Home » Қоғам » Жас буын » ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХИ ЗАҢДАР ЖИНАҒЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХИ ЗАҢДАР ЖИНАҒЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

        Қарағандыда «Жаһандану дәуіріндегі ұлттық мүдде
және ұлт алдындағы міндеттер» атты дөңгелек үстел өтті.
       Өткен күндері Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» бастамасымен ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесіндегі «13 маусым – Қазақ халқы күнінің» таныстырылымы болды.
         Шара барысында ұйымдастырушылар Қазақ күнтізбесінде белгіленген бұл күннің мән-маңызына тоқталды. Аталған атаулы күн қазақ тарихындағы тарихи датамен тығыз байланысты. Осы күні 1911 жылы қазақтың қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның өтінішімен Қазақ елінің Конституциясын жазды.
           Сондай-ақ, шара барысында осы күнге орай халық жазушысы Мұхтар Шахановтың халыққа арнаған құттықтауы оқылды. Атап айтқанда ол өз сөзінде «Бұл күн бізді Алаш зиялыларының қазақ халқының болашағы үшін ат үстінен түспей еңбек еткен кезеңге жетелейді. 1911 жылы қазақтың қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы Қазақ елінің алғашқы Конституциясын жазып шыққан еді.
         Бұл құжат қазақ даласында осыған дейін белгілі болған «Қасым ханның қасқа жолы» және «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағының заңды жалғасы іспеттес. Тарихи жадымызды жаңғырту мен ұлттық тарихымызды білуге үндейтін бұл атаулы күн барша халқымыз үшін терең мәнге ие. Бүкіл қазақ жұртының арманы мен аманатын арқалаған осынау тарихи күнді жас ұрпақ біліп өссе, ертеңгі болашағымыздың жарқын болғаны. Көшпенді қазақ жұрты дегенде көбіміз ат үстінде ұлан-ғайыр даланы дүбірге бөлеген жауынгер жұртты көз алдымызға елестететініміз анық. Осы орайда «қазақтың ұлылығы неде?» – деген сұрақтың туындайтыны заңды.
          Қазақ халқының ұлылығы, шынайы болмыс – бітімі мен бекзаттығы ол тағдыр жазуымен қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған 5 миллионға жуық ұлт пен ұлыстың өкіліне қиналғанда жәрдем беріп, кең құшағын жайып, аман алып қалғанында дер едім. Пейілі кең, дарқан қазақ мен үшін осынысымен қымбат! Барлықтарыңызды 13 маусым – Қазақ халқы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жұлдыздарыңыз шындық пен парасат биігінде жарқырай берсін!» – деп атап өтті халық ақыны өз құттықтауында.
        Сонымен қатар шара аясында жиналғандар «Жаһандану дәуіріндегі ұлттық мүдде және ұлт алдындағы міндеттер» атты дөңгелек үстелде өз ойларымен бөлісті. Еркін форматта өткен пікір алмасу барысында жиналғандар ұлттық қодты сақтау және осы мақсатта әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін мысалға келтіре отырып, ой алмасты.
        Атап айтқанда Жапонияда самурайлар мұрасын сақтауға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп, олардың ар-намыс кодексі жалпыхалықтық құндылық ретінде насихатталатыны, сонымен қатар кимано киім үлгісін жаңа заманда насихаттау үшін отандық көліктердегі салондарды тігуде кимано тігісінің қолданылатыны айтылды.
          Бір кездері қазақтың қайраткер азаматы Өзбекәлі Жәнібектің қазақ мектептерінде «Қазақтану» пәнін енгізіп, ұлттық болмысты жүйелі түрде зерделеу қажеттігі жайлы айтқан ұсынысының болғандығы, өкінішке қарай оның іске аспай қалғандығы сөз болды. Дөңгелек үстелде қазақ қоғамына фильмдер мен әндер, интернет желісі арқылы сырттан ұсынылып жатқан жасанды теріс мәдениеттердің, порносайттар мен онлайн казинолардың ашық жұмысының жас ұрпаққа кері әсері бар екендігі және бұл әсерді шектеуге бағытталған шаралар жайы айтылды.
        Бұған қоса, осы атаулы күнге орай «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» бастамасымен халық мұрасын насихаттауға қосқан үлестері үшін бірқатар азаматтар «Тәуелсіздік лентасымен» марапатталды. Олардың қатарында  – Қарағанды қаласында «Ұлы дала таңы» фильмінің тегін көрсетілімін ұйымдастырған Марат Түсіп пен Дулат Төлеген, Қарағанды қаласында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай ескерткішті әзірлеп, орнатқан шетелдік қандастарымыз (ескерткіштің авторы) Төлеген Жармұхамед және демеушілік еткен азаматтар – Айкен Солонен, Алма мен Дулат Сергелштам, Алвира Шульц, Баян Жанбау, Серік Тұрсын және т.б, Көне қыпшақ әнұранын тауып және жариялағаны үшін Александр Николаевич Гаркавец – түрколог, қыпшақтанушы ғалым, Қарағанды қаласында ұлттық музыка өнерін насихаттап жүргені үшін сазсырнайшы – Сиязбек Ершіманұлы да бар.
        Сонымен қатар Шымкент қаласында өтетін жыл сайынғы республикалық «Бесқару» этнофестивалін ұйымдастырып, өткізіп жүргені үшін – Рүстем Әшетай және этнофестивальді ұйымдастыру алқасы мен фестивальге қатысушылар қазақтың әскери тарихы мен мұрасын насихаттауға бағытталған «Жауынгерлік Даңқ» лентасымен марапатталды.
       Шара соңында ұйымдастырушылар бұл күннің алдағы уақытта қазақтың бітім – болмысы мен мәдениетін насихаттайтын және ұлттың сақталуына бағытталған шаралардың қолға алынуына ықпал ететін халықтық мерекеге айналатынына сенім білдірді.
Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...