Оңтүстік Корея ғалымдары электр желісіне қосылмай-ақ, ластанған және тұзды суды ауызсуға айналдыратын жаңа технологияны әзірледі. Solarstill Box деп аталатын құрылғы күн энергиясын пайдалану арқылы жұмыс істейді. Бұл жаңалық таза ауызсу тапшылығы байқалатын аймақтар үшін тиімді шешім болуы мүмкін. Жоба Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Dubai Future Solutions – Prototypes for Humanity халықаралық байқауында үздік деп танылған жобалардың қатарына енді- деп хабарлайды WAM.
Бүгінде әлемнің көптеген аймағында таза ауызсу тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Климаттың өзгеруі, су ресурстарының ластануы және халық санының өсуі бұл проблеманы одан әрі күрделендіруде. Осындай жағдайда күн энергиясын пайдаланып, суды тазартатын қолжетімді технологиялардың пайда болуы үлкен үміт ұялатады. Ғылыми жаңалықтың басты құндылығы – күрделі технологияны қарапайым әрі күнделікті өмірде қолдануға болатын шешімге айналдыруында.
Жаңа құрылғыны Кореяның озық ғылым және технология институтының зерттеушілері жасап шығарған. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі электр қуатын қажет етпей, күн сәулесінің көмегімен суды тұщыландыруы. Әзірлеушілердің мәліметінше, Solarstill Box тәулігіне 7,5 литрге дейін таза ауызсу өндіруге қауқарлы. Электр инфрақұрылымы жеткіліксіз шалғай елді мекендер мен табиғи ресурстары шектеулі өңірлер үшін маңызды бұл технологияның тиімділігі Танзанияда жүргізілген сынақ барысында тексерілген. Сонымен қатар, осы құрылғының бағасы да көпшілік үшін қолжетімді болмақ. Мамандар бір данасының құны 20 доллардан аспайды деп болжап отыр. Егер бұл көрсеткіш жаппай өндіріс барысында сақталса, құрылғыны ауызсу тапшылығын сезініп отырған адамдарға кеңінен таратуға мүмкіндік туады.
Айта кетсек, Dubai Future Solutions – Prototypes for Humanity халықаралық байқауында барлығы бес инновациялық жоба жеңімпаз атанған. Олардың қатарында медицина, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу, энергия сақтау және жеке деректерді қорғау бағытындағы ғылыми әзірлемелер бар. Жеңімпаз жобаларды одан әрі жетілдіру үшін жалпы сомасы 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдау қарастырылған.