Әлемде

«BЕPIКOLOMBO» МЕРКУРИЙ ОРБИТАСЫНА ШЫҚТЫ

BepiColombo аппараты Меркурийге жетті. ЖИ Сайыпқыран.кз
      Сегіз жылға жуық уақытқа созылған ғарыш сапарынан кейін Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) мен Жапонияның аэроғарыштық зерттеулер агенттігі (JAXA) бірлесіп жүзеге асырып жатқан «BepiColombo» миссиясы маңызды кезеңге жетті. 21 қарашада ғарыш аппараты Меркурий орбитасына сәтті шықты. Бұл туралы Еуропалық ғарыш агенттігі хабарлады.
      «BepiColombo» 2018 жылдың қазан айында Француз Гвианасындағы ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. Оның негізгі мақсаты – Күнге ең жақын әрі Күн жүйесіндегі ең кішкентай ғаламшар Меркурийді жан-жақты зерттеу. Аппарат орбитаға шығар алдында күрделі траекториямен қозғалып, бірнеше планеталық маневрді орындады. Алайда, орбитаға енгізу кезінде тежеу қозғалтқыштарының жұмысы жоспарланған уақыттан ерте тоқтаған. Мамандар ғарыш аппаратының жағдайын бақылап, техникалық ақаудың себебін анықтауға кірісті.
       Алдағы желтоқсан айында миссияның еуропалық және жапондық зерттеу модульдерін бір-бірінен ажырату жоспарланып отыр. Одан кейін әрқайсысы Меркурийді жеке орбитадан зерттейді. Ғылыми бақылау жұмыстары 2027 жылдың сәуірінде басталуы тиіс. Зерттеушілер аппараттар жинаған деректер арқылы ғаламшардың беткі қабатын, ішкі құрылымын, магнит өрісін және полюстеріндегі мұз қорын зерттемек.
       Меркурий – Күн жүйесіндегі температура айырмашылығы ең жоғары ғаламшарлардың бірі. Оның бетінде күндіз температура +430 градусқа дейін көтерілсе, түнде –180 градусқа дейін төмендейді. Мұндай күрделі жағдай ғаламшарды зерттеуді қиындатады. Сондықтан BepiColombo миссиясы жинайтын мәліметтердің ғылыми маңызы зор.
       Ғалымдардың пікірінше, зерттеу нәтижелері Меркурийдің қалай қалыптасқанын, оның ішкі құрылымы мен магнит өрісінің ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл деректер Күн жүйесінің пайда болуы мен эволюциясына қатысты тың ғылыми тұжырымдар жасауға жол ашуы мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *