осы аса бір зардапты ерекшелігімізден арылып, ежелгі ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи адамшылдық, иманды қалпымызға қайта оралуымыз, ұлы Тәңірлік ақиқатты қайта қалыптастыруымыз ләзім. Оның бірден-бір жолы – ең алдымен жоғарыда айтылған ұлы Аллалық сенімге ену ғана деп білеміз. Осы сенімді көңілге жаппай ұялатсақ қана басқа істерге оңтайлы жол ашатын адами таза адалдық оралған болады. Онсыз кім біледі? Айтуға тіл бармайды.
Кешегі 70 жылдан аса бүкіл дүниені дүрілдеткен алып та қуатты атеист Кеңес империясының күлі көкке ұшқан, абыройсыз аянышты ақыры, кімге де болса көп нәрсені аңғартып, «байқа», Алламен ойнама дегендей көмейімізде тас-түйін боп тұр. Мүмкін, сол Кеңестік тағдырдың солай бітуінің басқа да біраз себептері бар болар, бірақ біздің ойымызша ең басты себеп, атеист мемлекеттің миллиондаған адамдардан тұратын соншалық алып елді Құдайсыздандыруы, Аллаға қарсы соғыс ашуы болар. (Басқа барлық пәлекет, қырсық осыдан кейін келіп жабыса, жамала, ақыр соңында ол бағытпен өмір-тіршілік жасау мүмкіндігі біржола тәмам болған болар).
Иншалла, енді бүгін жаңа игі, ұлы мақсат жолындамыз, бүкіл халық біргеміз. Әрқайсымыз өзімізден бастап жеке ынсани тазару, кемелдену идеясын жанды түрде жүргізудеміз, ортақ игі ісімізде бізге Алла жар болсын, бұдан былай өзінің ақ жолынан ауытқымауды жазсын. Осындай ізгі имандылық жолындағы қадамдарымыз, басқа барлық игі істеріміздің біссмілләсі болсын, әрқайсымыздың жеке кемелденуіміз жалпы ұлттық кемелділікке ұлассын. Әмин!
Тойым ЖҮНІСОВ,
Жетісай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы,
Түркістан облысының Құрметті азаматы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ДЕПУТАТ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ӘЛИЯ – СОҒЫС ҚҰРБАНЫ

        ...

СОТРУДНИКИ ЦОН ПРОВЕЛИ СУББОТНИК У ДОМА ВЕТЕРАНА ВОВ

        ...

ХҚКО қызметкерлері ҰОС ардагері үйінің ауласында сенбілік өткізді

        ...

Меценаттық біздің тарихымызда да бар

        ...

ШЕКАРАШЫ САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

        ...

БЕЛЬГИЯЛЫҚ «ENABEL» ДАМУ АГЕНТТІГІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

        ...

ТЕМІРҚАЗЫҚ СЫНДЫ ЖҰЛДЫЗ ТҰЛҒА

        ...

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...