Германияның Mercedes-Benz автоконцерні қызметкерлеріне өз еркімен жұмыстан кету үшін өтемақы төлеу бағдарламасын іске қоспақ. Компания кейбір мамандарына 422 мың еуроға дейін қаражат ұсынуға дайын. Бұл туралы BILD басылымы хабарлады.
Компанияның ішкі құжаттарына сәйкес, ең жоғары өтемақыны жалақысы жоғары, 52 жастағы инженер 2027 жылғы наурыздың соңына дейін жұмыстан кетуге келіскен жағдайда ала алады. Бағдарлама 2026 жылғы 1 желтоқсаннан 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Алғашқы төрт айда өтемақының ең тиімді шарттары ұсынылып, белгіленген мерзімге дейін келісім берген қызметкерлерге қосымша «Турбо-бонус» төленеді. Бұл үстемақысыз ең жоғары төлем шамамен 340 мың еуроны құрайды.
Өтемақы көлемі қызметкердің жасына, еңбек өтіліне және жалақысына байланысты есептеледі. Мәселен, әкімшілік бөлімдерде жұмыс істейтін қызметкерлерге 253 мың еуроға дейін төлем қарастырылған. Бағдарлама өндірістен тыс бөлімдердегі 30 мыңнан астам маманды, шеберлерді, топтар мен бөлім басшыларын қамтиды. Биыл алғаш рет жоғары лауазымды басшылар да бағдарламаға енгізілген. Қатысу үшін қызметкердің компаниядағы еңбек өтілі 1 желтоқсанда кемінде үш жыл болуы шарт.
Компания бұл бастаманы экономикалық жағдайдың нашарлауымен және персонал шығындарын қысқарту қажеттілігімен түсіндіреді. Mercedes-Benz өндірістік емес бөлімдердегі қызметкерлер санын ерікті түрде азайтуды көздеп отыр. Бұл тәсіл компанияға шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Германияда жұмыспен қамтуға кепілдік беретін келісім 2034 жылдың соңына дейін күшінде болғандықтан, компания қызметкерлерді өндірістік себептермен әдеттегі тәртіпте жұмыстан шығара алмайды. Осыған байланысты ерікті жұмыстан кету бағдарламасы шығындарды оңтайландырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.