Home » Business » 2023 жылыТүркияға 52 миллион турист барған

2023 жылыТүркияға 52 миллион турист барған

        Оның дені әлбетте сұлу да сырға толы Стамбулға ағылған. Мұнда бір келумен шектелуге әсте болмас. Себебі сан ғасырлық тарихтың куәгері туристерді баурай береді. Оны зерттеуге тырысасың. Өткенінен бөлек, бұл қаланың бүгіні де қызық. Осынау айрықша мекенге біз де табан тіредік.
СТАМБУЛДАҒЫ ЕҢ АЛЫП ОРТАЛЫҚ
           Қаңтардың ортасын еңсердік. Астанада сарышұнақ аяз. Бірақ, бізден анағұрлым жылы өлкеге аттанып бара жатқанымызды ескеріп, жұқа пальтоны киіп алдым. 6 сағаттық әуе сапарынан кейін түске қарай, Стамбулдағы әйгілі қонақ үйлердің біріне орналастық.
         Ұйымдастырушылар бізге жергілікті мәдениет пен шоппинг салтын таныстыруды мақсат тұтқан. Біз дегенім мен, 24.kz арнасының операторы Бағдат Қайыркен және El.kz сайтының тілшісі Мадина Асылбекова. Пресс-турға өзбекстандық және Әзербайжаннан келген әріптестеріміз де арнайы шақырылыпты. Қонақжай түріктер сонау әуежайдан күтіп алып, сапар бойы жанымыздан табылды. Осылайша жұмысымыздың алғашқы күнінде күллі әлем саяхатшыларына мәлім Zorlu Center-ге аттандық. Бұл жұмыс емес екен ғой.
         Демалысымыздың бірінші күні бір бойына 5 резиденцияны сыйдырған орталықта өтті. Мұнда бизнес жүргізіледі. Қонақ үй де бар. Барлық бренд атаулы шоғырланған сауда үйін көресіз. Оның аумағы 72 мың шаршы метрді қамтиды. Мәдениет пен өнер ордасын да табуға болады. Стамбулдың дәл орталығында орналасқан алып нысанның негізгі меймандары қалталы азаматтар. Жергілікті халық пен туристерге сапалы қызмет және алуан түрлі ас мәзірін ұсынып отырған мейрамханаларды атап өтпеуге болмайды. Дәмі тіл үйірер кешкі ас бізге де бұйырды.
ӨТКЕННЕН ӨНЕГЕ АЛАТЫН ЕЛ…
           Стамбулға келгенде туристер міндетті түрде бет бұратын орын – Айя София мешіті. Демалысымыздың екінші күні қасиетті орыннан бастау алды. Негізі 324 жылы қаланған көне ғимараттың қазіргі кейпі 537 жылы қалыптаса бастаған. Одан кейін мұнарасы бүлініп, қайта салынды. Мешіт ретіндегі алғашқы құлшылықтар 1453 жылы орындалды. Ал 1935 жылы ғибадат орны музейге айналды. Осыдан 4 жыл бұрын мұнда қайтадан азан шақырыла бастаған. Мешітке мұсылмандар ғана емес, басқа діндердің өкілдері де ағылады. Кезек көп. Сол себепті жергілікті билік жеке музей ашуға бел буған. Бірнеше қабатты қамтитын бұл ғимараттың кіре берісінен бастап, Айя Софияның тарихына бойлауға болады. Түрлі тілде сөйлейтін арнайы аудио гид пен сәтті бейне көріністер, әсерлі музыка маған сол заматтағы күйді кешуге, сезінуге мүмкіндік берді. Алған әсерді жеткізе алмаймын. Бұл 1700 жылға созылған мезет.
ТАМШЫЛАР. БАЗИЛИК ЦИСТЕРНАСЫ
          Сапар барысында бізбен болған Беркан Ташан бейдің еңбегін елеусіз қалдыру мүмкін емес. 25 жылын гидтік қызметке арнапты. Құдды туған өлкесінің әр тасымен таныс сияқты. Аз уақытта бізді де қанық қылды. Қаладағы ЮНЕСКО тізіміне енген жартылай түбек көпті тәнті етері хақ. Байырғы Шығыс Рим мен Осман империясының әлеуметтік және саяси ортылығы әлі де құндылығын жоғалтпапты. Архитектуралық ғимараттар ғана емес, ауанның өзі өткеннен елес беріп тұрғандай. Беркан бей бізді сондай аумаққа апарды. Базилик цистернасы жайлы естуіңіз бар ма? Бұл да Ыстамбұлдың бірегей нысаны. Айя София мешітімен «құрдас» цистерна салынғанға дейін бұл ғимараттың орнында үшінші және төртінші ғасырға жататын ұлы базилик орналасқан. Кейін ол отқа оранады. 542 жылы император Юстиниан I цистерна салдырады. Онда 2 млн тонна таза су сақталыпты. Қазір бұл жерде музей жұмыс істейді. Байқағанымыздай, нысанның тарихы мен тағдыры туристер үшін өте қызық. Бекер емес, мұндағы тамшыларға дейін өткеннен белгі беріп тұрғандай.
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН БАЗАР
         Әлемнің шоппинг сүйерқауымы ерекше бағалайтын Гранд Базарды біз де көрдік. Жаһандағы ең ірі сауда алаңының аумағы 30 мың шаршы метрден асады, 64 көшені қамтитын аумақта 4000 дүкенге орын бар. Әрине, түрік мәдениетіне қызығатын көпшілік ол жерлерден осман дәуіренен сыр шертетін кілем, керамика бұйымдарын ала алады. Жергілікті халыққа тән шай мен тәттілерді де табуға болады. Біз де елге апарар сарқытты осы жерден алдық.
ӘР ТАСЫ ШАБЫТ БЕРЕДІ…
            Түркияның қай өңірі де көзтартар көркімен, терең тарихымен, жауһар мәдениетімен, ең бастысы асханасымен ерек. Халықтың да қанына сіңген қасиет болар. Біз бұл сапарымызда әлемге даңқы шыққан Севан Бичакчи, Бегюм Кхан сынды зергерлермен таныстық. Киімдерін Америка, Араб әлемі, Еуропада киіп жүрген дизайнер Мехтап Елайдидің шоурымында болдық. Ас мәзірі демекші, тіл үйірер түрік тағамдарын айтқанда танымал шеф аспаз Неджати Йылмазды еске алатындар көп. Біз барғанда ол да Қазақстандағы жұмыс сапарынан оралып жатыр екен. Орта Азия тілшілерінің қонақ болып жатқанын естіген аспаз бірден өз қолымен десерт әзірлеп берді.
ТІЛШІЛЕРДІҢ БАСЫН ҚОСТЫ
          Орайы келгенде, пресс-тур жайлы айта кетейін. Іс-шараны Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мен Түркия туризм таныту және дамыту агенттігі ұйымдастырған. Мақсаты – түркітілдес елдердің тілшілеріне Түркия, соның ішінде Ыстамбұл тынысын таныстыру. Біздің естен кетпес сапарымызға Түркітілдес журналистер қоры мұрындық болды.
Мерей Мұратханқызы, 24.kz арнасының арнайы тілшісі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ШЕТЕЛДЕГІ ЗАҢСЫЗ ДІНИ БІЛІМ АЛУ

        ...

ТАРТЫНА ТҰРСАҚ, ТУЫСҚАН!

        ...

Эвакуацияланғандар жатақханаларға көшірілді

        ...

КИЕЛІ МЕКЕН: ЖЕТІСУДА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАЛҒАСУДА

        ...

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН КЕЛГЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІНЕ ҚАЗАҚСТАН ОҚУТУ ЖҮРГІЗУДЕ

        ...

ИНСУЛЬТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

       Бас ...

БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!

        ...

МЕЙІРГЕР – МЕДИЦИНАНЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

        ...

ТЫНЫС ЖӘНЕ ЖҮРЕК ЖҰМЫСЫНЫНҢ ТОҚТАУЫНДАҒЫ КӨМЕК

        ...

ҚЫЗЫЛША АУРУЫ

       Қызылша ...