Рухани келісім – ел бірлігінің негізі
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Спорт
20/10/2026
12 Views
Мақтаарал ауданында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай мешіт жамағаттары арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Спорттық дода өзара сыйластықты нығайтып, діни татулық пен достықты дәріптеуге бағытталды.
Турнирдің басты мақсаты – қоғамдағы рухани келісім мен ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және мешіт жамағаттары арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту. Тартысты өткен кездесулерде қатысушылар спорттық шеберліктерін көрсетіп, командалық бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты.
Жарыс қорытындысы бойынша Абдул-Әкім орталық мешітінің діни қызметкерлері бірінші орынды иеленді. А. Қалыбеков ауылдық округінің имамдары екінші орынға тұрақтаса, Мақтаарал ауылдық округінің діни қызметкерлері үздік үштікті түйіндеді.
Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегерлері теледидармен, екінші орын алған команда автоматты кір жуғыш машинамен, ал үшінші орын иегерлері шаңсорғышпен марапатталды. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, медальдар және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Спорттық шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасудың маңызын көрсетті. Осындай игі бастамалардың қоғамдағы өзара құрметті арттырып, татулық пен бірлікті нығайтуға ықпал ететіні анық.
2026-10-20