Қырғызстанда 14 жасқа дейінгі балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға жалақысын сақтай отырып, жұмысқа бір сағат кешігіп келуге немесе жұмыстан бір сағат ерте кетуге мүмкіндік беру ұсынылды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің ресми сайтында жарияланған заң жобасында айтылған. Еңбек кодексіне енгізілетін тиісті өзгерістер қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Құжатқа сәйкес, жұмыс берушілер қызметкердің жазбаша өтініші негізінде 14 жасқа дейінгі баланы өз бетінше тәрбиелеп отырған ата-аналарға, асырап алушыларға және қамқоршыларға күніне бір сағат ақылы бос уақыт беруге міндеттелуі мүмкін. Бұл жеңілдік балалардың санына және жұмыс кестесіне қарамастан қарастырылған. Қызметкер аталған уақытты жұмыс күнінің басында немесе соңында пайдалануды өзі таңдай алады.
Заң жобасында бұл уақыт үшін қызметкердің жалақысы толық сақталатыны ерекше көрсетілген. Сондай-ақ жұмыс беруші аталған жеңілдікті қысқартуға, басқа күндерге ауыстыруға немесе ақшалай өтемақымен алмастыруға құқылы болмайды. Жұмыс уақытының қысқаруы қызметкердің сыйақысы мен өзге де ынталандыру төлемдеріне әсер етпеуі тиіс.
Құжатта жалғызбасты ата-ана мәртебесін анықтау тәртібі де қарастырылған. Атап айтқанда, баланың күнделікті күтімі мен тәрбиесін екінші ата-ананың тұрақты қатысуынсыз жүзеге асыру негізгі өлшем ретінде белгіленген. Ата-аналардың ажырасуы немесе бөлек тұруы өздігінен мұндай жеңілдік алуға негіз бола алмайды. Сонымен қатар алимент алу, туыстардың көмегіне жүгіну немесе қайта некеге тұру бұл құқықтан автоматты түрде айырмайды. Жеңілдік бала 14 жасқа толғанда немесе оны өз бетінше тәрбиелеу жағдайы тоқтаған кезде күшін жояды.
Егер заң жобасы қабылданса, ол ресми жарияланған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді. Айта кетейік, Қырғызстанда бұған дейін де мемлекеттік қызметшілердің кәсіби саласына қатысты қосымша қызметпен айналысу мүмкіндіктері кеңейтілген болатын. Ұсынылып отырған жаңа түзетулер болса, баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналардың еңбек жағдайын жеңілдетуге және отбасылық міндеттері мен кәсіби қызметін қатар алып жүруіне қолдау көрсетуге бағытталған.