Home » Әдебиет » МЫЛЖА-МЫЛЖА ҚҰЛАҚ ХИКАЯСЫ

МЫЛЖА-МЫЛЖА ҚҰЛАҚ ХИКАЯСЫ

Қалың бет, бура түсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай.
Өзге жұрт  ергежейлі ол келгенде,
Айбынды, жолбарысқа болар пардай.
Сәкен СЕЙФУЛЛИН.
          Әр халықтың маңдайына жарқырап біткен жарық жұлдыздардай ерекше бітімді, жаны жайсаң, еңбектері дара ерлері бар. Олар жайлы ел жадында айтылар әңгімелер аңызға бергісіз. Французша және еркін күрестен халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, 1927 жылғы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті Президиумының Жарлығымен «Қазақ даласының батыры» атанған Қажымұқан атамыз жайлы айтылар әңгіме әлі түгесілген жоқ.
           Біз сөз еткелі отырған әңгіме 1947 жылдың көгілдір көктемінде болған. Соғыстан соңғы жүдеу өмір. Ел әлі еңсесін тік көтеріп кете қоймаса да уанышы мен жұбанышы басымдау. Қыс ызғары қайтып, мал аузы көкке іліккелі де ауыл адамдарының жүзіне қан жүгіре бастаған. Бала-шаға қозы-лақ қайырып, терген жуасын айранға қосып ішіп алып, тойыңқыраған тербелмелі кезең. Тербелмелі болатыны балаларының бірінің әкесі соғыстан оралған жоқ, екіншісінің ағасы келмеді, үшіншісінің шаңырағы ортасына түсті. Осындай көңіл-күйдің құбылмалы кезеңінде Теріскейде жұртты уайым-қайғыдан бір серпілтіп, күпті кеуделерге шуақ шашып келген бір оқиға болды.
           Сиыр сәске еді. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» совхозы жағынан айдау жолдың шаңын шығарып бір арба келе жатты. Арба үстінде қорапты түгел алып еңгезердей, үйелмен, кең жауырынды, бұжыр қара біреу отыр. Мынандай алыпты бұрын-соңды көрмегендер қайран қалып, таңдай қақты. Ал, балалар бажылдап шешелерінің етегіне тығылды, біреулері зып беріп үйлеріне кіріп кетті.
         Бір қызығы, шөккен нардай ұзынынан түсіп жатқанында әлгі дәу арба қорабын түгел алып кетеді екен. Оның аяғын ала бере қылдырықтай жас келіншек отыр. Сырт көзге мына көрініс аса таңырқатарлық еді.
          Қонақ алғаш жолыққан мектеп директоры Жаманбай Күнтубаевтан колхоз басқармасының кеңсесін сұраған. Аты аңызға айналған даңқты палуанды колхоз басшылары құшақ жая қарсы алды. Сол күні ол колхоз есепшісі Байұлының үйіне түсті.
          Аты әлемге әйгілі аңыз адам ауылға күнде келе бермейді. Кешке Байұлының үйі адамға лық толды. Ел ағасы Кенжеғұл Берденов Қажымұқанға отырғандарды жағалай таныстырып шықты.
         – Мына домбыра ұстап отырған жігіт Файзулла Үрмізов, төре тұқымынан. Қалғанымыз Сіргелі тайпасынан тараған Тутаңбалы, Шалдар деген руданбыз, – деді Кенжеғұл.
           Осы кезде Қажымұқан басын көтеріп, еңсесін тіктеп отырды. Жан-жағына күлімсіреп қарап, қозғалақтап қойды. Содан соң:
          – Менің алғашқым Сіргелінің қызы еді. Мына қарындастарың апаларың қайтқан соң қыр соңымнан қалмай, ақыры дегеніне жетті. Қайын жұртқа келген екенмін ғой! Күйеудің орны есік аузында, – деп табалдырыққа қарай жүрді.
         – Оу, Қажеке, мұныңыз не? Сіз дүние жүзіне атағыңыз жайылған даңқты адамсыз. Есік аузында отырған сізге жараспайды, – деп үлкендер оның алдын бөгеді.
         – Ертең мына қарындастарыңыз «менің төркінімде төрге шығып шалжиып жатып алдың» деп маған күн көрсетпейді ғой, – деп Қажымұқан жорта қорыққансып, орнына бірден барып отыра салмай, ортада тұрып қалды.
            Үлкендер, ауыл ақсақалдары, колхоз басшылары оны қолқалап төрдегі орнына қайта отырғызды. Бөлмені көңілділік кернеді. Әңгіме тиегі ағытылды. Сырт көзге сөзге шорқақтау көрінгенімен, шын мәнінде Қажымұқан әңгімеге шешен болып шықты.  Арғы-бергі тарихқа да жүйріктігін танытты.
          – Мына баланы төре деп қалдыңдар. Файзулланның туысы Кенесары Наурызбаймен бірге қырғыздардың қолынан қаза тапты. Менің әкемнің ағасы Жәнібек батыр да осы қанды қырғында опат болған. Мен 1924 жылы қырғыз ауылдарына барып өнер көрсеттім. Қайтар жолда бір жотаның етегіне тоқтадық. Жотаның үстінде тарбиып кісі бойындай бір ағаш тұр. Арбакеш қырғыз шалы еді. «Мына жотаның басында Кенесары жатыр. Бейітінің басына ағаш өсіп шықты» деді. Мен жотаға көтерілдім. Есіме әкемнің «Жәнібек, Кенесары, Наурызбай бір жерге жерленген» дегені түсті. Үш бірдей әруақты аттап кетуге болмайды ғой. Басына барып, Құран оқыдым. Қорым жермен-жексен болып кетіпті. Ешқандай құлпытас не белгі жоқ. Әрі ойлап, бері ойлап, қырғыз арбакешті кері қайтарып жібердім де сол маңайдағы қазақ ауылдарына барып ойын қойдым. Он бес күнде сексен қой жиналды. Бір ауылдың Тәңірберді деген сыйлы адамы бар екен, сол сексен қойды Тәңірбердіге беріп: «Кенесарының басына белгі қойдырыңдар» деп кеттім. Содан бері жолым түспеді. Тәңірберді қорған не шарбақ қойды ма, жоқ па, бұл арасынан да бейхабармын, – деп барып тоқтады.
           Қазақтың үш бірдей жаужүрек батырының жерленген жерінің ескерусіз қалғанына көңілі толқыды ма, үнсіз қалды. Егер сол кезде Тәңірберді тиянақтылық танытқанда бүгінде үш арыстың мәңгілік тыныс тапқан жеріне ескерткіш-белгі қойылар ма еді? Бүгінгі ұрпақ басына барып тәу етіп, Құран бағыштап отырмас па? Ерлікті, бірлікті, отаншылдықты насихаттайтын киелі орындардың біріне айналар еді ғой. Осы жылдары Қажымұқанның да соңынан құйын көтеріліп, Ташкент барып бой жасырған. Бәлкім, қайта айналып соғуына осы қуғын кесірін тигізді ме екен? Көңілсіздік көлеңкесін ыдыратуды ойлаған ауыл азаматтары түрлі әңгіме қозғады. Файзулла шертпе күйлерді бірінен соң бірін нөсерлетті. Жетпістің жетеуіне жеткен жауырынды палуан жадырай бастады. Қарт палуан «Ақ қайың» деген әнді тәп-тәуір айтады екен.
         – Қайын жұртым мені төбелестен басқа ештеңе білмейді екен деп ойлап қалар, – деп отырғандарды ду күлдірді.
             Жиналғандар таң сыз бере ғана орындарынан көтерілді. Бірер күн тыныққан соң Қажымұқан колхоз басшыларына өзінің аудан орталығына жүретінін жеткізді.
            Арба Қызылкөлге иек арта бергенде соңдарынан құйынперендете шауып келе жатқан аттылыны көрді. Бұл – Әлібай еді.
             Соңдарынан шаңдата қуып жеткен Әлібай атынан қарғып түсіп палуанның қолын алып, шапанынан сүйіп: «Көке, қызмет бабымен кеткен едім. Сіздің келгеніңізді естіп, түскен үйіңізге барсам шығып кетіпсіз. Бауырыңызбын ғой, сізге үйден дәм таттырып, батаңызды алу арманым еді» деп өтінді. Қажекең оның шын ықыласымен өтініп тұрғанын сезіп, арбаны кері бұрғызды. Әлібай замандастары мен сыйлас адамдарын шақырып, күн тимеген қара қозыны атып ұрды. Бұл жолы да үй ішінде ине шаншар орын қалмады. Құмкент шаһарының тарихы, Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның әулиелігі жан-жақты сөз болды. Осындай бір әңгіме көрігі қызған шақта Әлібай:
              – Көке, мына құлағыңызға қарасам, мылжа-мылжа. Оны кім шайнап тастаған? – деп қалды.
              Сіргелілерге күйеу болып отырған Қажымұқан тағы бір әзіл қыстырып үлгерді.
          – Мына қарындастарыңыз ғой, құшырланғанда осылай шайнап тастайтын әдеті бар.
             Отырғандар жамырай күлісті. Палуанның жас келіншегі қызарақтады.
               Күлкі басылған соң Қажекең ырғатылып, түзетіліп отырды.
          – Бұл бір ұзақ әңгіме шырақтарым. Қара сөзге аса жүрдек емеспін ғой, бірақ сұрап қалған екенсіңдер, айтайын, – деді.
            Көпшілік «айтыңыз, айтыңыз» деп шу ете түсті.
            – Бұл – өлім мен өмір арпалысы еді, – деді палуан біраз үнсіздіктен соң.
               Жиналғандар іштерін тартып, тына қалды.
             – Қазақ «бастан құлақ садақа» демей ме? Бұл құлақты өмірім үшін бергенмін.
           Үй ішіндегілер әңгіменің енді қызықты бола түсерін біліп, сілтідей тынды. Палуан әңгімесін жалғастырды.
          – Циркте ойнап жүрген кезім. Бұл кезде күрестің әдіс-тәсілдерін біршама меңгергенмін. Бірде бізді ойламаған жерден Ташкентке әкелді. Неге келгенімізді әуелгіде айтқан жоқ. Сөйтсек, бізді жекпе-жекке шығарады екен. Өліп кетсек, сұрауымыз жоқ. Осыны біледі ме, жұрт билетті талап алып кетті. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы. Қызық көрмек. Қызығы – адамдардың бірін-бірі өлтіруі. Қасымда күрес өнерін үйреткен Иван Поддубный бар. Ортаға екеуміздің біріміз шығуымыз керек. Мен өз еркіммен ортаға шықпақ болдым. «Патша ағзамның өзі осы күреске рұқсат беріп отыр. Көрінетін кезің келді. Аянба» деді ұстазым. Әуелі балуандар ортаға шығып, дене қимылын, бұлшық еттерін көрсетеді екен. Мен қарсыласымды ортаға шыққанда бір-ақ көрдім. Денесі бұж-бұж, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған, бура сан, бұқа көз алыптың өзі. Мына тұрысының өзі пілдей-ау! Жұрт қырылып қалды. Ысқырып, қол шапалақтап, жер тепкілеп жатыр. Қошемет қой. Ортаға мен де шықтым. Көрермендер маған аса ықылас таныта қоймады.
           Ертесіне цирк өнері өтті. Артынша өлім мен өмір арпалысы – жекпе-жек басталды. Жеребе тасталып, кезек қарсыласыма берілді. Осы кезде оны «Горький» деп таныстырып жатты. Ойын ережесі бойынша жайылған кілемнің үстіне малдас құрып отырмын. Қарсыласым қалаған жерімнен соққы беруі тиіс. Екі тіземді сығымдап ұстап, әруақтарға сиынып отырмын.
             Горький ортаға жараған түйе сияқты аузынан көбігі атқылап, буырқанып шықты. Талтаң-талтаң етіп жүрісіне қарағанда өзіне нық сенімді. Ол сахнаға шыққан бетте жұдырығын түйіп, жеміне шүйліккен құзғындай түйіліп келіп, о жағымнан бір, бұ жағымнан бір шығып, желкемнен нұқып намысыма тие бастады. Шыдап отырмын. Тәртіп солай. Бір кезде ту сыртыма шықты да құлақ шекемнен салып кеп кеткені. Көзімнен от шашырап, дүние дөңгеленіп жүре берді. Одан арғысы еміс-еміс есімде. Есім кіресілі-шығасылы. Құлағымнан аққан қан денемді жауып кеткенін білем. Бар күшімді салып, екі қолыммен жер тіреп көтерілейін десем, денем зіл қара тастай қозғалмайды. Бір кезде әлдекімдер мені көтеріп бара жатты. Қанша уақыт ес-түссіз жатқанымды білмеймін, бір кезде есімді жисам, басымда Поддубный төніп тұр. Басымды дәкемен таңып тастапты шөмеледей етіп. Басым зырқ-зырқ етеді, құлағым шуылдайды. Қойшы, әйтеуір, екі күнде өзіме-өзім әзер келдім. Сосын Иваннан сұрамаймын ба мән-жайды. Оның айтуынша, Горький құлақ шекемнен оңдырмай ұрғанда екі-үш домалап барып жер тіреп тұрып қалыппын. Теңселіп тұрыппын. Құламағам. Осы халімді көрген Иван шаршы алаңға жүгіріп шықпай ма? Бірақ жандалбасалап тұрған маған судьялар жібермепті. Санаулы секундтар өткен соң ғана мені алаңнан әкетуге рұқсат берген.
              – Жаның олжа! Тірі қалғаныңа қуан. Енді сенің кезегің! – деді ұстазым.
             «Осыдан кезегім келсе, құлақ шекеден ұрудың қандай болатынын көрсетейін саған» деп тісімді қайрап жатқанмын. Арадағы үш күн маған үш жылдай көрінді. Иван маған қарымта қайтарудың жолын түсіндіріп жатыр. Қолымның қырымен ұрғанымда ағашқа екі елідей кіріп кетуші еді. «Осы әдіспен ұрсам қайтеді?» деймін Иванға. «Жоқ, сен былай ет. Мына бастың қарақұсын көріп тұрсың ғой. Осы жерде жігі бар. Тап осы қарақұстың шүйдесінен соқ. Қапы қалмайсың» деді Иван. Мен осы әдісті таңдадым.
          Үш күн маған едәуір күш беріпті. Сонда да басым шөмеледей зорайып тұр. Дәкенің де салмағы болатынын сонда сездім. Мені көрген ала шапандылар «ау, мынау молдалардың сәлдесін киіп шығыпты ғой» деп келемеждеп жатыр.
         Бірақ, Горький сасатын емес. «Кешегі соққыдан кейін бұл сорлыда қайбір қауқар қалды дейсің?» деп ойлайтын сыңайлы. Қаннен қаперсіз отыр. Миына майып болармын-ау деген мысқалдай да ой кіріп-шықпайтындай.
            Мен оны өзі сияқты айналып қыр көрсеткенім жоқ, барған бетте қарақұсынан сүзе ұрдым. Бас сүйегі пытыр етіп сынғанын анық естідім. Қолымның қыры екі елі кіріп кеткенін де сезіндім. Мені менсінбеген батыр сылқ етіп құлап түсті. Сол күйі орнынан тұрған жоқ. Оның былқ-сылқ еткен денесін дәрігерлер көтеріп әкетті. Мына мылжа-мылжа құлақтың оқиғасы осындай, – деп Қажымұқан әңгімесін аяқтады.
           Тыңдармандар тым-тырыс қалды. Оның мылжа-мылжасы шыққан, буынтық-буынтық, тыртық-тыртық құлағы қажырлылықтың, қайсарлықтың белгісіндей көрінді.
             Қажымұқан алдына тартуланған марқа қозының құлағын кесіп алып, Әлібайдың баласына лақтырды. Ол қағып алып, балуан атасына иіліп ізет көрсетіп, құлақты аузына бір-ақ атты.
            Кейін Әлібай жәкемнің осы баласы жауырыны жер иіскемеген балуан болды. Екі ауылдың мен деген бұзық балалары Арын ағадан ықтап жүруші еді.
           Бұл кездейсоқтық па, әлдебір тылсым құдірет пе, анығын Алла біледі!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЙМАҚТАРҒА 1,3 МИЛЛИАРД ТЕНГЕ БӨЛДІ

        ...

Туризмді одан әрі дамыту туралы сөз қозғалды

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

        ...

КНИГУ БРИТАНСКОГО БИЗНЕСМЕНА ОБ ОТНОШЕНИИ РУССКИХ И КОЧЕВНИКОВ В НАЧАЛЕ XXВЕКА ПЕРЕВЕЛИ ДЛЯ КАЗАХСТАНЦЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

        ...

КӘСІПОРЫНДАР 7540,4 МЛН. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРҒАН

     Мақтаарал ауданының ...

«23 сәуір ұлттық егемендік және балаларды қорғау күні» аталып өтті

        ...

22 СӘУІР – АЛТЫН АДАМ КҮН!

Алтын адам алтын тұлға ...

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІЛЕРІН КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

        ...

САЯХАТТЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ДЕ ЗОР БОЛДЫ

        ...